|
|
 |
Қамшыбасар
|
|
|
Жыныстық қатынасты жарнамалайтын анимациялық фильмге мұқтажбыз ба
|
|
немесе психологтардың бұл қай сасқаны?Есеңгіреп барып есін жиған қоғамға енді жетпей жатқаны осы еді. Мұндайда қазақ «жер астынан жік шықты» деуші еді. Иә, дәл солай! Жақында «Алматы» телеарнасы «Еліміздің психологтары 5 жасар балаға жыныстық қатынасты түсіндіретін ани-мациялық фильмді жарыққа шығарды», — деп жан түршігерлік хабар жасады. Жан түршігерлік емей немене? Іні-қарындастарымызбен отырып осындай фильмді тамашалауымыз керек екен.
|
|
|
«Баланың психикасында бар нәрсені ата-ана міндетті түрде түсіндіріп, ашып беруі тиіс», — деген уәж айтады екен бастамашылар. Олардың ойынша, «біздің балаларымыз әкеңнің аузынан түстің немесе атаң тауып әкелді деген сияқты ертекке сеніп жүр» («Алматы» телеарнасы). Алайда, дәл осы ертекке өмір бойы сеніп жүрген адамды көрмедік. Әлде сіз “Мен әкемнің аузынан түсіппін, менің аузымнан бала қашан түседі” деп жүрген адамды көрдіңіз бе? Көр-ген жоқсыз! Бұл — адам санасының даму құбылысы арқылы өзі-ақ ұғынылып кететін дүние. Арнайы мектеп бағдарламасының бар екенін де ұмытқандай ма бұл психологтар? Ендеше, оны «тәптіштеп» түсіндірудің қажеті қанша? Дәл қазіргі уақытта керісінше зинақорлықты дәріп-тейтін небір көріністер арқылы тым ерте жетіліп, қателікке бой алдырып жатқандар жетіп артылады. Одан келіп жасанды түсік, тастанды сәби секілді қасіреттердің астында қалдық. Бұл дүниені көрген бала мұны психологиялық тұрғыдан ғана қабылдап, шешім шығарады деу артық. Құдай бетін ары қылсын дейік, бірақ бұл да жамандықтың басы боп жүрмесе игі. Кімге-кім екенін түсіндіруге құлшынысымыз тым артып бара жатса, сонау ата-бабадан қалған ерлікті, даналықты дәріптеп, біз кімнің ұрпағымыз, біздегі тектілік қайдан, кімнен келген деген мәселені алға тартатын дүние жасағанымыз абзалырақ. Мәжіліс депутаты, ұлттық мәселеде алдыңғы орында көрініп жүрген Бекболат Тілеухан ағамыз: «Бұл — таза халықты азғырушылық. Қайсымыздың анамыз биологияны оқып немесе осындай дүниені көріп, 14 баланы тауыпты. Ешқандай қажеттілігі жоқ. Бұл — тек жүректің түкпірінде жатқан шайтанды ояту үшін жасалып жатқан дүние», — дейді. Расында да, бұл — шайтани ойлардың тууына бірден-бір себеп болатын көрініс. Асыл дінімізде ер адамның әйелге, әйел адамның ер адамға қарауының өзі күнә болып есептеледі. Бұл нәпсінің оянуына себепші болады дейді. Сол үшін де әйел адам әурет жерлерін жауып жүруі керек деген шарттар қойылады. Аллаһ тағала: «Мұхаммед (с.ғ.с.) мүмін әйелдерге айт «Бөгде ерлерден көздерін сақтасын, ұятты жерлерін көрсетпесін»,— деген («Нұр» сүресі, 31 аят). Ендеше, бұл фильмнің шариғатқа да қайшы екенін ескергеніміз абзал. Осы орайда үнемі халық назарында жүретін азаматтарымыздың әлі де үнсіз жатқаны жанға қатты батты. Сол үшін жалынды, жігерлі ойлар іздеп, еліміздің болашағы саналатын жастардың арасынан жас азамат Талғат Алман замандасымызды сөзге тартқан едік: «Біріншіден, жас ұрпақ дұрыстап тәрбиеленуі керек. Бұл — мүлде дұрыс емес қадам. Біреулер демократия дейді, басқа дейді, бірақ бұл ешқандай демократияның көрінісі емес. Зинақорлыққа апаратын бірден-бір жол. Мұндай қадамдар жетістікке апармайды. Сұмдық нәрсе! Егер мұны балаларымызға көрсететін болсақ, қоғамды үлкен рухани дағдарысқа әкеледі. Азамат ретінде өте қатты қарсымын. Елімізде шамамен жылына 175 мың аборт жасалады екен. Мәселе қайдан шығып жатыр? Әрине, осындай дүниелерден. Мұндай әрекеттердің ерте басталуы Еуропада еркектердің бедеулігіне әкеліп жатыр екен. Қазір Америкада, Еуропада не боп жатқанын қараңызшы. Еуропа ерте қартайып жатыр, Америка быт-шыт! Бұл адамдардың санасын түсінбеймін, өзгеріп кеткен бе, бойында қазақылық қалмаған ба? Бұл мәселені қоғам болып көтеруіміз керек. Мен бауырларымның мұны көргенін қаламаймын. Бес жасар балаға беретін басқа тәрбие қалмап па? Мемлекетшілдік сана, Елбасын сүю, ұлтты сүю деген мәселелермен неге айналыспасқа? Өте өкінішті жағдай. Бұл әзірге эксперимент болса, ертең қолданысқа енеді. Сондықтан басынан қию керек». Иә, бізге «еуропалық санамен» ойлаудың қажеті шамалы. Өзіміздің салт-санамыз, дәстүріміз, дініміз, діліміз бар. Халықтың бүкіл болмысы осы арқылы танылды. Атадан ақыл, анадан нақыл терген ұрпақ та өз жолымен жетіліп келді. Ендеше, соншама ғасыр өткеннен кейін келіп, “бүйректен сирақ шығару” — санаға сыймайтын құбылыс. Егер психологтар қауымы бұдан өзге немен айналысарларын білмей жүрсе, айтайық. Қазір бізге одан гөрі арақ ішіп, жанұясын тастап кеткендермен, өз-өзіне қол жұмсап жатқан ұрпақты дұрыс жолға салумен, көшелерде тәнін саудаға салып жүрген қаракөз қыздарымызбен, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың ушығу салдарымен, ұлтын ұлықтай алмайтын, өнерін өгейсітіп, шетелді жөн көретіндерге патриоттық сезім қалыптастырумен, қарттар үйіне ағылып жатқан ата-аналардың көбею себебімен, жетімдер үйіне телміргендердің, қыр асып жатқан қандастар қатарының артуы мәселесімен, діні мен ділін ажырата алмай адасып кеткен ұрпақпен күресу механизмдерін ұйымдастыруда сіздердің көмектеріңіз қажет-ақ. Міне, осы мәселелер төңірегінде фильм жасасаңыздар, беделдеріңіз арта түсеріне кепілдік берер едік. Алайда, «әттең тонның келтесі-ай” деген осы. Психологтар адамдарға ақыл-кеңес беруші, біздің көмегімізге мұқтаж емес. Алайда, осындай қадамға барғандарына қарағанда, оларға да біраз көмек қажет пе деп қалдық. Жалпы, біз мұны жалғыз қазақ халқына ғана қауіп деп қарап жатқан жоқпыз. Біз сұрастырған адамдар арасында өзге ұлт өкілдері де болды, олар да “5 жастан бастап біз де ештеңе біліп өскеніміз жоқ, алайда ешкім одан жамандық көрмеді. Балаларымыз да, немерелеріміз де дұрыс жолмен өсіп жетіліп жатыр” деген ой айтады. Демек, психологтардың бұл ұсыныстарына сұраныстың туындап тұрмағаны белгілі. Нарық заңы бойынша ұсыныс сұранысты қанағаттандыру керек. Ендеше, психологтарымыз “банкротқа” ұшырай ма, әлде бұдан шығудың психологиялық жолын таба ма? Өздерінің шаруасы! Біздің міндет — ұрпақ тәрбиесіндегі азаматтық борышымызды өтеу. |
|
|
|
|
|
Ақмоншақ Жұмай №11
|
|
|
|
 |
Diğer Başlıklar |
 |
Адамның соңғы сапары аста-төкпен өлшенбейді |
 |
Мәңгүрт Ұлтсызовтардан Құдай сақтасын! |
 |
Таза суы, газы, клубы жоқ ауыл қайтіп күн көрер, Сағындықов мырза! |
 |
Табиғат-анаңды қорлағаның — апатты шақырғаның |
 |
Кімнің арбасында отырсаң, соның әнін айт |
 |
Қытай үшін қазақ тілі — «өлі» тіл! |
 |
Сасыған су ішкен ауыл |
 |
Аулаңа жұмақ орнату өз қолыңда, отағасы! |
 |
Ең болмаса Рамазан айында нәпсіңді тый, арақты қой, ей, қазағым! |
 |
Ағатайлар, Шректі, Нарутоны, Аватарды көкірегіне тоқыған бала болашақ тіліңді менсінбес! |
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|
|