Мемлекет механизмі — халықтың бостандығын һәм билікке деген қатынасын анықтайтын басты өлшем. Ендеше, қоғам пікірімен санаспайтын һәм халықтың сұранысын қанағаттандырмайтын мемлекетті басқару жүйесі түптің түбінде сол мемлекетті мешеулікке ұрындыратыны анық. Алайда, соңғы жылдары базбір саясаткерлер мен заңгер ғалымдар ұсынған мемлекеттік басқарудың ұлттық дүниетанымымызға сәйкестендірілген төлтума жобалары мемлекет механизміне енгізілмеді. Оппо-зициялық күштердің ұсынымдарында да мемлекеттік басқарудың кем-кетігі жиі айтылады. Мемлекет механизміне 2007 жылы кіріктірілген басқарудың децентрализациялық жүйесі формальді сипат алып отырғаны да жасырын емес. Елбасымыз бір сөзінде басқаруды жетілдіре түсуде «ақсақалдар алқасы» органын құрудың қажеттілігін сөз еткен еді. Біз бүгінгі пікірсайысымызда Президенттің осы бастамасын талқыламақпыз. Соны-мен, «ақсақалдар алқасы» органын құру мемлекет механизмінің кемелденуіне жол аша ма?
Ақсақалдар алқасын халық сайлауы тиіс
Ертай Айғалиұлы, «Қазақстан-ZAMAN» газетінің бас редакторы: — Газетіміздің «Алдаспан» пікірсайыс орталығының ашылғанына 4-5 ай көлемі болды. Осы уақыт ішінде бірнеше мәселе көтердік. Одан нәтиже шығып та жатыр.
«ХХІ ғасыр ауылы қандай болу керек?» деген мәселені ұдайы көтеріп келеміз. Кейбіреулер оның кестесін жасап жатады. Инфрақұрылымы қандай, басқару жүйесі қандай болу керек деген сауалдар елді қатты қызықтырады.
Елбасымыз ақсақалдар алқасын құрайық деген бастама көтерді. Бірақ бәрі аяқсыз қалып барады. Біз түркі елдерінде, атап айтқанда, Өзбекстан ауылдарындағы ұйымшылдық, ынтымақтастықты, олардың мемлекетке деген ықпалын жақсы білеміз. Ұйғыр бауырларымызда жігітбасы деген бар. Қазақ ауылдарына осындай жүйені неге енгізбеске?
Есбол Өміржанов, заңгер: — Қазір заң ғылымында ұлттық заңнаманы қалыптастыру мәселесі көтеріліп жатыр. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болғанына жиырма жыл болды, бірақ ұлттық заңнамамыз Батыс елдерінің заңнамасына бағытталған. Кеңестік кезеңдегі заңдар аз ғана өзгеріске түсіп, әлі де өмір сүруде. Былтырғы халық санағының ресми қорытындысы бойынша, Қазақстанда тұратын қазақтардың саны 64 пайызға жеткен. Бұл ұлттық заңнаманы қалыптастыруға көңіл бөлуіміз керек екенін көрсетеді. Ақсақалдар алқасы туралы мақалалар жазып жүрмін. Ондағы мақсат – қазақтың заңнамасына ұлттық сипат беру.
Ақсақалдар алқасы – қазақ тарихында бар дүние. Ауыл ақсақалы деген ұғым бар. Әрбір ауылдың, бір рудың бетке ұстар ақсақалы болған. Осындай ақсақалдар бірігіп отырып келелі мәселелерді шешіп отырған. Қазіргі заманда бидің кейбір функциясын алып, құқықтық мәртебесі бар ақсақалдар алқасына беруге болады.
Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңға өзгерістер еніп жатыр. Бірақ мұның бәрі шикілеу тәрізді. Менің ойымша, ең алдымен ақсақалдар алқасы туралы заң қабылдап, оның құқықтық мәртебесін белгілеу қажет. Ақсақалдар алқасы қандай ұйым болуы керек? Жергілікті жерлерде ақсақалдар алқасы бар. Қазір ол тек қана символикалық сипатқа ие – той, мереке кезінде ақсақалдар алқасының төрағасына немесе төрайымына сөз бірінші беріледі дегендей.
Заң ғылымында құқық қолдану деген түсінік бар. Бізде мемлекеттік органдар ғана құқықты қолданады. Өзге адамдарға ойындағысын істеткізе алады. Басқалары соған бағынады. Ақсақалдар алқасына құқықты қолдану функциясын беруіміз керек. Оларға қандай өкілеттілік беру керек? Кішігірім құқық бұзушылықтар, тәртіп бұзушылықтар мен заңға қайшы әрекеттерді және кішігірім мүліктік дауларды ақсақалдар алқасының қарауына беру ләзім. Жергілікті жерлерде ұлтаралық, басқа да қақтығыстарды ақсақалдар алқасы қараған жөн.
Кей кездері мемлекеттік билік органдарының мүддесі мен ауылдық жердегі халықтың мүддесі сәйкес келмей жатады. Әсіресе, соңғы жылдары жер сатумен байланысты жиі кездеседі. Жер, су қоймалары секілді жергілікті халықтың өмір сүруіне қажетті нысандар жеке қолдарға өтіп кетіп, көзқарас қайшылықтары туындауда. Осы мәселелерді шешуде ақсақалдар алқасының маңызы зор болар еді.
Ақсақалдар алқасының құрамына тек қана қариялар кіруге тиісті емес. Жергілікті жерлерде беделі бар, айтары бар, жұртты аузына қарата алатын адамдар мүше болуы қажет. Ақсақалдар алқасын өзін-өзі ұсыну немесе халықтың ұсынуы бойынша сайлау шарт.
Түрмеде отырған адамдардың саны жыл сайын көбейіп бара жатыр. Жаза басқан адамдар да түрмеге тоғытылуда. Ақсақалдар алқасына билердің кейбір функциясын беру арқылы әкімшілік-құқық бұзушылыққа қатысты жаза тағайындау құқығы берілгені абзал.
Ақсақалдар алқасы құрамында көп адамның болуы басы артық нәрсе. Тақ сандық жүйе дұрыс деп есептеймін. Ауылдың үлкендігіне қарай 7-9 адам жеткілікті. Төраға шешуші дауысқа ие болуы керек. Бұған мемлекеттің қатысы болмауы қажет. Әйтпесе, жергілікті мәслихаттар сияқты атқарушы билікке тәуелді болып қалады.
Ақсақалдар алқасын дұрыс құра алсақ, оған өзге ұлттың өкілдері де жүгінетін болады. Осылайша, біз ұлттық құқығымызға жаңаша сипат бере аламыз. Мемлекеттік құқықты қазақыландыруға тиіспіз.
Жасарал Қуанышәлин, саясаткер: — Мына айтылған пікірлерден менің түйгенім, ақсақалдар алқасы – жергілікті өзін-өзі басқарудың бір түрі сияқты. Бірақ біздің жағдайда бұл мүмкін бе? Конституция бойынша өзін-өзі басқару жүйесі қазір жұмыс істеп тұруы керек емес пе еді? Ал ол жоқ бізде.
Бұл өзін-өзін басқару емес, биліктің мүддесін көздейтін нәрсе бола ма деп те қауіптенемін.
Есбол Өміржанов, заңгер: — Ақсақалдар алқасы саяси мақсатпен құрылып жатса да, оны қолдауымыз керек. Себебі, билік өзгереді, режимдер өзгереді, ал құқықтық жүйе қалыптасса, толығып өздігінен әрмен қарай дами береді.
Жігітбасының арқасында ынтымағымыз күшті
Кәрлен Махфиров, Бостандық ауданы Ұйғыр мәдени орталығының төрағасы: — Ұйғырлардың исламды қабылдағанына 1070 жыл болды. Бұл дәстүр мың жылдан бері үзілген жоқ. Ауылды әкім басқарса, бізді бек басқарған. Өкінішке қарай, түрік тектес халықтардың арасында жігітбасы институты жоқ. ХХІ ғасырда тек қана ұйғырлар сақтап қалды.
Алматы қаласында 167 жігітбасы бар. Олар ресми тіркелмеген. Мәселен, «Қазақфильм» ықшамауданында 30 ұйғыр отбасы болса, арасынан бір жігітбасын сайлайды. Оның 4 көмекшісі болады. Олар – имам, білімді, беделді және салт-дәстүрді терең білетін адамдар. Ұйғырлардың арасында дау туса, милицияға арызданбайды. Заң орындарына дейін жеткізбейді. Жігітбасының арқасында ұйғырлар арасындағы дау милицияға дейін жеткен жоқ. Жеткендері — небәрі 2-3 пайыз ғана.
Ауылда біреу қайтыс болса, марқұмды шығарып салу жұмыстарын жігітбасы мен имам атқарады. Той-томалақты да жігіт-басы ұйымдастырады. Жиі қоныстанған аудандарында алматылық ұйғырлар өздерінің мәдени орталықтарын құрған. Бұл орталықтар жігітбасылармен тығыз жұмыс жасайды.
Жігітбасы институтының арқасында 1 жарым миллиард қытайдың арасында тұрып жатқан ұйғырлар өз дінін, салт-дәстүрін, тілін ұмытқан жоқ. Бельгия мен Германияда тұратын ұйғырлардың арасында да жігітбасылар бар. Ақсақалдар мәртебесі, өзара ынтымағымыз осы жігітбасылар арқылы жоғары деңгейде.
Руслан Арзиев, ф.ғ.к, доцент: — Мен Достық ауылында тұрамын. Бізде көшенің жігітбасысы бар. Ол ауылдың жігітбасысына бағынады. Ауылдың жігітбасысы ауданның жігітбасысына қарайды. Аудандікі қаланікіне бағынады. Қызығушылықтары әртүрлі болғандықтан жастардың өз жігітбасысы, ересектердің өз жігітбасысы бар. Әр ауылда жастардың, үлкен адамдардың бөлек-бөлек мәшрәптары болады. Мәшрәпты жігітбасылар ұйымдастырады. Мәдени орталықтарымыздың негізгі тірегі – жігітбасылар. Мәдени орталықтар бір шаруаны атқару үшін соларға арқа сүйейді. Мәселен, жігітбасылар үйме-үй кіріп, қызылағаштықтарға жылу жинаған. Апаттан зардап шеккен ауылға 3 миллион теңге аудардық. Жігітбасы – қазір айтылып жатқан ақсақалдар алқасына ұқсайды. Бірақ құрылымдық жағына келсек, бізде көшеден басталады.
Болат Мәукенұлы, ғаламтордағы «Қазақ елі» энциклопедиясының жетекшісі: — Біздің бабаларымызда бұдан екі жүз жыл бұрын бұл жүйе болған. Еуразияны тіреп тұрған кезде ел басқару жүйесі тура осылай құрылған. Аллаһ-тағала ұмытқандарын есіне түсірсін деп ұйғыр бауырларымызды бізге әдейі беріп отыр. Ұйғырлар тарихы жадыны сақтап қалған. Бұл жүйе социализм кезінде де, коммунизм кезінде де жойылған жоқ. Қайта ештеңеге қарамастан өркендеп барады.
Жиырма жыл тәуелсіз ел болып келсек те, әлі бастықтарға жалтақтаумен келеміз. Олар дайындап кеткен кадрлар – батысшылдар. Ассамблеяның ең төменгісі – ауыл. Ру болып тұрған кездегіден қазір заман өзгеріп кетті. Сондықтан негізгі объекті ретінде елді мекенді алуымыз қажет. Мәшрәп деген – тәрбиелік-жауапкершілік орта. Сайланған сол төрт адамнан бәрі ұялады. Мәскеуде жүрсе де өз мәшрәпі алдында жауап береді.
Қазақтың жүйесінде жігіт ағасы, ауыл ағасы, ауыл ақсақалы, ел ағасы, би деген бес сатылы жүйе болған. Жігіт ағасы кішкентай кезінен тағайындалады. Бір ауылда 30 жігіт ағасы болса, солардың ішінен ауыл ағасы тағайындалады. Ауыл ағаларының ішінен ең парасаттысы, тәжірибелісі ауыл ақсақалы болып сайланады. Ауыл ақсақалы жау келгенде ер-азаматтардың 70 пайызын атқа қондыра алатын болған.
Жігіт ағасының стандарттарын жасауға тиіспіз. Мектеп жасындағы балалар жігіт ағасы болуға ұмтылуы керек.
Жасарал Қуанышәлин, саясаткер: — Ауызды қу шөппен сүртпеуіміз керек. Қазақ – ежелден келе жатқан іргелі ел. Тарихы, жолы, салт-дәстүрі бар. Тек осыларды шашып алдық. Велосипед ойлап шығарудың қажеті жоқ. Әркім өзінде барды пайдаланса, соның өзі біраз жерге алып барады. Қазақтың дәстүрлері мүлде жойылып кеткен жоқ. Тек оларды жинақтап, жүйелеу керек. Бұларды бүгінгі заманның ерекшеліктеріне сәйкестендірсе, басқа халықтарда бар дүниелердің жақсы жағын, жетістіктерін алып, қорытып, ортаға салса, содан қайнап тәуір нәрсе шығады.
Билік өзін-өзі басқаруды енгізуге құлықты емес
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы: — Жергілікті өзін-өзі басқару Конституциямыздың 89-бабында бар. Конституцияның 92-бабы бойынша, Ата Заңда бар мәселе бір жарым жылдың ішінде заңға айналуы керек. Бірақ олай болмай тұр. Жеті рет заң жобасы ретінде ұсынылды, бірақ жетеуінде де кері қайтарылды. 2000 жылы осыған қатысты заң жобасын қайтаруға 200 мың қол жинап өзіміз атсалыстық. Өйткені, ол жоба өзін-өзі басқаруға мүлде ұқсамайтын.
Билік өзін-өзі басқаруды енгізуге құлықты емес. «Мұны қабылдаудың қажеті бар ма? Мәслихаттарымыз бар емес пе», – деген сөз Президенттің де аузынан шықты. Мәслихаттар болса, мемлекеттік басқаруға жатады.
Жергілікті өзін-өзі басқару – демократияның ең негізгі институтының бірі, Қазақстанда мүлде жоқ. Мұны енгізсе, билік көп нәрседен айырылады. Ең бастысы – сайлау жәшіктерінен қағылады. Жергілікті өзін-өзі басқарудың міндетті түрде өз бюджеті болуға тиіс. Сіздердің айтып жатқандарыңыз – елдің салтына байланысты қоғамдық мәселе. Жергілікті өзін-өзі басқарумен мұны шатастыруға болмайды. Жергілікті өзін-өзі басқарудың үш шарты болуы керек. Біріншісі – сайлау арқылы жасақталуы, екіншісі – бюджетінің болуы, үшіншісі – заңдық негізінің болуы.
Билік қазір құзыреті жоқ органдарды саңырауқұлақтай қаптатты. Мен де соның бірінің – қоғамдық палатаның мүшесімін. Ақсақалдар алқасы да осының кебін кие ме деген күдігім бар.
Егер ақсақалдар алқасы құрылып жатса, онда не істеуіміз керек? Жер-жерде ақсақалдар алқасы бар қазірдің өзінде. Олардың басында бұрынғы коммунистер отыр. Ақсақалдар алқасына ең алдымен 90-жылдары азаттық үшін күрескен азаматтарды өткізу туралы шарт қоюымыз жөн.
Марат Бөтеев, «Аллажар» қолдау қоғамдық қорының төрағасы:
— Менің ойымша, бұл — «Ел бірлігі» доктринасын жүзеге асыру үшін істелініп жатқан іс-шаралар. Мамыр айынан бастап ол жүзеге асып жатыр. «Ел бірлігі» доктринасынан туындайтын мәселелер насихатталуда. «Ел бірлігі» доктринасында көрсетілген «өзін-өзі басқару тетіктерін жетілдіруден» туындап отыр. «Орталық Азия қоры» 2006 жылдан бері Еңбекшіқазақ ауданында 19 ауылға 390 мың доллар беріп, жергілікті өзін-өзі басқару комитеттерін құрған. Шетелдің ақшасынан құрылып жатқан комитеттер кімнің мүддесін көздемек, сонда? Айталық, Қырғызстандағы жағдай Ақсу ауданында басталды. Осы қор 2006 жылдардан бастап Қырғызстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржыландырып, елге ықпал ете бастаған. Сонда да бір-екі күннің ішінде соншама адам Бішкекке қалай сап ете түсті деп әлі таңқалып жүрміз.
Ұлттық мүддемізге сай басқару жүйесіне көшпесек, ертең опық жейміз.
Бұл жүйе мемлeкет жүйесіне қайшы келeді
Ахмет Аляз, ««Қазақстан-ZAMAN» ЖШС-ның президенті:
— Бұл — халыққа керек жүйе. Түркия-да ұйғыр ағайындар қалыптастырған жүйедей қоғамдық жүйе жоқ. Аудандарда, ауылдық жерлерде ағалық жүйе бар. Ол – көбіне сол жердің байы немесе тайпаның көсемі. Солардың төңірегіндегі адамдар көп мәселені өздері шешеді. Мәселен, олар қыз алып қашқаны үшін салтта көрсетілген жазаны береді. Заңға жүгінбейді. Сондықтан бұл жүйемен мемлекет қатты күресіп жатыр. Өйткені, бұл көбіне әділетсіздікке ұрынып жатады.
Қазіргі заң бойынша, кәмелетке толған қыз өзі қалаған адамға тұрмысқа шығуына құқылы. Мына жүйеде әкесі мен шешесінің рұқсатын алуы керек. Сондықтан қоғам ішінде қарама-қайшылықтар пайда бола бастады. Бір кездері бұл халықтың қажеттілігін өтейтін, тәртіпке бағындыратын жүйе болса, бүгінгі түсінік бойынша, керітартпа жүйеге айналып отыр. Осман империясы кезінде бұл жүйе жақсы жұмыс істеген. Бұдан тыс мәселелер салалық тұрғыда іске асқан. Түркияда кәсіпкерлікке арналған ахилік деген жүйе болған. Ол жүйенің өзінің салты, дәстүрі бар. Ол дәстүр бойынша, жүйе заңдарын бұзғанға жаза тағайындалады. Біреуді алдаса, тауары сапасыз болып шықса, ол кісінің дүкенін бір айдан бір жылға дейін жауып тастайды. Немесе дүкеннің алдына аяқ киім іліп қояды. Бұл масқаралау болып есептеледі. Аяқ киім ілінген жерге халық аттап аяқ баспайды.
Кейінгі кездері мемлекеттік басқару жүйесі, оның заңдық-құқықтық нормалары қоғамға түгелдей еніп кеткеннен кейін бұл жүйе мемлекет жүйесіне қайшы келді. Сондықтан мемлекет бұл жүйемен аяусыз күресті. Оны өз қолымызбен жойғанбыз. Қазір де ескі жүйенің қалдықтары бар. Бірақ толықтай сақталмаған.
Қала мен ауыл мәдениеті алшақтамасын десек
Мұхан Исахан, заңгер: — Мемлекетті басқарудың бұл тетігі кешегі ХІХ аяғына дейін қазақ елінде де кеңінен қолданыста болды. Бірақ, Патша үкіметі мен Кеңес үкіметі бұл табиғи басқаруды мемлекет механизмінен шығарып тастады. Бүгінгі күні мемлекеттік басқару ісінде «ақсақалдар алқасы» органына деген қажеттілік бар ма дегенге келетін болсақ, меніңше, қажеттілік бар.
Біріншіден, ақсақалдар алқасы органы құрылатын болса, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіруге жол ашылатын еді. Әрі-беріден соң демократияның шынайы көрінісі саналар «децентрализациялық» басқаруды мемлекет механизміне енгізген болар едік.
Екіншіден, ақсақалдар алқасының құзырына тәртіптік һәм әкімшілік істерді қарауды беретін болсақ, құқықтық жазаны ізгілендіруге жол ашылатын еді.
Үшіншіден, ел ішіндегі кейбір әлеуметтік мәселелерді оң шеше аламыз. Мәселен, жетім-жесірге жылу жинау, көмектесу секілді әлеуметтік мәселелер табиғи түрде халықтың салт-дәстүріне сай шешілетін еді.
Төртіншіден, ауыл-аймақтағы той-домалақ, өлім-жітім, көшелерді көріктендіру мен абаттандыру секілді мәселелерді ақсақалдар алқасының құзырына берсек, оны бұл институттың дөңгелетіп алып кетері сөзсіз.
Бесіншіден, ақсақалдар алқасын құру арқылы салт-дәстүрді жаңғырта аламыз. Соңғы жылдары жұртымыз үлкенге құрмет көрсетуден, сөзге тоқтаудан қалып бара жатыр. Ал, ақсақалдар институтына құқықтық мәртебе беретін болсақ, жастарымызға үлкенді сыйлатып, халықты сөзге тоқтатып үйретер едік.
Алтыншыдан, бәрімізге белгілі, соңғы жылдары қала мәдениеті мен ауыл мәдениеті қатты алшақтап бара жатыр. Ал, ақсақалдар алқасының атқаратын міндеттерін бірдей белгілеу арқылы қала мен ауыл мәдениетін жақындатуға мүмкіндік алған болар едік.
Жетіншіден, ақсақалдар алқасына тиісті өкілеттіктер берсек, бұл органды мемлекеттің біртұтастығын сақтауға барынша пайдалана аламыз. Қазір еліміздегі кейбір диаспора өкілдерінің мемлекеттің тұтастығына сызат түсіруге ұмтылғандығы байқалады. Мәселен, казактардың атамандық жүйесі бұған дәлел. Ал, ақсақалдар институтын билік мемлекет механизміне ендірсе, сепаратизмді тұсаулаған болар едік.
P.S. Естуімізше, Елбасымыз «Ұлт бірлігі» доктринасын талқылаған жиындардың бірінде «Ақсақалдар алқасының» заңнамалық негізін жасауды Үкіметке арнайы тапсырған көрінеді. Бірақ, Президент тапсырмасының қалай іске асып жатқанын құзырлы орындардан сұрап, мардымды жауап ала алмадық. Ал, «Алдаспан» пікірсайыс орталығының дөңгелек үстелі Үкімет «Ақсақалдар алқасы» органының жобасын әзірлейтін болса, оған қоғамдық ұйым өкілдерін қатыстыру үшін ынталы топ құруға» шешім қабылдады.