Олар: Асылбеков Дастан Қуанышбекұлы. 1988 жылы ШҚО Зайсан ауданы Біржан ауылында туған. ҚР азаматы. Әскерге міндетті емес, жұмыста жоқ.
Минәт Еркебұлан 1987 жылы Моңғолияда туған. ҚР азаматы. Әскерге міндетті емес. Білімі — 11-сынып оқушысы.
Чектыбаев Дулат Бақытбекұлы. 1989 жылы ШҚО Зайсан ауданы Біржан ауылында туған. Білімі — аяқталмаған орта, әскерге міндетті емес.
Ошақбаев Азамат Бақытбекұлы. 1989 жылы ШҚО Зайсан ауданы Біржан ауылында туған.Әскерге міндетті емес.
Нұрекенов Елжас Ешмуратұлы. 1989 жылы ШҚО Зайсан ауданы Біржан ауылында туған. Әскерге міндетті емес.
Аталған ауыл – қылмыс орын алған жер. Бұрын істі болмаған бесеудің естіген елдің зәре-құтын қашырып, арам айласын асырған жері. Өзінің туған ауылында белгісіз себептермен (сотта бесеу қылмысқа бару себептерінен тіс жармады) о дүниелік болған Жұбанғанов Данияр Аманбекұлы небәрі 27 жаста еді, білімі орта, бұрын сотты болмақ түгіл, жаман іспен аты шығып көрмеген. Бұл сөзімді Даниярдың немере қарындасы әрі сырлас досы болғандықтан, толық дәлелдей аламын. Өмірінің соңғы күнін Данияр әдеттегісінше өткізген. Қора жайын қамдап, кешке «бірер сағаттан соң келемін» деп, Жұлпысбаева Дана есімді қыз бен бір ауылдасының машинасымен көшеге кетті. Қақпадан шығып бара жатып, қайырылып келіп, әлдебір сұмдықты сезгендей қолымды қатты қысты. Ағамның үйіне қонаққа келген мен оның жайдары жүзін соңғы рет көріп тұрғанымды, әрине, білген жоқпын. Жадымда ұмытылмастай болып қалған осы сәтте сағат тілі кешкі 20.30-ды көрсетіп тұрды. Кейін сотта қылмыскерлер «кешкі сегізде Даниярды мас күйінде көшеде кездестірдік» деп жалған куәлік етті.
Қылмыстық оқиғаның ары қарай нақты қалай өрбігені бір Аллаға ғана аян. Бұлай деуімнің себебі де бар: тергеу барысында денсаулығына байланысты үй қамауында отыруға рұқсат алған А.Ошақбаев пен тергеу абақтысында қалған өзге төртеуі екі түрлі түсінік берді. А.Ошақбаев: «Барлық қылмысты жоспарлап, жүзеге асырған — С.Иісов» деп бақса, төртеуі бірауыздан: «С.Иісов Даниярды арашалап, бізді сабырға шақырды. Қылмысқа оның еш қатысы жоқ», — деуден жаңылмады. С.Иісов сотқа тек куә ретінде шақырылды. Аталған С.Иісовтың ақ ниетті «періште» екені немесе біреудің қолымен от көсеуші азғын екені жабулы күйде қала берді. Ал Жұлпысбаева Дана «Даниярмен бірге көшеде қыдырып сәл жүргендерін, араға аз уақыт салып, «отты судан» ұрттағанын, төбелес басталғанда қатты қорқып, шидің түбіне жасырынғанын» айтты.
Сот-дәрігерлік қорытынды «осы ауыр дене жарақаттарынан Данияр қайтыс болды» деп анық көрсетті.
26.12.2006 жылы өткен сот отырысында судья М.Қ.Керімбаев мырза қылмыскерлерге мынадай жаза тағайындады: ҚР ҚК-ның 103 бабының 3 бөлігіне сәйкес Д.Асылбеков, Е.Минәт, А.Ошақбаев бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылсын.
Д.Чектыбаев пен Е.Нұрекеновке де аталған бап бойынша айып тақты, бірақ «Жасөспірімдер Чектыбаев пен Нұрекеновтардың қылмыстық әрекеттеріне баға бере отырып, қылмыстарын мойындап, қатты өкініш білдіргендерін, бұрын сотты болмағандарын, дұрыс мінезділігін, көпшіліктің бұл екеуін қатаң жазаламауды өтінгенін ескере отырып, сот ҚР ҚК-ның 55-бабын қолданып, заңда көрсетілгеннен де төмен жаза беруді дұрыс деп санайды» (сот үкімі мәтінінен). Аталған екеу бар болғаны үш жылын абақтыда, жалпы режимде өтейтін болып шықты.
Иә, осындай жұмсақ жаза онсыз да есеңгіреп отырған жәбірленушіні тірідей көрге тыққандай еді. Үкімде жазылғандай, бесеу барлық сот оты-рысында А.Жұбанғановтан кешірім сұраумен болды, тіпті соңғы сот отырысында: «Аға, бізді кешіріңіз. Енді қайталамаймыз!» — деп, жиналған жамағаттың ашуын туғызды. «Енді» деп нені меңзеп тұр? Жалғыз ұлынан айырылып, сорлап қалған әке мен ана онсыз да тірі аруаққа айналды емес пе?!
Негізі, «кешірім сұраудың» оңтайлы жолдарын бесеудің ата-анасы жақсы біледі. Даниярдың жүзі жабылмай жатып: «Ұлымызға кешірім ет. Олар әлі жас. Ал мынау ұлыңның зиратын көтергенге көмегіміз», — деп, бума ақша ұсынды. Ұлдары кісі өлтірсе, әкелері оны көмуге жәрдемдеседі. Қандай керемет отбасылық тәрбие десеңізші! Қабылданбай, бетіне лақтырылған арам ақшаны жиып алып, титтей де ұялмастан қылмыскерлердің әке-шешелері күңкілдесіп, ренішпен тарқасқан еді. Адам баласынан осыншалықты жиіркенуге болатынын сол кезде алғаш рет сезініп едім.
Бесеуге кесілген жаза жылдарын есептесек, марқұм болған Даниярдың жасын да толтыра алмайды екен. Аманбек әке ізденіп облыстық сотқа барды. Нәтижесінде бесеуге екі жылдан қосып берілді. Бұл жай көңілге демеу болып ұзақ тұра алмады. Кейін анықталғандай, бесеу түрлі баптар негізінде шартты түрде жазасын өтеуге рұқсат алды, артынша мерзімінен бұрын босап шықты.
Ұлының қайғысы Сәлима ана мен Аманбек әкені іштей жей берді. Бауыры жалаңаштанып қалған әке жүрек дертіне шалдықты. Өскемен қаласында жүрегіне ота жасатып, екінші топтағы мүгедекке айналды. Сырт көзге мықты көрінген Сәлима ана бір-ақ күнде опырыла құлады: ағымдағы жылдың қаңтар айында мәңгілік сапарға аттанды. Қазір Аманбек әкенің бар қайғының салдарынан жүрегі күніне екі ретке дейін қысып, әр күні ажалмен арпалысумен өтіп жатыр.
Қалжыраған әкенің көңілінде түйткілге ай-налған бір жайт бар. Ол — перзентіне ажал құштырған бесеудің өзі талап еткен материалдық және рухани шығынды әлі күнге дейін өтемей, бостандықта тайраңдап жүргендері. Аманбек әке материалдық шығынды 265 мың теңге, рухани залалды 1,5 млн. теңге мөлшерінде өтелуін қалаған. Алайда сот бесеудің «жас әрі жұмыс істемейтіндіктерін» ( үкім мәтінінен) ескеріп, рухани залалды 500 мың теңгеге дейін төмендетті. Сөйтіп, бесеудің әрқайсысынан 153 100 теңге өндірілуге үкім етілді. Қан жұтып отырған отбасы үкімнің орындалуын талап етіп, шағымданып, еш мекемеге бас сұққан жоқ. Өз бетінше үкімнің орындалуын қадағалаған сот орындаушы да көрінбеді.
P.S. Шаңырағы ортасына түсті: тепсе темір үзетін баласы мезгілсіз қайтыс болды, қасіретті бес жыл көтеріп, одан арыға шыдай алмай, әйелі жарық дүниеден озды. Жалғыз қалып, зар шегетіндей не жазығы бар еді?! Барын жоғалтқан Аманбек әке ізденуге кірісті: үкімде көрсетілген өтемақыны өндіріп алуға тырысты. Ойлағаны оп-оңай оңғарыла қоятын түрі көрінбейді. Әділдік іздеп, Зайсан аудандық сотына барды. Ондағылар жүрдім-бардым жауап беріп, облысқа шағымдануға кеңес етті. Жағдайды баяндап облысқа жазды. Жауап келді: өтемақы өндіру жайынан облыс түрмелері бейхабар болып шықты. Аманбек әке қайтадан аудандық сот орындаушы Г.Габдуллаеваның алдына барды. Ол бәрін тиянақтап жазып, Астана қаласына, сот үкімдерін орындау Департаментіне жолдауға ақыл етті. Солай жасады. Әйтсе де үміті аз. Жедел поштаға сала қояйын деп желпініп еді, қалтасы көтермеді. Жедел пошта сабазың қызметіне 2500 теңге сұрады. Қымбат дәрілермен әупірімдеп өмір кешіп жүрген Аманбекте ондай ақша жөпелдемеде қайдан болсын?! Ақыры 350 теңгесін төлеп, аспай-саспай баратын кәдімгі поштамен жолдап жіберді.
Ажалмен күніне неше мәрте бетпе-бет келіп жүрген Аманбек әкенің іздегені ақша емес, ақиқат. Әйтпесе өмірінің жалғасы деп көзі тірісінде маңдайынан қағып көрмеген ұлы Даниярдың аруағы риза болмастай сезінеді.