Халық неге алданды?
Өткен 2004 - 2006 жылдары көптеген шетелдердегі сияқты біздің республиканың да кейбір ірі қалаларында, әсіресе екі астанада жойқын құрылыс жұмыстары басталып, әр түрлі атпен аталған ірі-ірі тұрғын үй кешендері бой көтерген еді. Кейбірі 1-1,5 жылдың ішінде салынып бітіп, халық жаппай үйлерін сатып, банктерден оңай несие алып, жаңа үйге көшіп жатты. Аттары тіпті құлағыңның құрышын қандыратындай «Базис», «Қуат», «Ақ ауыл» сынды т.б. алпауыт корпорациялар мен «Премьера», «Елім-ай», «Елисейские поля», «Аксайское предгорье», «Яблоневый сад», «Өмірұзақ», «Шығыс» атты және сол сияқты т.б. тұрғын үй кешендерінің қала көшелерінде ілінген түрлі-түсті жарнамалары халықтың көзайымына айналып, олардың назарын еріксіз өздеріне аударды. Көздің жауын алатындай осы бір билбордтар мен плакаттарды көрген жұртшылықтың қуаныштан көздері қарайып, басы айналып, өмір бойы жинаған ақшаларын сол компанияларға өз қолдарымен апарып беріп, қалай алаяқ-тардың тұзағына түскенін де байқамай қалды. Ақыры қуаныштың аяғы құрдымға кетіп, 2007 жылдары басталған әлемдегі жаппай дағдарыс құрылыс компанияларына да кері әсерін тигізіп, олар да құмға сіңген судай біртіндеп жойыла бастады. Ал осы компанияларға қалтқысыз сенім артқан қарапайым халықтың үміті де үзілгендей болды. Өздерінің тұрып жатқан жалғыз баспанасынан айырылып немесе өмір бойы жинаған ақшасына жаңа үй сатып аламын деп алданған халық, міне, 5 - 6 жылдан бері армандарына жете алмай санын соғып, бүгінде «үлескер» атанып, бала-шағасымен пәтер жалдап, тоз-тозы шығып, тентіреп, далада қалған еді...
Үкімет үлeскерлeрді далаға тастамады
Бірақ, «үмітсіз шайтан» демекші, қор болып жүрген үлескерлердің бағы жанып, ендігі жерде олардың тағдырына Елбасы араласып, үкім шығарып, мемлекет тарапынан қаражат бөлуді ұйғарды. Бұл шешімді қолдаған Үкімет басшылары да үлескерлерді өз қамқорлығына алды. Сөйтіп, біртіндеп құрылыс кешендерінің жұмыстарына жан біте бастады.
Алматы облысы бойынша 2008 жылы барлығы 20 тұрғын үй құрылыс кешені болатын. Ал олардың құрамында өздерінің жаңа пәтерлерін сарғая күтіп жүрген үлескерлердің саны 4 мың адамды құрады. 2009 жылдың қорытындысы бойынша сол құрылыс объектілерінің 13 тұрғын үй кешенінің мәселесі шешіліп, 1,5 мың үлескер өз пәтерлеріне ие болды. Қалған 2,5 мың үлескер әлі күнге дейін өздеріне тиесілі пәтерлерін ала алмай әлек.
Осындай күрделі мәселені шешу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылы шыққан № 1039 қаулысы қайта қаралып, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның нәтижесінде Алматы облысының барша үлескерлерінің проблемасын шешуге мүмкіндік туды. Үкіметтің осы қаулысының негізінде 2009 жылдың 9 сәуірінде үлескерлердің қатысуымен жүргізілетін тұрғын үй құрылысы мәселесі бойынша Алматы облысы әкімшілігінің өкілетті ұйымы «Жетісу Жаңа Құрылыс» ЖШС құрылды.
Осы жаңа өкілетті ұйымның арқасында Алматы облысының әкімшілігі Алматы маңындағы Қарасай ауданына қарасты «Премьера» тұрғын үй кешенінің құрылысын толық аяқтауға шешім қабылдады. Бұл кешенге тек «Премьераның» үлескерлері ғана емес, сонымен қатар олардан артылған тұрғын жайларға Алматы облысының басқа да, яғни «Елім-ай», «Өркен», «Шығыс», «Аксайское предгорье», «Яблоневый сад», Өмірұзақ» және «Бесағаш-2» тұрғын үй кешендерінің үлескерлері де орналастырылатын болады.
Бұл бастаманы ҚР Қаржы министрлігі, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, ҚР құрылыс жұмыстары жөніндегі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы Агенттігі де қолдап, 2010 жылдың 10 маусымында ҚР экономиканы модернизациялау жөніндегі Мемлекеттік комиссиясына ұсыныс жасады. Комиссия оң шешім қабылдап, осы мақсатқа мемлекет тарапынан 17,155 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржы 2010-2011 жылдары толығымен игеріліп, «Премьера» тұрғын үй кешенінің құрылысын толық аяқтау көзделген.
Ал одан бұрынырақ осы тұрғын үй кешендеріне арнап салынатын магистраль-дық инженерлік жүйелердің жобалары мен олардың құрылысына республика қазына-сынан 2009-2010 жылдарға 11,566 млрд. теңге бөлінсе, қазір ол қаржы толығымен өз мақсатына жұмсалып, жобалардың құ-рылысы аяқталып келеді.
Үстіміздегі жылдың маусым айының қорытындысы бойынша «Премьера» тұрғын үй кешенінің 820 үлескерімен үш жақты келісімшарт жасалды. Сондай-ақ, басқа құрылыс кешендерінің үлескерлерінің келісімі арқылы оларды да тіркеу жұмыстары аяқталып келеді. Яғни, бүгінгі таңда «Елім-Айдың» 641 үлескері, «Шығыстан» 364, «Өмірұзақтан» 116 үлескер, «Бесағаш-2»-ден 55 үлескер, «Өркеннен» 14, «Яблоневый садтан» 31, «Аксайское предгорьеден» 103 үлескер тіркеліп, «бір үлeскерге бір пәтерден ғана берілeді» деген ұстаным бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Бүгінгі таңда құрылыс алаңындағы барлық 28 нысанның нольдік циклдары тәмамдалды. Бұрынғы мердігерлер сонау 2007 жылы тұрғын үй кешенінің төрт үйінің төменгі қабаттарын салып үлгерсе, ал үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап барлық 28 құрылыс объектілерінің жұмыстары нольдік циклдан өтіп, жоғары қабаттарға көтеріліп, құрылыс қарқынды жалғасуда. Алаңдағы барлық объектілердің басты жоспарлары мен ситуациялық схемалары жасалып, көп қабатты үйлердің бірінші қабаттарының сәулеттік жобалары қайта қаралып, жаңадан жасалды. Әрбір үйдің аулалары жаңадан жобаланып, оның алаңдарына балалар ойнайтын құрал – жабдықтар мен жасыл шыршалар және жасыл желектердің түр-түріне дейін отырғызылу да көзделіп отыр. Үйлердің сырт келбетіне де үлкен көңіл аударылып, олардың құрылысы біткен соң сыртқы қабырғаларына тың материалдар қолданылып, түрлі-түсті бояулармен әрлендірілетін болады.
Жылдың басында құрылыс объектілерін салатын компаниялар арасында тендер жарияланып, құрылысты жалғастыруға отандық «АГС Пласт», «Компания ГеоСтройСервис LTD», «Development Building Compaany Таймас», «Шымкентстрой», «Келешек» және де түріктің «Meric Gurup» ЖШС сияқты 6 мердігерлік компаниялары осы тендерді жеңіп алып, құрылысты әрі қарай жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Қазір олардың бәрі де өздеріне тиесілі құрылыс объектілерін бөліп алып, кешендегі көп қабатты үйлердің құрылысына қызу кіріскен.
Сондай-ақ, көп қабатты үйлерге қазіргі заманғы лифтілерді (жедел саты) орналастыру үшін «Лифт сервис Групп» ЖШС да тендерді жеңіп алған болатын. Қазір олар құрылыс объектілерін арнайы құрал-жабдықтырмен қамтамасыз етіп және оларды монтаждау жұмыстарымен айналысып жатыр.
Бүгінгі таңда мұнда мыңнан аса құрылысшы еңбек етіп, оған 50-ге жуық техника жұмылдырылса, алдағы уақытта жұмысшылардың саны 5 мыңға жетіп, үш ауысымға бөлініп, тоқтаусыз жұмыстар атқарылу көзделіп отыр. Барлық құрылыс-монтаждау жұмыстары еңбек кестесіне сай жүргізілуде. Құрылыс кешенінің аяқталу мерзімі келесі 2012 жылдың мамыр айының 30 аяқталады деп көрсетілген.
«Премьера» тұрғын үй кешенінің құрылысы өзінің белгіленген мерзімінде аяқталу үшін әр сенбіде құрылыс алаңының басында Алматы облысы әкімінің орынбасарлары Амандық Баталов пен Болат Тәкенов және «Жетісу Жаңа Құрылыс» ЖШС-нің директоры Бахтұр Жолжановтың қатысуымен арнайы штаб жиналысы өткізіліп тұрады. Жиналыстан соң міндетті түрде осы құрылыс алаңында атқарылып жатқан барлық саладағы жұмыстардың сапасы тексеріліп, құрылыс барысы бақылауға алынып отырады. Сондай-ақ, әрбір аптада белгілі мөлшерде атқарылатын жұмыстың еңбек кестесі жасалады. Облыс әкімінің орынбасарлары мен «Жетісу Жаңа Құрылыс» ЖШС-ның басшылары құрылысшылардың сол еңбек кестесінен қалып қоймауын көздейді. Құрылыс жұмыстары бітіп, үлескерлер өз пәтерлеріне ие болғанша штаб жиналысы өз жұмысын тоқтатпай, әрі қарай жалғастыра бермек.
Енді үлeскерлeрді
не мазалайды?
Әр сенбіде өткізіліп тұратын штаб жиналысына тек құрылыс басшылары мен мамандары ғана емес, сонымен қатар үлескерлер де қатыса алады. Сондықтан қарқын алып жатқан құрылыстан көпшілік үлескерлер хабардар. Бірақ олардың көкейін тесіп, мазалап отырған ең басты нәрсе бар. Ол – бір пәтерден артық үй ала алмайтындығында. Себебі сонау 2005-2006 жылдары жаңадан тұрғын үй кешендері жария болып, жаппай құрылыс басталғанда көпшілік қауым бір емес, бірнеше пәтерлерге өз қалтасынан ақша төлеп, кезекке тұрған болатын. Ол кезде қанша пәтер аламын, оны кімнің атына жазамын десең де өз еркіңде еді, ешкім оған тыйым салмаған, керісінше неғұрлым көп пәтер сатып алғандарға ризашылығын білдіріп отырған еді.
Ал біздің әңгімеміз пәтер сатып не оны жалға беріп, бизнес жасаймын дейтіндер туралы емес, өмір бойы кішкентай немесе ескі үйінде тығылысып, бала-шаға, ата-енесімен бірге тұрып келе жатқандар, не болмаса бірнеше отбасы бір үйге сыйыспаса да, соған қарамай бір-бірлеріне қабақ шытпай араласып-құраласып өмір сүріп жатқандар жайында. Өздерінің бірнеше жыл бойы ішпей-жемей жинаған сол ақшаларынан айырылып немесе ескі үйлерін сатып, енді міне 2-3 үйге бөлініп, үлкен пәтерге ие болып, кеңшілікке қолымыз жетеді ме деп отырғандардың армандары келмеске кетіп, күйзеліске ұшырағандары қаншама.
Мәселе мынада, Үкімет бір жағынан үлескерлерге қол ұшын беріп, қамқорлық көрсетсе де, екінші жағынан өздеріне тиесілі пәтерлеріне қол жеткізе алмайтындай шара қолданып отыр. Яғни, бір тұрғын үй кешенінің бір үлескері бірнеше пәтерге өз қалтасынан ақша төлесе де, бір-ақ пәтерге қол жеткізе алады екен. Бұл бір жағдай. Ол түсінікті делік. Ал кейбір үлескерлер әр түрлі кешендерден бір-бірден 2-3 пәтер сатып алса да, оларға да қойылатын шарт жоғарыдағыдай. Бұл ақылға сиымсыз нәрсе. Кешендердің бәрінің басын біріктіріп, бір жерден үй беріп жатқан Үкімет басшылары емес пе? Оған үлескерлер кінәлі емес қой!
Осыған орай, Алматы облысы әкім-шілігінің өкілетті ұйымы «Жетісу Жаңа Құрылыс» ЖШС басшыларына: «Үлeскерлeрге үй жете ме?» — деп сұ-рақ қойғанымызда, олар «үлeскерлeрдің барлығына да жетеді» деп жауап берді. Алғашқы құрылған сәттен бастап үлескерлермен тығыз байланысып, жұмыс атқарып, олардың барлық проблемаларын шешіп келе жатқан өкілетті ұйым басшылары осы мәселеге келгенде дәрменсіздік танытып отыр. Ал оның шешімін тек Үкімет басындағылар ғана таба алатын сияқты.
Біз бұл келеңсіздіктерден байқағаны-мыз, егер 2-3 пәтерге мұқтаж болған үлескер өзінің қалтасынан осы пәтерлерді сатып алу үшін ақша шығарып, бірақ оларды ала алмаса, онда ол пәтер Үкіметке өтіп, солардың қарамағына енеді. Демек, ол пәтерлер басқаларға сатылады деген ой туады. Сонда бейкүнә үлескерлер сатып алған артық пәтерлерін өздеріне қашан қайтарып ала алады? Ол үшін Үкімет тағы да қосымша тұрғын үй кешенін салып беруі керек емес пе? Ал оған қаржыны қайдан алмақ? Ол құрылыс қашан, қай жылы аяқталмақ?..
Онсыз да 5-6 жылдан бері үйлерін сарғая күтіп, тентіреп далада жүрген, үміттері үзілгелі тұрған үлескерлердің жағдайлары мәз емес. Міне, осындай келеңсіздіктерді Үкімет басындағылар ескеріп, оң шешім қабылдаса екен дейміз.
Түйін
нeмeсe үлeскерлeр өтініші
Егер халықтың қанатын қатайтып, олардың ертеңге деген сенімін арттырамын десе, Үкімет басшылары райынан қайтып, маңдай терлерімен жинаған ақшаларына сатып алған үйлерін үлескерлердің өздеріне түгелімен қайтарса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана халық Елбасы мен Үкімет басшыларына шын ризашылығын білдіріп, солардың салған сара жолымен алға қарай ұмтылары сөзсіз.