|
|
 |
Қамшыбасар
|
|
|
Тіліміз жетілгеннің орнына жетімсіреп жүр
|
|
Егеменді елміз деп мақтанғанымызбен, әлі мемлекеттік тіліміздің халі нашар екенін бүкіл қазақстандықтар біледі. Қазақстандықтар деп көпшіл тілде айтуымның үлкен мәнісі бар.Өйткені Қазақстанда қанша ұлт пен ұлыс тұрса, соның барлығы да ресми тіл — орыс тілінде сөйлейді. Бұл тақырыпты жазғанға дейін әбден ойланып, толғанып келдім. Қазақ тілінің өркендеп өсуі үшін біраз жыл еңбек еттім. Бұл жөнінде бүкіл Алматы облысы жақсы біледі десек, артық айтқандық емес. Сонау 1990 жылдары Одақ ыдырап, апай-топай заман болып жатқанда, алғаш рет Алматыда Республикалық «Қазақ тілі» қоғамы басқармасының алғашқы құрылтайы өткенде, жер-жерден делагат болып келгендердің ішінде іргелі, ірі Еңбекшіқазақ ауданынан мен де қатысқан едім.
|
|
|
Мінбеге шығып атой салып, «қазақ тілі» үшін күрес жүргізгенбіз. Сол кездегі біздің айқайымыздың арқасында жер-жерлерден «Қазақ тілі» қоғамдары құрылып, көптеген бастауыш ұйымдар қызу жұмыс істеп кеткен. Әлі есімде, сол жылдары Еңбекшіқазақ ауданында аудандық «Қазақ тілі» қоғамының басқармасы құрылып, мені төрағаның орынбасары етіп сайлады. Лауазымы орынбасар болғанмен, барлық ісқағаздармен айналысатын, істі алға қарай жұмысты жүргізетін үлкен қызмет. Осылай тіл үшін арпалыс жүріп жатқанда, Еңбекшіқазақ аудандық партия комитетінің жалпы бөлімінің меңгерушісі, нұсқаушысы В.Сифриди деген орыстілді басқа ұлт өкілінің Еңбекшіқазақ ауданының «Еңбек жалыны — Пламя труда» газетіне мені қаралаған «Жалған патриот» деген мақаласы шықты. Ол кезде қандай газет болсын сын мақала шықса, қатты қаралатын. Осындай кезек жаңағы сын мақалаға да келді. Мен аудандық «Қазақ тілі» қоғамының жалпы жиынын өткіздім. Бұл жиынға Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Гард пен оның аппаратындағы В.Сифриди де шақырылды. Бұл жиынға дейін аудандық газетке «Атыңнан айналайын ана тілім» деген В.Сифридиге қарсы мақалам жарияланды. Ол мақалада қазақ тілі жайлы айта келіп: «Қазақстаның босағасынан кіріп, төріне шыққан, ауасын жұтып, суын ішкен, «Қазақ тілін» сыйламаған В.Сифриди сияқтыларға айтарым жоқ», — деп қатты айтып жібердім. Сол күнгі жиын айтыс-тартыспен өтті. Ақыры мен В.Сифридиді Крыловтың мысалындағы үлкен бәйтеректің түбінде көлеңкеде жатып, тамырын тұмсығымен опырып жеген қабан шошқаға теңедім. «Сен солсың, ал бәйтерек — «қазақ тілі» деп ащы айттым. В.Сифриди жиналыстан жылап далаға шығып кетті. Осы жиыннан кейін оны «Қазақ тілі» қоғамының күшімен аудандық комитеттегі қызметтен қудық. Бұл мысалды айтудағы мақсатым — өзімді-өзі мақтау емес, қазіргі егемендік алғанымызға талай жыл болса да, сол кездегі біз күреспен әкелген «Қазақ тілі» қоғамдарының күні бітіп, тіліміздің құрдымға кетуі. Қазір қазақ тілі дамып жатыр деген әншейін бос сөз. Қайта өз жерінде, елінде қағажу көріп, жетімнің күнін кешіп барады. Бұған бір-екі дәлел келтірейін: Соңғы жылдары көптеген сот процестеріне қатыстым. Бірде Алматының Алмалы, бірде Жетісу сияқты аудандық соттарында түрлі істер бойынша судьялар іс жүргізді. Бір таңғаларлығы, жүз пайыз қазақ ұлты отырып, істі орыс тілінде жүргізеді. Жауап беруші де, жазаланушы да орыс тілін нашар білсе де, тілдерін бұрап орысша шүлдірлейді. Мен бұған қатты намыстанам, мемлекеттік тілімнің төмен түсіп кеткеніне арланам. Орыс тілін жақсы білсем де жауап бермей, аудармашы сұратам. Бірде Алмалы аудандық сотына куәгер ретінде шақырды. Кілең қазақтармыз, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық университетінің профессор, академиктері бірін-бірі сотқа беріпті. Біздің газетке біреуі басқаларының үстінен шағым жазған. Ал мақала біржақты болған соң газет бетіне жарияламадық. Сол үшін мені куәгер ретінде шақырыпты. Председателі де, судьялары да жергілікті ұлт өкілдері. Менен «Қай тілде жауап бересіз?» — деп сұрады. Мен: «Мемлекет тілінде», — дедім. «Онда аудармашы қажет болды ғой», — деді судья орыс тілінде. Мен түсінбейтіндей үнсіз тұрдым. Хатшы қыз жүгіріп барып, бір қазақты аудармашылыққа алып келді. Ол да қазақ тілін өте нашар білетін шалақазақтың біреуі екен. Жеңіл-желпі сөз болмаса, сот саласына қатысты термин сөздерді мүлде жеткізе алмай, ары-бері қиналды да ақыры үнсіз қалды. Мен де әдейілеп тілімді көркемдеп сөйледім. Сонымен судья: «Аудару сізге қиын ғой деймін?» — деді аудармашыға. Ол өзіне аударудың қиындық тудырып тұрғанын айтты. «Онда нақты аудармашы табамыз», — деді судья. Күлкім келіп тұр. Бұл бір жетіскеннен шыққан күлкі емес, ұлттық намысымыздың жоқтығына күйінгеннен туған күлкі еді. Осыдан-ақ алғашында егемендік алғандағы қазақ тілі қандай болды деген ой туады. Біздің тіліміз бұрынғыға қарағанда жетілді ме, жоқ әлде жетімсіреді ме деген ниетпен осы мақаланы жазып отырмын. |
|
|
|
|
|
Шаяхмет Құсайынұлы
|
|
|
|
 |
Diğer Başlıklar |
 |
Адамның соңғы сапары аста-төкпен өлшенбейді |
 |
Мәңгүрт Ұлтсызовтардан Құдай сақтасын! |
 |
Таза суы, газы, клубы жоқ ауыл қайтіп күн көрер, Сағындықов мырза! |
 |
Табиғат-анаңды қорлағаның — апатты шақырғаның |
 |
Кімнің арбасында отырсаң, соның әнін айт |
 |
Қытай үшін қазақ тілі — «өлі» тіл! |
 |
Сасыған су ішкен ауыл |
 |
Аулаңа жұмақ орнату өз қолыңда, отағасы! |
 |
Ең болмаса Рамазан айында нәпсіңді тый, арақты қой, ей, қазағым! |
 |
Ағатайлар, Шректі, Нарутоны, Аватарды көкірегіне тоқыған бала болашақ тіліңді менсінбес! |
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|