Ağustos 30, 2012
 
 
 
 
 
 

Қазіргі қазақ

Қазіргі қазақтың жаңа атауы — жаңа қазақ. Жаңа қазақты құрайтын ұғымдарыңыз қандай сонда? Әлбетте, қазіргі  қазақ мәдениеті, қазіргі  қазақ экономикасы, қазіргі қазақ  тарихы, қазіргі қазақ ғылымы, қазіргі қазақ терминологиясы, қазіргі саясат, қазіргі тәрбие тағысын тағы — бәрі қосылып қазіргі қазақты, яғни жаңа қазақтың бітім-болмысын құрамақ. Ал осының бәрін саралап, сараптап, уақытылы қоғамдық статистика түзіп отырған арнайы зерттеу орындарымыз бар ма? Әрі бұл керек пе? Әрине, ең басты қажеттілік. Негізі, қазіргі қоғамда осының бәрін қоғамдық санаға жеткізіп отыруға тиісті  ағартушылық рөл БАҚ- тың міндеті еді. Бірақ, біз неге екенін қайдам, қазіргі қазақтың жалпы әлеуметтік көрсеткішін тек уәкілетті орындар мен ғылымға жүктеп қойғанбыз. 

 

Қазіргі қазақтың бұрынғы қазақпен салыстырғанда, өсу деңгейін, болашағын саралап отыруға зор мүмкіншілігі баршылық. Біз сонда ғана өзіміздің ұлттық өсуімізге жауапкершілікпен қарайтын қоғамдық сана, сауатты қазақты түземіз. БҰҰ-ның рейтингі бойынша ең сауатты халық атанған қазақстандықтардың сауаты қандай бағаммен өлшенгені біз үшін қызық болды. Әрине, бұрын жабайы көшпелілер деген бір ұғымның қосағында қосақталып жүретін қазақтың сауаттылығы әлем алдында үздік шыққаны бәрімізге қуаныш. Әсілі, жас ұрпақтың өз елі үшін мақтанып өскені керек емес пе? Десе де, БҰҰ-ның сауаттылықты өлшеуі хат танып, жаза білу, білім алу, шет тілдерін меңгеру, технологияны меңгеру, жұмыс жасау секілді өлшемдермен өлшеніпті. Ғажап, бұлардың ішіндегі хат тану, жаза білу секілді өлшемдер өткен ғасырдың басындағы сауаттылықтың өлшемі еді. Қазір хат танымайтын, жаза білмейтін адам бар ма? Әлбетте, шет тілдерін меңгеруде қазіргі қазақтың сауаттылығына тек қана қол соғуға болады. Ең аз дегенде, шетімізден төрт тіл білеміз. Бірақ БҰҰ-ның көп тіл меңгеруде алға шыққан қазақтарының тең жартысы өз тілін білмейтінін білгенінде қалай болар едік. Әсілі, сауаттылықтың бірінші өлшемі өз тілін білуде болса керек-ті. Бұл өзіміздің әлем алдында сауатты ел атан-ғанымызға келіспеу емес, тек уәж. Десе де, қазіргі сауаттылықтың өлшемі салыстырмалылықта болуы керек: өткен ғасырмен және өзге елдермен, әр елдің ғылымда ашқан жаңалықтарымен, әлемдік даму тенденциясына қосқан өзіндік үлесімен, ең бастысы, өз тілін меңгеруді БҰҰ басты өлшем етіп қойса, сонда ғана қазіргі қазақ әуелі өзгенің емес, өзінің тілін меңгеруге, өз тарапынан ақпараттық-технологиялық жаңалықтар жасауға ұмтылар еді. Сонда ғана біз өзіміздің болашағымызға бәсекелестік талаппен аттана алар едік. Ал жаңа сөз арасында тілге тиек етіп кеткен, қазіргі қазақ терминіне келетін болсақ, ақпараттық технология мен калька аудармалардың ортасында шыр айналған жаңа сөздерді, тіпті, кейде өзіңіз түсінбей қаласыз. Егер қазіргі сөздік қорымызды үлкен көлемде бұрынғымен салыстырмалы түрде сараптап шықсақ, жаңа қазақ тілі, жаңа ана тілі секілді оқулық түзер едік. Өйткені қазақтың бұрынғы сөздерін кемел сақтаған дәстүрлі туындыларымыз бен бүгінгі ағымдағы санамызды салыстырып көрсек, сөздік қорымыздың өзімізді-өзіміз танымастай өзгергенін білеміз. Бірақ, бізді алаңдататыны, ана тіліміздің өзіне тән ұғымда жаңаланғаны керек. Әйтпесе, күндердің күнінде, сөзімізді баяндауыштан, бастап, бастауышпен аяқтап тұрмасақ болды. Басқасын былай қойғанда, қазақтілді эфирлерімізде толған «сіздермен болған, мен Пәленбай Түгенбай» немесе «пәлен хабар Пәленбай Түгенбаймен!». Хош... бұл қазіргі сөздік қорымыздан қаншалықты жаһандасып кеткенінің айнымас көрсеткіштерінің бірі ғана.

Ал енді қазіргі қазаққа қатысты айтарымыздың келесі бір түйткілді мәселесіне қарай ойыссақ, бізде, әсіресе, өз ортамызда терең қалыптасып қалған бір ұғым бар: «Қазақ десең өзіңе тиеді» дегенге саятын әуелі сөзді өзімізді-өзіміз кемсітіп алудан басталатын. Өкініштісі, осындай өз-өзімізді төменшіктететін мәтелдердің қай-қайсысы да қазақты тұқырту, кемсіту, пәленің бәрін қазақтың өзіне жабу есебінде айтылады. Сонда қалай, дүние дөңгелеп, заман өзгеріп жатыр, ал адамдар саналық өсу үстінде емес пе? Ол өсудің, өзгерудің қазаққа қатысы жоқ па, сонда? Әлгіндей сөздерді ұмытатын, тастайтын, ұмыттыратын уақыт әлдеқашан өтіп кеткен жоқ па? Ешқандай ел бірден ұлт болып қалыптасқан жоқ. Әуелінде ұлт ретінде ешкім емес талай елдер мемлекетке айналып, адам ретінде жабайы саналық дәрежедегілер рухани көшбасшылық дәрежеге дейін жетті. Қазақ та бұрынғымен салыстырғанда адам танығысыз жағдайда өсті. Әрі өсу үстінде. Қазақ туралы әңгіме айтылса болды, шетелдіктердің де, өзіміздің де есімізге бірден бұрынғы тау-тас жағалап, қойын қоралап, майын шайқап, құртын қайнатып, көшіп-қонып жүрген қазақтар есімізге түсе кетеді. Мал жайып, көшіп-қону қазаққа ғана тән бе еді? Басқалар да мал жайған, қозы қайырып, лақ өрістеткен. Басқалар да өзгелерге еліктеген, өзгеден үйренген. ХХ ғасырдың басындағы орыс интеллигенциясы түгелімен Еуропадан үйренді десе де болады. Бірақ біз секілді мәтелдерін тастамай, өзгелерді ерек тұтатындары некен-саяқ. Немесе бізді тұқыртқысы келетіндер қазақ туралы мәтел іздесе, іздемей-ақ тауып алады. Неге мен басқа ұлттарды мұқатпақ болсам, сондай мақал-мәтел тауып алмаймын? Өйткені деңгейі өзгерсе де, мақалы өзгермеген — біз. Отарлап үйренгендердің ескірткісі келмейтін мақам-мәтелі де сол баяғы, «қазақтың көзін ашып, киім киюді, шаш қойып, әтір себінуді үйреткен — орыс» дегенге саяды. Айтпақшы, әтірді кейбір қазіргі менменсіген ұлттар түсінде де көрмеген кезде, біздің Ақ Ордаларымыздағы патшайымдар түр-түрімен қолданатын. Рас, үйренгеніміз де бар. Бірақ өзгелердің де бізден алғаны көп. Мәселе, ешкімнің ешкімді жаратпағандығында! Қай-қайсысымыз да бір-бірімізге ықпал ете жүріп қазіргі ұлттық деңгейімізге жеттік. Тарихта бізге ұқсас қорлықты бек тартқан халықтар да көп, мысалы, жапон ұлты. Бірақ олар ұлттық идеологиясын технологиялық көшбасшылықты қолға алу арқылы озып шығып, ұлт ретінде қазіргі жапонның бәсін түгендеді. Бірнеше жыл бұрын қазақтың кең байтақ жері өзінікі емес екенін бұрынғы жерлесіміз, қазіргі көрші елдің халық қалаулысының аузынан естіп, ғаламда жоқ «жаңалық ашылғанда» суырылып шығып сөйлеген қазақтың ерлері де бірен-саран болды. Сондағы көрші елдің халық қалаулысының жыры — тағы да сол қазіргі қазақтың бойынан әлі баяғы көшпенділікті көретіндігі. Яғни қазақтар көшіп-қонған жерінің бәрін өзінікі деп есептей берген болып шығады. Ғажап, олар өздері де бертінде ғана отырықшы болмап па еді? Ал біз болсақ, іштей: «Сонда біз өзгенің жерін ғасырлар бойы күзетіп келіппіз-ау, сонда біз не үшін қырылғанбыз, бабаларымыз бөтеннің жері үшін басын бекер беріпті-ау?» — деп «қамығумен» шектелдік. Біз рухты ұлт болмасақ, американдық профессор Смал-Стоцкий «орыс емес халықтарды ұлт ретінде жоқ қылып жіберу» деп баға берген қанмен тұрғызылған қызыл қоғамнан аман шығар ма едік? Демек, кей-кейде жеме-жемге келгенде ел намысын қорғайтындардың кім екендігіне көзімізді жеткізетін Жириновскийлердің сандырағы да керек секілді. Егер солар қазақтың шынайы ішіне үңіліп көрсе, халықтың ызалы намысынан шошып қашар еді. Өйткені қазақ — көп қасіретті ішіне сақтап, жиып жүріп, бір-ақ күні астаң-кестеңін шығаратын бірден-бір өршіл де кекшіл халық. Бұл қасиет қашаннан бері қанымызда бар, оны ешқандай заман өзгерте алмайтын етене қасиетіміз. Оған өзгелер жомарттық, кешірімділік деп баға беріп жүр. Шындығында олай емес. Бәрін айтпағанда, қазіргі қазақтың бұрынғы қасиеті мен киесі осы жердің топырағында. Кейде өзіміздің жағымсыз мінездерімізден шаршағанда, өзімізше оқымаған, қараңғы заман деп баға беретін сонау замандардағы бабаларымыздың біліктілігі мен парасаттылығына, қабілеттілігіне және табиғатпен керемет етенелігіне қайран қаласыз. Әлемді асырап отырған байлығы асты-үстіне жасырынған алып жерді иеленіп, сол үшін басын беріп, құрбан болудың өзі, ел басқарып, қол бастаған текті бабаларымыздың құдіреттілігіне көз жеткізбей ме? Сол құдірет қазіргі қазақтың жалпы «менін» сақтап отырған жоқ па? Біздің тарихты орыстар өз мүддесімен зерттеп, үйретіп, түсіндіріп болған. Еуропа да қызыл империяны қаралап көрсету үшін КСРО -ның оя-қоясын шығарып, қазақты аса бір қорлықтан көз ашпаған ұлт ретінде зерттеп те берді. Бірақ қазақтың тарихын өзі секілді ешкімнің зерттеуі, қаттауы мүмкін емес. Демек, қазіргі қазақтың тарихын түзу, шынымен де, идеологиямыздың ең басты міндеті болуы қажет.

Иә, қорыта айтқанда, қазақ та басқа ұлттар секілді біріккенше рулық, тайпалық эволюциядан өтті. Яғни бұрынғы қазақтан бүгінгі қазаққа дейінгі жолдардан жүріп жетті. Егер ниеті харам отаршыл саясат қазақты саналы түрде жоюдың ең бір айуан түрлерін қолданса да, қазақ құрып кетпеген болса, қайта басын тіктеп, өзгелерді санастыратын деңгейге жетіп отырсақ, онда Құдайдың назарында қазақтың да ұлт ретінде бар екендігі хақ. Мемлекеттік, ұлттық деген ұғымдар салмақты деңгей жүктейді. Егер елдікті сақтаудың дәстүрлі мектебі қалыптаспаған болса, онда еш ұлт та жеке ел ретінде мемлекет бола алмас еді. Ұлттық тұтастықты сақтауда негізгі жүкті көтеруші күш — халық. Сосын, жауапты тұлғалар және санаулы зиялылар. Жер бетінде қазақты құртқысы келгендерден қан сасыған естелік қалды. Есесіне, қазақ атты өлмейтін ұлт қалды! Осы күнге жеткендіктен де, қазіргі қазақ деген термин пайда болды емес пе? Ал біз сол бүгінгі алаштың бір парасын ғана сөз еттік...

 
Yorum yaz / share.thought
Қамшыбасар  Diğer Başlıklar
Ұлттық телеарна қазаққа бұйырмаған
Рухыңды түсірме, ағайын!
Ашкөздік пен алаяқтықтың алды — ор
Жамбылдың полицейлері қайда қарап отырады?
Капитализм қазақтың көз жасына қарамай тұр
Жарнама ілуде жадымызға сақтар жайттар көп
Найманға күл шашу – Қазақты кемсіту, Уәке!
Улы пакеттен келер пәлекет
Жер мен су ешкімдікі емес, ол халықтікі
Әу, қазақ, қалған жоқ па намыс бойда?
Айығу
Айналайын әкім, ауыл тағдыры сенің қолыңда!
Қазаққа қатыгездік пен мәңгүрттік қайдан келді?
БІЛЕК СЫБАНҒАН ЖАСТАРҒА ЖҰМЫС БАР
Банкті тонаудың “шонжылық үлгісі”
Қызылжар көзден бал-бұл ұшты
«Көркейе бер, Ақтөбем!»
«Жемсауы кең «Казкомның» жемтігі болдым»
Батысқа қарап қыз өссе қасірет пе?..
Ынтымағымыз да, жетістігіміз де Ата Заңымыздың арқасында
Жер мен үй жесірдікі ме, жетімдікі ме?
Жолақыны қымбаттаттың ба, мәдениетіңді түзе!
Барша байлық адам еңбегімен жасалады
Cегіз айға созылған қудалау
Yazarlar