Бір жарым жылға жуық уақыт өтсе де, Сирия «Араб көктемінің» ықпалын сезінумен келеді. Араб әлемінің жүрегі саналатын Сирияда қан төгілді, адам шығыны күннен – күнге өсіп келеді. Алпауыт елдердің экономикалық – саяси амбициялары Дамаскінің жағдайын күрт төмендетіп, жағдайды ушықтырып жіберді. Демократия атты теорияны ойлап тауып, «адам құқықтары мен бостандықтары тапталып жатыр» деген желеумен сан мыңдаған жазықсыз жанның өліміне себепші болған да алпауыт елдердің жеке амбициялары. Дәл қазір әлем Сирияға көз тігіп отыр. Ресей + Қытай, АҚШ+Еуроодақтың саяси ойындарының нәтижесін күтіп отырғандай. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұнайы бар елдің жағдайы мұнайсыз елге қарағанда қиынырақ екен. Геосаяси – экономикалық мақсатты көздегендердің саяси технологиясын аңдумен күнің өтеді екен. Жалпы алғанда Араб әлемі төңкерістен көз ашпай қалды. «Араб көктемінің» салдарынан шығындалған қалаларды қалпына келтіру, тақтан кеткен бірінші басшыларды қайта таққа сайлау арқылы әкелу көптеген қиыншылықтарға ұрындыруда. Адам құқықтары мен бостандықтарының орындалмай жатқанын ұрандатып, Ливия басшысы Муаммар Каддафиді өлтіріп демократияға жетеміз деген Ливиялықтардың арманы сол күйі орындалмай кетті.
G20 –да тағдыры талқыға түскен ДАМАСК
Жуырда Мексиканың Лос – Кабос қаласында өткен G20 Саммитінде Еуропадағы қаржылық дағдарыс, Грециядағы шиеленіскен жағдай және де Сириядағы саяси дағдарыстың шешу жолдары күн тәртібінде қаралған болатын. Дау – дамайлы Дамаск тағдыры Барак Обаманың, Путинның, Ху Цзиньтаоның назарынан тыс қалмай, Сирия алпауыттар талқысына түсті. Барак Обама Башар Асадтың тағынан кетуін талап етсе, қалған екеуі нақты жауап айтпай, Вашингтонды қолдамайтындықтарын іштей білдірді. Обаманың Асадтың тағынан кетуін талап ететіндей желеуі бар. Ол «бір жарым жылдам астам уақыт өтті. Бейбіт тұрғындар еш себепсіз өліп жатыр. Мемлекет президенттің басқаруынан толықтай шыққан. Тұрақтылықты қамтамасыз етуде АҚШ бір адамдай көмектеседі» деп барын салды. Алайда Путин мен Ху Цзиньтаоның позициясы басқашалау. Олар Башар Асадқа қолдау көрсету арқылы АҚШ – пен ерегесудің жаңа формасына көшкелі қашан. Путиннің айтуынша, «биліктің ауысуы тек қана конституциялық жолмен шешіле-ді. Ал басқа бір үшінші мемлекеттің келіп, «билікті ауыстыр» деген талабы орынсыз» деп мәлімдеді.
Ердоғанның
ашуын кім басты?
«Сирия соғысқа жақын тұр. Біз барлық күшті тек бір бағытқа ғана жұмылдыруымыз қажет. Ол — соғыста тек жеңіске жету», — деді Сирия президенті Башар Асад жаңа жасақталған Үкімет мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде. Осыдан 15 ай бұрын басталған толқу бүгінде кемеріне жете лықсып тұр. Билікті қолдаған тұрақты армия мен оппозициялық қарулы топтардың арасындағы қақтығыс бүгінде ел астанасы Дамаскінің түбінде жүріп жатыр. Башар Асад тақтан кете ме, жоқ па, оны алдағы уақыт көрсетеді. Дегенмен ресми Дамаскі қиын жағдайда тұр. Жуырда ғана Түркияның барлаумен айналысатын «Фантом» RF-4E ұшағын атып түсіруі жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді. Түріктер бұл жайлы сан түрлі пікірлерді ашық айтты да. Соңынан НАТО-ның кезектен тыс жиыны өтті. Алайда солтүстік Атланттық одақ «Сирияға басып кіруге бұл оқиға себепші бола алмайтынын» Түркияға түсіндірді. Түркияның премьер-министрі Тайып Ердоған: «Бұл қатардағы оқиға емес, үнсіз қалуға болмайды. Қарсы әрекет болуға тиіс» деп біраз ашуға да мінген болатын. Алайда Сирияның бұл оқиғаға қарсы айтары бар болып шықты. «Ұшақ тыйым салынған аймаққа еніп кетті. Бұл — тәуелсіздігімізге қауіп. Сол себепті атып түсірілді». Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Сирия түрік ұшағын атып түсіру арқылы өзге де қарсыластарына «кез келген басқыншыға осындай қарсы әрекет жасалады деген ескерту жасады» деп жазды.
Олардың жарылқаушысы
Мәскеу ме?
Саясаттанушы, Республикалық «Айқын» газе-тінің шолушысы Сейсен Әмірбекұлы: «Былтыр көктемде басталған Араб елдеріндегі бүлікке әлі нүкте қойылған жоқ. Тунис, Мысыр, Ливия, Иемен секілді мемлекеттердің басшылары тақтан тайды¬рылып, бірі шейіт болса, енді бірі сал болып, өлгелі жатса да үкімнен қашып құтыла алмауда. Не десек те, Таяу Шығыстағы саяси жағдай шиеленісіп тұр. Міне, елдегі оппозиция мен билік бір-біріне жұдырық ала жүгіріп, қойғыласып жатқанына он бес ай болды. Бірақ ешқайсысы-ның асығы алшысынан түскен жоқ. Әркім өз тірлігін дұрыс дейді. Даудың басы не? Батыс неге Дамаскіге шүйліге қалды? Жауап оңай. Ең бастысы — Сирия Батыстан гөрі Ресейдің Таяу Шығыстағы одақтасы. Сондықтан мемлекет тіз-гінін ұстап отырған адамды құртып, батысшыл бір тұлғаны үкілеп, билікке әкелу. Бар гәп осында. Егер де кезіндегі қаһарлы КСРО тарқамай бәзбаяғы қалпында тұрса, Батыс Сирия тұрмақ, Ливия, Йемен, Мысырға да ешкім тізесін батыра алмас еді. Өйткені бұлардың жарылқаушысы, арқа тұтары – Мәскеу» деп қорытыпты.
«Сирияның достары» кімдер?
Жуырда БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун осы халықаралық ұйымның Сириядағы бақылаушы-лар санын қысқартып, жанжалды саяси жолмен шешуге күш салуды ұсынды. Бас хатшы БҰҰ миссиясының Дамаскіде орналасқаны жөн деп санайды, ал бұған дейін миссия бақылаушылары ұрыс жүріп жатқан аудандарда болған кезде шабуылға тап болғаны хабарланған. Сириядағы Үкімет әскері мен оппозиция арасындағы қарулы жанжалды ауыздықтау мәселесіне монито-ринг жүргізген, құрамы 300 адамнан тұратын халықаралық бақылаушылар миссиясының ман-даты енді екі аптадан соң аяқталмақ. Мандат мерзімін тағы біраз уақытқа ұзарту мәселесін БҰҰ қауіпсіздік кеңесі келесі аптада талқыламақшы. Батыс және араб елдерінің өкілдері жуырда Парижде үшінші мәрте “Сирия достары” деген жиында бас қосып, Башар Асадтың режиміне қарсы қысымды күшейтуді ұйғарған.
Алпауыттардың аңсағаны мұнай ма,
әлде...
http://www.azattyq.org сайтының жазуынша, Сирия оппозициясының қуғындағы Үкіметі – Сирия ұлттық кеңесінің жетекшілері мен шағын оппозициялық топтардың өкілдері билікті ауыстыру жоспарын талқылау үшін тоғызыншы шілдеде Каирге жиналатын болып келісілген. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Араб лигасы ұйымдастырып, БҰҰ, Ресей және АҚШ қолдаған екі күндік жиынға Франция, Тунис және Түркияның өкілдері де шақырылған. Бірақ Сирияда Башар Асад режимімен күрес жүргізіп жатқан «Ерікті Сирия армиясы» жиын Дамаскінің одақтасы Ресей мен Иранның мүддесіне қызмет істейді» деп жиынға өз наразылығын білдіріп, айыптаған. Ал жуырда ғана Женевада кездескен бірқатар ірі елдердің басшылары Сириядағы қақтығысты тоқтату үшін өтпелі бірлескен Үкімет құруды ұсынған еді. Өтпелі Үкімет құрылған жағдайда оған Асад режимі мен оппозиция өкілдері де кіруі тиіс еді. Бірақ оппозицияның кейбір өкілдері ол жоспарды “сатқындық” деп айыптады.
Бір жарым жылға жуық уақыт өтсе де, Сирия «Араб көктемінің» ықпалын сезінумен келеді. Араб әлемінің жүрегі саналатын Сирияда қан төгілді, адам шығыны күннен – күнге өсіп келеді. Алпауыт елдердің экономикалық – саяси амбициялары Дамаскінің жағдайын күрт төмендетіп, жағдай-ды ушықтырып жіберді. Демократия атты теорияны ойлап тауып, «адам құқықтары мен бостандықтары тапталып жатыр» деген желеумен сан мыңдаған жазықсыз жанның өліміне себепші болған да алпауыт елдердің жеке амбициялары. Дәл қазір әлем Сирияға көз тігіп отыр. Ресей + Қытай, АҚШ+Еуроодақтың саяси ойындары-ның нәтижесін күтіп отырғандай. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұнайы бар елдің жағдайы мұнайсыз елге қарағанда қиынырақ екен. Геосаяси – экономикалық мақсатты көздегендердің саяси технологиясын аңдумен күнің өтеді екен. Жалпы алғанда Араб әлемі төңкерістен көз ашпай қалды. «Араб көктемінің» салдарынан шығындалған қалаларды қалпына келтіру, тақтан кеткен бірінші басшыларды қайта таққа сайлау арқылы әкелу көптеген қиыншылықтарға ұрындыруда. Адам құқықтары мен бостандықтарының орындалмай жатқанын ұрандатып, Ливия басшысы Муаммар Каддафиді өлтіріп демократияға жетеміз деген Ливиялықтардың арманы сол күйі орындалмай кетті.