|
|
 |
Жанайқай
|
|
|
Жалған айту арқылы әділдікке қол жеткізу мүмкін бе?
|
|
Сіздердің газеттің 2010 жылғы 21 қаңтардағы №3 санында «Жанайқай» айдарында «Азамат Ахметжанов сот үкіміне неге наразы?» атты сын мақала жарияланған. Аталған мақалада Алматы облысы, Ұйғыр аудандық сотында қаралған М.Ахметжановты Қазақстан Республикасының ҚҚ-нің 105-бабымен айыптау туралы қылмыстық іс және
|
|
|
Ж.Сатиевты бұрынғы жұмыс орнына қайта орналастыру туралы талап арызы бойынша қозғалған азаматтық істі қарау барысында судья Бірімқұлов Б., яғни менің тарапымнан орын алған заңбұзушылықтар жөнінде әңгіме қозғалған. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық Заңының 25-бабының 3 бөліміне сәйкес, судья қаралған және қаралып жатқан сот істерінің мәні жөнінде қандай да бір түсінік беруге міндетті емес. Аталған заң нормасын басшылыққа ала отырып және халқымыздың «ит үреді, керуен көшеді» деген нақыл сөзін ескеріп, алтын уақытымды зая кетірмей, сөз болып отырған мақала жөнінде үндемей қалуға болар еді. Алайда, мақалада көрсетілген шындыққа сәйкес келмейтін және ойдан шығарылған жайттар өзімнің атыма және еліміздегі сот беделіне зор нұқсан келтіріп отырғандықтан, қолыма еріксіз қалам алып, жауап жазуға мәжбүр етті. Оқырман қауымға түсінікті болу үшін мына төмендегі жайттарға тоқталып өткім келеді. Жоғарыда сөз болған М.Ахметжановқа қатысты екі іс те Ұйғыр аудандық сотында менің өндірісімде қаралды. Осы істерді қарағанға дейін өз басым М.Ахметжановпен таныс емес едім. Онымен арамызда ешқандай да бас араздық жоқ. Талапкер Ж.Сатиев Таипов атындағы орта мектеп директоры М.Ахметжанов өзін заңсыз түрде директордың орынбасары қызметінен негізсіз жұмыстан шығарғанын, сондықтан өзін бұрынғы жұмыс орнына қайта орналастыру және жұмыссыз бос жүрген уақытына өтемақы өндіру жөнінде талап арызбен сотқа жүгінген. Ұйғыр аудандық сотының 21 қазандағы шешімімен Ж.Сатиевтің бұл талабы толық қанағаттандырылды. М.Ахметжанов жауапкер Таипов атындағы орта мектептің директоры ретінде аталған сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым берген. Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасының 2009 жылғы 23 желтоқсандағы қаулысы-мен М.Ахметжановтың апелляциялық шағымы қа-нағаттандырусыз қалдырылып, сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Қазіргі күнде талапкер Ж.Сатиевке қатысты Ұйғыр аудандық сотының 21 қазандағы шешімі заңды күшінде және орындау сатысында. Сонымен қатар Таипов атындағы орта мектепте электрик болып жұмыс істеген Т.Тұрсынбаев өзінен аталған мектеп директоры М.Ахметжанов өзінің қызмет бөлмесінде «Жұмыстан өз еркіммен шығамын» деп арыз жазуды талап еткенін, бұндай арызды жазудан бас тартқанда М.Ахметжанов өзін ұрып-соғып денесіне «жеңіл» дәрежелі зиян келтіргенін, айтып М.Ахметжановты ҚК-тің 105-бабымен жеке айыптау тәртібімен қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде Ұйғыр аудандық сотына шағымданған. Осы шағымды сотта қарау барысында Т.Тұрсынбаевтың шағымында көрсетілген мән-жайлар тиісті дәлелдемелермен расталып, бекітілді. Сондықтан М.Ахметжанов Ұйғыр аудандық сотының 2009 жылғы 8 желтоқсандағы үкімімен Қазақстан Республикасының ҚК-нің 105-бабымен айыпты деп танылып, сотталды. Сот үкімімен келіспеген М.Ахметжанов апелляциялық шағым берді. Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасының 2010 жылғы 26 қаңтардағы қаулысымен М.Ахметжановтың бұл апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылып, сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Сондықтан сотталған М.Ахметжановқа қатысты Ұйғыр аудандық сотының 2009 жылғы 8 желтоқсандағы үкімі заңды күшіне енді. Сөйтіп, жоғарыда сөз болып отырған сот актілері қазіргі күнде заңды күшінде. Заңды күшіне енген сот актілерін орындау және сот актілеріне мойынсұну — кез келген өркениетті хұқықтық мемлекетте қа-лыптасқан дәстүр. Бұлай істеу біздің мемлекетімізде де азаматтардың заңмен жүктелген міндеті. Алайда, өкінішке орай, бұл заң талаптарына М.Ахметжанов мойынсұнбақ түгілі, қайткен күнде де істі қараған судьяны, яғни мені «іс құжаттарын бұрмалады» деп айыптап, өзін кінәсіз сотталған «сүттен ақ, судан таза адам» етіп көрсеткісі келеді. Ол бұндай әрекетті сөз болып отырған істер Жоғарғы Сотта қадағалау тәртібімен қарау кезінде белгілі қоғамдық пікір тудырып, алдағы уақытта қабылданатын сот актілері өз пайдасына шешілуіне ықпал ету үшін жасап отыр. Сөзім дәлелді болу үшін мақалада көрсетілген мән-жайларға жеке- жеке тоқталып өтейін: 1 Мақалада тілші Ш.Құсайынұлы және М.Ахметжа-новтар М.Ахметжановтың қылмыстық ісі бойынша мен куә В.Мұстапаеваның соттағы жауабын үкімде және сот отырысының хаттамасында бұрмалап көрсетті, бұл жөнінде В.Мұстапаеваның облыстық сотқа жазған түсініктемесі бар деп көрсеткен. Алайда, мақала мазмұнынан тілші Ш.Құсайынұлы аталған куәмен өзі жүздесіп сөйлесті ме, түсініксіз. Егер тілші Ш.Құсайынұлы куә В.Мұстапаевамен жүздескен болса, істің ақ-қарасына көз жеткізу үшін оның түсініктемесі өз қолымен жазылды ма, түсініктеме қандай жағдайда және қашан жазылғанын, куә В.Мұстапаева қолына сот үкімін алды ма және басты сот талқылауының хаттамасымен танысты ма, куә В.Мұстапаева өзінің жауабы бұрмаланып жазылғанын біле тұра не себепті сот отырысының хаттамасына өзгерту енгізу туралы сотқа өтініш жасамады, соны анықтау қажет еді. Алайда тілші Ш.Құсайынұлы өзінің кәсіби міндетіне салақ қарап, шындыққа көз жеткізу үшін үлкен маңызы бар осы жайттарды анықтамаған. Керісінше, бұл жайттарды бүркемелеп, оқырман назарынан тыс қалдырған. Сонымен қатар ол куә В.Мұстапаева мектепте лаборант болып жұмыс істейтіндіктен, жұмыс бабымен М.Ахметжановқа тәуелді екенін де назарға алмаған. Ал менің куә В.Мұстапаеваның соттағы жауабы үкімде және сот отырысының хаттамасында бұрмалағаны туралы айтарым: бұл — жалған жала. Бұған дәлел куә В.Мұстапаева іс бойынша тарап емес. Сондықтан оған сот үкімі табыс етілмейді және ол сот отырысының хаттамасымен таныстырылмайды. Ендеше сот үкімін өз қолына алмаған және сот отырысының хаттамасымен таныспаған адам өзінің жауабы аталған сот құжаттарында бұрмаланғаны жөнінде тілшіге немесе М.Ахметжановқа қандай жағдайда түсініктеме берген. Демек, бұндай жағдайда куә В.Мұстапаеваның М.Ахметжановтың қолындағы түсініктемесі шындыққа сай деп айтуға болады ма? 2 Мақаладағы куәгер Л.Худайқұловтың жауабы бұрмаланды деген уәжі бойынша да осындай жайт. Ол да сот үкімін өз қолына алмаған және сот отырысының хаттамасымен таныспаған адам. Ендеше сот үкімін өз қолына алмаған және сот отырысының хаттамасымен таныспаған Л.Худайқұлов өзінің жауабы аталған сот құжаттарында бұрмаланғанын қалай білген? Тіпті куәлер В.Мұстапаева мен Л.Худайқұловтар сотталған М.Ахметжановтың қолындағы сот үкімімен танысқан жағдайда да, олар сот отырысының хаттамасында өздерінің жауаптары бұрмаланып жазылғанын аталған хаттамамен таныспаса қалай білген? Көзі ашық оқырман сот үкімі мен сот отырысының хаттамасы екі түрлі процессуалдық құжат екенін біледі деп ойлаймын. Куә Л.Худайқұлов сотқа жауапты куәлер В.Мұстапаева мен Б.Алшынбаевалардан бөлек бас-қа күні берген. Аталған куәлерден жауап алғанда Л.Худайқұлов сот залында болмаған. Яғни, ол куәлер В.Мұстапаева мен Б.Алшынбаевалардың сотқа не деп жауап бергенін білмейді. Демек, куә Л.Худайқұловтың аталған куәлер сотқа жалған жауап берді деп айтуы шындыққа үйлесе ме? Мен куәлер В.Мұстапаева мен Л.Худайқұловтардың жауаптарын бұрмалап жазуға мүдделі адам емеспін. Тіпті мен А.Ахметжановты қайткен күнде де айыптап, соттауға мүдделі деп қарастырсаңыздар да, оған қатысты айыптау үкімін шығару үшін істе аталған куәлердің жауабынан басқа да дәлелдер жеткілікті. 3 Мақалада мені Ж.Сатиевтің мүддесін қорғап, заңсыз сот шешімін шығарды деп жазылған. Тілші Ш.Құсайынұлы мақалада осындай тұжырым жасау арқылы өзінің құқықтық білімі жоқ екенін, болса да деңгейі өте төмен екенін көрсеткен. Себебі заңнан сәл де болса хабары бар адам заңды күшіне енген сот шешімімен анықталған мән-жайлар түпкілікті анықталған дау тудырмайтын жайттар болып табылатынын біледі деп санаймын. Бұл туралы «Қазақстан Республикасында сот билігі туралы заңдарды қолданудың кейбір мәселелері туралы» ҚР Жоғарғы Сотының 1998 жылғы 14 мамырдағы №1 санды нормативтік қаулысы 7 тармағында «Заңды күшіне енген соттың үкімі, шешімі немесе қаулысы, онда көрсетілген нұсқаулық, сондай-ақ сот белгілеген мән-жайлар мен олардың құқылық бағасы бәріне бірдей міндетті. Сот шешімін өз бетімен бұрмалауға, кір келтіруге, оның орындалуына кедергі жасауға ешкімнің қақысы жоқ. Сот шешіміне келіспеушілік білдіру, оны жоғары тұрған сотқа шағымдау (наразылық білдіру) тек заңмен белгіленген тәртіп бойынша жүргізілуі тиіс», — деп нақты көрсетілген. Тілші Ш.Құсайынұлы аталған заң нормасын білместіктен, егер білсе, қасақана бұза отырып, талапкер Ж.Сатиевке қатысты сот шешіміне өз тарапынан заңсыз баға берген. Ол мақалада сот отырысы барысында зерттеліп, сот тарапынан баға берілген мән-жайларды келтіре отырып, өзінше тұжырымдар жасаған. Өкінішке орай, тілші Ш.Құсайынұлы мақалада соттың талапкер Ж.Сатиевтің талабын қандай негіздерге байланысты қанағаттандырғанын көрсетпеген. Егер ол мақалада соттың талапкер Ж.Сатиевтің талабын қандай негіздерге байланысты қанағаттандырғанын көрсеткен болса, оқырман қауымға сот шешімінің заңды және негізді екені түсінікті болар еді. Тілші Ш.Құсайынұлының осы және жоғарыда көрсетілген басқа да әрекеттері маған ол әділдік танытпай, өзінің тілші ретіндегі қызметін пайдаланып, әділдіктің емес, сотталған М.Ахметжановтың ғана мүддесін қорғап отыр ма деген күмән келтіреді. Егер ондай болмаса, ол не себепті істің ақ-қарасын анықтамай, шындыққа сәйкес келмейтін мән-жайларды өзінің мақаласында жария еткен? Әлде ол ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» 23.07.1999 жылғы Заңының 21 бабының 2 және 4 тармақтарында көрсетілген журна-листің «шындыққа сәйкес келмейтiн ақпаратты та-ратпауға және жеке және заңды тұлғалардың заңды құқықтары мен мүдделерiн құрметтеуге міндетті» деген талаптарымен таныс емес пе? Тілші Ш.Құсайынұлының сотта қаралған іс бойынша Кіші дихан ауылында жиналыс өткізіп, түсініктеме жинауы және дәлелденбеген фактілерді жария етуі, сот ісіне заңсыз араласуы болып табылады. Бұл жөнінде жоғарыда аталған «Қазақстан Республикасында сот билігі туралы заңдарды қолданудың кейбір мәселелері туралы» ҚР Жоғарғы Сотының 1998 жылғы 14 мамырдағы №1 санды нормативтік қаулысы 4-тармағында «Соттардың нақты іс бойынша әділ және бейтарап сот төрелігін жүзеге асыруына кедергі келтіру мақсатындағы кез келген нысандағы іс-әрекеттерді сот қызметіне араласу деп түсінген жөн. Мұндай араласу түрлеріне, атап айтқанда, сот процесіндегі нақты тараптың пайдасына шешім қабылдау туралы әлдебіреулердің сырттан берілген тікелей нұсқауы немесе жанама өтініші, судьяларды белгілі бір шешім қабылдауына мәжбүр ететін жағдайлардың әдейі жасалуы және басқа да осындай іс-әрекеттердің жатуы мүмкін. Мемлекеттік органдардың немесе ондағы лауазымды адамдарының сот өндірісінде жатқан істі бақылауға алуына сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі келтіру мақсатында сот қызметіне араласу деп бағалау керек», — деп атап көрсетілген. 4 Мақаланың соңында М.Ахметжанов редакцияға жазған хатында «Ж.Сатиевтің талап-арызымен қозғалған азаматтың істі облыстық соттың апелляциялық сатысында қарау барысында облыстық соттың үш судьясы Б.Бірімқұловпен алдын ала келіскендігін жасырмай, жеме-жемдерінің бір екендігін танытып, 39 беттен тұратын дәлелдеме құжаттарының бірде-біреуін назарға алмады, бұл құжаттар Б.Бірімқұлов тарапынан өңделіп, облыстық сотқа қосымша құжаттардың 12 пайызы ғана жетті, апелляциялық шағымымның мазмұны өзгертілді», — деп көрсеткен. Сотталған М.Ахметжановтың бұл айтқандары ешбір дәлелсіз айтылған жалған жала болып табылады. Ол өзінің апелляциялық шағымының уәждері негізсіз және заңсыз екенін оқырмандардан жасырып, осындай әрекет жасап отыр. Ал оның «Б.Бірімқұлов тарапынан құжаттар өңделіп, облыстық сотқа қосымша құжаттардың 12 пайызы ғана жетті, апелляциялық шағымымның мазмұны өзгертілді», — дегені ақылға қонымсыз, «әйтеуір күйе жақсам болды» деген пиғылмен істелген, сот тәжірибесінде мүлде болмайтын жайт. Себебі, іске апелляциялық шағымның иесі өзі қол қойған тұпнұсқасы ғана тіркеледі. Бұндай құжатты судьяның өзгертіп, мазмұнын бұрмалауы мүмкін емес. Қазіргі күнде азаматтық іс құжаттарында М.Ахметжановтың өзі қол қойған апелляциялық шағымы тіркеулі тұр. Газетке істің ақ-қарасы анықталмаған, заңды күшіне енген сот шешіміндегі мән-жайларға күмән келтіре отырып, жан-жақты тексерілмей, сөз болып отырған мақаланың жариялануы аталған газетке де, газет ұжымына да абырой әкелмейтінін айтқым келеді. Әрине, өз басым судья ретінде қазіргі заман талабына сәйкес сот саласындағы жариялылықты, елімізде заңның және әділдіктің үстем болуын қалаймын. Бұл менің судья ретіндегі ең басты қызмет міндетім де. Сондықтан мен М.Ахметжановқа қатысты жоғарғыда сөз болған сот шешімін және үкімін шығарғанда әділдік таныттым деп есептеймін. М.Ахметжанов өзінің кінәлі екендігіне қарамай, өзі айтқандай, барлық сот шешімдерін алдын ала келісіп шешті және іс құжаттарын бұрмалады деп мені жалған айыптап отыр. Бұны оның өзінің ар-ұяты шешеді деп ойлаймын. Ал өз басым оның бұл әрекетін мұсылманның ең ауыр күнәсінің бірі ғайбат айту деп санаймын. Сіздерге осы жауап хатымды жолдай отырып, оны газет бетіне ешқандай өзгертусіз толық жария ету арқылы аталған мақалада көрсетілген жайттарды теріске шығаруды талап етемін. Бұл менің Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» 23.07.1999 жылғы Заңының 19-бабының 1-тармағында көрсетілген заңды хұқығым. Аталған заң нормасында азамат немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге хұқылы екендігі көрсетілген. Сонымен қатар сөз болып отырған заң нормасының 3 тармағына сәйкес азаматтың немесе заңды тұлғаның бұқаралық ақпарат құралында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса, не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сотта қаралатынын ескертемін. |
|
|
|
|
|
Ұйғыр аудандық сотының төрағасы Бірімқұлов Б.Н.
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|