Temmuz 22, 2011
Қамшыбасар

Шетел асып, Отанын сатқан адам-қоңыздар

Халық — Алланың бір көркем аты. Яғни, Аллаға қалай қарсы келмесең, халыққа да солай, мейлі патша, мейлі қарапайым адам бол, адалдық таныт. Әсіресе билік тарапындағыларға бұл аманат, жауапкершілік бірнеше есе өсе түседі. Біздің елімізде жемқорлық, парақорлық өршіп тұр. Қаншама жойқын соққылар жасағанымызбен, жемқорлық кішіреюдің, азаюдың орнына ісіп, үлкейіп барады. Неге? Себебі, жемқорлық биліктің өз ішінде бар. 


Etkileşim Kutusu
Video Foto Ses
Yazıcıya Gönder Arkadaşına Gönder
Yorum yaz
Yorum Oku

Олар кімдер екенін халық жақсы біледі. Билік бәрін біліп, сезіп отырған халықты көздерін бақырайтып қойып оңды-солды алдауға тырысады. Бұл Билік пен Халықтың ара-жігінің ажырауына әкеледі, яғни сенімсіздікті күшейтеді. 

Мысалымыз дәл қазір халық аузында жүрген, дуылдатып сан-саққа жүгіртіп: «Әп, бәрекелді! Баяғыдан осылай болуы тиіс еді ғой», — деп, көпшілік ризалық танытып жатқан жанды әңгімемен қоздатайық. Оның басты кейіпкері кәдімгі күйеу баламыз, қазақ елі мен жерінің байлығының қомақты бөлігін қымқырып тал түсте ұшақтарға тиеп алып кеткен Храпунов мырза ғой. Журналистер, саясаткерлер бұрын да оның бұл қомағайлығын, қаскөйлігін, жемқорлығын қайта-қайта жазып, шаршап қойған. Мінеки, аяқ астынан (бәлкім бұрыннан әбден зерттеліп, дайындалған үдеріс болуы да) В.Храпуновтың үстінен бес бірдей қылмыстық іс қозғалып, қалың елді елең еткізді. Әйтпесе халық қазынасын әкесінің дүниесіндей қарпып алып, басына іс түскенде шетелге зытып кетушілерге ызаланып, жүрегіміз әбден ауырып бітті. Қарапайым бұқара қара нанды қанағат тұтып жарымай жүреді, ал елге түк еңбегі сіңбеген баз біреулер миллиондарды қалтаға басып шетелге қашып кетеді де, сол жақта не ішем, не кием демей аста төк өмір сүреді. Ызаланасың ба, әлде ызаланбайсың ба? Паһ, айтпа, жарылып кете жаздайсың бар ғой, жарылып!

Бала кезімізде қой бағатынбыз. Қара қоңыздар жас тезекті әдемі етіп жұмбаздап домалатып кетіп бара жатады. Жазымен тынбай ондай домалақ тезектің талайын жасап, жер қойнындағы ініне тыға беретін, тыға беретін. Әрине, қоңыз екеш қоңыз да туған жерінде тезегін домалатып күнін көреді. Ал «адами қоңыздар» Отанын, туған жері мен елін, тіптен туған-туыс бауырларын әлгі боқ дүние үшін тәрк етіп сатып, шетелге қашып кетеді. Және сол жақта жүріп айбат көрсетіп, бізге ақыл айтып жатады.

Боқ дүниесін алып қашудың үлгісін бастаған Қажыгелдин екенін жақсы білесіздер. Одан соң Рахат Әлиев, Мұхтар Әблязов... (ұсақ-түйектерді айтпай-ақ қоялық). Әңгімеміздің басында жемқорлық биліктің ішінде ұялағанын айтқанбыз. Мына аталған үшеу де кезінде сол билікте жүріп, ел басқарған дөйлар екенін халық жақсы біледі. Біреуі Президенттен кейінгі Бас уәзірдің тағында біршама отырған. Ауыл, кітапханананың түбіне жеткен де сол мықты. Екіншісі — Елбасымыздың күйеу баласы. Ол да ел қауіпсіздігін қорғайтын лауазымды орындарда отырып, талайларды қан қақсатқан, талай «мәртебелі істер» жасаған. Ал үшіншісі — еліміздегі ең бай банктің құлағында отырып, халықты теспей сорған банкир.

Мына күйеу баламыз (Храпуновты айтамын) адам сияқты қашпай, пыспай бірнеше ұшақты жалдап, жиған-тергендерін қаттап, әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі Швецарияға кетті де қалды. Оның жемқор екенін, халықтың қазынасын жымқырып бара жатқанын білсек те бірде-біреуіміз, әсіресе билік мәу деген жоқ. Шетелге әбден дайындалып қашқан Мұхтар Әблязов қу осы Храпуновтың құдасы. Кезінде құдасы Храпуновқа: «Тез, аманыңда шетелге кет! Әйтпесе басың бәлеге маталады», — деп ақыл берген де осы қу мүйіз деседі. Қазір баспасөзге, ғаламторға, теледидарға сүйенсек, Храпуновтың айналасында жүріп, оның саусақтары мен бармақтарын жалағандардың бәрі қазір тергеуде жүрген көрінеді. Мысалға, Храпуновтың оң қолы болған Сабдалин мырза әу бастан ісі сотқа түсіп, жазасын алды. Енді Алматы әкімшілігінің бұрынғы аппарат жетекшісі Андрей Климов пен қалалық әкімшіліктің қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу басқармасының бұрынғы бастығы Серік Мамаевтың істері тергеліп, берекесі кетіп жүр. Сондай-ақ, сол кезде қаланың бас сәулетшісі болған Абай Сапаров пен Храпуновтың орынбасары Яков Заяцқа да құрық түскен сыңайлы. «Иә, сәт!» деп осындай тазаруды, серпілісті күткен қалың бұқара қуанып отыр.

Пай, пай, Храпунов қазір дүниені жалпағынан басып, Швейцарияда сайрандап жүр. Бұл жайсыз оқиғалардың оның құлағына жетпеуі мүмкін емес қой. Бірақ бір ойланатын нәрсе — егер қылмыстары айдай әлемге белгілі болып, айқындалып жатса, біз оны қалай соттаймыз? Әлиев сияқты соттап, бірақ ол берген жазамызды шыбын шаққан құрлы көрмесе ше? Храпунов қазір анау-мынау адам емес. Швейцарияның ең бай адамдарының бірі. Оның қорғаушылары да осал емес сияқты. Соттадық делік, оған пәлен жыл да берілер. Бірақ ол жырғап алып кеткен байлықты қалай қайтарамыз?

Біздің бір түсінбейтініміз, жемқорлар қашып кеткеннен кейін барып санымызды сабалаймыз. Осында жүрген кезде біздің қауіпсіздік комитеті қайда қараған? Кеденіміз, шекарамыз сонша байлықпен оларды неге жібереді? Храпунов қала, облыс әкімдері, министр де болды. Оның кеудесіне «Парасат» «ҚР-дың тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев» ордендерін жарқыратып тақтық. Бірақ елдің де, Елбасының да сенімін ақтамады. Ал мұндайлардың талайы арамызда әлі де жүр. Әнеу Терещенко, Школьниктерге және тағы басқаларға күйе жағудан аулақпыз. Тек осындай жоғары лауазымды орындарда отырғандардың байлығын қазір бір тексеріп, сүзгіден өткізіп алсақ, шіркін! Аурудың алдын алу керек сияқты, қазірдің өзінде ондай мықтыларымыз біздің назарымызда болса. Олар анау тұрып жатқан хан сарайларын, қымбат көліктерін қай ақшасына, қай айлығына алды екен, соларды тексерсек. Сонда мына шетелге қашқандарға өкінгендей сан соғып қалмаймыз. Шіркін, осы игі де келелі істерді Елбасымыздың өзі қолға алса, бәрі де орын-орнына келер еді-ау деген ой-өтініш бар. Ол кісі ашуға мінсе, көрер едік жалғанды жалпағынан басып жүргендердің жағдайын!

15.07.2011

Ертай Айғалиұлы
 Diğer Başlıklar
Біздің полиция шындықты айтудан неге қорқады?
Қылмыскерге кешірім болмауы тиіс
«Қазақы тәрбие алмағандарды билікке жақындатуға болмайды»
«Тегін» парақтан көрген теперіш
Анталаған аурулардың алдын алу керек
Келeңсіздік келесі жылға бармаса екен
Жер дауына жеңіл қарамайық
Министрлеріміз ағылшындарды жерге қаратқан күн
Ендігі буынның мәңгүрттенуіне біз кінәліміз
Тағдырың өз қолыңда, бауырым!
«Халқымызды қорғай алмасақ, Парламентті таратайық!»
Жол апаттары «көз қысты, бармақ бастының» кесірі


Copyright© KAZAKİSTAN ZAMAN
www.kazakzaman.kz