 |
Саясат
|
|
|
Сенатта: 300 млн. га егіс алқабының 1,4 млн. гектарына егін егілeді
|
|
2009 жыл әлемдік экономикаға айтарлықтай қиындықтар туғызды. Дағдарыстан шығу жолында елеулі өзгерістер болғанымен, былтырғы жылдың П жартысында Америка, Ресей, Еуразия мемлекеттерінің экономикасы біршама төмендеген. Банк жүйесінің тұрақтануын қамтамасыз ету, жұмыссыздық деңгейінің көтерілмеуіне жол бермеу, халықтың күнкөріс деңгейінің және әлеуметтік төлемдерінің өсуін қамтамасыз етумен қатар тұрғын үй құрылысындағы үлескерлердің жағдайы шешілді. Ұлттық қордан қаржы бөлініп, Үкімет, Ұлттық банк, жергілікті әкімдер дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасын жүйелі жүргізе білді.
|
|
|
Жақында Сенаттың «Өңір» депутаттық тобында вице-премьер Өмірзақ Шөкеев Қазақстан өңірлері экономикасының да-муы жайлы хабарлама жасады. Өмірзақ Естайұлының айтуынша, алдағы бес жылда инновациялық-индустриялық дамуды жеделдету Үкіметтің басты бағыты болмақ екен. Елбасының тапсырмасымен еліміздің индустриялық дамуына үлес қосатын 150-ге жуық бағдарлама нақтыланған көрінеді. 147 жобаның 146-сы биыл жүзеге асырылмақшы. Бұдан былай индустриялық жобаларға Үкімет басшысының өзі мониторинг жүргізіп отыратын болады. Әр аймақтың инновациялық-индустриялық дамуы да жіті бақылауға алынады. Әлеуметтік кәсіпкерлер корпорациясы жергілікті әкімдіктің құзырында қала бермек. «Бизнестің жаңа жобасы — 2020» әкімдерге жергілікті бизнесті дамытуға зор мүмкіндік беріп отыр. Өңірдің экономикасының жандануына қомақты үлес қосып отырған кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қаржылық қолдауға ие болады. Әкімшілік барьерлерді тежеу арқылы жаңа кәсіпорындардың дамуына жағдай жасалынып, жұмыссыздық деңгейі төмендетіледі. Биыл іске асырылатын индустриялық жобалардың нәтижесінде 25000 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл меже үш жылда 200000-ға дейін өседі. Ауыл шаруашылығының дамуына аса қажетті дизель отынына қолжетімділікті арттыру үшін заңнама жасалып, Парламентке жіберілген. Тұқым беру, жанармаймен қамтамасыз ету, минерал-ды тыңайтқыштар, суғаруға көмектесуді Үкімет өз мойнына алып отыр. Тұқым сатып алу, егін егу, жинау, техника сатып алуға несие беріледі. «ҚазАгро» ұлттық холдингіне 2010-2012 жылдары агросекторды дамытуға респубикалық бюджеттен 80 млрд. теңге бөлінеді. Оның 5,6 миллиарды егін егу жұмыстарына. 1 шілдеден бастап ұсақ астық өндірушілерге қаржылық көмек көрсету мақсатында 500 млн. теңге бөлінеді. Ұсақ астық өндірушілерге екі жылға 3 млн. теңге беріледі. Холдинг көктемгі егін егу, жинау жұмыстарына 86,1 млрд. теңге бөлген. Агросекторға қосымша 300 млрд. теңге бөлу қарастырылуда. 2010 жылы күріш, жүгеріден басқа дәнді-дақылдар егетін шаруа қожалықтарына (1 га 670 теңге) субсидия беріледі. Май, қант, қызылша өндірушілерге берілетін субсидия механизмдері өзгертілді, яғни егіс алқабының көлеміне және алынған өнімнің мөлшеріне қарай. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға 25 млрд. теңге, ауыл шаруашылығын дамытуға биыл 47,8 млрд. теңге бөлінген. 2009 жылы 20,8 млн. тонна астық жиналды. Кеден комитетінің мәліметі бойынша соның 6,8 млн. экспортталған. Жылдан-жылға Қазақстан астығына деген сұраныс ұлғаюда. Теңіз порттарына өзіміз тікелей шықпауымыз әлемдік рынокқа шы-ғуға біршама кедергі келтіруде. Шетелдер Қазақстаннан тасымалданатын астықтың әр тоннасына 50 доллар қосады. Мәселен, Ресей — 20 доллар, Қытай — 40 доллар. «Ақтау- Баку- Аминабад” терминалы арқылы ай сайын 50- 55 мың тонна астықты Иран мен Әзірбайжанға экспорттау қолға алынбақшы. Парсы шығанағы арқылы астық тасымалдану үшін Иранның Иман-Хамени портынан терминал салу да жоспарда бар. 2011 жылы Қытай шекарасынан астық тасымалдау үшін теміржол тартылады. Қара теңіз немесе Азов теңізі арқылы Ресейге астық шығару жолы қарастырылып жатыр. Сонымен қатар Қазақстан астығы Солтүстік Африка, алыс және жақын шығыс елдері, ЕЕС-ке та-сымалданатын болады. Түркіменстан мен Ауғанстанға астық жеткізу мақсатында өткен жылы Бейнеу стансасында элеваторлық кешен салу жұмысы қолға алынды. Үнді мұхитына шығу үшін «Түркіменстан-Иран-Қазақстан» бір-лескен теміржол тарту жұмысы нақтылануда. 2009- 2010 жылдары Ресей арқылы астық тасымалдау үшін Үкімет резервінен 5 млрд. теңге бөлінген. Өткен жылы Қытайға 20 мың тонна астық экспортталды. Корея Қазақстаннан 600 мың тонна астық сұрап отыр. 2010 жылы 22,1 млн. га егін егіледі деп жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл егіс алқабы бір млн.-ға ұлғайыпты. Биылғы егін егу жұмысына 336,2 тонна дизель отыны жұмсалады екен. Үкімет 1 наурыз-31 мамыр аралығында дизель отынының литрі 55- 62 теңгеден аспайды деп белгілеп отыр. Республика бойынша ет және ет өнімдерін ұқсататын 2548 қасапхананың 37%-ы ұдайы жұмыс істейді. Елімізде 300 млн. га егіс алқабы бар, оның 1,4 млн. гектарына егін егіледі. Егіс алқабының 85%-ы оңтүстік аймақтың төрт облысына тиесілі. Әлемдік банк грантымен 220 мың га егіс алқабы игерілетін болады. Оның 25 мың гектары Алматы, 25 мың гектарына Жамбыл, 30 мың гектар Қызылорда, 140 мың гектарына Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі. |
|
|
|
|
|
Астанадан меншікті тілшіміз Перизат Әмір №111
|
|
|
|