Облыс әкімдігінде өткен тағы бір жиын облыстағы ата-ана қамқорлығына зәру, жетім және аз қамтылған балаларға жағдай жасау, оларды мемлекет қамқорлығына алу жұмыстарының жай-күйіне арналды. Осы жиынға арнайы шақырылған қаладағы №1 интернат пен «Шаңырақ» балалар ауылының 77 түлегі аса ерекше қуанышқа бөленді. Облыс әкімі осында отырған 40 балаға әр аудандардан баспана беретіндігін, ал алдағы уақытта тағы да 37 балаға қала мен аудандардан үй берілетінін айтты. Мұны облыс әкімінің өз ауызынан естіп білген интернат түлектерінің қуаныштарында шек болмады.
Осынау жиналысты өзі ашып, сөз сөйлеген облыс әкімі Бергей Рыс-қалиев интернат түлектеріне былай деді; Құрметті жастар! Мен бүгін Сіздермен арнайы бас қосып, көптеген мәселелерді талқылауды мақсат етіп отырмын.
Ел Президенті биылғы Қазақстан халқына Жолдауында, халықтың аз қамтылған топтарына, соның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға қолдау көрсетуді міндет етіп белгіледі. Бұл біздің соңғы 6-7 жылдан бері күнделікті міндетімізге арқау болып отырған басты бағыт-бағдарымыз бен бұлжымас қағидамыз. Біз Елбасының тапсырмасын үнемі орындап келеміз. Оның айқын дәлелі — әлеуметтік-экономикалық даму бойынша облысымыз бірнеше жыл қатарынан алдыңғы қатарда келе жатқандығы.
Өңірде «Тұрғын үй» бағдарламасы қарқынды жүргізілуде.Соңғы 5-6 жылда тұрғын үйге мұқтаж аз қамтылған отбасылар, мұғалімдер, дәрігерлер, ардагерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, апаттық үйлердің тұрғындары, 20-25 жылдап кезекте тұрған қала азаматтары, — барлығы жаңа пәтерлермен қамтылып келеді.
Қазір кезекте 2010 жылға дейін тұрған азаматтар қалды. Мұндай көр-сеткіш елімізде ешбір өңірде жоқ деп айтуға болады. Тағы бір айтарым, бізде тұрғын үй құрылысы қазір тек қалада емес, аудан орталықтарында да қызу қарқынмен жүргізіліп жатыр. Биыл қалада өз күшімізбен 3000 пәтердің құрылысын салып жатырмыз, енді тағы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен келісіп, 3000 үй салынбақшы. Ең бастысы жыл аяғына дейін бұл жұмыстарды аяқтаймыз. Ал келесі жылы 9000 пәтер салынып, тапсырылады.
Міне, енді жетім балаларды тұрғын үймен қамту мәселесін де шешіп отыр-мыз. Қазір осындай 150-дей бала бар. 50-ден астамы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала. Олар-дың барлығына аудан орталықтарынан дайын баспаналар бермекпіз. Аудан әкімдеріне олардың пәтерлерін барлық қажетті жиһаздармен, тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етуді тапсырып отырмын. Балаларының балабақшаға, өздерінің жұмысқа орналасуын тікелей қадағалаңыздар. Бұл балаларға барлық әлеуметтік қолдаулар еш кедергісіз көрсетілуі тиіс, — деген облыс әкімі Бергей Рысқалиевтің жігерлі сөзі жабырқаған көңілдерге шуақ сыйлады.
Бұдан соң облыстық білім беру басқармасы бастығының міндетін ат-қарушы Клара Мұқашкереева жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үймен қамтылуы жайында толыққанды ақпарат берді.
— Қазақстан Республикасы аза-матының білім алу, тұрғын үймен қамтылу құқықтарын қамтамасыз ету бағытында облыста көптеген істер атқарылып келеді. Оның ішінде, халықтың әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтарының осы құқығын қамтамасыз ету облыс әкімі Бергей Сәулебайұлының тікелей қолдауына ие болып отыр. Атап айтқанда, 2009 жылдан бері аз қамтылған отбасы балаларының жоғары және орта кәсіптік білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында 5 мыңға тарта адамға оқу ақысын төлеуге қомақты қаржы бөлінді. Сондай-ақ, 50-ге жуық дарынды балалардың алыс және жақын шетелдерде білім алуына мүмкіндік жасалды. Еліміздің болашағы — жастарға жасап отырған осынау қамқорлығы-ңыз бен қолдауыңыз үшін Сізге — Бергей Сәулебайұлы балалардың атынан шексіз ризашылығымызды жеткіземіз.
Күні бүгін қаладан аудандарға баратын жастардың саны нақты анықталып отыр. Махамбет ауданына 11, Исатай ауданына 8, Мақат ауданына 22, Индер ауданына 3, Құрманғазы ауданына 2, Қызылқоға ауданына 1, Жылыой ауданына 30, барлығы 77 бала аттанбақшы. Әзірге алынып отырған 40 үйге облыстық бюджеттен 75 млн. теңге бөлініпті. Міне осындай жұмыстар алда да жалғаса бермек.
Әлеуметтік қамқорлықты қажет ететін балаларға үй беріледі дегеннен кейін аудандағы үйлердің бағасы да лезде шарықтап кеткендігін айтқан аймақ басшысы осы мәселені талқы-лап, анықтауды орынбасары Айгүл Әжіғалиеваға тапсырды.
Мұнан кейін облыс басшысы әлеу-меттік әлсіз топтарға қамқорлық мәсе-лесіне кеңірек тоқталды. Бұның бәрі осы жастар аяғына тұрып, өмірге етене араласып кетуі үшін, онсыз да тағдырдың ащы сабағын бастан өткерген жап-жас балаларымыз қабырғасы қатпай жатып, ауырлық көрмесін, қиындыққа тап болмасын деген ниет. Қазақ қашанда жетімін жылатпаған, бүкіл ел болып қамқорлаған. Бұл – облыстағы теңеуі жоқ әлеуметтік жоба. Оны мақсат етіп қойдық және орындаймыз да.
Әрине, бұл жұмыстар бізге оңайға түсіп жатқан жоқ. Қаржы табу жеңіл шаруа емес. Соған қарамастан, жергілікті жердегі барлық тетіктерді, қаржы көздерін іске қосып, қазақша айтсақ, «жоқтан бар жасап жатқан» жайымыз бар. Сонымен, жетім балаларға қатысты бүкіл мәселелер облыста шешіледі деп айтуға толық негіз бар. Біздің қоғамда адамның санасы мен көңілін жаралайтын «жетім» сөзі болмауы керек. Әрқайсысымыз бұл балаларға өз көмегімізді аямай, отбасына қолдау көрсетіп, мейірімділік сыйлауымыз қажет. Жұмыстың барлығын ұйымдастырып, қаржысын тауып беріп отырмын. Енді тиісті жауапты тұлғалар, әкімдер жылдың аяғына дейін осы істі бітірсін, бірде-бір жетім бала назардан тыс қалмасын. Тағы да айтамын: «Атырауда баспанасыз жетімдер болмайды», — деді ол.
Облыстық «Ақбота» балалар үйінің директоры Гүлсара Ботатаева да балалар үйінен түлеп ұшқан түлектеріне ерекше қамқорлық танытып отырған облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, әрқайсысының анасындай қуанды.
Түйін: Міне кей уақытта өзге өңірдегі ағайындарымыз бізге, журналистерге «Облыс әкімі қандай адам, оның күні бүгінгі ісіне ризасыз ба?» деп сұраулар қойып жатады. Осынау сұрақтарға қалай жауап берсек те сендіре алар ма екенбіз? Ол сұраққа осы кездесуде облыс әкімінің өз жүрегінен жарып шыққан сөздері мен бүгінгі жетімдердің қуанышты, бақытқа толы осынау сәттерін айтсақ-ақ жеткілікті болар. «Әкім бол, әкім болсаң, халқыңа жақын бол» деген осы болар. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген халық даналығы да осындай азаматтарға айтылған болса керек. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп облыс әкімінің өзі жиі айтатынына куәміз, осы халық даналығының барлығын бойына жиған, соны орындауды мақсат тұтқан, оны өз өмірінің кредосы санаған, облыс әкімі Бергей Сәулебайұлы Рысқалиев — осындай айтулы азамат.
Осы жолы 77 жасқа пәтер берілсе, осыдан бір жұма бұрын ғана қала әкімі Асқар Керімов қаладағы «Болашақ» мөлтекауданынан 240 отбасына жаңа пәтер сыйлап, олар қоныс тойын тойлаған-ды. Оның да басым көпшілігі мүгедектер мен ардагерлер, үйі апаттық жағдайдағы-лар мен баспанасыздар, көп бала-лылар мен жалғызбастылар, мұғалімдер мен дәрігерлер. Міне осының өзі талай нәрсені аңғартса керек.