Eylül 03, 2012
 
 
 
 
 
 

Ұлттық телеарна қазаққа бұйырмаған

Ғаламдық саясатта ұлттық мемлекет құру идеясын ашық жүргізіп жатқан елдер аз емес. Олардың қатарына Түркия, Ресей, Қытай, Жапония, Корея сынды елдерді жатқызуға болады. Бұл елдердің өзге ұлттарға қарағанда аштан өліп, көштен қалып жатқан жері және жоқ. Бар жағынан қал-қадері жеткенше әлемдік өрке-ниет көшінің бұйдасын жетектеп келеді.Қазір іргетасын мықтап қалай бастаған рухсыз қоғамды классикалық құн-дылықтардың ескерусіз, назардан тыс қалуы қалыптастырып отыр. Кезінде көп таралымға ие кітап, газет-журналдардың орнын бұл күнде ғаламтор мен теледидар басты. Олар өз міндеттерін тез әрі нақты атқарумен бүгінгі адамзат қоғамының қозғаушы күшіне айналды.

 

Ұлттың классикалық құндылығы саналатын ертегілер, аңыз-әңгімелер бүгінгі жас ұрпақты еш қызықтырмайды. Ендеше, ұлттық идеологияны қалыптастырудағы ауыр міндет ақпарат көздерінің, теле-арналардың алмастыруы заңдылыққа саяды. Өкінішке қарай, отандық арналардың жағдайы мәз емес екендігін қазір жас бала да біледі. Бүкіл жұрт жергілікті телеарналардан гөрі (әсіресе жастар) кабельді телеарналарды тамашалайды, оның дені ресейлік. Сонда біздің ұлттық психологиямыздың қалай қалыптасып жатқандығын, қандай идеологияның жетегіндегі мемлекет екендігімізге көзің жетіп, әрі-сәрі күй кешесің.

Батысты айтпағанда, Күншығыс елдері (корей, жапон, қытай) ұлт болып қалыптасудан бүгінге дейінгі кезеңін, ұлттық құндылықтарын электрондық жүйеге (лазерлік дискіге, киносериалдарға) айналдырып, ұрпақ сабақтастығын жаңа қырынан жалғастырып, әлемдік мәдениеттер қақтығысында «жұтпаса жұтылмайтын» белеске көтеріліп отыр. Ақпараттық жетістігіміз деп ауыз толтырып айтар жаңалығымыз жоқ, халықтың күнделікті тұтыну құралы теледидар төңірегіндегі қордаланған мәселелердің өзі біздің қай деңгейдегі халық екенімізді бірден көрсетеді.

Биыл егемен ел болғанымызға толық жиырма жыл толса дағы, 24 сағат тек қазақ тілінде ақпарат тарататын бірде-бір телеарнаның болмауы — елімізге үлкен сын. Осы жағдайымызбен әлемдік стандарт цифрлық жүйеге көшкенде «мәдениеттер қақтығысының» алғашқы құрбандарына айналып шыға келерімізді бүгінгі уақыттың өзі көрсетіп үлгерді.

Телеарна — мемлекеттің негізгі идео-логиялық басты құралы. Бірақ оны оп-оңай қолшоқпарға айналдырып жіберуге болады. Алайда тоқпақтың да пайдасы асатын тұсы бар. Егер ол тоқпақпен жадыдан өше бастаған, тіпті өзінің тегі қаперіне кіріп те шықпайтын, уланған, құрбан болғандарды қазақы дүниетаныммен «соққыласаң», көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Бұлай дейтінім бекер емес. Санаға сіңісті болған тұрпайы бейнебаяндарымен, Түркия мен Корея фильмдерімен дәстүрлі мәдениетті шетке тықсырған ғаламдық ақпарат легі де сол тоқпақтың соққысы. Сол үшін қазақ халқы рухани-мәдени, әлеуметтік жағынан зиянға белшесінен батып отыр.

Оның дүмпуі әлі алда, уақыт өткен сайын санасы уланған ұрпақ түпсіз шыңыраудың маңайынан табылмақ, оның емі — тек дәстүрлі мәдениет. Оны сіңіретін ең алғашқы құрал — тағы сол телеарналар. Суды ысыту үшін от жағады, отты сөндіру үшін су құяды секілді.

Түркіменстанның немесе Өзбекстанның телеарналары қазақтың дәстүрін насихаттамайды ғой. Сондықтан барлық түйін тек өзімізге ғана қарап тұрғанын түйсінесің.

Бұрынғы Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевты қазақ тілін білмейді дедік, жарайды, ал қызыл құмның арасынан шыққан Мұхтар Құл-Мұхаммедке жол болсын, алғашында өте жақсы бастамаларды ұсынып бастап еді, кейін түбін терең қопармай, мәселенің тек бетін ғана тырмалап кеткені ащы да болса шындық. Мемлекет құрушы ұлттың тіліндегі телеарнаның қажеттілігі анық. Алайда оны жүзеге асыруда үлкен кедергілер бар. Біріншіден, Қазақстанның жағдайында телеарна құру ешқандай коммерциялық жобаға келмейді, шығыны өте көп сала. Яғни өз шығынын ақтамайды. Мұндай жағдайда қалталы жандар телеарна құруға мүдделі емес. Бұл — нарықтың талабы.

Телеарна таза идеологиялық жоба болғандықтан, оған мемлекеттің қол ұшы қажет. Онсыз қазіргі мемлекеттік саясат ұлттық саясаттың мүддесінен гөрі жалпыхалықтық бірлік, тұрақтылық деген факторларға үлкен мән береді.

Екіншіден, ұлттық телеарна құруға биліктің басым бөлігін құрап отырған Кеңес Одағының тәрбиесінен өткен ше-неуніктер мүдделі емес. Олар қызметтен тыс уақытын тағы бір оқу орнында қайтара оқып, уақыт «өлтіргісі» келмейді. Бұл мемлекетшілдік, ұлтжандылық сезімнің билік эшелонындағы әлсіздігін көрсетеді. Сол себепті қазақ халқының мүддесімен са-наспайды, талабын ескермейді, бұл ақыры бұқараның ашу-ызасын тудырады, мерзімдік әлеуметтік алданышпен отыра бермейді.

Қазір мұндай телеарналар құру қиын. Сондықтан қолда бар арналарға білікті, іскер, ұлтжанды азаматтарды әкелу арқылы ғана бұл істің түйінін тарқатуға болады. Бүгінде телеарналар басшысын жиі ауыстыру етек алып барады. Мүмкін, бұл шығармашылық түрғысынан жаңа серпін әкеледі деген үміт болар. Алайда опақ-сопақ етіп әр жерден бір шыққан басшы түбегейлі бетбұрыс жасай алмайды. Телеарналар басшысына да белгілі бір мерзім беру керек сияқты. Егер сол уақытта арнаның рейтингісі жауапқа сай болмаса, оны қайта қарауға болады.

Өз басым телеарналарда қаптап кеткен мағынасыз клиптерден қазақтың жас ұрпағы рухани қорек ала алады дегенге өлсем де сенбес едім. Батыстық стильді негіз етіп алған отандық эстрадалық өнімдерге сапа жағынан тиіспей-ақ қояйын, мән-мағына, мазмұны жағынан үлкен сахналарды бағындырмақ түгілі, көпшіліктің алдында жартылай жалаңаш әншілеріміздің секеңдеп айтып жүрген әндері «күйдім, сүйдім, өлдім, талдым» дегеннен әрі аспайды.

Өлеңнің сөзін де, әнін де, өзі жазып алатын болған, мәнсіз, нәрсіз, сөлі жоқ, тыңдағанда құлағыңның құрышын қандырмайды, керісінше, басталмай жатып-ақ шаршатып жіберетін осындай әндерді өздері орындайды. Өзі әнші, күйші, биші, сазгер, композитор болатын Ақан сері, Балуан Шолақ, Біржан сал емес қой. Ондай дарынды болып таланты асып жатса, қанекей, өз басым қуана-қуана қоштар едім.

Жуырда Мәскеуде 76 жасқа қараған шағында Кеңес Одағының әнші, актрисасы Людмила Гурченко өзінің жұлдыз екенін мойындамай о дүниеге аттанып кетті. Ал бізде ше? «Шіркін, live» адам баласына берер түгі жоқ жобаны жүргізген Маржан атты қарындас шашын тықырлап тастағаны үшін мен жұлдызбын деп әлемге жар салып, «Жұлдыздар отбасы» журналына суретке түсіп, сұхбат беріп жүр, ондайлар бізде қаншама.

Мысалы, «Жұлдызбен жүздесу» бағдарламасын Нұрлан Еспанов «31 арнадан» жүргізеді, ондағы тілдік қолданыс аясы да, эфир эстетикасы да ақсап жатыр, деңгейі өте төмен. КТК телеарнасынан «Наша Казаша» деп өздері қазақ болғанына қарамастан, қазақты сонша масқаралау, сайқымазақ етіп көрсету — барып тұрған сорақылық, осы үш жігітке тоқтау айтатын Қазақ жерінде бір қазақтың табылмауы көңілге кірбең ұялатады. Ал біз қайдағы ұлттық танымды айтып, қаралай безек қағамыз.

 
Yorum yaz / share.thought
Қамшыбасар  Diğer Başlıklar
Рухыңды түсірме, ағайын!
Ашкөздік пен алаяқтықтың алды — ор
Жамбылдың полицейлері қайда қарап отырады?
Капитализм қазақтың көз жасына қарамай тұр
Жарнама ілуде жадымызға сақтар жайттар көп
Найманға күл шашу – Қазақты кемсіту, Уәке!
Улы пакеттен келер пәлекет
Жер мен су ешкімдікі емес, ол халықтікі
Әу, қазақ, қалған жоқ па намыс бойда?
Айығу
Айналайын әкім, ауыл тағдыры сенің қолыңда!
Арқалықтықтардың мұңы Үкіметке қашан жетеді?
Қазаққа қатыгездік пен мәңгүрттік қайдан келді?
БІЛЕК СЫБАНҒАН ЖАСТАРҒА ЖҰМЫС БАР
Банкті тонаудың “шонжылық үлгісі”
Қызылжар көзден бал-бұл ұшты
«Көркейе бер, Ақтөбем!»
«Жемсауы кең «Казкомның» жемтігі болдым»
Батысқа қарап қыз өссе қасірет пе?..
Ынтымағымыз да, жетістігіміз де Ата Заңымыздың арқасында
Жер мен үй жесірдікі ме, жетімдікі ме?
Жолақыны қымбаттаттың ба, мәдениетіңді түзе!
Барша байлық адам еңбегімен жасалады
Cегіз айға созылған қудалау
Yazarlar