Сөз арасында Мемлекет басшысы елдің алдында, атқарушы биліктің алдында тұрған маңызды мәселелерге тағы бір тоқталып өтті. Президенттің айтуынша, бұлар: индустрияландыру, өңірлерді теңгерімді дамыту және әлеуметтік жаңғыру. «Бағдарламаның бірінші жартысында не істелді? Жетістіктеріміз туралы баяндамашылар айтып өтті. Алайда, кемшіліктер де толып жатыр. 2010 жылы қолға алынған 225 жобаның 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында тек жартысы ғана 60 пайызы ғана қолға алынды. Әрине, мен түсінемін. Зауыттар өндірістік қуатқа қосылу үшін үш-бес жыл қажет. Алайда, әлгі кәсіпорындарды бастауға бір жыл берілді», — деген Елбасы Н. Назарбаев осындай кемшіліктер орын алып отырған барлық өңір басшылықтарының қаперіне оларды жою туралы ескерту жасады.
Сондай-ақ, Астанада өтіп жатқан ҮИИДМБ (Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік) іске асыруға арналған индустриялық форумда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық қамту бойынша тиісті жұмыстарды атқармай отырған әкімдер мен ведомстволарды сынға алды.
«Біз қазақстандық қамтуға белсенді кіріскен болатынбыз. Алайда, өткен жылы мемлекеттік органдарда өнімді сатып алу көлемі 5 пайызға төмендеді. Яғни, өсім болған жоқ», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы қазақстандық қамту бойынша «Теңізшевройл» компаниясында көрсеткіш 4 пайыздан астам, Қашаған жобасында 2 пайыз, «Ақтөбемұнайгаз» компаниясында 1,4 пайыз, «Қазхром» компаниясында 3,8 пайыз деңгейінде екенін ескертіп өтті. Осы орайда Елбасы бұл компаниялар Қазақстан аумағында болғандықтан оның басшылары қазақстандық қамту бойынша Президенттің және елдің заңнамасының талаптарын орындауға міндетті екенін ескертті. «Мен осы компаниялармен аталған мәселе тұрғысында жұмыс істемей отырған әкімдерді назарға алғым келеді. Сонымен қатар тиісті жұмыстарды атқаруы тиіс министрліктер де көңіл бөлуі қажет», - деп атап өтті Н. Назарбаев. «Бұл ахуал шешімді түзетулерді қажет етеді. Үкімет осы жағдайды түзетуі тиіс. Отандық тауарларды сатып алуда кен орындарын пайдаланушыларды ынталандыру үшін керек болса нормативтік базаға сәйкес өзгерістерді енгізу қажет. Бұл мәселе тұрғысында қажеттілік етсе заңнаманы да қарастыратын боламыз», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.