Үкімет білeді, бірақ неге үнсіз?
Басын Қытайдан алып, Кенді Алтайдың таулы өлкесін қақ жарып ағып жатқан Ертіс өзені Қазақстан үшін де, Ресей үшін де маңызы зор табиғат байлығы екені баршаға аян. Иірімінде тайдай балығы тулаған, суы суармалы егін шаруашылығына пайдаланылатын Ертістің басына соңғы кездері қара бұлт осылай үйіріле бастады. Қолда бар байлықты тиімді пайдалана алмай, рәсуә етіп шашып, ырың-жырыңға салған адам қаракетінің салдарынан ырзығы мол, ырысты қара саба аталған Ертістің арнасы тайыздап, суының құрамына адам ағзасына аса зиянды ауыр металдар мен техникалық, ауыл шаруашылығы өнеркәсіптерінен шыққан күл-қоқыстардың араласуы салдарынан мөп-мөлдір су қоймасын жалбыз басып, суы сападан айырылып, қатты ластанып кетті. Осы орайда, өскемендік эколог- ғалым Виктор Инюшиннің пікіріне сүйенсек, Ертіс өзеніне онға тарта шағын өзендер құяды. Олардың арналарымен көктемгі кездерде күл-қоқыстар үлкен өзенді әбден лайлап, судағы диоксидтер құрамын бірнеше есеге арттырып жіберетін көрінеді. Бұл өзі билік басында отырғандарға беймәлім дүние емес.
Ертіс өзеніне байланысты проблемалармен Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, т.б. өкілетті органдар, ең бастысы Үкімет біршама уақыттан бері хабардар. Бірақ соған қарамастан, таң қалдыратыны — экологиялық апат алдында тұрған өзен тағдарына жоғары жақтан жанашырлық жоқ. Өзен арнасына күл-қоқыс, зиянды заттар тастап жатқандарға белгілі бір мөлшерде айыппұл салумен асқынып кеткен дерттің алдын алып, өзенді науқасынан айықтыру мүмкін емес. Оған Үкіметтік деңгейде кешенді бағдарлама қабылдап, Ертісті сақтап қалу жолындағы кезек күттірмейтін шараларды жедел түрде қолға алу, болашақта ұлттық резерват деңгейіне көтеру қажет.
Жер бетіндегі халық санын әр республикадағы тұщы су бассейндерінің пайдалану эквивалентіне шақсақ, әрине, мемлекетімізге 10-15 жылда ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл орайда мемлекетіміз әлемдегі жағдайы жақсы 25 мемлекет ішінде. Біз төрт құбыласын су қоршап жатқан Ресей, АҚШ, Канада, Еуропадағы кейбір мемлекеттермен иық тірестіре алмасақ та, қолда бар алтынымыздың қадірін осы бастан екшелеп, оны пайдалануға байланысты қадамдарымызды халықаралық құқықтарға сай заңнамалар жиынтығын (кодексін) белгілеп алғанымыз көрегендік болар еді.
Қазақстандағы 8 тұщы су бассейндерінің ең ірісі – Ертіс. Ол Семей-Павлодар аралығында 150-200 метрлік терең жер қыртысында жатыр. Көлемі – 360 мың шаршы шақырым. Осы су бассейні үстімен – Ерке Ертіс Сарыарқаны тіліп өтіп, Объ өзеніне барып қосылады. Ертіс өзені көршілес Монғолия мен Қытайдың Алтайындағы Манг тауынан бастау алып, Зайсан өзеніне келіп құяды. Бұл екі аралықты Қара Ертіс деп атайды, ол шамамен 750-дей шақырым. Ал, Зайсан көлінен Объқа (Үпке) дейін 3501 шақырым. Осы екі аралықта Ертіске он шақты шағын өзендер құяды. Оның ішіндегі ірілері –Тобыл, Есіл, Үлбі, Күршім, Шар өзендері. Кеңестер Одағы тұсында Ертіс бойында алып бөгеттер салынып, Бұқтырма мен Өскемен, Шүлбі ГЭС-тері пайдалануға берілді. Павлодардың Ақсу өңірінен Ертіс-Қарағанды каналы тартылды: оның ұзындығы -500 шақырым, тереңдігі -5-6 метр, ені - 40 метр. Осы каналмен 22 су сорғыш стансалар секундына 110 текше метр суды 420 метр биіктікке көтеріп, каналмен Қарағандыға қарай жылына 2260 текше метр су әкелінеді. Ал Бұқтырма, Шүлбі ГЭС-тері маңдарындағы егін шаруашылығы — тек суармалы әдіспен күн көрген ауыл шаруашылығы нысандары. Өскемен, Семей, Павлодар сияқты 300 мыңнан астам тұрғындары бар ірі мегаполистердің осы су бассейнінде орналасқан 40-қа таяу аудандардың тұтынып жатқан су қорын нақты кім есептеп отыр екен?!
Аждаһа ел Ертістің төрттен бірін
жұтып жатыр
Жаратушымыздың маңдайымызға берген байлығын орынсыз ысырап ете берудің алдын алып, тұщы су пайдалануға қатаң бақылау орнататын кез жетті. Естуімізше, Ертістің басынан көрші Қытай мемлекеті де ірі өндіріс көзі бар Қарамай елді мекеніне ірі канал салып, Қара Ертістің суының төрттен бір бөлігін. яғни жылына 5 текше километрге дейін тұщы су көлемін бұрып алып жатыр дейді. Міне, осындай ашкөздік көзқарас салдарынан Ертіс суы тартылып барады. Осының әсерінен өзен бойындағы су электростансаларының энергия өндіру қуаты 27,5 пайызға азайып, 1480 млн.кв.сағат кем өндіруде.Бұл мемлекеттік қауіпсіздік жағдайына да әкеп тірейді. Осыдан ширек ғасырдай бұрын сонау Ханты-Мансийскіден Өскеменге дейінгі 3600 шақырым аралықта кемелер қатынасса, қазір өзен арнасы таяздануына байланысты, Павлодар мен Омбыға дейін ғана су қатынасы бар. Ал Өскемен-Семей аралығындағы өзен арнасы мен табанын (фарватерін) арнайы тазалаудан кейін барып, «Полосье» деген жолаушылар таситын су кемесі таяуда ғана жүре бастамақ.
Ертіс су бассейні аймағында 250 мың гектар суармалы егістік бар. Онда 4 миллиондай тұрғындар тұрады. Ғалымдардың зерттеуінше, Ертіс су бассейніндегі тұщы су қоры кейінгі 20 жылда күрт азайып, ондағы мегаполистер Ертіс өзені суын пайдалануды екі есеге арттырған. Шетелдердегі Ертіс өзенінің бөліктері қалай пайдаланылып, қорғалып жатыр? Ол бізге жұмбақ. Бірақ Өскемен, Семей, Павлодар сияқты ірі қалалар төңірегіндегі Ертіс жайы қалай? Нарықтық қатынастар мұнда да ашқарақтық, ашкөздік принципті әкелуі салдарынан жағдайы етпеттеген Ертіс еңсесін көтере алмай келеді. Тек былтырдың өзінде ғана Өскеменде Ертіс астымен өтетін бір дюкер (қоқыс, лас су ағатын тұрба) жарылып, Ертіске орасан зиян келді. Өскеменнің титан, магний, жез, мыс, цемент зауыттары сияқты кәсіпорындарынан әуеге ұшқан зиянды қалдықтар тонналап Ертіске сіңуде. Мәселен, 2005 жылғы мәлімет бойынша Ертіс өзені су бассейніне 3 тонна мыс, 2 тонна кадмий, бірнеше тонна жез, т.б. зиянды қалдықтар сіңіпті. Ал өткен жылы Семей ядролық полигоны аймағынан шыққан тритий өзен суын радиоактивті ауыр металмен улағанын халық жақсы біледі.
Семей қалалық, Өскемендегі санитарлық –эпидемиологиялық мекемелер мен ШҚО-ның табиғат қорғау департаменті бұл мәселе бойынша жыл сайын жорналшылармен кездесулер өткізіп, мәселені жариялап отырады. Табиғатты, Ертіс суын қорғауға байланысты облыстық, Экологияны қорғау департаменті титан, магний, цинк комбинаттарына миллиондаған теңге айыппұл салып, табиғатты қорғау прокуратурасына жөнелтеді. Мәселен, Семей аймағы бойынша өзен суын ластайтын былғары тері АҚ-на төрт миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Әйтсе де бұл мекемеде осы кезеңде де өндірісте пайдаланылған су талапқа сай болмай тұр. Әсіресе көктем және жаңбырлы күндері қала көшелерінен оң жақ жағалаудағы тұрғын үйлерден жиналған лас суды ағызып әкететін дюкердің жағдайы дабыл көтерерліктей. Тозығы жеткен құбыр бір күні апатты жағдайға тап болса, онда Ертіске тәулігіне 50 мың текше метр лас су құйылады екен. Мемлекет тарапынан бұл күрделі мәселені шешуге 2002-2005 жылы үш млрд. теңгедей қаржы бөлінсе де, түйінді мәселе сол қалпында тұр. Семей қаласының әкімдігі осы істі түбегейлі шешуге еш дәрмен көрсете алмай отыр.
Лас судан Ертісіміз тұншықты
Ертістің суын бақылау Семей өңірінде 13 жерде өткеріледі. 28 су жүретін жүйеге бақылау орнатылған. Өткен жылдарда «Семей су каналы», «Семей былғары мех» комбинаты кәсіпорындарына су бассейнін ластағаны үшін көлемді айыппұлдар салынған.
Ал Семей өңіріндегі қазіргі ең өткір мәселе қаладағы қоқыс-лай су ағатын дюкер екені белгі-лі. Сол дюкердің негізгі желісі Семейдегі жаңа аспалы көпір астындағы су табанымен өтеді. Ол қала шетіндегі Мұқыр ауылды мекеніне барады. Мұнда арнайы тазалаудан өткен су қайтадан Ертіске құйылады. “Айғайлай-айғайлай қасқырдан да ұят болды” демекші, дюкер жыры басталғалы он жыл өтсе де, ол әлі бітер емес. 2003 жылдан бері мемлекет бюджетінен 3 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінсе де, дюкер құрылымы әлі «Семей су каналы» қазыналық мекемесіне өткізілген жоқ. Соның салдарынан ескі дюкерлер мен басқа құбырлардан (әсіресе көктемдегі) аққан лас су Ертісті тұншықтырып барады. Бұрын Ертісте 20-ға таяу түрлі балық кездессе, қазір оны тізбелеуге бір қолдың саусақтары-ақ жетеді. Педагогикалық институт экологтарының зерттеуі бойынша, Ертіс суында — мыс, жез, қорғасын, хром, т.б. ауыр металдардың құрамы қауіпсіздік деңгейінен жоғары екендігі, ал аммиак 8 есе, басқа сульфаттар 5,7 есе көбейіп кеткендігі анықталған. Соның салдарынан мұнда ақ қайран, шортан, шабақ сияқты балық түрлері ғана кездеседі. Оның өзінде де Ертіс сырын білетін қалалықтар көкбазарларда балық сатып алғанда тек Зайсан мен Бұқтырма, Шар су қоймаларынан ұсталған балықтарды ғана тұтынады. Себебі, Семейден төмен ұсталған балық еті ағзаға өте зиян екендігі дәлелденген.
Керосин көлі жүз метр жерде!
Жетпісінші жылдардың соңында Семей қаласының шетінде орналасқан әскери аэродромның жанармай қоймасынан жер астына сіңген авиа керосиннен қордаланған керосин көлі бүгінгі таңда Қазақстан экологтарын ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастықты алаңдатып отыр. 1997 жылғы зерттеу жұмысы жер астындағы жанар-жағармайдың көлемі алты мың тонна деген қорытынды жасады. Ұзақ жылдар бойы бұл апаттың алдын алу жұмысы қолға алынбаған. Тек 2002 жылы алматылық «Казгидек» фирмасы аталған проблеманы зерттеу мәселесін қолға алған. Бір жылдан кейін астаналық мамандар аталған проблеманы залалсыздандыру жұмысына кірісіп, оны залалсыздандыруға Үкімет тарапынан 36 миллион теңге қаржы жұмсалған болатын. Алайда, жер үстіне тек жүз тоннадай ғана жанармайды шығару мүмкіндігіне қол жеткізілді. Халықаралық сарапшылардың зерттеулеріне сүйенсек, Кеңестік дәуірдегі Семейдегі әскери аэропорттан төгілген авиация жанармайының жер асты суларын ластап, Ертіске жақындағаны жайлы баспасөзде аз жазылып жүрген жоқ. Керосин көлі әлі де жер астын кеулеп, мысықтабандап Ертіске жүз метрдей ғана қалған. Семей өңірі тұрғындары үшін ғана емес, көршілес Ресей үшін де аса қауіпті экологиялық апаттың зардабын қазір қала тұрғындары тартып отыр. Юность елді мекеніндегі Аякөз көшесінің тұрғындарының құдықтан су орнына керосин алып отырғандарына да бірнеше жылдың жүзі болды.
2005 жылы осы экологиялық апатты залалсыздандыру жұмысын жүргізуге арналып тендер өткізіліп, оны өскемендік «ЭкоАир» фирмасы жеңіп алған болатын. Ертіс өзеніне төнген осы апатты залалсыздандыру жұмыстарының жобаларын дайындау үшін республикалық бюджеттен бірнеше миллион теңге қомақты қаржы бөлінгендігі бүгін аз да болса көңілге демеу болғанымен, игерілгені көңіл қуантпайды. Алайда, Карт Ертіске төнген қауіпті құрықтауға бөлінген аз қаржы кейбір кәсіпкерлер үшін тек табыс көзі болып қалған сыңайлы. Біз осы мәселенің бүгінгі ахуалы жайлы білмек болып, аймақтық экология департаменті бастығының орынбасарына телефон шалғанымызда, ол сол саламен тікелей айналысатын маманға жөн сілтеді.
Аймақтық экология қызметкері Д. Ысқақованың айтуынша, соңғы 2-3 жылдан бері ешқандай сараптау, зерттеу жұмыстар жүргізілмеген. Керосин көлінің мәселесі зерттелген де жоқ. Әрине, Ертіске төніп тұрған апат тиісті орындарды алаңдатпай отыр деп айтуға болмайды. Дегенмен, проблема шешімін күтіп отырғанда кешігіп қалмасақ болды деген қауіп бар. Осы мәселе жөнінде мамандар не ойлайды? Семей педагогика институты экология кафедрасы мамандарының апатты залалсыздандыруға еліміздің мүмкіндігі жетеді дегенге кафедрадағы ғылыми қызметкерлер күмән келтіреді. Бірнеше жыл қордаланып қалған апатты жергілікті экологтар халықаралық сарапшылардың және үлкен қаржының күшімен ғана шешуге болады деген пікір айтады. Өйткені, экологиялық апаттың алдын алу үшін жағдайды егжей-тегжейлі терең зерттеу қажет.Таяуда облыстық әкімдік Ертіс өзені су бассейніне байланысты мәселені арнайы қарап, тиісті шаралар белгіледі. Бірақ, В.Инюшин сияқты ғалымның өзен суын тазартудағы жобасы назарға ілінбей қалғаны өкінішті-ақ. Жоғарыда айтылған керосин көлінен туындайтын апаттың жағдайы да әкімдік отырысында талданбауы, “жабулы қазан” күйінде қала беруі қатты алаңдатады. Ал керосин көлі Ертіске мысықтабандап өте таяп қалды. Керосин көлі халықаралық дәрежедегі жанжал тудырмас үшін республика Үкіметі бұрынғы Кеңестер әскери қаруының мұрагері Ресейден де шұғыл көмек көрсетілуін батыл түрде талап етуіміз керек. Бүгін, дәл қазір мұны қолға алмасақ, ертең сан соғып қалатынымыз анық.