Стивен Сигал
таңдай қақты
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, Елорданың туған күнін мерекелеу қарсаңында керемет тарту жасалды. Ол белгілі кинорежиссер Тимур Бекмамбетовтің III халықаралық Астана экшн-фильмдері фестивалі. Биыл үшінші рет өткізілген фестивальге әлемдік кино индустриясында өзіндік қолтаңбасы бар небір ығай мен сығайлар жиналды. Дәстүрге айналған қызылтүкті кілемнің үстімен өзіміздің кино жұлдыздарымызда жүріп өтті. Сөзіміз жалаң болмасын шетелдік жұлдыздың пікіріне көңіл аударалық бір сәт.
Стивен Сигал, Голивуд артисі әрі режиссері: — «Астана — менің жаныма жақын қалаға айналды. Сұлу да сымбатты. Халқы да сондай мейірбан. Менің төбем көрінгенде шуылдай жөнелгендеріне қарағанда, менің өнеріммен таныстығын аңғарамын. Қазақ киносының болашағы жарқын. Өсіп келеді. Астана қаласын аралау барысында тамыры тереңде жат-қан тарихтарыңызды, этноауылдарыңызды көріп, таңданғанымды жасыра алмаймын. Қандай өнерпаз халық едіңіздер. Әсіресе, ән-күйлеріңізбен, билеріңіз, салт-дәстүрлеріңіз қатты ұнады. Ат құлағында ойнаған жігіттердің шалт қимылдарынан көз алмай қарадым. Ата бабаларыңыз пана еткен киіз үйлерде отырып дәстүрлі тағамдарыңызды жегенім сірә да есімнен шықпас».
«Сарыарқасын» гүмбірлетіп Құрманғазы бабамыз келді!
Астана тойының көрігін қыздырған«Сарыарқа» күйінің аспанға әуелеген әуені бейне мерекенің беташары іспетті. 4 шілде сәрсенбінің сәтінде, Қазақстан Президенті ұлы даланың кемеңгер күйшісі Құрманғазының ескерткі-шін салтанатты түрде ашты. Ол Сарыарқа даңғылының Есілдің сол жағалаудағы жалғасы — Тұран даңғылында, «Думан» қонақүйінің алдында бой көтерді. «Ұлы халық композиторы Құрманғазының елордамызды тұрғызып жатқан Ұлы далаға өз заманында арнаған «Сарыарқа» күйі бүгінде әлемге мәшһүр» — деді Елбасы.
Нұрсұлтан Әбішұлы ескерткіштің ашылу салтанатында, ұлттың рухын көтеретін ұлы күйшінің ескерткішінің ашылуын ел өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті.
— Бабаларымыздың құрметіне ескерт-кіштердің ашылуы — біздің ұрпақтың оларға деген шынайы ризашылығы мен зор құрметінің көрінісі. Қазіргі кезде Астанада Жәнібек пен Керейге, Абылай мен Кенесарыға, Абайға, Жамбылға және Бауыржан Момышұлына ескерткіштер орнатылған. Енді олардың қатарына Құрманғазы ескерткіші қосылып отыр. Ол — халықтың сенімін қасиетті аспап арқылы жарқын және бейнелі түрде жеткізе білген ұлы композитор. Оның «Сарыарқа», «Адай», «Балбырауын», «Қайран шешем», «Кішкентай» атты күйлерін әрбір қазақ біледі, сүйсініп тыңдайды. Ал «Сарыарқа» күйі күллі әлемге таралып, қазақ музыкасын танытты. Біз күйшінің жерленген жері — Астрахань облы-сындағы ескерткішін жаңалап, сол жерден арнайы мұражай салдық. Біздің елімізде көптеген көше, мәдениет мекемелері оның есімімен аталады. Мен барша тұрғындарды елорда күні мерекесі қарсаңында осы маңызы зор оқиғамен құттықтаймын. Астана қонақтары мен тұрғындары үшін әр жексенбі күні сағат 12-де Құрманғазының «Сарыарқа» күйі орындалатын болады. Қазақ халқы аман тұрғанда, Құрманғазының аты өшпейді! — деді Президент. Шіркін-ай дейсің осындайда, тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толса да, ана тілінің қасиетіне жетпей жүргендерге Құрманғазы атамыздың адуынды күйі ой салса, қанекей.
Мүсін 5,5 м биіктіктегі тұғырға орнатылған, ескерткіш қоладан құйылған. Оның жалпы биіктігі 10 м.
Тұғыр гранитпен қапталған және екі бөліктен — биіктігі 2 метр төменгі және 3,5 метрлік 3 тақырыптық бедер орнатылған жоғарғы бөліктен тұрады.
«Құрманғазы ескерткіші» сәулеттік компо-зициясының авторы — Суретшілер одағының мүшесі Асан Молдабаев.
Бәйге – елдің делебесін қоздырды
Астана күні мерекесіне орай классикалық ат спортынан өткен жарыс қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше күйге бөледі. «Ат ердің қанаты» деп өткен қазақ баласы бұл күні қалай тыныш жатсын. Тайлы-тұяғы қалмай ипподромға шабылды. Ат жалын тартып мінген халықтың ұландары «Абылайдың асында шаппағанда, атамның басына шабамын ба» дегендей, елорда тойында «Қазанат» ипподромында баптап жүрген сәйгүліктерін додаға қосты. Елбасының жүлдесі үшін өтіп жатқан халықаралық бәйгенің негізгі талабы – ат спортының классикалық түрінен сынға түсу. Әлемнің 11 мемлекетінен келген жануарлар арнайы сипаттағы кедергілерден секіріп, шабандоздар өзара бақ сынасты. Сонымен қатар классикалық әдіспен 120 шақырым ұзақтыққа жарысты. Ат спортының осы бір екі түрі Олимпиадалық ойындар бағдарламасына өткен ғасырдың басында енгені белгілі. Ал мұнда тұлпарлар анағұрлым ұзаққа шабады. Әрбір 30 шақырымды шауып келген соң жылқыны тоқтатып, мамандар жүрек қағысын, қан қысымын,тынысын өлшейді. 20 минуттай тынықтырып, суытады, аздап жемдеп алуға да болады. Ал, демін баса алмай, артық ентіккен жылқы дереу жарыстан шығарылады. Бұл жерде шабандозға да қойылатын талап мықты. Тұлпарға қамшы басуға болмайды, тақыммен тебінуге де тыйым салынған. Қысқасы, атты қинауға рұқсат жоқ, межелі қашықтықты еркін шауып өтуі керек. Шын жүйрікке тұсау жоғын осы жолы анық байқадық. Жүлде қоры да қомақты болды бәйгенің.
«Бұрын шыққан мүйізден, кейін шыққан сақалдар» оза алмады
Астана күніне арналған айтысты әркім әртүрлі бағалап жүр. Айтыс–қазақтың түсінігінде жер тарпыған шу асау. Алдына барсаң тістейді, артына барсаң тебеді. Жалынан кім көрінгенге сипата бермейді деген түсінік және бар. Алайда бүгінгі айтысқа қарап отырып олай деуге аузың бармайды. Әбден мініліп, қақпақылдап жүргізуге көндіккен қой торы іспеттес. Бала да мінеді, шаға да мінеді. Талантты да мінеді, талапты да мінеді. Жиналған қауымға ойлы сөз емес, тойдың сөзін айту жиілеп кетті. Көпке топырақ шашпаймыз әрине. Бірақ көбісі сондай. Астана тойында «мүйізділер» сөз қағыстырған жоқ. Есесіне жас та болса да танылып қалған өрендер қара өлеңнің өрмегін тоқыды. Алайда «Бұрын шыққан мүйізден, кейін шыққан сақалдар» оза алмады. Жаттанды сөз, жалаң ұйқас, бірен саран аттандаған қаратпа ұрандар айтылды. Әйтсе де «қышыған жерді дөп қасыды» деуге келмес тіркестер, Астананың көгілдір аспанына сіңіп кетіп жоқ болып жатты. Билік пен Үкіметті бір «сабатып» алуды қалайтын адамдар да «ашығып» қайтты бұл айтыстан. Ауа жайылып шығанға шығып кеткен ақындарды да көрдік. Ұйқас қуалап әбігерге түскендер де кездесті. Күндей күркіреп найзағай ойнатпаса да, кей ақындар«Ауызға келген түкірік қайта жұтсаң мәкүрік» деп қамшыға басыпта көрді. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатыны» рас болып шықты. Сөйтіп 18 ақын қатысқан айтыстың бас жүлдесін Астананың атынан топқа түскен Мейірбек Сұлтанхан иеленді.
Астана — түркі мәдениетінің ордасына айналды
Астана күніне орай шілденің төртінші жұлдызында басталған көшпенділер өркениеті фестивалі ерекшелігімен есте қалғаны анық. «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» деп айдар таққан шараға көптеген түркі тілдес ұлт өкілдері келіп қатысты. Фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің туындылары, ақындар айтысы, шабандоздар өнері, дәстүрлі ән-күй, ұлттық ойындар және көшпелі өмірдің өзге де көріністері халық назарына ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бесінші жыл қатарынан өткізіліп отырған осынау фестивальдің ерекшелігі – түркі халықтарының мәдениетін, өнерін паш ету. Сонымен қатар, жойылудың алдында тұрған түркі тілдес ұлттарға қолдау көрсету болып табылады.Биылғы шараға Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан, Башқұртстан, Татарстан сынды бауырлас елдердің өкілдері ат арытып келіпті. Сондай-ақ бүгінде жойылып бара жатқан төлеуіттер, оранхайлар сынды ұлттардан да қатысушылар кездесті. Фестивальдің басты мақсаты – ұмыт болып бара жатқан көшпелілер өркениетін қайта тірілту және тілі бір, діні бір туыс халықтардың мәдениетін жаңғырту. Мерекелік іс-шара төрт күнге созылды. Бұл да болса астана мерекесіне керемет тарту десек жарасады.
Балет-қазаққа таңсық өнер емес
«Опералия» фестивалі аясында астаналық және шетелдік балет театрларының ең үздік бишілері өнер көрсетті. Бұл — Астана үшін тамаша тарту. Себебі, аз ғана жылда биік мәдениет пен өнер ордасына айнала бастаған Елордада «Париж алауы», «Аққулар көлі» секілді дүниежүзілік балет жауһарлары және қазіргі заман балетінің тың қойылымдары орындалды. Әсіресе, жұртшылықты Қытай Ұлттық балетінің бишілері орындаған «Қош бол, махаббат!», АҚШ балет театры әртістерінің «Жаңбырдан соң» атты қойылымы да ерекше таң қалдырды. Ал, астаналық Гүлфайруз Құрманғожаева мен Жандос Әубәкіровтың бишілік өнеріне шетелдіктер тамсанды.
ХХІ ғасырдың киіз үйі сыйға тартылды
Той болғасын тарту — таралғысыз тағы болмайды. Елорданың мерекесіне еліміздің өңірлері арнайы сый сияпат жасады. Алматы — елордалықтарға 21 ғасырдың инновациялық «Номад» киіз үйін тарту етті. Озық техни-калық және ақпараттық технологиялармен жабдықталған ноу-хау киіз үй ең алдымен құтқарушылар мен археологтар үшін аса қажет баспана болмақ. Экологиялық жағынан таза, әрі өртке төзімді киіз үйді алматылықтар Астана мерейтойына бір жарым жыл дайындапты.
Той қарсаңында
500 неке қиылды
Елорданың туған күні қарсаңында 40 жұп некеге тұрды. Салтанатты шара «Атамекен» этно-мемеориалды кешенінің алдындағы еліміздің көкте желбіреген көк туының астында өтті. Бас қаладағы АХАЖ мамандарының айтуынша, күніне 10-нан 150-ге дейін жұп некеге отырады екен. Тіркелген некелердің саны бойынша рекорд 2007 жылы 7 шілдеде болған деседі. Сол жылы 500 жұп жас жұбай атанған. Бұл бастама жалғасын жылда тауып келе жатқаны қуантады.
Астана күні алып бала дүниеге келді
Астана күні қарсаңында Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында бойы 63 сантиметр, салмағы 7 келіге (6 келі 820 грамм) жуық шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келді.Алып баланың анасы жүктіліктің 37-ші аптасында болыпты. Нәрестенің салмағы ірі болғандықтан, оның жарық дүниеге табиғи жолмен келуі қиындық тудырған. Сондықтан оған кесарь тілігі жасалды. Қазіргі таңда ана мен баланы перзентханадан шығаруға дайындауда. Бір қызығы әйелдің бұған дейін екі баласы болған, олардың салмағы әдеттегідей, қалыптан ауытқымаған.Орталық дәрігерлерінің айтуынша, бұл жағдай клиниканың қызмет көрсеткен 5 жылы ішінде алғаш рет кездесіп отыр.
Айта кетейік, Қазақстанда салмағы үлкен нәрсетелер бұған дейін де дүние есігін ашқан. Биылғы жылдың ақпанында Көкшетау тұрғыны Жанара Баймолдина салмағы 6 келі 645 грамм қыз баланы кесарь тілігінің көмегімен дүниеге әкелген болатын. Бұл саладағы рекордтық көрсеткіш Италияға тиесілі, онда 1955 жылы салмағы 10 келі бала дүние есігін қаққан.
Түйін:
Астананың үш күнге созылған думанды тойы саябырсығанымен, дүбірі әлі басыла қойған жоқ. «Кел демек бар, кет демек жоқ». Биыл да жылдағы дәстүр бойынша Астана күні өзіндік сән-салтанатымен тойланды. Қазақтың дархандығы, мырзалығы тағы да айдай әлемге танылды. Алла тағала тойдан айырмасын лайым. Республикалық телеарналар мереке-думанды тікелей эфир арқылы жазиралы даланың түкпір түкпіріне таратты. Биыл Астаналықтарды құттықтауға аты әлемге танымал итальяндық опера әншілері Сильвиа Далла Бенетта мен Джузеппе Варано келді. Операның биік шыңын бағындырған әншілер қала тұрғындарына, естен кетпес кеш сыйлады. Қазақ әншілерінің кешіне бас сұғуға ерінетін небір шенеуніктер мен қалталы азаматтардың, келген қонақтардың түрін бір көруге, қолын бір ұстауға ынтыққан көңілдерін шыққыр көзіміз көрді. «Өзіңді өзің жаттай сыйла жат бойыңнан түңілсін» деген бабалар даналығы неткен керемет еді. Астана күні мейрамында классикалық музыканың һас шебері, корей әншісі әйгілі Суми Джо секілді шетелдік майталмандар мен өзіміздің «МузАРТ» секілді саңлақтарымыз өз өнерлерін ортаға салды. Барлығы жиырма шақты концерттік бағдарлама болды бұл жолы. Шетелден арнайы келген әртістер мен өнер топтарынан кенде болған жоқпыз Құдайға шүкір. Әйтсе де солардың ішінен киелі қазақ топырағына алғаш рет табаны тиген аты аңызға айналған канадалық Дю Солей циркін ризашылықпен қазақ жұрты еске алары һақ. Өнер ұжымы елордалықтардың мерекесіне орай, бір сағаттан аса уақыттарын қиып керемет тарту жасады. Билетінің құнын кез-келген қарапайым жұрттың қалтасы көтере бермейтін бұл шараны Астана жұрты мен қонақтары тегін тамашалады. Дю Солей — әлемдегі ең үздік цирк ұжымы. 1984 жылы негізі қаланған цирктің өзгелерге ұқсамайтын ерекшеліктері тіпті көп.