Haziran 24, 2015
 
 
 
 
 
 

Тәуелсіздігімізге сына қағатын бірде-бір ұйым бізге қол емес!

Бүгіндері қасиетті қазақ жері ашуланғанның «арынын» басатын, басылғанның «жалынын» шашатын, асқынғанға басалқы сөз айтатын тұғырлы мекенге айналды.  
 

Соның жарқын мысалы — Сарыарқаның төсінде екінші рет өткізіліп отырған «ХІ Еуразиялық медиа форумы». Әлемнің 46 елінен (600 делегат) келген салмақты сарапшылар мен қаламы жүйрік журналистер және танымал саясаткерлер, экономистер Ауғанстан мәселесі, «Араб көктемі», терроризмге қарсы күрес, Еуразиялық экономикалық одақ, дағдарыс қысқан Еуропа, Кипр «синдромы», ақпараттық қауіпсіздік пен медианың жаңа бағытын талқылады. Пікірсайыс алаңына айналған қазақ даласындағы медиа форумды тікелей желі арқылы, еш бүркемесіз 350-ге жуық әлемдік және отандық БАҚ өкілдері екі күн бойы жер-жаһанға жар сала таратты. Барша әлем қазақ даласында өтіп жатқан жиынға қызыға да қызғана көз тастағаны анық.Бұл жолы аталмыш форумнан көңілімізге түйген ойларымызды, ұрымтал сәттерді, ширыққан мәселелерді ғана сараптап ұсынғанды жөн көрдік.

«ХІ Еуразиялық медиа форумның» тұсауын кескен Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы келген қонақтарға құтты қонақ келсе, қой егіз табатынын, татулық пен бірлік қана белеске көтеретінін, қызуқандылықтың жарға жығып, сабыр мен ақылдың ғана шыңға апаратынын астарлы ойларымен, алыстан байқайтын көрегенділігімен жеткізе білді. Сосын Форумның негізгі мақсаты мен мүддесіне тоқталды. Одан әрі Қазақстан көшбасшысы бұл форумның еуразиялық ықпалдастықты дамытуға зор үлес қосқандығын айта келіп, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап, үш ел (Ресей, Белоруссия, Қазақстан) Еуразиялық одақтың іргетасын қалайтынын атап өтті.

Осы жерде өз ішімізде де, тасы өрге домалап тұр деп әспеттейтін батыста да, базбіреулер Еуразиялық одаққа үреймен, күдікпен қарайтынын жасырғымыз келмейді. Тіпті АҚШ-тың экс-мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Кеңес Одағының қайта қалпына келуіне Американың тосқауыл қоюға тиістігін айтып, байбалам көтергені көпшіліктің есінде болар. Осы секілді қиғаш көзқарастардың туындап, қайран уақытты «қидалап» тастап, форумда берекені қашырмауын қалаған Елбасы сөзін қысқа қайырды. Анталаған сұқ көздерге, алып-қашты сөздердің «көмейіне» құм құйды. Болашақ Еуразиялық одақтың мүшелері өзге әлемнен оқшауланбайтындығына, барлық мемлекеттермен белсенді ынтымақтастықты жалғастыратындығына нақты дәлелдер келтірді. «Біз, әрине, «Бұл не қылған Одақ» деген сөздерді естиміз, бізге басқа елдерге барғанда, сұрақ қояды. Тіпті «Ресей тағы да империя жиюда, жаңа Кеңес Одағын құруда» деген байламдар айтуда. Барып тұрған абсурд! Біріншіден, бүгін әлемнің ақпарат құралдары алдында нақты атап көрсеткім келеді, Қазақстан өзінің жүздеген жылдық тарихында тұңғыш рет Тәуелсіздік алды. Біздің халқымыз өз тарихында алғаш рет еркіндік дәмін, азаттық дәмін сезінді. Біз еш күмәнсіз, осы Тәуелсіздігімізді ешкімге беріп қойғалы отырған жоқпыз! Егер қандайда бір бірлестіктер еліміздің Тәуелсіздігіне, Ата заңына нұқсан келтірсе, біз шұғыл түрде ол ұйымды тастап шығамыз!» — деді Елбасы.

Сондай-ақ, ол журналистер мен халықаралық сарапшыларды Орталық Азия мәселелері мен жағдайын байсалды және шынайы бағалауға шақырды. «Біреулер Ауғанстаннан коалиция әскерлері кетісімен, Орталық Азияда тұрақсыздық орнайтынын айтып, жағдайды ушықтыруға өте қатты құштарланып отыр. Мұндай тарихта ендігі болған. Талибандар да, басқалары да үстемдік етті, бірақ біздің өңірде тұрақсыздық жойылған жоқ», — деген Президентіміз Орталық Азияда бірінші кезекте түйінін тарқатуды қажет ететін проблемалар сырттан төнетін қауіп-қатерлер емес, ішкі мәселелер екендігін «соқырға таяқ ұстатқандай» талдап берді.

Осылайша, Медиа форумның алғашқы күні Ауғанстан мәселесі талқыланды.

Қырғыз Республикасының Халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы Қаныбек Иманәлиев Ауған халқына мүмкіндік беруіміз керек деген ойын ашық айтты.

Ал Юрий Солозобов, саясаттанушы (Ресей): «Сөз жоқ, Американың Ауғанстан еліне әсері болды. Бірақ ішкі ахуал тұрақтанды деп айтуға келмейді. Мәселен, есірткінің таралымы 44 есеге өсті. Бұл — бұрын-соңды болмаған жағдай. Еуропаны есірткімен қамтамасыз ету үш бағыт бойынша жүзеге асуда. Бізге де оның кері әсері тиюде. Біздің ресейлік оқушылар Ауғанстан есірткісінің құрбаны болуда. Бұл бізге кері әсер етіп отырғанымен, кейбіреулер үшін экономикалық тұрғыдан тиімді!» — деп ашына үн қатты.

Ертесіне делегаттар Таяу Шығыстың шырқын бұзған шиеленістерге мән берді. Сондай-ақ, «онсызда ушыққан Сириядағы жағдайды кейбір ақпараттық медиалардың сөзбен көсеп, арасына ши жүгіртулері — арандатушылық!» — деді танымал ресейлік журналист Максим Шевченко. «Сириядағы соғыс дегенде мен оны екі түрге бөлгім келеді. Бірі әскер тайталасы болса, екіншісі – менің еліме төнген БАҚ арқылы жасалып отырған шабуыл. Тіпті, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан елдердің саны 30-ға жетпесе, қазіргі күні Сирияға әлемнің 70-тен астам елі қарсы. Бұл өте қорқынышты. Дегенмен, біздің ертеңгі күннен үмітіміз мол», — деді сириялық журналист Нәбил Омран.

Соңғы кездері ең көп талқыланып жүрген тақырып — «жасыл» экономика. Сарапшылар бұл туралы да сан түрлі пайымдарын ортаға салып, пікір алмасты. Андрей Левченко, «РБК» телеарнасының жүргізушісі: (Ресей): «Жасыл экономика дегеніміз сапалы тауар шығару ма? Жоқ. Бір ғана жауап бар. Қай мемлекеттің халқы бақуатты өмір сүрсе, қарышты экономика сонда. Қазақстан 2050 жылы экономикалық моделін қайта құруға бет бұрғанын мәлімдеді. Мұраты асқақ, «жасыл» экономикаға жақындамақ», — деді. Бұл біздің елге берілген әділ баға секілді көрінді.

Афродита аралындағы ауыр ахуалды ой елегінен өткізген спикерлер сөз тізгінін ақпараттық қауіпсіздікке тіреді ақырында. Бұл жолы да сарапшылардың пікірлері сан алуан болып, бір ізділікке түспеді. Бірі әлеуметтік желілер қорқыныш пен қауіп тудыратын қару екенін қаперге салды. Екіншілері журналистер «бұдан көл-көсір пайда табуға болады» деп, өз байламдарын дәлелдеуге тырысты.

Дариға Назарбаева, Еуразиялық медиа форумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы: «Бір әфсана мен қасаң қағиданың орнына өзгесі келіп жатыр. Кейбір асыққан сәуегейлер телевизияны «жерлеп» те тастады. Әйтсе де, әлемдегі телетұтыну көрсеткіші барған сайын өсіп барады. Аудиторияның сенімі тұрғысынан қарасақ, телевизия әлеуметтік медиадан оқ бойы алда тұр. Мұны көрмеу не өзіңді алдау, не басқаларды қасақана адастыруға тырысу», — деп, өз көзқарасын білдірді.

Еуразиялық медиа форумның екінші күнінде дағдарыс қыспағындағы Еуропалық одақ пен Кипр «синдромы» тақырыбында медианың маңдайалды журналистері мен аузы дуалы сарапшылар, белді экономистер қызу пікір таластырды. Олар ой алаңында Еуразиялық экономикалық одаққа қарай бағыт алған Кедендік одақ мүшелері Қазақстан мен Ресей және Беларусь мәселелері жөнінде пайымды тұжырымдар жасады. Басқосуда сөз алған Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов: «Кедендік одақты жылдам құрудағы басты мақсат — дағдарысқа қарсы төтеп беру», — деді. Расында, қазір Еуропалық одақ жіберген олқылықтар басқаларға сабақ болары сөзсіз.

Сөзіміздің соңын «қонақ аз отырып, көп сынайды» деген тәмсілге салып, «Әл Жазира инглиш» телеарнасының жүргізушісі Риз Ханның пікірімен аяқтамақпыз.«Пікірталас өте қызу жүрді. Еуразия медиа форумы бір жағынан — ойталас, екінші жағынан — көзқарастар тоғысы, үшіншіден — перспективалар көкжиегі. Олар бір-біріне ұқсамайды. Форумның өзі бұған дейін мен қатысқан жиындардан өзгерек. Кеңестік дәуірде Орталық Азия сан жылдар бойы көзден тасада қалды. Батыс та Қазақстан мен оның көршілері жайында көп білген жоқ. Бұл жердің халқы мен мәдениетінен де бейхабар еді. Форумға қатысқаннан кейін шет мемлекеттерде Орталық Азия елдеріне деген көзқарас өзгереді деп ойлаймын».

 

 
Yorum yaz / share.thought
Астана  Diğer Başlıklar
"Халықтар достығын" дәріптеген ел өз қандастарын шеттете бере ме?
Президент кәсіпкерлерді ұлтқа қызмет етуге шақырды
Қиянаттың қамшысы, шенеуніктің «соққысы» тигендер «Нұр Отанға» жүгініп, әділдік іздейді
Үшемнің зарын Тасмағамбетов неге естімей отыр?
Генерал Б.Ертаев майтабандарды құрылыс батальонына жіберуді ұсынды
Кінәлі гендерлік саясат па, үкімет пе?
«Хан шатырдың» алдында есек мінген бала...
Ассамблея «асқан асулар» немесе халықтар достығын саясатқа айналдыру қаншалықты дұрыс?
Жүйкеңді қыбырлатса да, денеңді жыбырлатпайтын кітап
Ақшаның буына мастанбаңыз, Григорий мырза!
Екі жылда жарты миллион шарана жойылған
Министр ханымды састырған не?
Түріктен бауыр тапқаныма шүкіршілік етемін
«ТЕМІР ТҰЛПАРЛАР» САТЫЛАТЫН ОРТАЛЫҚ
Ішкі саясат ішіндегі «ілік» саясат немесе БАҚ-ты белден басқан басқарма
Бізді сыйламаған өзге этностарға ренжиміз бе, әлде...
Жалақыға зар болып, опық жегендер
«Құдыққа құлаған» құландық тәртіп сақшылары
Бюджеттің жыртығын арақпен жамау — масқаралық!
Рухы мықты елдің еңсесі биік
Сақ болыңыздар: телефонда «Алаяқ»
Кедендік одақ алкоголь саясатын өршітіп отыр
Қоғамдық көлік қызметінде ана тіліміз ақсап тұр
НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРМЕЙТІН ХАЛЫҚ ЕДІК
Қамшыбасар