Ekim 05, 2011
Қоғам

Қандай зайырлылықты ұстанатын болдық?

 

немесе Дін туралы заңның әттеген-айы да, оң тұстары да баршылық

Қазақ осы күнге дейін таяқты кенеуі кең пейілі мен керенау қылығынан жеп келеді. Арыдағыны болжап, әрбір істе сұңғылалық танытса, Алаш баласы әлдеқашан ұшпаққа шығар еді-ау. Айталық, біздің билік тәуелсіздіктің тартпасын тартқан тоқсаныншы жылдары тобанаяқ күйге түсіп, кім көрінгеннің ығына жығыла берді. 

 


Etkileşim Kutusu
Video Foto Ses
Yazıcıya Gönder Arkadaşına Gönder
Yorum yaz
Yorum Oku

 

Әркімнің көңілінің кілтін табамын деп жүргенде, ұлт мүд-десі  адыра қалды. Әсіресе, руханият саласында бірыңғай стратегиялық ұстаным болмағаннан кейін, халықтың дүниетанымы тобаршақ саздай тоңазып, тұтастығынан айырыла бастады. Тәуелсіздіктің құндағындағы нәрестені қырқынан шығармай жатып, қырық конфессиялы діни қоғамды құруға шешім қабылдадық. Сөйтіп, аты алаш, керегесі ағаш, тегі түрік, діні ислам қазақ баласының бар-жоғы бес-он жылдың ішінде рухани алажаңқа түрге бөленіп, алты алауыз елге айналуына заңдық тұрғыдан жағдай жасалды.

Ұлт зиялылары «көп тудың көк туды құлатуы» мүмкін екенін қаншама мәрте қадап айтып, ескертті-ақ. Алайда, ел тізгінін ұстаған апайтөс ағаларымыз бейне көзі көр, құлағы саңырау кейіп танытты. Өстіп жүргенде діннің атын жамылған көні-аяқ, кещелер көпшіліктің құтын қашырып, жер-жерде «жихад» деп жарылыстар жасай бастады. Сонда барып, иегінің астына қыбырлап келіп қалған қауіпті көрген маңғаз билік шұғыл түрде Дін туралы заңды қайта қарауға қарар қабылдады. Иә, мұны естіп, кетеуі кеткен сала кемерін табатын болды деп қатты қуандық. «Алла-һай» деп малақайды аспанға аттық... 

Клерикальді жүйеге өткеніміз абзал еді

 

Межелі күн де жетіп, кешегі аптада «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң Мәжіліс қарауынан өтті. Қаншама тезден өтіп Мәжіліс қарауына келген Заңның нобайын жалпы оң бағалауға болады. Десек те, заңның әттеген-ай дегізетін жерлері де, қиқу қосып қолдайтын тұстары баршылық. Енді осыларға нақты тоқталар болсақ. 

Біріншіден, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның преамбуласында мемлекеттің «ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың тарихи рөлін» мойындайтындығы айтылыпты. Бір қарағанда бұл батыл ұстанымға жатады. Әйтсе де, заңның 3 бабының 3 тарамағында: «Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді» деген норма әдепкідегі «әп-бәрекелдімізді» сиырқұйымшақтатып жіберді. 

Заңның мәтіні әзірленіп жатқанда, базбір саясаттанушылар еліміз үшін жұмсақ зайырлықты ұстану тиімді екенін алға тартып, осы күнге дейінгі туындаған діни кереғарлықты көрмегендей кейіп танытты. Рас, демократиялық құндылықтар һәм азаматтық қоғам тұрғысынан алғанда діни қатынастарды реттеуге мемлекет машинасын кіріктіру әділетсіздік секілді көрінеді. Дегенмен, сенім бостандығының мемлекет мүддесінен жоғары тұруы мемлекеттің болашағы үшін аса қауіпті. Сондықтан, Қазақстан Республикасына зайырлықтың қатқылдау тұрпатын ұстанғаны немесе «клерикальді» (мемлекет дінді басқаратын) жүйеге көшкен тиімді деп білеміз. Яғни, заңның 3 бабының 3 тарамағында жоғарыда көрсетілген норма алынып тасталып, оның орнына «ханафи бағытындағы ислам мен христиандықтың православтық бағыты халықтың негізгі діни сенімін құрайтындықтан, мемлекет осы екі діни бағытқа қолдау білдіреді» деген норманы енгізген жөн. Бұл дегеніміз өзге діни бірлестіктерге қысым жасау деген сөз емес. Олардың да мемлекеттік тіркеуден өтіп, өз діни қызметін жасауға мүмкіндік тудырамыз. Бірақ, Англия, Норвегия, Польша мемлекеттері секілді тарихи негізі бар және халықтың басым көпшілігі ұстанатын діни бағытты мемлекеттік тұрғыдан қолдаймыз. Біздіңше, бұл ұстанымның зайырлыққа ешқандай да бір қайшылығы жоқ.

Түбінде мемлекеттік мекемелерде құлшылық жасауға рұқсат берген жөн

Екіншіден, заңның жобасындағы 7 баптың 3 тармағындағы «Құдайға құлшылық етуді,  діни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге (жасауға), сондай-ақ миссионерлік қызметті жүзеге асыруға: Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, сот және құқық қорғау органдарының, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен, жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен байланысты басқа да қызметтердің, діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының аумағын-да және ғимараттарында жол берілмейді» деген норма қоғамның ең көп қарсылығын туғызып, түйткілді мәселеге айналып отыр. Заңның нобайын жасаған авторлар мемлекеттік мекемелерде мінәжат бөлмесін ашуға рұқсат берілсе, өзге конфессияның өкілдері де ғибадат үйлерін ашуды сұрайды деген уәжді айтып, азарда безер болуда. Ал қазір мемлекеттік мекемелерде, емханаларда, әскери орындарда, жоғары оқу орындарындағы намаз оқитын азаматтардың қарасы қалың. Егер қызметкер Құдайға құлшылық жасағаны үшін дисциплинарлық жауапкершілікке тартылып, жұмыстан шығып жатса, мұның арты үлкен дауға айналуы әбден мүмкін. Осы мәселелерді ескерсек, шынында да өз қолымызбен қауіпті тудырып отырған секілдіміз. Дін жанашырлары «өзге діндерде Ислам дініндегідей бес уақыт намаз оқу үрдісі жоқ. Олардың құлшылық күндері сенбі және жексенбі күндеріне тура келеді. Сондықтан, заңда қарастырылған бұл норма мүлде орынсыз» деп жоба авторларының жоғарыдағы уәжін теріске шығарып отыр. 

Әйткенмен, мемлекет мүддесі тұрғысынан қарасақ, бұл құқықтық норманың астарында үлкен мән жатқан тәрізді. Әсілі, дәл қазір байыбына бара білсек, намазхана дегеніміз діни идеологиялық орынға айналып барады. Ал, әскери құрылымдар мен сот және құқық қорғау органдарында құлшылық жасауға еркіндік берілсе, мемлекет механизмінің өзі ертең кейбір елдердегідей мемлекеттік төңкеріс жасау ошағына айналып кетуі ғажап емес. Еліміздегі соңғы уақытта орын алған діни экстремистік әрекеттерді һәм құзырлы орындардағы діни ұйымдардың лауазымды тұлғалары қызмет ететінін есімізге алсақ, 7 баптың 3 тармағы уақытша болса да мемлекеттің біртұтастығын сақтау үшін керек сияқты. Сондықтан, әзірге бұл құқықтық нормаға түсіністікпен қараған жөн деп білеміз. Яғни, ертең еліміздегі діни ахуал біршама ретке келгеннен кейін, дәлірек айтсақ, мемлекеттік қызметтегі діни экстремистік топтардың өкілдерін бұғаулаған соң, заңның бұл бабына қайта түзету енгізіп, аталмыш құзырлы орындарда уағыз-насихат айтуға шектеу қою шартымен мінәжатхана ашуға рұқсат берген жөн. 

 

Жасырын миссионерлік қызметке тыйым салуымыз керек

Үшіншіден, Заңның 8 бабының 1 тармағында «Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар миссионерлiк қызметтi тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады» норма қарастырылған. Осы күнге дейін елімізде көптеген діни ұйымдар білім беру, бизнес және өзге де салаларда діни миссионерлік қызмет атқарып келе жатқаны әмбеге аян. Олардың ешқайсысы өзінің шынайы бейнесін алаулатып көрсетіп, мемлекеттік тіркеуден діни бірлестік ретінде тіркелеуге құлықсыз. Өзінің түпкі ниетін жасырып, қалың елдің ішіне сынамалап ене беруді көздейді. Демек, діни ұйымдардың жасырын миссионерлік қызметі жалғаспас үшін заңға «Діни ұйымдардың өзге салаларда әртүрлі құрылым құрып, миссионерлік қызмет атқарғандығы әшкереленсе, ол діни ұйым мемлекет аумағынан аластатылады» деген құқықтық норманы кіріктіргеніміз жөн. Егер, дін туралы заңымыз діни миссионерлік қызметтің мұндай нәзік тұстарын бойлай алмаса, еліміздегі діни ахуал шиеленіскен үстіне шиелінесе түседі. Сондықтан, діни миссионерлік қызметтің жасырын болуының қатаң түрде алдын алуымыз шарт.

 

Діни бірлестіктерді саяси күштердің қолдамауы тиіс

 

Төртіншіден, Заңның 20 бабының 4 тармағында «Дiни бiрлестiктер ерiктi түрде қаржылай және басқа да қайырмалдықтар сұрауға және оларды алуға құқылы» деген норма қарастырылыпты. Алайда, заңнан діни бірлестіктердің қаржылық қорына мемлекеттік бақылау жасау жөнінде ешқандай бір құқықтық норманы көре алмай отырмыз.  Жарайды, діни бірлестіктер қайыр-көмек сұрауға құқылы делік, бірақ олардың қаржылай көмекті кімдерден алуы керектігі айқындалмаған. Мысалы, еліміздегі базбір діни бірлестіктерді әлемнің алпауыт мемлекеттері мұнай-газ саласындағы шетелдік инвестициялық компаниялар арқылы  қаржыландырады деген сыбысты жұрттың бәрі естіген. Яғни, діни миссионерлік қызметке саяси күштер араласса да, «діни бірлестіктер қайырмал сұрауға құқылы» деп отыра бермекпіз бе? Сондықтан, заңға «Уәкілетті орган мен өзге де қаржылық бақылау органдары діни бірлестіктердің қаржылық қорына ұдайы бақылау жасап отырады. Діни бірлестіктер қаржылай көмек сұрауға құқылы, бірақ қаржылай көмек саяси сипат алмауы тиіс. Саяси күштерден қаржылық көмек алғаны анықталса, діни бірлестіктің қызметіне тоқтау салынады» деген құқықтық норманы енгізгеніміз абзал.   

 

ҚМДБ-ның мәртебесін көтеру қажет

Бесіншіден, заңның 9 бабында 2 тармағын-да «Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақ-саттағы заттарды тек қана ғибадат үйле-рінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, рес-публикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі» деген норманың прогрессивтік маңызы зор. Мына нормадан кейін діни әдебиеттерін көше кезіп тарататын базбір деструктивті діни топтардың қызметіне тоқтау салынайын деп отыр. Десек те, заңда діни әдебиеттерді өндірумен айналысатын баспалар жөнінде ештеңе айтылмаған. Заңның 9 бабының 4 тармағында «Дiни бiрлестiк шығаратын және (немесе) тарататын дiни әдебиетте және дiни мазмұндағы басқа да ақпараттық материалдарда діни бірлестіктің толық атауы болуға тиiс» деп көрсетіліпті. Ал, сонда діни әдебиеттерді коммерциялық мақсатта өндіретін баспалар да белгілі бір діни бірлестіктің құрамына енуі керек пе? Заңның осы тұсы түсініксіз... 

Жалпы, заңның түсініксіз тұстары өте көп. Мысалы, 3 баптың 8 тармағында «азаматтарды алдау жолымен діни бірлестікке тартуға болмайтындығы» айтылғанымен, бұл жерде алдаудың не екені айқындалмаған. Бұл норманы «арбаумен, алаяқтықпен, бопсалаумен, гипноз жасаумен, материалдық қажеттілікті өтеумен т.б. адамгершілікке жатпайтын әдіс-тәсілдермен діни бірлестікке тартуға болмайды» деп кеңейтіп көрсетсе, құба-құп болар еді. Заңның «діни бірлестіктерді құру, мемлекеттік тіркеу» жөніндегі тарауының 14 бабындағы «Діни бірлестіктің атауы ұстанатын діні мен мәртебесін қамтуға тиіс» деген норма хақ діннің атын жамылған талай дінбұзардың бетпердесін сыпырып беретіні анық. Десек те, осы тарауға «исламдық бағыттағы діни бірлестіктер ҚМДБ-ның сараптамасынан кейін мемлекеттік тіркеуге алынады» деген норманы енгізсек, елімізде орын алып отырған діни алажаңқалықты бір ізге түсіруге мүмкіндік туған болар еді. 

 

 Мемлекет мүддесі айқын ескеріліпті

 

Алтыншыдан, бұрынғы дін туралы заңымызға қарағанда, жаңа заңның жобасында мемлекет мүддесі айқын ескерілген. Заңның 3 бабының 7 тармағындағы «Ешкімнің де өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ», 9 тармақшадағы діни бірлестіктер; «Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға мiндеттi», 11 тармағындағы «Қазақстан Рес-публикасының  заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген дiни бiрлестiктердiң қызметiне  тиым  салуы», 12 тармағындағы «...азаматтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға мәжбүрлеумен және Қазақстан Республикасының заңнамасын өзге де бұзушылықпен ұштасатын діни бірлестіктер қызметіне жол берілмейді», 4 баптың 1 тармағындағы «дiни бiрлестiктермен өзара iс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын қалыптастыруға және iске асыруға қатысады», 9 тармағындағы «республика аумағындағы шетелдік діни бірлестіктердің қызметіне, шетелдік діни орталықтардың Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауына келісім білдіреді» деген нормалардан заңның мемлекет мүддесін жоғары қойғандығы аңғарылады. Ал, бұрынғы заңымызда діни қызмекет кең еркіндік беріліп, мемлекет мүддесі кейінгі кезекке ығыстырылған болатын. Сондықтан, сөз жоқ, бұл құқықтық нормаларды жаңа заңның игі жаңалығы деп қабылдаймыз. Десек те, біз келтіріп отырған ұсыныстар қаперге алынса, мемлекет мүддесі көбірек ескерілген болар еді деп ойлаймыз.

 

Түйін

 

Әлбетте, жаңа заңның ескі заңға қарағанда жаңалығы мен даралығы басым. Осы заңды қолданысқа жібере отырып, әлі де кемшін тұстарын қайта жетілдіруіміз қажет. Ең бастысы, биліктің дін мәселесіне жіті назар аудара бастағандығы көңілімізге қуаныш ұялатып отыр. Бітеу жараның көзі ашылды, яғни дін саласындағы нағыз күрес енді басталды деген сөз. 

 

 

29.09.2011

Мұхан Исахан
 Diğer Başlıklar
Шиеттей жеті баламен қаңғырып жүрмін
«Шеһризат біткенше өлмей тұра тұрсақ екен...»
Міндетіміз — салық мәдениетін жетілдіру
Алаяқтар 3 миллиард долларды үптеп кеткен
Жапондар АЭС-тен бас тартты
Тұншыққан Алматыны көгілдір газ құтқарса, кәнеки!
Ата Заңымыз Алашты ұшпаққа шығарса игі
7000 сәбиіңді шырылдатып жатқа сатқан, қазағым, намысың қайда?
Министр қоймалардың дайын еместігінe мазасызданады
Прокурорлар көмекке келeді
Қазағым барда мен бармын
Алтын кілтті тапқан Исағали

Ең көп оқылытын хабарлар

“Қазақтың нанын жеп, ауасын жұтып отырып, оның тілін менсінбеушілер елдеріне кетсін!”
350 мың кәрі қыз тағдыры мемлекетімізді де қатты алаңдатуы тиіс
Орал өңірі газдандырудан алда
Иә, шынында да, Алланы алдай алмаймыз
Экономикалық кеңістік кіріптарлыққа түсірмей ме?
«Мемлекеттік тіл — менің тілім»
«Менің неге депутат болғым келеді?»
Жан қалауым жарып шығып, өнерге оралдым
Қандай зайырлылықты ұстанатын болдық?
Инвестиция құюға қолайлы өңір



Copyright© KAZAKİSTAN ZAMAN
www.kazakzaman.kz