Соған қарамастан, облысқа нан, тоқаш және басқа да кондитер тағамдарын өндіруге қажетті сапалы ұн солтүстік облыстардан әкелінеді. Өйткені, солтүстік облыстармен салыстырғанда, біздің облыста өндірілетін бидайдың да, олардан алынатын ұнның да сапасы төмен. Бұл орайда, облыстағы қазіргі заманға лайықты, озық үлгідегі технологиялармен жабдықталған, сапалы ұн шығаруға мүмкіндігі бар «Зар-Замин» кәсіпорнының қайта жарақталып іске қосылуымен бірге, оларда шығарылатын ұн сапасы анағұрлым жақсарады деген сенім бар.
Ал, қысқартылған астық дақылдары алқаптарының орнына сұранысы күрт артып отырған дақылдар көлемін ұлғайтуға бағыт алынып отыр. Бұл қадам: сұраныстан түспейтін, жаңа піскен жас өнімдерге деген тұрғындардың қажеттілігін өтеумен қатар, макарон, әртүрлі жармалар, нан-тоқаш, кондитерлік тағамдар, өсімдік майлары, қант-шекер, консервіленген жемістер мен көкөністер, құрама жем өнімдерін өндіру бойынша облыста жұмыс істеп тұрған және жаңадан іске қосылып жатқан өндіріс орындарын қажетті шикізат өнімдерімен жеткілікті қамтамасыз етуге жол ашады.
Жалпы алғанда, облыстың, отандық азық-түлік өнімдерімен өзін-өзі қамтамасыз етуге толықтай мүмкіндігі бар.
Алайда, әртүрлі өндірістік-экономикалық қиындықтар себебінен қант, өсімдік майы, жеміс-жидектер сияқты өнімдермен облыстың өзін-өзі қамтамасыз етуі әлі де төмен күйде қалуда.
Мәселен, қазіргі кезде республика бойынша шығарылатын ақ қанттың 97 пайызы импорттық шикізат – қант құрағынан (тростниктен) өндіріледі. Оның себебі, соңғы жылдары жалпы еліміз бойынша, оның ішінде, Жамбыл облысында да қант қызылшасын өсірудің төмендеп кеткендігі болып отыр. Осы мақсатта үстіміздегі жылы облыстағы 2 қант зауыты: Тараз қаласындағы «Қант» АҚ мен Меркі ауданындағы «Меркі қант зауыты» ЖШС-ін қант қызылшасы шикізатымен ең төменгі қажетті көлемін қамтамасыз ету үшін облыс бойынша қант қызылшасы алқаптары едәуір көбейтіліп, осы тығырықтан шығудың алғашқы қадамы жасалды. Алдағы 2011-2014 жылдары облыс бойынша қант қызылшасы алқаптарын 10-14 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр.
Көкөніс тапшылығы
Облыста көкөніс өнімдері облыс тұрғындарының сұраныстарын толық қанағаттандырумен бірге, еліміздің басқа өңірлеріне шығарып сатылуда. Облыстың шаруашылықтары жалпы республика бойынша өндірілетін көкөніс өнімдерінің 30 пайызға жуығын өндіреді.
Дегенмен, облыста маусымаралық кезеңдерде көкөніс тапшылығы сезіліп отыр. Бұл тапшылықты жою мақсатында 2008 жылы көкөніс өнімдерін өсіретін жалпы көлемі 2,86 га 65 жылыжай іске қосылса, өткен жылы 5,7 га құрайтын 100 жылыжай салынды. Қазіргі кезде облыста жалпы көлемі 16,0 га құрайтын 200 жылыжай жұмыс істеуде.
Облыста жеміс-жидек және жүзім шаруашылығын сауықтырып, өркендету жұмыстары қолға алынып отырғанмен, облыста бұл өнімдер жыл сайын 8-10 мың тонна немесе жалпы қажеттілігінің 70 пайызы көлемінде ғана өндіріліп отыр. Сондықтан жеміс-жидек және жүзім өнімдерін тұтынуда импортқа тәуелділік әлі де бар. Бұл тәуелділікті жою мақсатында 2008 жылы облыс бойынша 1138 га жеміс және 23,1 га жүзім көшеттері, 2009 жылы 1013,8 мың гектарға жеміс және 22,2 га жүзімдіктер отырғызылды. Үстіміздегі жылы бұл дақылдар егілген алқаптар тағы да едәуір ұлғайтылып отыр.
Облыста жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу жалпы республикалық көрсеткіштен төмен қалыптасып отыр. Бұл ретте жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеудің республикалық орташа көрсеткіші – 3,5%, ал біздің облыс бойынша небәрі 0,25 пайыз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін облыста «Азия-Қазақстан» концерні», «Тараз-Тарту», «Булгарконсервпродукт» кәсіпорындары базаларында жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу өндірістерін дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар қолға алынуда. Жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі осы 3 ірі кәсіпорын іске қосылып, толық қуатында жұмыс істеген жағдайда, облыста жеміс-көкөніс дақылдарын қайта өңдеу көрсеткіші едәуір көтеріліп, 2010 жылдың соңына қарай 10 пайызға, 2014 жылы 35 пайызға жететін болады.
Облыс халқының өсімдік майына деген қажеттілігі жылына 9,0 мың тоннаны құраса, бұл өнім облыс бойынша іс жүзінде 2,1 мың тонна көлемінде ғана өндіріліп келеді. Сондықтан облыстағы өсімдік майын шығаратын «Палванов» және «Төлебай-май» кәсіпорындарын қажетті майлы дақылдар шикізатымен толықтай қамтамасыз ету шаралары жасалып, үстіміздегі жылы майлы дақылдар алқаптарының көлемі 2 еседен аса ұлғайтылып, 66,5 мың гектарға жеткізілді, енді 2014 жылға дейін оны 78,5 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Биылдан бастап, мемлекет тарапынан өнер-кәсіптік үлгідегі тамшылатып суару жүйесін қолданып өсірілген қант қызылшасының әрбір гектарына 50 мың теңгеден, осындай тәсілмен өсірілген көкөніс-бақша дақылдарының әрбір гектарына 24 мың теңгеден субсидия қаралып отыр.
Облыстың бүгінгі күнгі ең өзекті мәселелерінің бірі — ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің басым бөлігін, әзірге, ұсақ тауарлы, қарадүрсін технологияларды пайдаланатын майда шаруашылықтар құрап отыр. Облыстың агро-өнеркәсіп кешені саласында бүгінгі таңда 16427 шаруа қожалықтары, 50 өндірістік кооперативтер, 130 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жұмыс атқаруда.
Ауыспалы егіс жүйесін жүргізуге қауқарсыздық
Осы 16 мыңнан аса шаруа қожалықтарының 70 пайыздан астамының жер үлестері бар болғаны 1-50 гектар аралығын құрайды.
Осы орайда, бір мысал келтіре кетсек, ондаған шаруаларды жерлерімен қоса өз қанатының астына алып, бірігу нәтижесінде іріленген Меркі ауданының «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін салатын жер көлемі қазір 2 мың гектардан асады. Бұл шаруашылық диқандары бұрынғы жылдары қант қызылшасы мен көпжылдық шөптер егілген алқаптарға ауыспалы егіс жүйесін қолданып, күздік бидай егу нәтижесінде, өткен жылы сол алқаптардың әр гектарынан 70 центнерден астық жинады.
Облыс көлемінде қазіргі кезде 46 орта және ірі шаруашылықтар, 100-ден аса ауылдық тұтынушылар кооперативтері (АТК-лар) құрылып, жұмыс істеуде.
Бұл тарапта облыс аудандарына 2010 жылдың соңына дейін әрбір ауданда тағы да ең кем дегенде 10-нан, ал, алдағы 2011 жылы 20-дан ауылдық тұтынушылар кооперативтерінің құрылып, жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылып отыр. Үстіміздегі жылдан бастап, АТК-лар құруға мемлекеттік қолдау шаралары да көрсетіле бас-тады.
Мұнымен бірге, аудандарда құрылып, жұмыс істеп жатқан ауылдық тұтынушылар кооперативтерін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация тарапынан құрылған сервистік-дайындау орталықтарына (СДО-ларға) біріктіру жұмыстары да жүргізілуде. Қазір облыстың әрбір ауданында және Тараз қаласында барлығы 11 СДО құрылып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге агротехникалық және сервистік қызметтер көрсетуде.
Мемлeкеттік қолдаулар әлі де керек
Мал шаруашылығы саласында да көрсетіліп келе жатқан мемлекеттік қолдаулар арқасында, барлық мал түрлерінің саны мен олардан алынатын өнім тұрақты өсуде. Үстіміздегі жылдың I-ші жартысында өткен 2009 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда, ет, сүт және жұмыртқа өндіру 2-17 пайызға артты. Түлік саны жөнінен: мүйізді ірі қара саны 3 пайызға, қой-ешкі 4 пайызға, түйе мен жылқы 1-2 пайызға өсіп отыр.
2001 жылы облыс бойынша 17 ғана асыл тұқымды мал шаруашылығы жұмыс атқарса, қазір олардың саны 89-ға жетті. Нарық пен өндірістің сұраныстарына байланысты, асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында, әсіресе, сүтті, етті ірі қара малдар мен биязы жүнді қой шаруашылықтарын ұйымдастыруға жете мән беріліп отыр. Бұл орайда, сүт өндіруді молайту үшін, 2010-2014 жылдары облыс бойынша, тағы да қосымша 17 тауарлы-сүт фермаларын іске қосу міндеті алға қойылған.
Шілде айында Тараз қаласындағы «ПОШ» фабрикасында биязы жүннен топс өндіретін ірі жоба іске қосылғалы отыр. Осы өндірістің жолға қойылуымен байланысты, аталған өндірістің биязы жүнге деген сұранысы арта түседі. Сондықтан, облыс көлемінде биязы жүнді асыл тұқымды қой өсіретін шаруашылықтар санын көбейту қажеттігі туындап отыр. Үкімет «Биязы жүн өндірісін дамыту және қайта өңдеу» бағытындағы инвестициялық бағдарламасын қабылдады және оны іске асырудағы негізгі мақсаты — республика көлемінде оңтүстік қазақ меринос қойының тұқымдық санын көбейту арқылы биязы жүнді өндіруді қолға алу болып саналады.
«Мал өнімдері корпорациясы» мен «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамдары Жамбыл облысында базалық шаруашылықтар ретінде асыл тұқымды оңтүстік меринос қойларын өсіретін Меркі ауданының «Меркі асыл тұқымды қой зауыты» АҚ, «Жылыбұлақ» ЖШС, «Аспара» ӨК және Жамбыл ауданының «Пионер», «Юнчи» өндірістік кооперативтерін межелеп отыр.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары мен шаруашылық басшылары оңтүстік қазақ меринос қойларын көбейтудің негізгі жолы ұсақ шаруа қожалықтарына мал сату арқылы олардың санын арттыру емес, керісінше жоғарыдағы базалық шаруашылықтар ретінде көрсетілген 5 шаруашылыққа несие беру арқылы оларды дамытуды ұсынады. Өйткені бұл шаруашылықтарда әлі де болса қой санын көбейтуге барлық жағынан негіз бар (Тәжірибелі шопандар, мамандар мен жайылымдар, асыл тұқымды қой тұқымының генефонды сақталған, ғылыми негізде жұмыстар жүргізіледі). Егерде, осы аталған шаруашылықтарда аталған қой тұқымы өссе, олар артық малдарын ұсақ шаруа қожалықтарына сатуға мәжбүр болып, ұсақ шаруа қожалықтарына да қой сатып алуға мүмкіндік туар еді. Облыстағы оңтүстік қазақ меринос қойларын көбейту үшін, жоғарыдағы жобаны іске асырушы «Мал өнімдері корпорациясы» мен «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамдары, сол бес шаруашылыққа несие беруді нақты шешіп, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы Австралиядан, Жаңа Зеландиядан, Қытайдан және Ресейден қой сатып алуды жедел қолға алулары керек.
Өз өніміңді пайдалан!
Бүгінгі күні облыстың агроөнеркәсіп кешені саласында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын 433 кәсіпорын, шағын зауыттар және цехтар жұмыс істейді. Оларда 10 мыңға жуық адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған.
Өндірістік бағыттары бойынша аталған кәсіпорындардың 72 пайызы астық өнімдерін алғашқы және тереңдетіп қайта өңдеумен айналысса, қалған кәсіпорындардың 7 пайызы шұжық өнімдерін өндіруге, 2,5 пайызы сүт өнімдерін қайта өңдеуге, 6 пайызы өсімдік майын шығаруға, 3,6 пайызы түшпара (пельмен) өндіруге, ал, қалған 9,9 пайызы әртүрлі сусындар шығаруға, жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеуге, жүн-тері өнімдерін өңдеуге бағытталған.
Облыстың Сарысу, Талас, Мойынқұм, Байзақ аудандарының алдына қымыз, шұбат өнімдерін дайындау, сақтау және қайта өңдеу цехтарын ашу, қымыз бен шұбатты құтылауды ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу тапсырылып, қазір осы бағытта ізденіс жұмыстары жүргізілуде.
Тері өнімдерін тереңдеп, қайта өңдеу бағытында бүгінгі күні Тараз қаласында орналасқан «Таразбылғарыаяқкиім» ЖШС балалардың аяқ киімінің модельдерін жасап, енді оны жаппай шығаруға көшкелі отыр.
Облыс аудандары арасында: Жамбыл және Қордай аудандарында бір-бірден тері өнімдерін өңдеумен айналысатын цехтар жұмыс істейді. Қазір облыстың басқа аудандары алдына да тері өңдеп, өткізу ісімен айналысу міндеттері қойылып отыр.
Бүгінгі күні қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік және қайта өңдеу жұмыстарын жақсарту мақсатында, облыс бойынша әртүрлі бағыттарға бағытталған барлығы 19 инвестжобалар бойынша қаржыландыру, қаржы көздерін іздестіру жұмыстары жүргізілуде.