Елбасы бастамасы жүзеге асса...
Ресейде өткен айдың басында мәскеулік мектептердің жоғарғы сынып оқушылары арасында сауалнама жүргізілген. Осы зерттеуден соң әлеуметтанушылар дабыл қақса да болғандай. Өйткені, 16-17 жастағы жеткіншектердің 52 пайызы алдағы уақытта Ресейде тұрмыс қиындап, жағдай ушыға беретіндігіне сенімді. Ал олардың 54 пайызы (!) шетелге біржола қоныс аударғысы келетінін мойындаған. Бұл туралы мамыр айының ішінде әуелі ресейлік «Афиша» журналы, одан соң Германияның «Шпигель» журналы жариялады. Халқының 13 пайызы жасы 65-тен асқандар болып саналатын Ресейде алдағы он-жиырма жылда қандай азаматтар өмір сүрмек? Елден сыртқа кетуді ойлайтын жеткіншектердің отансүйгіштігі туралы сөз қозғаудың реті бар ма?
Тәуелсіз мемлекет болғанына жиырма жыл енді болған Қазақстанның жағдайы көш ілгері. Қазақ жастарының жаппай шетелге кетуге, қоныс аударуға деген құлқы бары байқалмайды. Керісінше, шетелдегі қандастардың туған топыраққа, ата қонысқа оралуға, орнығуға деген ынта-жігері әлі басылған емес. Жылдар бойы өз жерінде теперіш көрген, өз бақытын атамекеннің игілігімен ғана елестете алатын Алаш рухты идея бұл. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөз осындай пәлсапалық пайымнан туады.
Қазақтың атақоныс, атамекенге деген са-ғынышы, ынтазарлығы әлі суыған емес.
Жақында Елбасы Нұрсұлтан Нзаарбаев шетелде туып-өскен қазақ жастарын «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқыту қажеттігі туралы бастама көтерді. Бұған дейін қоғамда айтылып, жазылып жүрген мәселе екені рас. Егер шетелде туып-өскен қазақ жастары Қазақстан Республикасының қаржысына халықаралық озық университеттерде білім алып, одан соң атақонысқа келіп, еліне, халқына қызмет етер болса, білімін халқының игілігіне жұмсар болса, онда құба-құп. Екінші жағынан, бұл бастама шетелдегі білімді, талантты жастарды Қазақстанға оралуға ынталандырудың бір жолы болар ма еді деген де ой бар.
Ертеңін ойлаған ел ұрпағын тәрбиелеудің қамын жасайды. Шаңырақты ұстап қалар ұл керек! Қазақы психологияда баланың болғаны ғана емес, қара шаңырақты құлатпай ұстап қалатын, оны сақтай алатын ұрпақтың болғаны ләзім. «Иә, Алла, бала бер, бала берсең, сана бер, сана бермесең, біртіндеп ала бер» дейді қазақтың өмірлік тәжірибесі. Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда жастардың саны көп дегенмен, олардың сана-сезімінің жетілуі қаншалықты деңгейде?
68 пайыз жасымыз отаншыл
Осы орайда, биылғы жылдың сәуір айында Горшенин институты жүргізген сауалнама қорытындылары еске түсіп отыр. Польша, Украина, Қазақстан мен Ресей жастарының арасында патриотизм тақырыбына орай жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде қазақстандықтардың 68 пайызы өз мемлекеті үшін мақтаныш сезінетіні анықталған. Ресейде бұл көрсеткіш – 66,5 пайыз, ал Польшада – 62 пайыз. Ал жас украиндықтардың жартысынан сәл-ақ астамы, яғни 55,4 пайызы өз Отанын сүйетіндігін айтқан екен.
Керісінше, туған мемлекеті туралы теріс пі-кір білдіргендердің қатарында қазақстандық-тардың үлесі 9,1 пайыз ғана болса, поляктардікі – 10,5, ресейліктер – 12,1, ал украиндықтар саны – 13,5 пайыз.
Осы әлеуметтік зерттеудің қорытындылары шыққан соң, мамандар «қазақстандық жастардың патриотизмі басқа елдер тұрғындарымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары» деген тұжырым жасаған.
Жақында Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың жетекшілігімен Қазақстан Президенті жанындағы Жастар саясаты жөнінде-гі кеңестің 8-ші кеңейтілген отырыс өтті. Жиынға Парламенттің, Үкіметтің, сондай-ақ қоғамдық жастар ұйымдарының өкілдері қатысқан. Мемлекеттік жастар саясаты туралы пікірталастар барысында Қанат Саудабаев былай деді: «Сіздердің буынның алдында Елбасының Қазақстанды әлемдегі дамыған және бәсекеге қабілетті елдер санатына қосуға, халқымыздың бақуаттылығын арттырып, өркендетуге қатысты, елдің халықаралық беделін арттыруға қатысты асқақ бағдарламаларын одан әрі жүзеге асыру міндеті тұр. Сол себепті тәуелсіздіктің барлық кезеңінде Н.Ә.Назарбаев үшін жастарға ұдайы жан-жақты қолдау көрсету, егеменді Қазақстанның шынайы патриоттарын тәбиелеу ең басты мақсат болып келеді».
Мемлекеттік қызметтерде, ғылымдағы, бизнестегі жастар мемлекеттік саясаттың жетістіктері туралы ой бөлісіп, алғыстарын білдірді. Ең бастысы, саналы жасар ел болашағы үшін жауапкершіліктен қашпайтындықтарын анық байқатты. Осы жиын қорытындысында қабылданған барша жастарға арналған үндеуде жақсы білім алып, қажырлы еңбек етудің қажеттілігі туралы айтылғаны – осының дәлелі болса керек. «Ең бастысы – біз еркін елдің бостан азаматтарымыз. Біз тәуелсіз Қазақстанда туып-өстік, өз Отанымызды сүйеміз, оның өркендеуі үшін қажыр-қайратымызды аямаймыз. Халық даналығында былай делінеді: «Еліңді сүйсең, ерлік істейсің». Біздің әрбір жас отандасымыздың нағыз патриот екендігіне және оның жүрегінде Отанына деген сүйіспеншілік бар екендігіне сеніміміз кәміл» делінген үндеуде.
Тәуелсіз ел болғанымызға 20 жыл толса да, патриоттық тәрбие беру мәселесі әлі өзекті. Себебі, патриоттық тұрғыда тәрбие беру бір күннің, бір жылдың аясында жүзеге асырылар шаруа емес. Бұл – мемлекет тарапынан үздіксіз жүргізілетін ауқымды саясат. Бұл саладағы саясаттың ізгі мақсаты — азаматтардың сана-сезімінде Отанына деген адалдықты, мақтанышты ғана емес, саналы азамат ретінде конституциялық міндеттерін орындауға даярлықты сіңіру.
Қазақстанды кім сүйсе, сол — патриот
2006-2008 жылдар аралығында мемлекеттік «ҚР азаматтарына патриоттық тәрбие беру жөніндегі бағдарламасы» ел тұрғындарының бойында Отан мүддесі үшін азаматтық міндеттерді орындауға даярлықты, патриоттық сана-сезімді қалыптастыруға арналған. Бұдан кейін патриоттық тәрбие беру шаралары 2005-2010 жылдарға арналған Білім беру мемлекеттік бағдарламасына енгізілді.
Осыдан төрт жыл бұрын Қазақстан Президенті халыққа кезекті Жолдауында «Қазақ-стандық патриотиозм – жаңа мемлекет құру-дың басты факторы» деп атап көрсетті.
Елдің қуаты – оның рухының мықтылы- ғында, рухының кемелдігінде, білімінің тереңдігінде, бірлігінің бекемдігі мен патриоттық сана-сезімінің толыққанды жетілуінде. Сондықтан да жастардың Отанға деген адалдықты және өз мойындарындағы жауапкершілікті анық сезінгені абзал. Басқаша айтқанда, шын Патриоттар нағыз Тұлғалардан шығады.
«Әрқайсысымыз да, бәріміз бірдей еліміздің болашағы үшін жауаптымыз. Біздің міндетіміз – сапалы білім алып, өз ісіміздің нағыз маманы болу, Отанымыздың игілігі үшін өмір сүру, еңбек ету!» — дейді жастар.
Сонымен, шаңырақты ұстап қалар жастар қандай?
Бұл сұраққа Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамедтің сөзімен жауап беруге болар. Осы айдың басында өткен Патриоттар форумында ол былай деді: «Қазақстанды кім сүйсе, сол – патриот. Кім нағыз құндылықтарға: шынайылық, тазалық, дәстүрге адалдық, Отанға деген сүйіспеншілік пен оның өркендеуі үшін жұмыс істеуге ынталы болса, сол – патриот. Осы форумға жиналған жас қазақстандықтарға лайық ең жақсы мінездеме осы деп ойлаймын».