Осы алқалы жиынға қатарлас, қанаттас жатқан төрт аймақ Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының әкімдері, Премьер -министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов және бірқатар министрліктердің басшылары шақырылыпты.
Елбасы елімізде атқарылып жатқан іргелі істердің барысына шолу жасады, әсіресе, Оңтүстікте атқарылған қыруар жұмыстарға айрықша тоқталды. Ендігі жерде мемлекет дамуы индустрияландыру деңгейімен өлшенетінін айтып, әкімдердің бұған барынша мән беруі керектігін ескертті. Соңғы жылдар көлемінде жүзеге асқан айтулы жобаларды еске салып өтті. Атап айтқанда, Арал суының қайта тола бастағанын, Шардарада салынған үлкен көпірді, Мақтааралға тартылған каналды, Көксарай су қоймасын, салынып жатқан «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автомагистралын, Жетісудағы электр станциясын, Бейнеуден Оңтүстікке тартылатын газ құбырын, тағы басқа жобаларды тілге тиек етті. Оңтүстік өңірінің экономикасы мен әлеуметтік саласын дамыту жайларын талдады, дағдарыс жағдайында жұмыс істеу ерекшеліктеріне тоқталды. Ауыл шаруашылығы өнімінің үштен бірін беретін осы өңірге тәуелсіздік жылдары 31 триллионнан аса ақша жұмсалыпты. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысының бюджеті Қырғызстан бюджетінен екі еседей артық екен. Елбасы индустрияландыру, халықты жұмыспен қамту, «Ауызсу» бағдарламасын орындау, бизнесті қолдау, тұрғын үй реформасын жүзеге асыру тәрізді түйінді мәселелерге мән берді. Көп қаржы жұмсалып жатқан ауызсу, жұмысқа орналастыру, тұрғын үй реформасы жайы әр адамның мүддесін қозғайтынын, мұнда қатаң тәртіп керектігін қадап айтты. Кентау, Қаратау, Жаңатас, Текелі тәрізді шағын қалалар (моногород) проблемасын шешу жайын да түсіндіре кетті. Әкімдердің ойларын, ұсыныстарын тыңдады.
Елбасы Жамбыл облысының бірқатар экономикалық және әлеуметтік нысандарын аралап көрді. Сөйтіп, облыста соңғы кездері атқарылып жатқан нақты істердің, жүзеге асқан бірқатар ірі инвестициялық жобалардың куәсі болды. Атап айтар болсақ, қала іргесіндегі жылыжайды, Тараз металлургия зауытын, жарықшамдар (светильник) шығара бастаған кәсіпорынды, «Анета» балабақшасын, тағы басқа нысандарды аралап көрді.
Елбасының Жамбыл облысына жұмыс сапары жемісті, нәтижелі болғаны, ол бүкіл Оңтүстік өлкесінің дамуына соны серпін, тың тыныс әкелері анық.