Тоқсаныншы жылдардағы асыра сілтеуден кейін ақтылы қойдан айырылдық. Жайлау, шопандар тойы архаизмге айналғандай күй кештік. Жайлауларымыз құлазып, жетімсіреп қалды. Атақты Асы жайлауында шопандар тойы өтетіндігін естігенде «О-о-о!» дедік таңданып. «Мұны ұйымдастырған, жылдардың тереңінде ұмыт қалған дәстүрді жандандырған кім?» дегенде, ол бастаманы көтерген үнемі жүрген жерінде қымыз бен шұбатты, салт-дәстүрімізді, өнерді жандандырып, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін, жаңашыл да тынымсыз әкім Серік Үмбетов екен баяғы. «Бәрекелді!» деп тағы да сүйсініп, біз де асай-мүсейімізді арқалап, Асыдағы шопандар тойына асықтық.
Есік қаласын басып өтіп, Түрген бағытымен өрлегенде жолда 1800 метр биіктікте Ойжайлау қарсы алды. Теңіз деңгейінен 2700 метр биіктіктегі Асы жайлауына барар жол қиындау екен. Асы жайлауының көркемдігін көзбен көріп, сөзбен жеткізу де қиын. Төскейін тепкілеп ағып жатқан бұлақтар аңғардағы Асы өзеніне келіп бас түйістіріп жатыр. Көк шалғын, гүл, самал жел... Той болатын аймақ бүгін ерекше құлпырып кетіпті. Қаздай тігілген ақбоз үйлер, сазды әуен... Қарапайым халықтың жүздерінде нұр бар. Ең тамашасы — мұнда отар-отар жайылып жүрген ақтылы қойдан, мың сан жылқылардан көз сүрінеді. Шүкір, ел жайлауға көшіп келіпті! Облыс әкімі Серік Үмбетов бастаған атқамінерлер, Түркиядан келген, Астанадан, Алматыдан жеткен мәртебелі қонақтар да дән риза. Озат шопандар сыйлықтар алып мәре-сәре. Іле басталған тұлпарлар бәйгесі, әртүрлі спорттық ойындар, көкпар тартқан білекті жігіттер тұлпарларының дүбірі Асыны аспанға шалқытты. Әрине, шопандар бізге күлбілтелемей өтініштерін де айтып жатыр. Жол қиындығы, монша, кітапхана, дәрігерлік пунктке зәрулігін жеткізді олар. Облыс әкімі: «Үгіт-насихат көшін келтірейік», — деді. Бұлар біртіндеп жөнге келетініне сенімдіміз. Бір қуанғанымыз — жайлауда мешіт бар екен.
Қайтар жолда жаңбыр себеледі. Ал таңғажайыбы — төменгі жақ құп-құрғақ. Асыға дүркін-дүркін осылай нұр себелеп тұрады екен. Біз де бір Алладан тіледік: «Нұр үзілмесінші ылайым!».