Мөлдірбұлақ  |  Мекенжайымыз
Eyl 09, 2010
Аймақтар а... Бастапқы б...
Саясат
Экономика
Мәдениет
Қоғам
Қамшыбасар
Аймақтар айнасы
Әлеумет
Жанайқай
Түрік дүниесі
Жер жаһан
Білім
Руханият
Дін
Тарих
Отбасы
Жатыпоқыр

Аймақтар айнасы

Астана бақыт құшағында

Сарыарқаның төсіндегі абатты қала Астананың әлем назарына іліккеніне де көп бола қойған жоқ. Он екі жылды артқа тастап, мүшел жасқа кіргелі тұр. Тарихтың көзімен қарасақ, 12 жыл көп уақыт емес. Тіпті, көзді ашып жұмғандай-ақ сәт болуы мүмкін. Ал, қазақ халқы үшін ғасырға бергісіз жылдар болды десек, қателеспейтін шығармыз. 12 жылда Астана жүріп өткен жол — болашаққа бастар баспалдақ болғанын кім жоққа шығара алады? Он екі жыл бұрын Елбасы — Астананы көшіру туралы ұсынысын жария еткенде, халықтың көбісінің күдікпен, шошына қарағанын қайда қоямыз, «Бұл пісуі жетпеген нәрсе ғой, қысы сақырлаған аязды, жазы шіліңгір ыстық аймақ қалай Астана болмақ. Қиялдың да шегі бар ғой, ертегілер еліне қашанғы сапар шеге берміз» дегендер де болған? «Ханда қырық кісінің ақылы болады» дейді дана халқымыз. Елбасының табандылығы, көрегенділігі арқасында қиялымыз ақиқатқа, ертегіміз – шындыққа айналып кетті. Тоғыз жолдың торабындағы Астана – Саумалды Сарыарқаның төсінде ертегідегі батырлардай күн санап бой көтеруде.


Etkileşim Kutusu
İşaretle & Paylaş
Video Foto Ses
Yazıcıya Gönder Arkadaşına Gönder
Yorum yaz
Yorum Oku

Шығыс пен Батыстың өркениеті тоғысқан әсем қала – Астана ерке Есілге шомылып өсіп келеді. Астана күніне арналған мерекелік шара «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде салтанатты түрде мемлекеттік туды көтеру рәсімімен басталды.

Астана күніне арналған мерекелік шаралар үш күнге созылғанында айта кетуіміз керек. «Мыңжылдықтар тоғысындағы астана» көшпелі өркениет фестивалі Астаналық саябақта өтсе, «Астана және Президент» фотокөрмесі «Бәйтерек» монументі жанындағы алаңда ұйымдастырылды. Ығы-жығы халықтан аяқ алып жүргісіз қай жерге барсаң да. Көздерінде қуаныш, көңілдерінде шаттық еседі бәрінің. Астана күнінің өрелі тойға ұласқанын осыдан-ақ білуге болатындай. «Театр апталығы» фестивалі аясында (атақты актер Сергей Безруковтың қатысуымен) «Басбұзар» спектаклін Астаналықтар Бейбітшілік және келісім сарайында тамашалады. «Қазақстан» орталық концерт залында Денис Мацуевтың классикалық музыкадан берген концерті өтті.

«Астана — өмірімнің әуені» концерті

Конгресс-Холда әуелеп жатқанда, Түрік әуендерінің «Астана - Арқау» фестивалі Астаналық саябақта көпшілікке ұсынылды.

Түнде де гүл жайнаған Астана

Есілдің сол жағалауына 60 ақ шаңқан киіз үй тігілді. «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» фестивалі ұлттық нақышқа толы қызықты көріністерді осы жерде көрсетті. «Көшпелілер тұрмысы» исталляциясы мен «Ат жалында» байқауындағы шабандоздардың шалт қимылы көрермендерді бей-жай қалдырмағаны анық. Өзбекстаннан арнайы шақыртумен келген көшпелі цирктің аккробаттары, трюк жасаушылар да көпшіліктің құрметіне бөленді.

Халықтың қошаметіне бөленген «көшпелі цирктің» басшысы өзбек Тұрсынәлі Мұхаммед: - «Астана керемет қала, мен бұл қалаға Целиноград кезінде де келгенмін. Ол кезбен бүгінді салыстыруға мүлде келмейді. Қазір біз өнер көрсетіп жатқан өңір ол уақытта жел қыдырған қу мекиен дала еді. Ол сөзіме кім сенеді қазір. Жер бетіне өсіп шыққан гүл секілді – керемет қала ғой бұл», — деді ақтарыла сөйлеп.

Осы фестиваль аясында ұсталардың, шеберлердің, іскерлердің өз қолдарымен жасаған бұйымдары көпшілікке таныстырылып, сатылымға шығарылды. Астана күні қарсаңында сонау Қытайдағы, Моңғолиядағы бес саусағынан өнер тамған қандастарымыздың арнайы шақыртуымен келгенін де айта кетуіміз керек.

Үш жігіт екі қойдың етін жеп жарысты

Естімеген елде көп демекші, Астана күні қарсаңында мешкейлер жарысы да ұйымдастырылды. Бұл шара былтыр да өткен көрінеді.

Бұл жолы мешкейлер жарысына 3 тамақсау жігіт қатысты. Олар Шығыс Қазақстаннан, Қытайдан және Оңтүстік Қазақстаннан келген Толағайдай алып, бурасан жігіттер.

Арнайы сойылған екі қой 3 жігіттің алдына теңдей бөлініп қойылды. Уақыттан шектеу болған жоқ. Оң жақтарына шара толы қымыз, сол қапталдарына тегене толы сорпа қойылды. Тәбеттері бар үш алып құныға жарыса жегенімен, бас жүлдеге біреуі ғана лайық деп табылды. Ол Қытайдан келген бауырымыз — Абзел. Қарсыластары ықылық атып шегіне бастағанда, Абекең табақтан бас көтермей соғып жатты. Бұл таусоғарлар мен көлтауысарлардың ұрпағының әлі де барлығының дәлелі демей көр.

Айтысты халық сағынып қалыпты

Есілдің сол жақ жағалауына 60 киіз үй тігілгенін айттық. Қарап тұрсаң, кішігірім жайлауға қонған көшпелі қазақ ауылы көз алдыңызға келеді. Астана күнін тойлап жатқан қала халқы мен қонақтарын ерекше шаттыққа бөлеген де, ләззет айдынына шомылдырған да айтыс болғаны рас. Қарақұрым халықты өзіне магнитше тартқан сөз өнерінің құдіреті қандай десеңізші. Қазақстанның әр түкпірінен келген азулы ақындар жеті жұпқа бөлініп, айтыс көрігін қыздырды.

Бас жүлдеге шетел автокөлігі тігілді. Айтысқа халық сусап қалған екен. Тапжылмай отырып тамашалауының өзі соның айғағы десе болғандай. Ақындардың аузымен Астананың асқақтығы, әсем көркі шартарапқа ән болып қалықтады бұл күндері. Айтыстың ақ берені — Балғынбек әлі бабында екен. Өзінің қарсыластарын ұтқыр сөзбен, астарлы әзілмен «буып, матап тастайтын» «әдісін» бұл жолыда көп пайдаланды. Сонысымен халықтың қошеметіне бөленді. Айтыстың жас перісі атанған Айтақынның баласы Жандарбек сөзді арда еміп өскенін тағы көрсетті. Қиыннан қиыстырған мағаналы ойлы сөздері елдің «қышыған» жерін қасып, көңілдерін бір көтеріп тастады.Мұқтар ақынның аузынан шымбайға батар шындық «шыңғырып» шығып жатса, өзге ақындар да қарап қалған жоқ. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады», десек те, «бақ шаба ма, бап шаба ма» деген мақалды да естен шығармағанымыз лазым. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Мұқтар ақын қанжығасына байласа, өзге ақындарда сый сияпаттан құр қалмады.

«Хан шатыры» ашылды

Көршіміз Ресейдің, Украина, Армения, Тәжікстанның, қаны бір Түріктің, біртуған Қырғыздың президенттері Астана күніне орай Елордаға жиналды. Олар 5 шілде күні «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының ашылуына куә болды. Келген қонақтар Қазақстандық және шетелдік өнер шеберлерінің концертін тамашалады. «Хан шатырды» салтанаттау рәсімі шалқыған Сарыарқа күйінің сазымен ашылды. Одан әрі мәртебелі меймандар мен Астана көрермендеріне театрландырланған «Көшпелілер» қойылымы көрсетілді. Тақтайдай тас жолдың үстімен қазақы киіз үйлер жылжып барады, түйе жетектеген, сұлу сәйгүліктерге мінген арулар легі еріп келеді.Көштің екі қапталында төрт қаруы сай сарбаздар тобы. Одан әрегіректе көрікті ат мініп, сауық құрған қыз жігіттердің қарасы көрінеді. Сәлден кейін ат құлағында ойнаған цирк өнерпаздары бірінен соң бірі өз өнерлерін көрсетіп жатты. Аумағы 50 гектар жерді алып жатқан, биіктігі 150 мертлік құрылыс нысанының пайдалануға берілуін Астана жұрты көп күткені жасырын емес. «Хан шатыры» елордамыздың биылғы тойына басты тарту болды.

Әлемдегі танымал сауда орталықтарынан бір де кем емес «Хан шатырға» бір мезгілде 20 мың адам кіре алады екен. Сарыарқаның сары аязы мен аптап ыстығына төтеп беретін арнайы шынымен салынғаны да жай болмаса керек. Ішін аралаған адам ашық аспан астында жүргендей болады.

«Хан шатыры» ашылуы қарсаңында Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің орындауында Махамбеттің «Жорық», Жолдыбайдың «Қара жорға» күйлеріні тұсауы кесілді. Әйгілі опера әншісі Андреа Бочеллидің сахнаға көтерілетіні хабарланғанда көрермендер қошамет көрсетіп, қол соқты. Даңқты тенорды Астана мемлекеттік филормониясының симфониялық оркестрі сүйемелдеді. Дирежер — Марчелло Рота.

Шараның шарықтау шегі — «Хан шатырдың» шамы жағылған шақ. Ұйымдастырушылардың осы бір сәтке ереше ұқыптылықпен қарағаны байқалып тұрды. Ежелгі сақтардың символындай «Алтын адам» кешеннің ұшар басынан төмен қарай түсіп келе жатты. Әр адым сайын шатырдағы белдеуленген шамдар жарыса жарқырай жөнелді.

Елорда халқы шат-шадыман. Түнгі аспанды мерекелік қуаныш самал боп желпіп тұрғандай бейне.

Бас қалада желбіреді көк байрақ

Бас орданың басты мерекесі — «Атамекен» этно-мемориалды кешенінде 4 шілде күні Мемлекеттік Туды көтеру рәсімінен басталды. Салтанатты жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

— Мемлекетік ту қашанда айрықша маңызды оқиғаның құрметіне көтеріледі. Бас байрағымыздың бүгін елорда көгіне шарықтай көтерілуі — Астана күніне арналған мерекелік шаралардың ресми түрде басталуын білдіреді. Астананың 10 жылдық мерекесінен бері бұл ізгі шара игі дәстүрге айналып келеді. Біз бүгін осы жерден асқақ Астананың он екі жылдық мерекесін ресми түрде бастағалы тұрмыз. Жыл он екі айдан тұрады. Бабалар ұстанған жыл қайыру дәстүрі бойынша, он екі жыл — бір мүшелді құрайды. Халқымыз бағзыдан мүшел жасқа ерекше мән берген. Бүгін, міне, Астана осы мүшел жасына жетті! Түптеп келгенде, он екі жыл — тарих үшін тым қысқа уақыт. Он екі жасқа толған бала мүшел жасқа енді жетіп, оң-солын жаңа тани бастайды, — деді Президент өз сөзінде, — Ал, Астана осы жылдар ішінде сәулетіне дәулеті келіскен іргелі орталыққа, әлемдік саясат пен руханияттың құтты ордасына айналды. Еуразия жүрегіне орналасқан елордамыз қазір жаһандық өркениеттің жауһарынан саналады. Есілдің бойында жайқалып өскен әсем Астана – бүгінде мемлекетіміздің жүрегі, елдігіміздің тірегі. Ажары айшықтанып, айналасы абаттанған шырайлы шаһар – тәуелсіз еліміздің бойтұмары, ұлтымыздың мақтанышы. Қаланың нақ ортасында желбіреген аспан түсті туымыз Астананың байтақ елдің Бас қаласы екенін күллі әлемге әйгілеп тұр, — деді Елбасы.

Президент — Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР ҰҚҚ әскери институтының үздік бітірген түлектеріне лейтенант погонын табыс етті. Астана күніне арналған мерекелелік іс-шаралардың ашылу рәсімі Республикалық Ұланның, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің құрметті қарауыл ротасы сап түзеп өтуімен тәмамдалды.

Поэзия патшалығы

Бас ордада жаңадан бой көтерген Абай ескерткішінің алдында Поэзия кеші өтті. Ізгі шараның өтуіне ұйытқы болған — Астана әкішілігі мен қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі.

Поэзия — сиқырлы, тылсым әлем. Қазақ ақынжанды ұлт. Өлеңге ерекше мән берген, сүйегіне сөз сіңген халық. Жыл сайын дәстүрге айналған кеште ақындар күркіреген дауыстарымен өлең оқып, шабыттың тұлпарына мінді.

Әсіресе,Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы, «Шабыт» халықаралық байқауларының жүлдегерлері Ықылас Ожай, Әнуар Омар, Олжас Сәндібеков және т.б. жас ақындар алаштың асқақ астанасын жырға қосып, көрерменді көркем күйге бөледі. Әншілер әсем әнмен тербеді.

Кеште қалалық Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі үлкен кітап көрмесін өткізіп, оқырмандарды дән риза етті.

 

Бекзат өнер биігі

Астана күні ерекше думанға толы болды. «Қазақстан» Орталық концерт залында әлемнің үлкен сахналарында өнер көрсетіп, көрерменнің таңдайын қақтырып жүрген Ресейдің халық әртісі, Мәскеу Үлкен театрында басты партияларды орындаушы Николай Цискаридзе өнер көрсетті. Сахнада мың бұралып, ұшқан құстай қалықтайтын дарынды өнерпаздың шеберлігіне таң қалмаған жан жоқ. Белгілі орыс компазиторы Игорь Стравинскийдің музыкасына жазылған «Нарцисс» биін елордалықтарға арнайы «сый» ретінде тарту етті.

Қытайдың балет өнері де ешкімді бей-жай қалдырмайды. Бекзат өнерді бек түсіне білген Халықаралық байқаулардың лауреаттары Цау Шуцы мен Жанг Шидің орындауындағы А.Аданның «Жизель» балетіндегі көріністер шығыстық бояуымен, әсем саздылығымен бірден баурап алды. Сондай-ақ, К. Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрының труппасы А. Бородиннің – «Князь Игорь», ал Нью-Йорк сити балетінің өнерпаздары Эшли Буде мен Эндрю Бейет Л. Готтшальктің – «Тарантелла», Анкара мемлекеттік опера және балет театрының бишілері Өзге Башаран мен Бахри Гюрджан П. Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балеттерін өрен шеберлікпен келістіре орындап, көрерменнің ықыласына бөленді.

 

Күйсандық шебері

Елорда күні Астана аспаны сазды әуенмен көмкерілді. Біріннен-бірі өткен жұлдыздар жұртшылықты әсем көңіл-күйге бөледі. Мерекеге есімі әлемге әйгілі орыс пианисі Денис Мацуев келді. Журналистермен жүздесті.

Атағы жер жарған өнерпаз Астанаға екінші рет ат басын тіреп тұр екен. Осыдан бес жыл бұрын желтоқсанда Чайковский атындағы симфониялық оркестрмен бірге келген. Музыканттың айтуынша, Астана содан бері мүлде өзгеріп, көрікті әсем қалаға айналыпты. «Әлемнің көптеген елінде болдым.Бірақ, мен үшін Қазақстанның орны бөлек. Алматы қаласына жиі келемін. Алайда, Астананның аты — Астана ғой. Көзді ашып-жұмғанша өткен бес жылдың ішінде сіздердің қалаларыңыз көркейіп, тіпті, біз ойлағаннан да асып кеткен. Қазақстан — бүгінде әлемдік аренадағы алдыңғы қатардағы елдің бірі болғандықтан, бұл елде өнер көрсету — мен үшін үлкен мәртебе. Өйткені, бұл елдің мәдениетінің тамыры тереңде. Мен үшін Астананың орны бөлек», — деді ол.

Екі сағат бойы дарынды өнерпаз «Қазақстан»Концерт залында Моцарт, Гайдан, Шуберт, Шопен, Лист, Бетховен, Рахманинов, Чайковский және т.б. композиторлардың шығармаларын орындап, көрерменнің жан сезімін тербетіп, құлақ құрышын қандырды.

Дипломатиялық қызмет күні

Астанада ҚР Мемлекеттік хатшысы — Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қазақстандық дипломаттарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Сыртқы саясат Ұлт көшбасшысы — Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айрықша құзіреті болып табылады, ал Сыртқы істер министрлігі — оны жүзеге асыратын құрал. Тәуелсіздік жылдарынан бері Президент мемлекет ішінде де, сондай-ақ, шет елдерде де айтарлықтай зияткерлік әлеуеті және материалдық-техникалық негізі бар сыртқы саяси стратегияны да жүзеге асыратын тиімді жүйені жасап шығарды, — деді Қ.Саудабаев.

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан ешкімге беймәлім Кеңес Одағының бір бөлігінен аймақтық және ғаламдық қауіпсіздік мәселесіне ауқымды үлес қосатын, халықаралық қауымдастықтың құрметті және сенімді әріптесіне айналды, — деп атап өтті Мемлекеттік хатшы — сыртқы істер министрі. Президенттің негізгі сыртқы саяси принципіне — оның көпвекторлығына сүйене отырып, Қазақстан Ресей, ҚХР, АҚШ, ЕО, араб әлемінің жетекші елдері секілді халықаралық аренадағы негізгі қатысушылармен сенімді, әріптестік және өзара тиімді қарым-қатынас орнатып, аймақтағы мемлекеттермен көршілес тату әрі тығыз ынтымақтастық орната білді. Қазақстан БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ секілді беделді халықаралық ұйымдардың толыққанды мүшесі болып табылады. Осы жылы ҚР ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету тарихи миссиясын атқаруда. Келесі жылы ИКҰ-на төрағалық етеміз. Бүгін Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бел баласына татитын АӨСШК азиялық континенттегі диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға маңызды үлес қосып отырған беделді халықаралық құрылымға айналды. Біздің жас мемлекетіміздің осыншама таңқаларлық жетістіктерінің негізінде, ең алдымен, біздің Бірінші Президентіміздің ерекше адами қасиеттері, жоғары деңгейдегі дипломатиялық таланты және стратегиялық көрегендігі жатыр, сонымен қатар мемлекетіміздің ішінде және шет елдерде қызмет етіп жүрген жүздеген қазақстандық дипломаттардың күнделікті еңбектерінің жемісі жатыр.

Бүгінгі қазақстандық дипломаттардың міндеті — ары қарай Елбасының жоғары сенімін ақтап, Қазақстан жалауын әлемде жоғары ұстау болып табылады,- деді Қ.Саудабаев. — Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, жаңа Қазақстанның негізін қалаушы, республикамыздың басты дипломаты Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты және барлық қазақстандық дипломаттарды кәсіби мерекелері — Дипломатиялық қызмет күнімен құттықтап, зор денсаулық және Отанымыз — Қазақстан Республикасына қызмет етуде табыстар тілегім келеді.

Қазіргі таңда Қазақстан 120-дан астам елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан, шетелдердегі қазақстандық мекемелер әлемнің 60 мемлекеттерінде жұмыс жасауда. Ал Қазақстанда 60-қа тарта шет елдердің елшіліктері ашылып, 20-ға жуық халықаралық ұйымдардың өкілдіктері орын алды.

12.07.2010

Азамат Құсайын, Нағашыбай Қабылбеков

Айдар бойынша ең көп оқылатындар

Білім күні қыр астында, ойбай, мектебіміз қайда?
Алматы облысында таңғажайып Тіл сарайы, спорт кешені, Достық үйі, Қызылағаш ауылы бой көтерді
Шәмші фестивалінде жырдан шашу шашылды
Абайға арналған әдеби-сазды кеш
Ақ алтынның орнына ақ маржан өсіруге көшті
Мәдениет ошақтары көбейіп келeді

 Diğer Başlıklar
Көкпeкті көркeйіп кeлeді
Пара алушы соттала ма, әлде беруші соттала ма?
Жалпыға жаққан жәрмеңке күзге дейін жалғасады
Облыс әкімінің қолдауымен жетімдерді жұмысқа орналастырды
Семейліктер неге артта қалды?
“Кентау қырандарынан” үлгі ал!
Балаларға сый-сияпат
Өндірістік жобалар іске аспақ
Қосқақ көлінің балшығын тәжірибеге енгізгеніме қуанамын
Оқулықтар сатып алу үшін 2438050 теңге бөлінген

Ең көп оқылытын хабарлар

Адамның соңғы сапары аста-төкпен өлшенбейді
Ұлттық құндылықты дәріптейтін бағдарламаны енгізуге не кедергі?
Алаштың абыройы болған Ата Заңға – 15 жыл
Мәңгүрт Ұлтсызовтардан Құдай сақтасын!
Қазақтың саф алтынының қызығын кім көріп отыр?
Есірткі тасымалы есіріп тұр
Кадр тапшылығы мәселeсін Үкімет дерeу қарастыруы кeрeк
Ресей мен Беларусь мысық пен тышқан ойнасын, ал біз ше?
Қадір түнін қалай қарсы аламыз?
Бушер АЭС-і іске қосылды