Алматы облысының Талғар ауданында “Ал-маты асыл тұқымды зауыты” аталатын ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Одақ кезінде ең бай колхоз атанған шаруашылық 1993 жылы жекешеленіп, колхоз мүлкі оның 2 мыңға тарта мүшесінің меншігіне өтті. Солардан бүгінгі таңда кооперативте бар-жоғы 150-ақ мүшесі жұмыс істейді. Ал 30-40 жыл колхозға еңбегі сіңгендер далада қалып отыр. Мұның себебі неде? Осы мәселеге журналистік зерттеу жүргізуге әрекеттендік. Кооператив мүшелeрінің хаты “Біз Карамшук пен оның сыбайластарының кооператив мүшелерінің мүлкін иемденіп және талан-талажға салып жатқан заңсыз әрекеттерін тоқтатуға ықпал етулеріңізді сұрауға мәжбүр болып отырмыз, — деп жазады бізге «Алматы асыл тұқымды зауыты» өндірістік кооперативінен жұмыстан заңсыз қуылған бір топ маман. — Меншіктік пайлардың мөлшерін бекіту 1999 жылы соңғы рет өткізілді. Содан бергі 10 жыл бойы үлес жылдық кірістің есебінсіз және мүшелердің ескі құрамымен берілуде. Нәтижесінде орасан кірістер жеке адамдардың қалтасына түсуде. 1999 жылы бас есепші С.С.Оспанов, төраға И.Т.Карамшук, бас экономист Ш.Ж.Рамазанов салық төлеуден жалтару үшін негізгі құрал-жабдықтарға қайта бағалау жасамады. Ал олардың бағасы төмендетіліп көрсетілді. 2008 жылға дейін не жердің, не мүліктің пайына дивидент төленбеді. Кооператив мүшелерінің әлеуметтік жағдайлары өте төменгі дәрежеде, қайта өңдеу цехтары, іске асыру пунктері жоқ.
Кооперативтің ірі объектілері кооператив мүшелерінің жалпы жиналысының шешімінсіз, бағалау комиссиясынсыз бөтен адамдарға төменгі бағамен сатылып кетті. Мәселен, И.Т.Карамшук мырза өзінің “қайдан құлақ шығарса” билігін пайдаланып, картоп тұқымы үшін Германиялық бір фирмаға 71 мың евро, яғни 11224479 теңге ақша аударған. Нәтижесінде тұқым да, ақша да жоқ. Бұл іс бойынша өткен жылы ақпан айында ҚР ҚК-нің 176-бабы, 3 “Б” тармағы бойынша Карамшукке айып тағылған болатын. Алайда, іс аш ішектей шұбатылып келді де, ақырында Талғар аудандық ІІБ-іне жүктелді. Мұндағылар Германияға сұрау салдырмастан, Талғар аудандық және облыстық прокуратура орынбасарының келісімімен бар-жоғы 5 күннің ішінде қылмыстық істі жауып тастады. Карамшук мырза және оның жанындағылар заңға тартылмайтындарына сеніп алғандары сондай, кооператив мүшелерінің мүлкін тонап, құқығын аяққа таптауда. Мысалы, тұқым себетін артық жерлерді есепке алдырмайды, түскен пайданың мөлшерін төмендетіп көрсетіп, құлқындарын қамдауда (дәлелдер жеткілікті). Соның арқасында кооперативте қалған 150 адам өздерін тек кооперативтің мүшелері ғана емес, бүкіл мүліктің қожайыны санап, жұмысшылар жалдауға көшті. Яғни, бүгінгі таңда кооперативте жұмыс істейтіндердің 85 пайызы — жалдамалылар. Оларды Карамшук құлша жұмсайды, ал түскен пайданы тек санаулы адам (15 пайыз) өзара бөліседі. Мұндай ұйымды кооператив деп атауға бола ма? ҚР “Өндірістік кооператив туралы” Заңның 96-бабында атап көрсетілгендей, кооператив деп өзара кәсіпкерлікпен айналысатын, осында еңбек ететін және мүліктік жарна төлейтін азаматтардың ерікті бірлесуін айтады. Сондықтан “Алматы асыл тұқымды зауыты” АШӨК жоғарыдағы заң талабына сай болуы үшін ең алдымен кооператив мүшелігін қалпына келтіріп алуы тиіс. Кооперативтің іргесін сөктірмеу үшін жал-дамалы жұмысшыға айналған бұрыңғы мүшелердің заңды құқығын қайтару керек. Біздің әрқайсымыз — осы кооперативке еңбегі сіңген кәсіби мамандармыз. Алайда, төраға Карамшуктің, т.б. жемқорлығын әшкерелеп, заңсыздықтарына төзбегеніміз үшін жұмыстан қуылдық. Сіздерден әділдікке ара түсіп, кооперативті сақтап қалуға көмектесуді сұраймыз. Төменде қол қоюшылар: кооператив мүшелері Е.Тергеушева, Р.Марчибаева, Ж.Тасболатов, М.Мұхамедқалиев, А.Жұмажанов, А.Сарманов, пайшылар Е.Есімбеков, М.Көшербаев, А.Тоғабаев.” Адамды шошытатын цифрлар... Хат осылай дейді. Ал хат иелерінің өздерімен жолыққанымызда төмендегідей деректер ұсынды: — Біздің бар жазығымыз кооперативті гүлдендіруге деген ниетіміз болғаны ма? Ал басшымыз болса кооперативтің балансындағы талай жерді талан-таражға түсіріп сатып жіберген. Мәселен, «Еңлік-ДДД Эдельвейс» ЖШС-на 30 гектар, «Бена-плюс» ЖШС-на 27 гектар, «Альфа бетон» фирмасына 27 гектар, «Оптрон-групп» ЖШС-на 17 гектар, «Баянды-Агро» ЖШС-на 30 гектар, «Бастау и К-7» ЖШС-на 377 гектар, «Коксай-Музбель» ЖШС-на 20 гектар, Г.М. Ли есімді азаматқа 50 гектар, тіпті бұл Ли мырзаға бірнеше жерден жер телімдерін берген, жалпы аумағы 100 гектар!!! «Бастау» ЖШС-інің төрағасы Б.Исмаилов — Карамшуктың орынбасары. Исмаиловтың жалғыз өзіне 370 гектар жер беріліп, мемакті жасалды, ал кооперативтің жеріне әлі күнге мемакті алынған жоқ. Қызметкерлері өз пайларын ала алмай зар илеп жүр. Ал, Карамшуктің қылып отырғаны мынау. Сондай-ақ, қазіргі басшы кооператив балансындағы тігін цехын 3 гектар жерімен бар болғаны 70 мың АҚШ долларына сатқан. Қазіргі уақытта 70 мың долларға жеке үй сатып ала алмайтының белгілі. Қағаз жүзіндегі 70 мың, шын мәнісінде 700 мың доллар шығар кім білсін? — дейді олар. Тіпті, Алматы облысы бойынша Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу инспекциясының бас бақылаушы инспекторының 2008 жылдың маусым-шілде айларында «Алматы асыл тұқымды зауыты» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Иван Карамшук пен бас бухгалтері С.Оспановтың үстінен жүргізген бірлескен тексеріс барысында талай былықтың басы ашылған. Енді сол тексеріс қорытындысы бойынша мысалдар келтірейік. (Акт көшірмесі бар). Осыдан екі жыл бұрын (06.03.2006 жылы) «Талғар» кредиттік серіктестігімен «Кооператив» арасындағы №6/005 несиелік келісім жасалып, кредиттік линия ашылған. Келісім бойынша 15 000 000 теңге көлеміне дейінгі кредиттер алуына лимит белгіленген. Кредиттік линияның мақсаты: тұқым, жанар-жағармай, тыңайтқыш, гербицид және қосалқы бөлшектер сатып алу болып табылады. Хош. Қағаз жүзінде мақсаты да бәрі дұрыс. Ал, іс жүзінде түк те жоқ. Қаржы кооператив қоржынына түседі. Бірақ мақсатты пайдаланылмайды. Неге? Кооперативтен «Қарамай Продакс» ЖШС-іне барлығы 9 081 120 теңгенің қаражаты счет фактуралардың негізінде жанар-жағармай алу үшін бөлінген. «Нұр Ахсен» ЖШС-іне химиялық тыңайтқыштар алуға барлығы 10 500 000 теңге берілген. Алайда «Нұр Ахсен» ЖШС-інен «Кооператив» кассасына 2 000 000 теңге қайта құйылған. Кооперативтің несиеге алған 15 000 000 теңгесі өз мақсатында жұмсалмағандығы туралы тексеру жүргізіліп, актісі жасалған. Кооперативтің жанар-жағармай станциясының меңгерушісі А.В Михайлов 27.04.2006 жылы өндіріске пайдалануға жанар-жағармай алу үшін 1 220 000 теңге ақшалай қаражатты жауапкершілігіне алған. Аталмыш қаражаттың 170 000-ы жұмсалмағандықтан Михайлов кассаға қайта құйған. Михайловтың жауапкершілігіндегі 1 020 000 теңге қаражат 01.07.2008 жылға дейін жанар-жағармай алынбаған және кассаға қайта құймаған. Азамат Михайлов кооперативте әлі де қызмет атқаруда. 01.09.2005 жылғы Германия мемлекетінде орналасқан «Зальцкотен Хенделс унд Сервис ГмвХ» фирмасымен 20 тонна картоп тұқымын алу мақсатында келісім жасалған. Бұл келісім де іске аспай, 381 күннен кейін ақша қайта кооперативке қайтарылған. Қайтарғанда бұл ақшаны Германиядан емес жеке азамат әкеп құйған. Аталмыш ақша кері қайтпас еді, кооператив мүшелері шулатып талап етпегенде. Қызық болғанда, тұқымның кешіктірілген әр күніне 1 пайыздық үстеме айып төлемеген. Сонымен қатар кооператив субсидияның 126720,00 теңгесін бюджетке кері қайтармай отыр. Көптеген азаматтарға жұмысқа қабылдау туралы шешім шықпаса да, атап айтар болсақ, Ж.Андаспаевқа барлығы 103058 теңге еңбекақысы негізсіз төленген. А.Нүкеевтің де жағдайы Андаспаевпен пара-пар, оған да барлығы 109225 теңге негізсіз төленген. Азаматша Күләш Нүкееваға барлығы 53460 теңге, Е.Байжановқа 14910 теңге, Қ.Қасымбековке 101203 теңге, Б.Қасымбековке 139172 теңге барлығы 7 адамға кооперативтің 537 803,36 теңгенің еңбек ақысы негізсіз төленген. Қазіргі басшы Карамшуктің үстінен жоғарыдағы және де өзге іс-әрекеттері үшін қылмыстық іс қозғалған. Оған қарап жатқан Карамшук жоқ. Қызметкерлері орташа жалақысы 15 мың теңгемен әзер жүрсе, Карамшук өзіне жеке күзет тағайындап отыр. Осы мәселе бойынша облыста сот отырысы өтті. Қызық қылғанда сотқа Карамшук келмей қалып, орнына сенімхат беріп зайыбын жіберіпті. Бұны естіген жұрт не күлерін, не жыларын білмеді. Алты жүзден астам адамды құрайтын кооперативтің тағдыры шешілгелі отырған сот отырысына әйелін жібергені қай сасқаны? Сонда барлық кооперативтің тағдырын әйеліне тапсырғаны қалай? Әбден шиелініскен бұл мәселенің шешімі қашан шықпақ? И.Т. Карамшук: «Мұның бәрі жала!» Кооператив төрағасы Иван Тихонұлы Карамшук мырзадан мән-жайды сұрағанымызда: — Бұлар былтыр басқармаға басып кіріп, билікті қолға алуға әрекеттенді, бірақ қолдарынан түк келмеді. Көріп тұрғаныңыздай, кооператив жұмыс істеп тұр, және табысты. Сондықтан бұл адамдар кооперативтен қуылды. Бұлардың арызданбаған жері жоқ, тіпті Президент аппаратына дейін жазды, енді сізге барыпты. Бұлар кешегі ақшаның құны бар кезінде пайларын сатып жіберген және өздері әлі күнге дейін біздің пәтерлерімізде тұрады. Кооперативте жұмыс істегілері келмейді. Егер жұмыс істегісі келмесе біздің ведомствоның пәтерін босатсын. Кооператив мүшесі саналатын 146 адам жерін де, мүлкін де сатқан жоқ. Кооперативті шайқалтпай ұстап тұрған осылар. Егер олар жері мен мүлкін сатқанда, жанымыздағы Рысқұлов, Қызыл қайрат, Мичурин ауылдары сияқты кооперативтен айырылар едік. Осы 146 адам мені “кооперативті құлатпаңыз” деп қолдап отыр. Себебі 700 адам жұмыссыз қалмақ. Колхоз кезінде 2 мыңға тарта мүшеміз болған. Мен бұл қызметке 2002 жылы сайландым. Менің алдымда төраға болған кісі бұларды, ішінде Тасболатов сынды мықты маман да бар, жұмыстан шығарған. Яғни, маған дейін-ақ бұларды өкпелеткен. Ал мен оларға ара түскенімде “мені жұмысқа алыңызшы” деп соңымнан қалмай қойды. Ақыр аяғында, міне, сейфімді бұзды. Құжаттарым қолды болды, ақшам ұрланды, — деді. Екатерина Тергeуішева: «Ол үшін заң түк емес» Енді кішкене шегініс жасап, «7-8 күн бойы билікті зорлықпен қолдарына алды» деген әңгіменің мәнісіне келейік. Кезінде кооперативтің кәсіподақ ұйымын басқарған Екатерина Тергеуішова былай деп ағынан жарылды: — 2008 жылдың жазында кооператив мүшелерінің кезектен тыс жалпы жиналысының шешімімен басқарма төрағасы И.Т.Карамшук мырза қызметінен алынып, бірауыздан төрайым болып мен сайландым. Жаңадан сайланған басқарма мен комиссия мүшелері жиналыстың шешімімен таныстыру үшін кооператив басқармасына келдік. Бірақ мұнда бас есепші С.Оспанов, кассир Момбаева, хатшы И.Блиновадан басқа ешкім жоқ болып шықты. Біз оларды шешіммен таныстырып, құнды құжаттар қолды болып кетпес үшін көздерінше барлық кабинеттерге құлып салып, мөр бастық. Дүйсенбіде ары қарай не істейтінімізді шешеміз деп ойладық. Сосын ауруханада жатқан Карамшукке барып едік, ол кісі бізді тыңдаудан бас тартты. Алайда, жексенбі күні кешкісін қасына бес бөтен жігітті ертіп алып, аурухана киімімен басқармаға келген Карамшук мырза мөрленген кабинетін ашып, бүкіл құжаттарды өзімен бірге алып кеткен. Бізге бұл туралы күзетші айтты. Дереу милиция шақырттық. Карамшуктің қылығы бізге милицияның қатысуымен акт жасап, сейфті бұзып ашуға мәжбүр етті. Мен аудит шақыртпақшы болдым, Карамшук былығым ашылады деп қорықты ма, 5 тамыз күні жанына 20 адамды ертіп басқармаға бақырып-шақырып кіріп келді. Басқарма төрайымы — мені балағаттап, кабинеттің кілтін, мөр мен құжаттарды қайтаруды талап етті. Карамшуктың әйелі, кооператив мүшесі емес Мәдина Әскерқызы кеудемнен итеріп, кілтті қолымнан күштеп жұлып алды. Карамшуктың тағы бір әйелі Г.Қуанышбекова аузына келгенді айтып, мені кабинеттен сүйреп шықты. Карамшук оларға: «Кілт пен мөрді, заңды құжаттарды ауруханаға әкеліңдер», — деп бұйырып шығып кетті. Мені оның адамдары есепшінің бөлмесіне итеріп кіргізді де, сөмкемді жұлып алуға әрекеттенді. Арқамнан ауыр зат тигенде есімнен танып құлай жаздадым. Алайда, Карамшуктың әйелдері мен заңгер С.Сабирова, А.Сейтембекова, К.Байболова, З.Декальчук мені жан-жақтан қысып ұстап, сұрағандарын бергенше кепілдікке ұстайтындарын айтып, қорқытты. Акт жасап, кілтті кооператив есепшісі Г.Сағымбаеваға өткізетінімді айтып едім, оған көнбеді. Сөйтіп, мені 3 сағат кепілдікте ұстады. Сәл қарсылассам киімімді жыртып, белімнен соққылады. Осы зорлықшыл акцияны жүргізген Сабирова, Карамшук, Қырықбаев, Ниязов, Дикольчуктер үстінен Талғар аудандық ІІБ бастығы К.Д.Таймерденовке арыз жазып едім, шара көрмей аяқсыз қалдырды. Негізі, біздің кооператив мүшелерінің 20 пайызы кезектен тыс жалпы жиналыс өткізіп, басқарма төрағасын сайлауға толық құқы бар. Ал бұлар «Өндірістік кооператив туралы» ҚР заңына да, кооперативтің Жарғысына да бағынбайды. P.S. Карамшуктың биылғы жазда елден жасырып, жоспардан тыс 37 гектар жерге пияз ектіріп, 50 190 000 теңге пайда түсіруге әрекеттенгенін Е.Тергеуішованың то-бы анықтап, Қапшағай қаласының ауылшаруашылығы бөліміне шағымданды. Нәтижесінде арнайы комиссия құрылып, фактілер расталды. Ал ҚР Бас прокуратурасы таяуда осы заңсыздыққа орай төраға И.Т.Карамшуктің үстінен қылмыстық іс қозғады.