Қазіргі таңда бұл елді мекенде өзге ұлт өкілдері де азайған. Көбіне мұндағы халық мал шаруашылығымен айналысып, күн көреді, ал ауа райының қолайсызды-ғынан егін дұрыс өспейтіндіктен, егін шаруа қожа-лықтары үшін де тиімсіз болып отыр. Дегенмен де ауылдың тұрмысы төмендеп кеткеніне қарамастан, қолдарынан келгенше тіршілік жасап жатқан шаруа қожалықтары да жоқ емес екен. Біз осындағы бір шаруашылық иесі Қосмағанбетов Серік Кәрімұлымен пікірлескен едік. Ол бізге ауылдың тіршілігі, жасалып жатқан жұмыстары жөнінде әңгімелей келе: «Үкімет жұмыс істеймін деген адамға жағдай жасап жатыр. Осы күні 49 жылға жалға алған 1000 гектар жерім бар, жер өңдейтін 3 тракторым, 2 беларусь, бір зил, «Жигули», мотоциклім бар. Сонымен қатар 100 қойым, 2 жылқым, 40-қа жақын ірі қарам бар. Биылғы жылы Үкіметтен 3 жылға 1 миллион несие алып едім, оны биыл-ақ жауып тастауды жөн көрдім. Сол алған ақшаға 11 бас ірі қара алдым. Үкімет шағын бизнеске қолдау жасап, несиені он жылға 5 пайызбен берсе жақсы болар еді. Егер ондай жағдай болып жатса, ең алдымен ауылды көтерер едім. Халықтың жағдайы қиын болғасын, көпшілігі қалаға қарай көшіп кетті.
Кезінде Кеңес Одағы тұсында Қызылжар кеңшарын Абылай Балманов деген азамат басқарған уақытта бұл елді мекеннің жағдайы жақсы еді. Ол кісі Ұлы Отан соғысының ардагері болатын. Қазіргі уақытта ауылды ол кісінің келіні Гүлдан Аманкелдіқызы басқарып отыр. Биылғы жылдан бастап су құбырлары тартылып жатыр, келесі жылдың басынан бұрынғы кездегідей көшелерде таза су құбырлары тартылып, бағаналар орнатылады деп ойлаймын. Біз мұндағы тұрмыстың қиындығына қарамастан, осы жерден ешқайда кеткіміз келмейді»,— дейді.
Бұл ауылда медпункт болғанмен, перзентхана жоқ екен. Әкімшілік ішінен ашылған және мектепте кішігірім кітапханалар, ауылдағы шаралар үшін ашылған шағын клуб та бар.
Ал ол кісінің жұбайы Мәншүк апай — 9 баланы өсіріп, бүгінде немере сүйіп отырған батыр ана, сүйікті әже. Биылғы жылы 9 мамырда көп балалы ана ретінде «Алтын алқаны» иеленген екен. Әрі оның мектепте ұстаз болып еңбек еткеніне 33 жыл болыпты. «1980 жылы екі қабатты үлкен жаңа мектеп ашылды. Осы күні онда 147 бала оқиды. 1997 жылға дейін оқушылар саны көп еді, кейін бәрі жан-жаққа көшіп кетті. Енді «Алтын алқаны» алған соң, зейнетке 8400 теңге қосылады дейді. Әлі алған жоқпын. Мектеп директоры математика, физика сияқты пәндерге мұғалімдер жетіспегендіктен, жас мамандарға сұраныс салып жатыр. Ал биыл бір баламыз үмітімізді ақтап, «Алтын белгі» алды. Енді ауылда тұрмыс қиын, әркім өз тіршілігімен, күнкөрісімен жүр. Мәселен, мен осы балаларымның ешқайсысына жәрдемақы алып көрмеппін, себебі мектепте мұғалім болып жұмыс істегендіктен «ақшаң жетеді» деп төлемеді.
Үкімет балаларымызға жағдай жасап, әрбір отбасыға ай сайын балаларға қажетті мөлшерде жәрдемақы төлегені дұрыс. Ресеймен шекаралас, көрші жатқандықтан, олардағы игі жаңалықтарды естіп отырамыз. Бізге Ресей сияқты 10 мың доллар төлемесе де, әрбір балаға 3000 доллардан берсе жақсы болар еді»,— дейді апай.
Жергілікті тұрғындар малдарының жүні мен терісін өткізетін жер болмағандықтан, амал жоқ далаға тастауға мәжбүр болып отырғандықтарын да айтып қалды. «Қазақы қойлардың жүнін өртейміз. Біздің елде осы мәселеге көңіл аударып, мал жүнін, терісін өңдейтін зауыт ашса дұрыс болар еді. Бұл бір жағынан шикізат болғандықтан, халықтың игілігі үшін қажет»,— дейді олар.
Әрине, бұл жағдай тек Қызылжар ауылында ғана емес, еліміздегі шалғай жатқан елді мекендердің көбінде кездесетіні белгілі. XXI ғасырда өмір сүріп жатсақ та, өркениеттен артта қалып қойған ауылдардың тұрмысын көргенде, «әттеген-ай!» демеске амалың жоқ. Сайлау науқаны басталғанда халыққа уәдені үйіп-төгіп, кейін қара басының қамымен кететін ел тізгінін ұстаған халық қалаулылары осындай келеңсіздіктердің жолын кесіп, ауылдың жағдайын жақсартуға тырысса ғой деген ой келеді еріксіз... Қысқасы, Үкіметіміз ауылдарымыздың жағдайын көтеріп, шаруа қожалықтарына қолдау жасағаны дұрыс.