Айтыстың басты үйлестірушісі ф.ғ.к., доцент Ұ.Еркінбаевтың пікіріне сүйенсек, дәстүрге айналған айтыс осымен төртінші мәрте өткізіліп отыр. Биылғы жылы жас ақындар айтысына арнайы ҚХР-дан 4 ақын шақырылып, халықаралық сипатқа көтерілген әрі «Жыр дода» республикалық жас ақындар айтысымен бірге өткізуді жөн санаған. Бұған себеп – «Жыр дода» республикалық жас ақындар айтысының 1 кезеңінде Орталық Азия университетінде жоғары ұпай жинаған 12 ақын іріктелініп алынған. Демек, бұл еліміздің ең үздік жас ақындарының басы біріктірілген айтыс десе де болады.
Жұптар жеребе арқылы аудитория алдында анықталды. Әр ақын өздерінің кіммен айтысатынын білмей келді. Ақындардың айтыс алдында хат жазыса ақылдасып, келісіп алып айтысуына қарық болып келе жатқан көрерменнің талғамнан айырылғаны қашан дегің келеді.
«Загатовка – айтыстың дұшпаны, қас жауы», — деп, ақындарды тек жеребе арқылы жұптауды талап еткен ұйымдастырушылар бүгінгі еліміздегі айтыстың деңгейін қайдан білсін?! Тіптен Алматы қаласында 8-9 мамыр күндері республикадағы белді ақындардың арасында өтетін айтыста ақындардың халық алдында жеребе арқылы жұпталатынына, не болмаса алдын ала жұпталып қойып, дайындалып жатқандығына байланысты халық арасында нақты бір тоқтам немесе ол туралы бір пікір, қызығушылық жоқ. Әйтеуір айтыс болса болғаны.Тіптен сенімдімін, халықтың көбі осы айтысқа «Зейнетақы реформасы» туралы не айтады екен деп барады. Тұздық үшін қоса кетейін, осы айтыста әлгі министрге лақтырылған жұмыртқаның бүге-шүгесіне дейін талқыланып, тиісті бағасы берілетіні айдан анық. Сонымен...
Жас ақындардың айтысында әділ-қазылардың «Жұп дұрыс болмады. Жеребе сәтсіз шықты» деп бармақ тістеуі байқалып отырды. Жас айтыскерлердің сахна алдында еркін шаба алмай кібіртіктеуі, арындай алмауы, бірден тақырыпты игеріп кетпеуі, сөз қуалап айтыса алмауы, қарсыласынан жатырқауы көзге бадырайып көрініп отырды. Оны әділқазы тұрмақ, көрермен де сезген секілді. Көрермен арасында жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша 100 адамның 62-сі «Ақын аузына сөз түспегенде көрермен ретінде қиналасыз ба?» деген сұраққа «Қиналамын» деп жауап берген. Бір емес, екі ақыннан айтысқа қосып отырған ҚазҰУ мен СДУ-дың ақындары өзара қақтығысып, біреуінің жарты жолдан шығып қалғаны ешкімді бейжай қалдырмады.
Осы айтыста еліміздің барлық өңірлерінен келген Айбек Бестенқұ-лов, Амангелді Сейітхан, Аяулым Дүйсекенова, Бибігүл Тілеуболдинова, Жәнібек Бейбітов, Қали Сапа, Нұрсұлтан Жұмабай, Рауан Қайдаров сынды жас, студент ақындар бірінші айналымнан өтпей қалды. Жеребенің сәтсіздігі ме, әлде дайындығы төмендеу болды ма, әйтеуір дұрыс айтыс жасай алмады.
Қызығы, Қытайдан келген 4 қандасымыз бірінші айналымнан сүрінбей өтті. Әрине, қонақжай қазылар алыстан ат терлетіп келген қандастарды өткізіп жіберді деп ойлауы мүмкін, алайда ақындардың сөз саптаулары, логикалық қисынмен жауап берулері, өлеңді қуып айтысуы, қайшылық тудыра айтысуы, суырып салмалықтың үлгісін көрсетуі көпшілікті риза етті. Сөйтсек, бұлар Қытайдағы арнайы айтыс факультетінің 3-4 курс студенттері екен. Апта сайын 1-2 сағаттан жекпе-жек айтыс жасап, біршама төселген ақындар болып шықты. Яғни жеребе деген бұлар үшін түк емес. Әр сөзге жіті мән берген ақындар шаппа-шап айтысты. Бас жүлдені, I орынды, III орындарды да өзара бөлісті. Келген төртеудің барлығы жүлдесіз қайтпады. Ал II орынды СДУ-дың студенті Алтынбек Ибрагимов пен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың студенті Сырым Әуесхан өзара бөліске салды. Алайда осы айтыста 12 ақынның 8-інің бірден жарыс жолынан шығып қалғаны алаңдатады. Жас айтыскерлердің айтыс діңгегі суырып салмалықпен айтыса алмауы, парасатты пайымдауға шорқақтығы, сөз астарының мәнін түсінбеуі, кез келген тақырыпты ұршықтай үйіріп әкетудегі білім мен танымның тарлығы байқалып отырды. Қанша жерден іріктелген ақындар болса да, айтысқа деген дайындықтың жоқтығы, азаматтық жауапкершілікті сезінбеуі алаңдатарлық жағдай еді. Сонымен бірге, айтыскердің музыкалық қабілеті, оны ішінде мақам таңдау жағы, сахна мәдениетін, сахнаның киесін түсінбеуі – мұның бәріне кәсіби бағыт-бағдар, дұрыс жол көрсететін арнайы бір айтыс мектебінің болмауынан туындап тұрғаны белгілі жайт. Әр ақын өз бетінше, өз жолымен лағып кетіп бара жатқандай. Қазіргі уақытта, несін айтасыз, халық алдында «күміс көмей, жез таңдай әнші» атағына ие болмаса да, бірден продюсер болып, шәкірт тәрбиелеп жатқан әншісымақтар бар. Олардың жанында қазіргі айтыс өкілдері А. Әлтай, А. Тұрсынбаева, Б. Имашев, Б. Шойбеков, А. Леубаева, Р. Заитов, А. Қалиев т.б. сынды белді ақындардың да қазақтың қасиетті өнерінің алдындағы бір азаматтық борышы ретінде мектеп ашып, шәкірт тәрбиелеуіне әбден болар еді. Айтыс бұл ақындарға 20-30 машинадан берсе, сен айтысқа 20-30 емес, мықты 1 шәкірт неге тәрбиелеп шықпасқа, жас айтыскерлерді баулу жөнінен Қытайдағы бауырлардан неге үлгі алмасқа?!
Осы айтыстағы тағы бір елең еткізген мәселе — айтыскерлер бұл додаға өз қаржыларымен келеді екен. «Жыр дода» республикалық жас ақындар айтысының үйлестірушісі Бақтияр Бақыткелдіұлының сөзіне сенсек, университет басшылығына арнайы ресми хат жазылса да, қаржы жағынан қолдау көрсетпейтін көрінеді. Жалпы мұндай айтыстардың жиі өткені дұрыс. Ақырын-ақырын қанаты қатайып, Бекарыс, Саралардың ізін басар, Ж.Ерманның көзіне түсіп, үлкен жыр додаларда өнерлерін көрсетер деген үмітіміз бар.