Temmuz 22, 2011
Қамшыбасар

Тәуелсіздік рухы бос елeске айналып бара жатқан жоқ па?

Егемен ел, дербес мемлекет болдық. Алайда, осы ұғымдар халық санасында соны сәулемен жарқырап, жаңғырып, беки түсуде ме? Әлде осы жиырма жылдың айналасында іріп, негізінен айырылып, тамыры шіріп бара ма? Бір жағынан алдыңғысын мақұлдағың келеді. Екінші жағынан кейінгісіне мойын бұрғандай боласың. Осы екі ойдың қайсысы дұрыс?


Etkileşim Kutusu
Video Foto Ses
Yazıcıya Gönder Arkadaşına Gönder
Yorum yaz
Yorum Oku

Желтоқсан оқиғасы халық санасын дүр сілкінтіп, дүйім жұртты жылдар бойғы ұйқысынан сілкіп оятқан кезінде осы жолдар авторы жасөспірім бала еді. Әуелгіде барлығын, әлі де “кесірткелік әлі бар” кеңестік идеология “бассыздық” деп түсіндіруге тырысқанымен, жағдай мүлде басқа сипатқа ие екенін уақыт өте келе, үлкендер қорыққандарынан жасыруға тырысқандарымен, оқып-білдік. Дәлірек айтқанда, автор 1990 жылы мектеп бітіріп қалаға (Алматы) келгеніндегі алдымен байқағаны қазіргімен саластыруға келмейтін еді. Қазір не, он сегіздегі бойжеткен атасындай ақсақалдан еш қымсынбастан: “Извините, у вас прикурить не найдется?” — деп бұраңдап тұрады. Ақсақалымыз да “божалыста” деп тұтатып бере салуға арланбайды. Қарияны айыптау мақсатымыз емес. Өйткені, шылымды тұтатып беріп жатқан оның бет-ажарынан, жанарынан, тіпті, қимылынан ештеңені өзгертуге дәрмені жоқ шарасыздықты аңғарасың. Әрі бұл қазіргі таңда баршамызға тән стереотипке айналып кетті деуге болады. Неге десеңіз, бұғанасы беки қоймаған жас мемлекетті жұтып қоюды көздеген түрлі жайын ауыз экспансия (батыстық, қытайлық, жаһандық) жан-жақтан аш қасқырдай анталап, тарпа бас салды. Әлі күнге дейін қазақы рухты бас көтертпеуге барын салуда...

...Ол кездері қандай еді. Көшеде болсын, үйдің ауласы, жатақхананың дәлізінде болсын, езуіне шылым қыстырып, құмырадан сыра еміп тұрған, яки келе жатқан қазақ қызын көрсе, қазақтың жігіттері олардың қолдарындағыларын жұлып алып тастап, жер-жебірлеріне жетер, санасын, ұятын оятар сөздер айтып ұрсып тастар еді. Әрине, былайғы, қазіргі “цивильный” көзқарас тұрғысынан қарағанда, бұл тым дөрекі, “радикальный” әрекет. Алайда, сол әрекеттердің астарынан жаңа серпіліп оянған қазақы рухтың жалыны бет қаратпайтын еді. Бұл – 1990 жыл.

Сол жазда сол жігітіміз АГУ-дың бәкене бойлы тарихшы-профессорының кесірінен (жұрттың соңынан кіріп, алдымен жауап берген бала қитығына тисе керек) оқуға түсе алмай ауылға қайтып, араға төрт жыл салып қалаға қайта келді. Тағы да сол бәкене бойлы профессор бәле болып кезікті. Алайда, айтпағымыз басқа. Осы төрт жыл ішінде (оның ішінде оған дейінгі 1986 мен 1990-ға дейінгі аралықтағы төрт жылды көргендер айта жатар) жалындаған қазақ рухы пәсейіп, қазақтың жігіттері қарындастарының аузындағы көк түтіні будақтаған темекіні жұлып алуды былай қойып (шамасы, шаршаған болулары керек), «менен шылым сұрай қалса ұят-тағы» деп, “крутой” темекіні өздері шеге бастаған, оның үстіне шылым сұрап қиыла қалған қыз болса, аса әбжіл қимылды «джентельмендік» танытып, темекі қорабын қалтасынан «залихватский» суырып алып, өте “деликатно” ұсынуға “үйреніпті”.

Әрине, бұл жерде ұлы бар, қызы бар – жастарды айыптау тағы да орынсыз. Мұндай халықтық маңызы бар ауқымды істе қазақтың “үлкен менен кіші ұрсысса, қашанда үлкен кінәлі” екендігін парықтамаған шенеуніктер шеке қыздырып, желке қасулары тиіс болатын. Солар, үлкендер, жөн сілтеп, бағыт айтып, бағдар айқындамаса “желкілдеген жас құрақ” түрлі экспансия-шалғыларға шалынудың қауіп-қатерін қайбір бағамдай қоятын еді.

...Әлқисса, бүгінгі күнге назар аударайық. Өздеріңіз білесіздер, желтоқсанның басында Астанамызда әлемнің 60-тан астам елінің басшыларының басын қосқан ауқымды шара өткізіліп, мемлекетіміздің абыройы тағы бір асқақтады. ЕҚЫҰ-ның кезекті саммитін өткізуден естері шыққан шенеуніктеріміз аталған шараны аман-есен атқарып шығып, бір «Уһ!» десті. Десе де, олар мемлекет өміріндегі одан да маңызды шаруа – Тәуелсіздік күнін жалпыхалықтық деңгейде насихаттап, атап өту бар екенін естерінен шығарып алған сыңайлы.

Көшелерден жылдағыдай осы мерекелі де азалы, айтулы күнге қатысты ештеңе көрмейсіз. Халыққа айғайлатып қандай да бір шара өткелі жатқаны жөнінде де ешбір мемлекеттік тұрғыдағы насихат естілмейді. Тым құрығанда, бір ауыз ұран сөз жазылсашы, көзге менмұндалап түсіп тұратын. Есесіне бұл күндері (16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні, 17 желтоқсан – Ұлттық жаңару күні) түрлі концерттердің жарнамаларынан құлақ та, көз де тұнады. Қазіргі күндері қолға алынып-алынбай жатқан шараларға көз жүгірткенде, әңгіме арқауы болып отырған айтулы датаны еске түсіріп, жас ұрпақ жадында жаңғырту тек оқу орындарына ғана жүктеліп қойылған ба деп қаласың. Содан кейін, журналистерге. БАҚ өкілдері жекелеген хабарларында, мақалаларында, арнайы нөмірлерінде Желтоқсан уақиғасын тілге тиек еткізіп, материалдар жариялайды. Оны тек қазақ баспасөзі ғана іске асырады. Әрине, Тәуелсіздік күніне орай еңбектегі, өмірдегі жетістік, ерліктеріне сай азаматтар орден-медальдармен, басқа да марапат түрлерімен марапатталып жатыр. Бірақ, мемлекеттік идеология, оның насихатталуы, отансүйгіштік-патриоттық тәрбие тұрғысынан келгенде жоғарыда аталған қадау-қадау шаралар жалпыхалықтық деңгей талаптарына жауап бере ала ма? Жауап бере алса, қаншалықты дәрежеде?..

Түйіндей айтқанда, сауалдар баршылық, жауаптар әзірге... көмескі. Тәуелсіздік рухын, қазақ рухын жас ұрпақ бойында оятып, сіңіріп, дүр сілкінтетін тұтас мемлекеттік іс-шараны қолға алатын кез жетті деп ойлаймыз.

15.07.2011

Бейбіт Төлeгeнұлы
 Diğer Başlıklar
Шетел асып, Отанын сатқан адам-қоңыздар
Біздің полиция шындықты айтудан неге қорқады?
Қылмыскерге кешірім болмауы тиіс
«Қазақы тәрбие алмағандарды билікке жақындатуға болмайды»
«Тегін» парақтан көрген теперіш
Анталаған аурулардың алдын алу керек
Келeңсіздік келесі жылға бармаса екен
Жер дауына жеңіл қарамайық
Министрлеріміз ағылшындарды жерге қаратқан күн
Ендігі буынның мәңгүрттенуіне біз кінәліміз
Тағдырың өз қолыңда, бауырым!
«Халқымызды қорғай алмасақ, Парламентті таратайық!»


Copyright© KAZAKİSTAN ZAMAN
www.kazakzaman.kz