Аймақ басшысы, әсіресе, «Жол картасы» бағдарламасының ха-лыққа тиер игілігіне баса мән берді. Айталық, Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентінде су құбырын қайта қалпына келтіруге аталмыш бағдарлама шеңберінде 50 миллион теңге қаражат қарастырылған. Үш жылға жоспарланған жұмыстың алғашқы кезеңі нәтижесіздігін байқатты. Тендерді жеңіп алған «Реал-Строй ПВ» ЖШС-не ауыл тұрғындарының өкпесі қара қазандай екен. Олардың айтуынша, мердігер фирма жайбарақаттылыққа салынған көрінеді.
— Жұмысшы саны аз, олардың өзі уақыттың басым бөлігін демалумен өткізеді. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, қандай да бір жағдай болып қалса, аулаға не жедел жәрдем, не өрт сөндіру көлігі жақындай алмайды, — дейді ашынған бұқара.
Аудан басшылығы мен мердігер кәсіпорын қаншалықты сылтауларын айтып, ақталмақ болғанымен, тұрғындардың ре-нішінің орынды екенін тілге тиек еткен Бақытжан Әбдірұлы шаруаны жеделдетуді қадап тапсырды. Мәселені өз бақылауына алатынын жеткізді.
Ең қызығы, екі жарым айға «сағызша созылған» қалпына келтіру жұмыстары небары бірнеше сағатта жөнделіп, сол күні түнгі сағат 23:00 шамасында толық аяқталды. Ал, облыс әкіміне риясыз алғыстарын жеткізген тұрғындар аймақ басшысы ара-ласпаған күнде қанша уақыт ор-шұңқырдан секіріп жүрер едік дегенді айтады.
Тағы бір тоқталатын жәйт — Баянауылды екінші Швейцария деп мақтап жатамыз. Қасиетті Баян жері демалушылардың көп шоғырланатынымен де ерекшеленеді. Сөйте тұра, туризмді дамыту ісі кенжелеп қалған. Жасыбай, Сабындыкөл мен Торайғыр көлдері маңында демалушылар саны қанша болса, қатарласа тізілген автокөлік қарасы да соншалықты. Тұмса та-биғат аясының автотұрақтан еш айырмасы жоқ.
Ресми деректерге сүйенсек, жазғы уақыттарда суға кетушілер саны жағаны ұстатарлықтай. Осының себеп-салдары жайлы білгісі келген облыс әкімі судан құтқару бөлімшесіне бас сұққанда тағы бір жауапсыздықтың куәсі болды. Аядай бөлмеде қыстырылып-қымтырылып отырған құтқарушылар жағдайы «жаман болмай шықты». Кең дастарқан басына шөлмектің түр-түрін самсатып қойған. Бұл олардың «тұрмыстарының» ауқаттылығын көрсетсе керек. Масқара, «естімеген елде көп» деген осы шығар.
— Елбасымыз салауатты өмір салтын қалыптастыруға басымдылық беріп, нақты істерді айқындап берді. Туризмді дамыту арқылы толағай табыстарды бағындыруға болады. Ұлттық табиғи паркті жандандыру бағытында біраз жоспарларымыз бар. Осының бәрін жүзеге асырамыз деп талпынып жатқанымызда мұндай келеңсіздіктерге жол берген аудан әкімдігіне ескерту жасалынып, бақылауды күшейту тапсырылды, — деді сапарын қорытындылаған облыс әкімі.
Шынтуайтқа келгенде, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегеннің тегін айтылмағанына көз жетті. Жергілікті жерде де шешілетін ұсақ-түйек мәселелерді реттей алмаған аудан басшылығының дәрменсіздігі ме бұл?!