 |
Түрік дүниесі
|
|
|
Түркістан театрына — 10 жыл
|
|
2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойының қарсаңында рухани астанада театрдың болуы қажеттігі жөнінде Райымбек Сейтметов бастаған бір топ Түркістан қаласының зиялы қауым өкілдері Елбасымызға хат жолдады. Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен сол кездегі облыс әкімі Б.Сапарбаев 2000 жылдың 9 наурызында театр ашу жөнінде қаулыға қол қойды.
|
|
|
Нәтижесінде Түркістан топырағына өнер ордасы ту тікті. Биыл оған 10 жыл толады. Түркістан театрының тағы бір ерекшелігі — театр труппасы түрік тілінде еркін сөйлеп, спектакльдер ойнайды. Түркия мемлекетінің арнайы шақыруымен Түркістан театры Б.Вахапзаденің «Көк-Түріктер» спектаклімен бірнеше рет гастрольдік сапарда болып, Түркия мемлекетінің он шақты қалаларында өнер көрсетті. Р.Сейтметовтен соң театрдың көркемдік деңгейін ұстап тұру кім болса соның қолынан келетін оңай шаруа емес екендігін түсінген облыс әкімшілігі және облыс мәдениет басқармасының басшылығы ҚР еңбек сіңген қайраткері, ҚР Халық әртісі, профессор Уразимбетов Ерғали Сиябекұлына қолқа салып, көркемдік жетекшіліктің тізгінін ұстатты. Бұл кісі де Түркістанның тума таланты, өмірде Рекеңнің інісі, өнерде үзеңгілес әріптесі. Ленинград мемлекеттік академиялық Ленсовет атындағы театрдың көркемдік жетекшісі, СССР Халық әртісі И.П.Владимировтың шеберханасынан дәріс алған Ерғали Сиябекұлының театрымыздың көркемдік жетекшісі болып жүруі қала үшін абырой деуге болады. Қойылымдары республикалық өнер додаларында топ жаруда. Бұлайша қатарынан екі жыл бойы республикамыздың «Ең үздік режиссері» болуы Ерғали Сиябекұлының табиғи талантының және үлкен еңбектің арқасы. Қазірде театр осы қарқыннан еш төмендеген жоқ. Репертуары бүгінгі күннің сұранысына сай, тың ізденіс үстінде. Жуық арада С.Оспановтың «Мұңлық-Зарлық» пьесасын театр көрермендеріне ұсынбақ. Соңғы бір жылда театр өмірі жаңаша сипат алды. Моральдық-психологиялық ахуал жақсарды. Материалдық-техникалық базамыз жаңарып, ғимарат ағымдағы жөндеуден өтті. Осының барлығы театрдың қуатты жұмыс істеуіне зор септігін тигізуде. Театрымыз жас актерлармен толықтырылуда. Жанды дауыста шағын эстрада-симфониялық оркестр концерттік бағдарлама әзірлеуде. Театрымыздың тарихын паш ететін көркем-сурет фотогалереясы жасалды. Театр әкімшілігінің ұсынысы бойынша облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен театрдың 10 жылдық құрметіне үстіміздегі жылдың наурыз айының 22-27 жұлдыздары аралығында қаламызда облыс театрлары апталығын өткізу жоспарланып отыр. Бұл қаламыздың театр көрермендеріне үлкен сый болары сөзсіз. Ендеше, өнер сүйер ағайын, өз театрыңызбен бірге болыңыздар! |
|
|
|
|
|
Түркістан қаласының сазды-драма театрының директоры Өскенбай Ташенов
|
|
|
|