Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қаланың маршруттары үшін телеарна мен автопарк директорларына жолаушылар көліктеріндегі аудиовизуалды жарнама мен көрнекі ақпараттарды ҚР «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңының 21 бабының талаптарына сәйкестендіру қажеттілігі туралы хаттар жолдаған болатын. Алайда, заң талаптары да, әкімдік тарапынан жолданған хаттар да назардан тыс қалуда.
Қала ішінде қатынайтын автобустар және түрлі бағыттарда жолаушылар тасымалдайтын көліктерде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңы 21 бабының талаптары сақталмайды. Аталған бапқа сәйкес, көрнекі ақпараттардың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде – сол жағына немесе жоғары жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей мөлшердегі әріптермен жазылады. Қажеттілігіне қарай, көрнекі ақпараттардың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда қаріп өлшемі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауға тиіс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттік тілде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тілдерде беріледі.
Автобустардың алдыңғы қатарында «Жолаушылар және жолаушы жүгін тасымалдау ережесі» көрсетілген. Бір қарағанда, барлығы дұрыс сияқты: қазақша және орысша нұсқалары бар. Алайда, заң талаптары сақталмаған, ережелердің орналасу реті ауысып кеткен. Хабарландыру, жарнама мемлекеттік тілде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тілдерде берілуі тиіс. Алайда, көпшілігінде ақпараттар тек орыс тілінде көрсетілген.
Автобус салонындағы хабарламалар да тек орыс тілінде ұсынылған. Аталған сипаттағы мәліметтердің мемлекеттік тілдегі нұсқасы кездеспеді. ҚР «Жарнама туралы» заңы 3 бабының 1-1 тармағына сәйкес, сыртқы (көрнекі) жарнама – жылжымалы және жылжымайтын объектілерде орналастырылған, сондай-ақ, ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлінген белдеулеріндегі және елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте орналастырылған жарнама.
Дами отырып, сыртқы жарнама адамзат өмірінің барлық жаңа саласын меңгеріп келеді.
Бүгінгі күні көлік құралындағы жарнама өзге жарнама тасымалдаушыларға қарағанда арзанырақ. Сонымен қатар, оның тиімділігі де кем емес. Көліктегі жарнама тұтынушыға ұзағырақ әсер қалдыратынын атап өту керек.
Автобус терезелеріне бей-берекет жапсырылған осы сипаттағы түрлі концерттік бағдарламалар мен шоу, цирк қойылымдары, қызмет көрсету түрлері туралы хабарландырулар да тек орыс тілінде. Аталған көрнекі ақпараттардың мәтіндері қаланың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің рұқсатынсыз ілінеді.
Жолаушылар автобустарының сыртындағы ықшам аудандар, аялдамалар атаулары да ресми тілде толтырылған, қазақ тіліндегі мәтіндерінде грамматикалық қателер өте көп.
Бұл №3 және №5 автопарктердегі (№53, №43 және №118, №49, №7) жағдай. Жолаушылар тасымалдайтын жеке меншік көліктердегі жағдай да мәз емес. Қарағанды қаласының №23, №66, №014, №29 және т.б. жеке меншік маршруттық автокөліктеріндегі ақпараттардың қазақ тіліндегі нұсқасы болмауымен қатар, олар тиісті түрде ресімделмеген, жыртылған, әбден тозығы жеткен
Сонымен қатар, жолаушылар тасымалдайтын автокөліктерде халыққа маршруттық телеарна қызмет көрсетуде. Қарағанды қаласының жолаушылар тасымалдайтын автобустарында халыққа қызмет көрсететін «Бірінші маршруттық телеарна» өз қызметін тек орыс тілінде жүзеге асырады.
Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі аталған мекемеге тығыз іскерлік қарым-қатынас жасау мақсатында хаттар жолдаған болатын. Ол хаттар, өкінішке қарай, жауапсыз қалды. Автобустардың сыртында да кейде олқылықтар байқалып жатады.
Жалпы, орысша терминдердің де, сол сияқты халықаралық терминдердің де қазақ тіліне сіңетіні бар, сіңбейтіні бар. Сондықтан, ең алдымен өз тіліміздің бүкіл сөздік қорын сарқа пайдалануымыз керек. Осы бағыттағы жұмысымыз әлі ақсап жатыр.
Қоғамдық көліктердегі бүгінгі қалыптасқан жағдайды қала бойынша жалғыз тіл маманының қадағалауы мүмкін емес. Бұл жерде қала тұрғынының немесе қоғам мүшесінің рухани сергектігі, яғни, белсенділігі қажет деп есептеймін. Яғни, өзі отырған көліктің ішінде дұрыс анықтама берілуін, хабардың мемлекеттік тілде алынуын, көрнекі ақпараттардың қазақ тілінде ілінуін талап етуге әркім құқылы. Сонымен қатар, кондукторлардан аялдамаларды мемлекеттік және орыс тілдерінде хабарлауды талап ету керек. Тіл мәселесі – өте күрделі мәселе. Оны қаулымен қорқытып, заңмен үркітіп жүзеге асыра алмайсың.
Салондағы төлемақы алу, тәртіп қадағалау қызметі тек қана орыс тілінде. Қадағалау жоқ, микрафонды жүргізушілер өздері өшіріп қояды, сынатыны тағы бар. Астанада кондукторлар дайындайтын «Жолаушылар көлігінің қызметкерін оқыту, даярлау орталығы» бар. Бізге осыны ескеру қажет. Ақтөбе қаласындағы қоғамдық көліктерде қоғамдық қайраткерлер мен ақын-жазушылардың суреттері мен нақыл сөздері жазылған көрнекі ақпараттар жолаушылар назарына ұсынылған. Бұл – бізге де үлгі боларлық жағдай. Жастар қазақша сөйлесін, ұлттық болмысымызды жойып алмайық деген ниетпен осыны өз тәжірибемізге енгізсек, нұр үстіне нұр болар еді. Теміржол, автобекеттерде, қоғамдық көліктерде қазақ музыкасы немесе күйлері ойнап тұрса, қандай тамаша.
Ел Конституциясы бойынша бекітілген қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін қолдау мен қорғау – әрбір азаматтың парызы мен міндеті. Осы жауапкершілікті түсінгенде ғана біз «жарымжан» жарнама мен шалажансар ақпаратқа бейжай қарамайтынымыз анық.