Әсіресе көрермендер залының құрылымы өзіміздің қазақы киіз үйімізге ұқсас. Шаңырағы еңселі. Сонымен бірге залдың іші қазақы стильде безендірілген. Айта кетерлігі зал акустикасы жапондық мамандардың жобасы. Ішін өңдеуге де солардың қолы тигені көрініп тұр. «Тілеп қобыз сарайының» салынудағы мақсаты ұлттық қобызымызды насихаттау. Бұл ғажап құрылыстың тапсырыс берушісі аты аңызға айналған бақсы, қобызшы, әрі композитор Тілеп Асантайұлының бесінші ұрпағы «Тілеп» ЖШС-ның Бас мердігері Сапар Ысқақов. 28 маусым күні «Бәйтерек» халықаралық медиа орталығында «Тілеп қобыз сарайы» атты жаңа концерт залының ашылуына байланысты өткен баспасөз мәжілісінде Сапар Ысқақов мырзаны сөзге тарттық. «Менің бұл қобыз сарайын салудағы мақсатым, пайда табу емес. Бұл киелі аспапты аңыз бойынша Қорқыт атадан шәкірті, бақсы Қойлыбай күйші мұра етіп алған. Кейін даулескер күйші қобызда ойнау өнерін он үш жасар ізбасары Тілеп Амантайұлына аманат етіп қалдырған. Бұл кісі менің бесінші атам. Сондықтан халық алдында құдіретті қобыздың даңқын асқақтатып перзенттік парызымды өтемекке ниет қылдым. «Тілеп қобыз сарайының» іргетасы 2006 жылы қаланған. Әлемдік қаржылық ауытқулардың бұған да кесірі тиді. Әйтсе де құрылысы бүгін бітіп отыр. «Ештен кеш жақсы» деген осы». Белгілі меценат қобыз сарайының ерекшелігін былайша әңгімеледі. «Қобыз сарайының ерекшелігі – мұның акустикасы деп айтуға болады. Барсаңыздар көресіздер микрофонның бәрін алып тастауға тура келді. Мен осыған 10 млн-ның сыртында ақша жұмсадым. Бірақ оның барлығы қазір керек болмай қалды. Өйткені біз дайындық концертін қойып байқағанымызда акустикасы соншама жақсы, ешқандай микрофонның керегі жоқ». Өнертанушылардың сөздеріне қарағанда, Қорқыт бабадан 60 шақты күй бүгінге жеткен екен. Қорқыттан кейінгі атақты қобызшылардың санатында Тілеп Аспантайұлы тұр. Оның бізге жеткен «Бақсы» күйі қобыз сарайының әуеніне айналмақ. Басқа да күйлері нақышына келе орындалатын күнде алыс емес ендеше. 29 маусым, жұма күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қобыз Сарайы» көпбейінді концерт залын аралап көргенін ерекше айтқымыз келеді.