Ағылшын тілінен бөлек, португал, чех, орыс, қазақ, өзбек, қырғыз тілдерін жақсы меңгерген. Қазақ газеттерін үзбей оқып тұрады. Қазір Қазақстандағы тіл саясатынан туындайтын мәселелерді зерттеумен айналысып жүр. Уильям Фиерманның пікірімен келісуге де, дау айтуға да болады. Бұл пікірлердің құндылығы сол, біз туралы батыс жұртшылығының көзқарасының қандай екенін білеміз. Сондықтан да, америкалық ғалымның пікірін ықшамдап беруді жөн көріп отырмыз. «Қазақстан — америкалықтар үшін алыстағы мұнайы көп авторитарлық мемлекет», — дейді У.Фиерман.
«Қазақ тілі нашар оқытылып жатыр»
Басқа республикаларға қарағанда Қазақстанда Кеңес Одағы кезінде қазақ тілінің жағдайы күрт на-шарлап кетті. Оның себептері көп. Негізгісі – демографиялық ахуал. 1980-жылдары қалаларда тұратын қазақтардың үлесі тым аз болды. 1959 жылғы халық санағы бойынша Алматыдағы қазақтардың саны 9 пайызға да жетпейтін. Қазақ тілінің ортасы мүлде болмады. Қалада қазақ мектептері жоқтың қасы еді. Қала қазақтары балаларын орыс мектептеріне берді. Қазақ тілін жақсы бі-летін қала қазақтары өте аз болды.
Қазір қазақ тілі қосымша, қажеті шамалы пән ретінде нашар оқытылуда. 1989 жылы мәлімет бойынша, қазақтар арасында орыс тілін жақсы меңгергендер 65 пайыз деп көрсетілген. Қырғызстанда 35 пайыз болды. Өзбекстан мен Тәжікстанда шамамен 25 пайыз ғана еді. Қазақстанда тәуелсіздік алған кезде сауаттылық деңгейі жоғары болған. Халықтың 98 пайызы сауатты болды. Бірақ халықтың басым көпшлігі орысша білім алған еді.
1989 жылы тіл туралы заң қабылдады. Орыс тілінде «тілдер туралы» заң деп аталды. Бұл Балтық елдерінде қабылданған заңдарға ұқсайды. Бірақ Қазақстанда тіл жағдайы бұл елдерге қарағанда мүлде басқа еді. Қазақ тілін жедел қолданысқа енгізуді қолға алғысы келді. Бірақ оның алғы-шарттары қаланбаған еді. Қазақ тілінде оқулықтар, тәжірибелі мамандар болмады. Соның кесірінен қазақ тіліне деген сенімсіздік пайда болды. Тәуелсіздік алғаннан соң, Әзірбайжан өз тілін тез қалпына келтіріп алды. Әзірбайжанда оның алғы-шарттары бар еді. Кеңес Ода-ғы кезінде-ақ университеттерінде әзір-байжан тілінде оқулықтар болды. Тіпті, техникалық мамандықтар бойынша да әзірбайжанша әдебиеттер жеткілікті еді. Қазақстандағы жоғары оқу орындарында қазақ тілінде толыққанды білім болған жоқ. Терминология жасалмады. Бәрі орыс тілінде жүрді. Қазақ топтарында тек қана бірінші курста ғана пәндер қазақша оқытылды да, екінші курстан бастап орысша оқи бастады. Осындай алғы-шарттардың болмауы қазақ тілін қалпына келтіру процесін бұзды.
«Балаларға арналған баспаларға көмектесу керек»
Қазақстандық БАҚ-тардағы қазақ ті-лінің үлесін тез көтеруге әрекет жасалды. Бірақ бағдарламалардың сапасы нашар-лады. Сапасы жақсы бағдарламаны басқа тілдегілер де көреді. Соңғы кездері қазақ тіліндегі телебағдарламада ілгерілеушілік бар сияқты. Қалай аударылғаны немесе мәтінінің сапасын бағалай алмағаныммен, жүргізушілердің дикциялары жақсарғанын байқадым. Балаларға арналған мульт-фильмдер көбейген. Бағдарламаларда қа-зақша субтитрлер бар. Бұдан бес жыл бұрын мұның бірі де жоқ болатын.
Менің ойымша, өзге ұлттардың қазақша еркін сөйлеуі үшін, ең алдымен, балаларға көңіл бөлу керек еді. Балаларға арналған бағдарлама сапалы жасалса, оны бірінші сыныпқа барған Таня, Маша, Олегтар да көрер еді. Бұл – олар қазақ тілін түсініп, сөйлеуіне түрткі болады деген сөз. Қазақ тілінде жоғары сапалы балаларға арналған бағдарламаларды көбейту керек. Балаларға арналған кітаптар аса маңызды. Кітап дүкендерінде қазір қазақ тілінде шыққан кітаптар бар. Бірақ мүлде аз әрі бағасы да қымбат. Моңғолияға жолым түскен кезде кітап дүкендерін аралап көрдім. Балаларға арналған әдебиеттерден аяқ алып жүре алмайсыз. Байлығы жағынан Қазақстанды Моңғолиямен салыстыруға да келмейді. Бірақ Моңғолиядағы жағдай басқаша. Сондықтан Қазақстан мемлекеті қазақ тілінде балаларға арналған сапалы әдебиеттер шығаратын баспаларға қамқор-лық жасауы керек.
Қазақ тілін білген өзге ұлттарға қосымша ақша төлеу керек деген ұсынысты енгізуді жақтаушылар бар. Өз басым мұны құп-тамаймын. Әкесі – қазақ, шешесі – орыс отбасыда туылған екі баланың ұлты құжаттарында екі басқа ұлт ретінде көр-сетілсе, сонда біреуіне ақша көп төлеп, екіншісіне төлемеу керек пе, сонда? Бұл қазақтарға қарсы дикриминация болады.
Қазақ тілін оқытудың методикасын өзгерту керек. Грамматиканы азайтып, сөйлесуге, пікір алмасуға көп көңіл бөлуге қажет сияқты. Ағылшын тілінің кең таралуына да осындай методика көп ықпал жасады. Қазақ тілінен беретін мұғалімдерге тренингтер өткізіп, олардың еңбегін көтермелеу маңызды. Қазақстанда тұрғысы келетін адам қазақша сөйлеуге тиіс деп есептеймін. Қазақ тілі қазақтардың емес, Қазақстанның тілі болуы қажет. Осы шараларды жолға қоймай жатып, қазақ тілінде сөйле деп талап етуге болмайды.
Түркі елдеріндегі тіл мәселeлeрі
Түркіменстанда тіл туралы заңның қажеті де жоқ. Демографиялық жағдай бұл мәселені түпкілікті шешкен. Оның үстіне, бұл елдің бірінші президенті де, екінші басшысы да қатаң саясат ұстанып отыр. Түркіменбашы 1999 жылы желтоқсан айында «жаңа мыңжылдықта түркімендер латын әрпіне көшеді» деп жариялады. 2000 жылы ақпанда барлық газеттер латын һарпімен шыға бастады. Сіздерде басқашарақ, алдымен пікірталас болады. Түркіменстанда орыс мектептері жоқ, бір ғана ресейлік мектеп бар. Жоғары оқу орындарында тек қана түркімен тілінде дәріс беріледі. Әйтсе де, оқулықтардың бәрі орыс тілінде, түркімен тіліне аударылмаған.
Ал Тәжікстанда орыстар өте аз қалды. Қышлақтарда орыс тілі жойылғанмен, жо-ғары деңгейде, элиталық қарым-қатынаста үстемдік көрсетіп отыр. Тәжікстанда өз-бек мектептері бар. Халқының 16 пайызы – өзбектер. Қырғызстанға келсек, бұл да Тәжікстан секілді кедей ел. Оңтүстігінде өзбек мектептері көп. Қырғыздар арасында «Бұл – Қырғызстан мемлекеті, өзбектер-дің құқығына мән бермесек те болады» деген пікір бар. Өзбектер болса,бұл біздің ежелден тұрып келе жатқан ата-қонысымыз деп есептейді. Қырғыздар өзбек тіліне аймақ-тық тіл мәртебесін берсе, олар автономия сұрайды, сосын Өзбекстанға қосылып ке-теді деп ойлайды. Ош пен Жалалабадтағы қақтығыстардың бір себебі осында жатыр.
Өзбекстан Қырғызстан мен Тәжікстан сияқты кедей ел емес. Қазақстан сияқты бай да емес. Бұл мемлекетте орыс тілінің ықпалы күннен-күнге азайып бара жат-қанымен, элита тілі ретінде қалды. Бұқара мен Самарқанда тәжіктер көп, бірақ бірде-бір тәжік мектебі жоқ. Өзбектендіру саясаты жүріп жатыр. Ресейге жұмыс із-деп барушылар болса, орыс тілін білуге ұмтылуда.
Меніңше, орыс тілі Қазақстанда да қала береді. Ресеймен арадағы шекараларыңыз мыңдаған шақырым. Қазақстанда тұратын орыстар көп. Қазақстан үшін орыс тілі керек деп білем. Орыс тілі қалса да, барлық халық қазақ тілін білуге тиіс. Қазір ісқағаздары 80 пайыз қазақ тілінде толдырылады делінеді. Бірақ құжаттар алдымен орысша жазылып, сосын ғана қазақ тіліне аударылады. Келе-келе қазақ тілі өз мәртебесіне ие бола-ды. Қазақ тілі жан-жақты дамып келе-ді. Өз басым өлі тілге айналады дегенге сенбеймін.
Қазақстандағы ұлтшылдық
Кеңестік кезеңде ұлтшылдыққа жол берілмеді. Қазақ ұлтшылдары өз тілін, өз мәдениетін көтергісі келеді. Осы мемлекетті қазақ мемлекеті етуді көздейді. Популизм арқылы саяси ұпай жинауды мақсат тұтады. Қазақстан отар ел болды. Сондықтан Еуропадағы ұлтшылдыққа ұқсамайды. Қазір ұлтшылдар нағыз іспен айналыса бастағандай. Ауылдан қалаға қоныс аударған қазақтар «Қазақ тілі қайда?» деп сұрақ қоя бастады. Олар өз еліндегі қалаларда өгей сезінеді. Бұл жағдай популистерге жол ашып береді.
Кеңес Одағы тараған соң тәуелсіз елдерде «бізде бір ғана ұлт бар, қалғандары бөтен ұлттар» деген пікір қалыптасты. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Түптің түбінде этникалық тазартуға алып келуі ықтимал. Әйтсе де Қазақстанда ұлтшылдар қазір қолдауға ие болмай отыр. Өйткені, халық қазір өзге ұлттарды да біздің азаматтарымыз деп ұғынған тәрізді.
Аймақтағы саяси жағдай
Орталық Азиядағы саяси даму де-мократиялық жолдан алшақ кетті. Ал-ғашқы жылдары Батыс бұлай болады деп ойламаған еді. Кейбір мемлекеттер экономикалық жетістікке жетті. Халықтың тұрмысы жақсарды. Алайда тұрақтылықтың сақталуы үшін материалдық игіліктер бөлінісінде қатты алшақтық болмауға тиіс. Яғни, ат төбеліндей шіріген байлар пайда болып, тақыр кедейлер көбеймеуі керек. Тәжікстан мен Қырғызстанда материалдық игіліктер тым аз. Сондықтан халықтың жағдайы бәрібір ауырлай береді. Бұл саяси ахуалды қиындатады.
Өзбекстанға келсек, онда дамуға, кәсіпкерлікке көп бостандық берілмеген. Түркіменстанда саяси институттар мүлде дамымай отыр. Бұл жағдай да болашақта үлкен қауіп тудырады. Қазақстанға келсек, өзге мемлекеттерге қарағанда табиғи ресурстар жеткілікті. Халықтың тұрмысы біршама көтеріліп келеді. Келешекте бұл ахуал сақталмаса, жағдай ушығуы мүмкін. Қазақстанда сыбайлас жемқорлық терең тамырын жайған. Бұған қарсы шаралар қабылданып жатқанын да білемін. Сыбай-лас жемқорлық ауыздықталмаса, бұл материалдық игіліктердің әділ бөлісіне кедергі жасайды. Түркіменстанда менен бір тележурналист пікір сұрады. Қай тілде сұхбат берейін деп сұрап еді, ағылшын тілінде айтуымды өтінді. Келістім. Сұхбат экранға шыққанда өзім жағамды ұстадым. Сөйтсем, мен түркімен президентіне алғыс айтып жатыр екенмін! Аудармасында мен айтпаған сөздер айтылып жатыр. Сіздердің президенттеріңізге де құрметпей қараймын. Бірақ алғыс айтты деп жаза көрмеңіздер, өтінем.
Орталық Азия одағы
Орталық Азия одағын құру идеясына күмәнмен қараймын. Кеңес Одағы кезінде Тәжікстан мен Өзбекстан арасындағы қа-рым-қатынас жақсы жолға қойылған еді. Қазір ешқандай байланыс жоқ. Ташкенттен Душанбеге ұшақпен тікелей ұшып бара алмайсыз. Алматымен айналуға тура келеді немесе шекараға дейін автокөлікпен келіп, шекарадан жаяу өтіп, әрмен қарай екінші автокөлікке отырып Ходжентке барасыз, сосын ғана ұшаққа отырып Душанбеге жетесіз. Бұл екі ел арасында қарым-қатынас нашар. Түркіменстанға келсек, ол жақта халықаралық пойыздар да, автобустар да жоқ. Ашхабадтан Өзбекстанға немесе Қазақстанға жету үшін тек қана автокөлік пен ұшаққа отыруыңыз керек. Қазақстан мен Қырғызстанның арасында ғана жақсы қарым-қатынас болуы мүмкін. Егер осы аймақтардың басшылары мүдделілік таны-тып жатса ғана, бір өзгеріс болуы ықтимал. Әзірге Орталық Азия одағы идеясының болашағын көріп тұрған жоқпын.
Орталық Азия елдерінің ішінде өркениеті даму жолына түсуге Қазақстанның мүм-кіндігі зор. Потенциалы жеткілікті. Ғы-лымға көп көңіл бөлу қажет. Алайда Батыстың білім беру жүйесі үстірт енгі-зіліп жатыр. Сондықтан бұл бастамаға күдікпен қараймын. Білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлық бар. «Болашақ» бағдарламасымен Америкада оқып жүрген студенттердің деңгейі жақсы. Олар – елдің болашағы. Қазақстанда осы жастардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалуы керек. Елдегі қалыптасқан ахуалды көріп, «ол жақта қалай жұмыс істемекпін?» деген қорқыныш та да бар оларда.