Су тасқыны кезінде Зеленов ауданындағы 13 ауылдық округтың 25 ауылы суға кеткен болатын. 3464 адам қауіпті жерден шығарылып, эвакуациялық бекеттерге орналастырылды. Аудан бойынша суға кеткен 548 үйдің 124-і тұруға жарамсыз, 424-і күрделі жөндеуді қажет етті. Бүгінде 401 үйдің күрделі жөндеуіне берілген 225,1 млн. теңгені тұрғындардың есепшотына аудару жұмыстары аяқталып келеді. Переметный ауылында 92 пәтерден тұратын 49 үйдің құрылысы бітіп, іске қосылды. Ауданның Зеленый ауылында да 14 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды.
Көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Асан ауылында 230 орындық мектеп, Достық ауылында дәрігерлік амбулатория, Октябрь ауылында дәрігерлік бөлімше құрылыстары салынуда.
Елбасы бұдан кейін Орал қаласындағы 5-шағын ауданда болды. Онда су тасқынынан зардап шеккендерге арналған бір 240 пәтерлік, үш 90 пәтерлік бес қабатты тұрғын үйлер, сондай-ақ, осы аймақтың тұрғындары үшін әрқайсысы 290 орындық екі балабақша мен 1200 орындық мектеп салынуда.
Су тасқыны кезінде Орал қаласында 3382 адам көшірілсе, соның 2097-сі өз үйлеріне оралды. Немесе туыстарының үйін паналады, қалған 1285-і төрт эвақосында орналасты. Салынып бітуі жақын жаңа үйлерге жақында 500 отбасы қоныстанатын болады.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімовтың баяндауынша, алдағы уақытта мұнда жобаға сәйкес әлеуметтік-тұрмыстық нысандар мен мектептер, емхана салынбақ. Сондай-ақ, аталған ауданда Назарбаевтың зияткерлік мектебі ғимаратының құрылысы аяқталып келеді. Бұған тиісті қаражат республикалық бюджеттен бөлінген.
Орал ГТЭС жұмысымен танысты
Осыдан кейін Орал газ турбиналық электр стансасында болып, негізгі өндірістік нысандардың жұмысымен танысты.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өңірде ағымдағы жылы қолға алынған 22 инвестициялық жоба туралы әңгімелеп берді. Жалпы құны 164 млрд. теңгені құрайтын жиырма екі жобаның он бірі жыл соңына дейін аяқталмақ. Көпбейінді бағыттағы сегіз жобаны толық аяқтау келер жылдың еншісіндегі іс болса, қалған үшеуі 2013 жылы пайдалануға берілмек. Экспортқа бағытталған сапалы отандық өнім өндіруді көздейтін маңызды жобалар облыстың экономикалық әлеуетін арттырып, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына септігін тигізбек.
Зеленов ауданына қарасты Новенький елді мекенінің маңында орналасқан газ турбиналы электр стансасы — индустрияландыру картасы аясында іске асқан ең ірі және әлеуметтік маңызы бар жобалардың бірі. Заманауи озық технология әдісімен салынған ГТЭС ағымдағы жылдың сәуір айында іске қосылған болатын. Аталмыш өндірістік нысан аймақта қуат қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, электр және жылу қуаттарының тарифін бақылауда ұстап, реттеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ, озық технологиялы шетелдік қондырғылардың арқасында электр қуатын өндіру кезінде пайда болатын жылу текке ысырап болмай, облыс орталығында жаңадан бой түзеп келе жатқан сегізінші және тоғызын-шы шағынаудандарды жылумен қамтуға жұмсалуда. Яғни өркениетті елдердегідей қалдықсыз өндіріс жолға қойылған. Ең бастысы, еліміздің энергожүйесінен оқшау жатқан біздің облыс Ресейге энергетикалық тұрғыдан бағыныштылықтан біртіндеп арылып келеді. Қазіргі таңда облыс тұтынатын электр қуатының бестен бір бөлігін Орал ГТЭС-і өндіріп отыр.
Аталмыш инфрақұрылымдық жобаны үдемелі индустриялды-инновациялық да-му бағдарламасы аясында Қазақстанның Даму Банкі қаржыландырған болатын. Жеңілдетілген несие желісінің мөлшері 44,4 млн. АҚШ долларын құрады. Сондай-ақ, облыс әкімдігі ішкі инфрақұрылым нысандарының құрылысына 28,4 млн. АҚШ долларын бөлді. Жобаны жүзеге асыру кезеңінде барлығы 173 жұмыс орны ашылса, қазір электр стансасында 48 адам тұрақты еңбек етеді. Мамандардың дені Орал қаласы мен Зеленов ауданының тұрғындары.
«Орал газ турбиналы электр стансасы» ЖШС-ның директоры Дәурен Сисеновтің айтуынша, жобадағы қазақстандық үлес — 70 пайыз. Серіктестік жұмысына қажетті қозғалтқыштар мен генераторлар, жылу алмастырғыштар сияқты негізгі құрал-жабдықтар ғана сатып алынған. Өндіріс орнын негізгі шикізатпен Шынар мұнай-газ конденсат кен орнын өңдейтін отандық табиғи газбен жабдықтаушы «Жайық Мұнай» ЖШС қамтамасыз етуде.
«Ел экономикасын өркендету үшін алдымен агрокешенді дамыту керек»
Келесі күні Елбасы Дариян ауылының маңында ұйымдастырылған етті бағыттағы мал шаруашылығы көрмесіне қатысты.
Мұнда ол облыстың асыл тұқымды жылқы, сиыр, түйе, қой өсіретін шаруа-шылық басшыларымен кездесіп, мал өнім-дерін өңдеуші компаниялар шығарған өнім түрлерімен танысты.
Асыл тұқымды мал көрмесіне 13 шаруашылықтың малы әкелініпті. Асыл тұқымды мал түрлерін асықпай қарап шыққан Нұрсұлтан Назарбаев «Crown Батыс», «Жайық ет», «Күбілей», т.б. компаниялар өндірген шұжық, қалбыр, ет өнімдерімен танысты. Содан кейін облыстағы етті бағыттағы мал өсіруші шаруашылық басшыларымен кездесіп, оларға мал шаруашылығын дамытуға қатысты мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелеп берді.
Ол: – Мен 2003 жылдан бері ауылға көңіл бөліп келемін. Оған 172 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде қайтарылмайтын субсидиялар бар. Батыс Қазақстанның өзіне 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Несие ресурстары да жасалды. Техника сатып алуға, асыл тұқымды мал сатып алуға несие беру мүмкіндігі бар. Сондықтан егінмен бірге мал шаруашылығын да дамыту керек. Етпен әуелі өзімізді толық қамтып, қалғанын сыртқа шығаратындай етіп мол өндіру керек. Сырттан ештеңе әкелмеу үшін қолда бар мүмкіндіктің барлығын пайдалануымыз қажет. Осының бәрі елдің экономикасын көтеру үшін керек.
Екіншіден, біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру қарсаңындамыз. ДСҰ-ға кірген кезде біздің тауарларға мықты бәсеке пайда болады. Біз осыған дайын болуымыз керек. Егер біз Кеден Одағында бәсекелестікке үйренсек, ертең ДСҰ-ға кіргенде дүниежүзі алдында бәсекеге еркін түсе аламыз», — деді. Мемлекет басшысы Қазақстан бойынша мал бордақылайтын 54 кешен жұмыс істейтінін және оның төңірегінде 2300 шаруашылық қалыптасатынын мәлімдеп, осының өзі ауыл халқын жұмыспен қамтамасыз етуге үлкен ықпалын тигізетінін айтты.
Бұдан кейін облыстың мал шаруашылығы қызметкерлерінің атынан сөйлеген «Crown Батыс» ЖШС бас директоры Серік Қабитханұлы Елбасы алдында 2016 жылы 60 мың тонна ет өндіруге уәде етті.
Мемлекет басшысынан кейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков облыстың сала мамандарын ауыл шаруашылығына қатысты таяуда болатын өзгерістермен таныстырды. Министрдің айтуынша, вакцинация жүйесі қайтадан енгізілмекші және Ауыл шаруашылығы министрлігі бұдан әрі кәсіпкерлердің жағдайына бейімделіп жұмыс істемек.
Батыс Қазақстан облысы көш бастап келеді
«Орал өңіріндегі бүкіл құрылыс жұмыс-тары жаз айларында бітуі керек» деген тапсырмасын мүлтіксіз орындаған облыс басшылығына Елбасы өте риза болды. Облыстың қазіргі таңдағы әлеуетін Кеңес дәуіріндегі кезеңмен салыстыра сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жылдарында Орал өңірінде болған өзгерістерге көңілі толатынын, тәуелсіздік тұсында өңірді толық газдандыру бағдарламасын жүзеге асырған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке ерекше риза екенін жеткізді.
Мемлекет басшысының айтуынша, өңір-дегі елді мекендер мен ауылдарды түгелге жуық газдандыру шараларын жүргізу арқылы Батыс Қазақстан облысы бұл салада өзге өңірлер мен облыстар арасында көш бастап келеді.