Бұл қасиеттер — әрбір адамның бойына ана сүтімен бірге сіңген, бүкіл қауымдық, отандық ұлы сипат, мыңдаған жылдар бойы сақталып келе жатқан ұлы дәстүр.
Осы белгілі жайды қайта-қайта айтудан, жастардың құлағына құя беруден жалықпаймыз. Өйткені, кәрілер кетеді, жастар қалады. Кәрілердің жағымды қылық, өнегелі істерін, жақсы дәстүрлерін жастар дамыта отырып, өзінен кейінгілерге табыс етуін арман етеміз.
Қазақ дәстүрі тек ата-ананы ғана емес, жалпы адамды сыйлауға баулиды. Үлкенге сәлем беру, орын беру, жол беру, кимелеп баса-көктеп өтпеу, үйіне келе қалса атын байлап, есік ашып, төрге шығарып, жақсы қабақпен аттандырып салу, меймандос, жолдас-жораға қайырымды болу сияқты салт-дәстүрлердің бірде-бірі ескірген жоқ. Бұлар — өмір бойы ескірмейтін, адамнан адам іштей әмәнда дәметіп тұратын табиғи құлық-мінездер. Бұл мінездерді қорлау — алдымен өзін-өзі қорлау, сыйлау — алдымен өзін-өзі сыйлау.
Сыйласу, қайырымдылық әр қилы. Біреулер ісім түседі-ау немесе қарымжысы қайтады-ау деген адамын сыйлайды. Ашып айтқанда, бұның аты — сауда. Біреулер қарымжысы қайтсын, қайтпасын сыйласуды, қайырымдылықты адамшылық борышым деп санайды. Міне, бұл — ең қымбат қасиет. Жастар осы қымбатқа ұмтылу керек.
Сыртынан тіпті сәнді қатар бара жатқан екі жасты көргенде сүйсініп тұрасың. Ал сол екеуі қабысып, жұрт көзінше сүйісіп жатқанын көргенде жиіркеніп, теріс айналасың. Себеп — сүйісу сөлекет пе? Сөлекет емес. Бүкіл адам атаулы сүйіскен, әлі сүйісіп келеді. Бірақ жасырын.
Ал жаңағыдай сүйісу — махаббатты қорлау. Махаббат пердесі — ұят, әдеп. Бұл екеуі болмаса махаббат айуандар құштарлығына айналады.
Ерте уақытта жастар ата-ананың қалауымен үйленетін. Сүйсін, сүймесін, үйленгеннен кейін айырылысуға жол жабық. Қазіргі жастар өз қалауымен үйленеді. Айырылысуға жол ашық. Осы тамаша бостандықты қайсыбіреулер азғындыққа дейін апарып жүр. Көңіл шіркін дәмдіден дәмді, қызықтан қызық іздейді. Егер оны ақыл, сабыр, ұят тежемесе, адамды айуан қатарына апармай тынбайды. Айуандар шағылысу кезінде ғана, балалары бауырында болғанда ғана отбасына қамқорлық етеді. Адам өле-өлгенше отбасы, ұрпақ қамын ұмыта алмайды. Ойлаңыздаршы, бейсауат жүрістерін былай қойғанда, әлденеше неке бұзған, бүлдіршіндей балаларын тірідей жетімсіретіп, дамыл-дамыл төсек жаңғыртқан «махаббат құмарларды» кімге теңеуге болады?
Бұл күнде білім шарабын сіміріп жүрген жастар көп, басына білім жинау, өнер, адамшылық үлгілерін жасау жастарымыздың салтына енген шақ. Алайда, күшала жеген иттей қисаңдап келе жатқан біреу оқта-текте кездесіп қалады. Аузынан сасық иіс аңқиды, сөзі іріп-шіріп түсіп жатады. Бұл бишара білім шарабының орнына есіру шарабын сімірген, ата-анасының маңдай терін сатып ішкен, өзі қазір адамның қоры, сөйте тұра зормын деп кеуде қағады. ...Халықтық жақсы дәстүрлерді ешбір ұлы адам аттаған емес. Әрбір жас сол дәстүрлерді қорғаушы, орындаушы әрі дамытушы болғай-ақ.