Ağustos 15, 2012
 
 
 
 
 
 

Садақаның сауабы

Адам баласы – жаратылысынан құбылмалы. Кейде періштелерді де таң қалдырарлықтай жақсылық жасауда алдына жан салмай жанталасса, кейде жасаған жамандығынан ібілістің өзі жағасын ұстайтындай, хайуаннан да төмен дәрежедегі пиғылдарды жасауы мүмкін. 

 

Бір басында қуанышы мен қайғысы, реніші мен шаттығы бар адамның көңілі үнемі өзгеріс үстінде болады. Кейде өз еркімізбен көңіліміз шалқып, рухани серпілгеніміз соншалық – бар байлығымызды қайырымдылыққа жұмсауға бармыз. Жасыратыны жоқ, нәпсіміздің ығына жығылып, ауытқыған кезімізде «Шық бермес Шығайбай» бола бастағанмын ба? - деп те қаласың кейде. Қалтамыздан қағылып қалған немесе ақшамызды жоғалтып алған сәтте айтатын сөзіміз біреу-ақ. «Өй, садақа!»,-деп өзімізді алдандырудың амалын таппаймыз.

Ислам діні – жәрдемдесу діні

Амалсыз берілген ақша мен ерікті түрде берілген садақаның арасы жер мен көктей емес пе? Бірде, бір бай ағамыз, үйін тінтуге келген қарақшылар-ды көргенде, қорыққанынан сұраған сомасын екі сөзге келмей қолына ұстатқанынан хабарымыз болған-ды. Сірә, жанын сақтап қалғанына қуанған болса керек. Міне, сол көзден бал-бұл ұшқан түкке тұрғысыз қаржының ең кемінде үштен бірін садақа етіп берсе, мұндай жағдайға душар болмас па еді, кім білсін? Құбылмалы көңілдің сараңдыққа бет алған тұсы осын-дай көріністермен аяқталып жатады. Осы тұста Ардақты елшіміздің (с.ғ.с.) мынадай хадисі ойға оралады. Бір күні Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір сахаба: «Уа, Аллаһтың елшісі! Қандай садақаның сауабы көп?» — деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с.): «Денсаулығың мықты кезің-де, әрі бойыңды сараңдық билеп, байыған үстіне баюды көздегеніңде берген садақаның сауабы мол болады. Ал зекет пен садақаны жан алқымға келіп, «мынаншасын пәленшеге берем, мынаншасы да түгеншенікі» дейтін өлім аузындағы сәтке дейін кешіктіруші болма. Себебі сен өлген соң, жиған-терген дүниең онсыз да түгеншенікі болады» — деген еді. Расында, садақа беру жомарттықа жетелейді, ал жомарттық жұмаққа шарлайды. Себебі тағы бір хадисте: «Жұмақ – жомарттардың мекені», - делінген. Ал, енді осы садақамызды кімге беруіміз керек? Бүгінгі мәселеміздің өзегі де осы.

Жалпы, Аллаһ разылығы үшін жұмсалған дүниені садақа деп айтамыз. Жаратушымыздың берген дәулетін кімге беріп, қайда жұмсайтындығымыз мына аятта айтылған: «Мұхаммед (с.ғ.с.) олар сенен Аллаһ жолында не беретіндіктерін сұрайды. Нендей хайыр сарып қылсаңдар, әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін қайырымды-лық ретінде не істесеңдер Аллаһ оны біледі», (2, Бақара-215). Мұсылман кісі қайырымдылық жасайтын болса, алдымен өзін дүниеге әкелген, бағып-қаққан ата-анасынан бастап, ағасына, әпкесіне, інісіне, қарындасына, одан кейін жақын туысына, содан соң жақын көршісіне, жарлыға, міскіндерге көмектесуі, ал, жағдайы келмесе, ең болмаса сәлем беріп, хал-ахуалын сұрауы керек. Адам дүниенің соңына түсіп, рухани азығын ұмыт қалдырмауы тиіс. Себебі, асыл дініміз айналамызға шама қадарынша қол ұшын беруімізді бұйырады.

«Ислам діні жәрдемдесу діні десек, асырып айтпаған боламыз. Өйткені, Ис-лам дініндегідей өзге діндерде жәрдем беру мәселесіне кеңірек тоқталмаған. Адамзат тарихынан білетініміздей, Ислам діні келген кезеңге дейін бірде-бір елде жарлы мен байдың, әлсіз бен күштінің, әйел мен ер-азаматтың арасындағы құқық пен теңдік болмаған. Ал ислам діні адамдардың бір-біріне жәрдем қолын созып, қарайласуды алдымызға міндет етіп қойды, діни, ахлақи тұрғыдан сауапты амал екендігін білдіреді», — дейді ҚМДБ оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейтбеков.

Садақаны танып-білмейтін кісіге беруге бола ма дегенде, алтын дәуірдегі болған ескі оқиға есіңе түседі. Бір сахабаның түн ортасында жолға шығып ұрыға, екінші күні зинақор әйелге, үшінші рет шыққанда ауылдың ең бай адамына садақа бергендігі белгілі болады. Сонда садақаны қолына алған ұры ұрылығын тиып, жезөкше жаман қылығын тастап, бай да жомарт болған көрінеді. Шытырманды қиындықта арам малмен күнелтіп жүрген ұрыға тегін берілген садақа әрине қайырлы. Жиіркенішті әрекетімен тәнін саудалаған әлгі қызға да риясыз берілген садақа ойландырмай қоймас. Өзінен төмен дәрежедегілер садақа ұсынып отырса, байекеңнің сараң болуына жол болсын! «Мына байғұс, менен кедей бола тұра, маған садақа беріп отыр. Әй, мен одан да көп бере алады емеспін бе?» — деп сараңдығын сап тыйып, сыйлы кісіге айналып шыға келген.

Қайыршылардың барлығы шын кедей ме?

Құдай сақтасын, бүгінде «қайыршылық – ол бизнес» деген ұғым бірегейлікке айналып бара жатқан сияқты. Бәрі бірдей емес-ау, бірақ көз көрген оқиғалар баршылық. Көше жағасында, автотұрақтарда, мешіт айналасында, базарларда аянышты халде қол жайып тұрған қайыршының жиналған садақасын жол жөнекей ішімдікке немесе керексіз заттарға жұмсағанын көріп, кері шегініп қаласың. Көпшілік орталарда бір жапырақ қағазға: «Менің құлағым естімейді, сөйлей де алмаймын. Аллаһ разылығы үшін мына заттарды сатып алыңыздаршы», — деп кеңсе заттарын ұсынып жатқан өрімдей жеткіншектердің жол соңында аңдаусызда ұялы телефонымен кәдімгідей сөйлесіп бара жатқанын көргенде, өзіңнің қандай халге түсеріңді елестете бер. Жағаңды ұстайсың. Бұл қалай?..

Қария кісілер болса бір сәрі, тепсе темір үзетін қара нардай жігіттеріміздің үстінде бес-алты тиыны бар қара қағазды жайып тастап, алақан жайып отырғаны жаныңды жегідей жейді. Автобекеттерді аралап, әрбір жүргелі тұрған көліктің жолаушыларына бата беріп, Қасиетті Құранның жеңіл сүрелерінің өзін шала-шарпы жұлмалатып оқығанда деміңді ішіңе тартып қаласың. Мұндай кертартпалықтың шешімін сонау VII ғасырдың өзінде Екі әлем сардары (с.ғ.с.) өмір-өнегесінен үлгі етіп кеткен еді.

Қараңғылықтың пердесі түрілген сол уақытта, әлдебір жас жігіттің көмек сұрап келгенін көрген Аллаһ расулы (с.ғ.с.) оны шақырып алады да, одан үйінде не бар екенін сұрайды. Сонда жігіт, жалғыз төсенішінің жартысын астына жайып, қалған жағын жамылып жататынын, оған қоса су ішерлік бір ыдысқа ғана ие екенін айтады. Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) әлгі мүліктерді алдыртып, екі дирхамға сатқызады. «Бір дирхамына отба¬сыңа тамақ, екінші дирхамына балта сатып аларсың», — дейді. Пайғамбары¬мыз (с.ғ.с.) балтамен ағаш жарып, отын сатып күн көру¬ге кеңес береді. Жарты ай өткенде әлгі жігіт Аллаһтың елшісіне келіп, он дирхам табыс тапқанын қуана хабарлайды. Пайғамбарымыз ол ақшаға киім-кешек пен азық-түлік алуға ақыл қосып, адал еңбек етудің қандай түрі болсын, қиямет күнінде маңдайыңа басылар қайыршылық таңбасынан әлдеқайда қайырлы екендігін, тілен-шілік тек ешбір амалсыз, ешқандай шарасыз қалғанда ғана жасалатынын ұғындырады.

Қолымен әрекет етпей, Құдайдан берекет сұрайтын «кербез-кедей» атағы кімге де болса жараспас. Тө-сенерге көрпе-төсектің жоқтығынан құрма қабықтарынан өрілген ши жас-танған Соңғы елшінің кішіпейілдігі көзге жас ұялатады. Қаласа, ең бай адамның бірі болу мүмкіндігі де бар еді пайғамбарымыздың.

Айтылған ойымызға мына бір ғибратты әңгіме қорытынды болар: Бірде, Нәби есімді кедейдің жүйрік тұлпары бар еді. Бір бай: «Осы атыңды маған сат», — деп қомақты қаржы ұсынса да, ол бас тартады. Ақшаға сатып ала алмасын білген бай айлаға көшеді. Нәби жолаушылап келе жатқанда, бай қайыршының киімін киіп, оның алдынан шығады. «Қайыршы» қыр астындағы ауылға жете алмай отырғанын айтып көмектесуін өтінеді. Ойында ештеңе жоқ Нәби: «апарып тастайын» дегенде бай: «Шырағым, аттан түсіп мені мінгізіп жібермесең, қозғала алар емеспін» — дейді. Айласын асырған бай атқа отыра қамшыны басады. Істің мәнісін енді түсінген Нәби:

— Байеке, тоқтай тұрыңызшы, айтатұғын бір сөзім бар.

— Ал, бейбақ, не дейсің, айт айтарыңды!

— Мұны ешкімге айтпай-ақ қойы-ңыз. Бар өтінішім осы.

— Мен бұл жағдайды айтқанда абыройым айрандай төгіледі дей-тіндей беделің де жоқ. Несіне қам жей қалдың, сорлы!

— Жоқ, мәселе онда емес, менің қорқып отырғаным бұл оқиға елге тарап кетсе, аты барлар жолда кездескен шын мұқтаждарды да мінгестірмей кетпей ме? Мені ойлантып отырған осы», — деп ағынан жарылады. Мәселенің мәніне осыншалық терең бойлағанына таңқалған бай аттан түсіп, оны иесіне қайтарып берген екен.

Қорыта айтқанда, өте зәру жағдай болмаса өзгеге қол жайып тілену дінімізде харам болып табылады. Ал, сый-сияпат беру бұдан бөлек мәселе. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хазреті Омарға (р.а.) сыйлық жібергенінде, хазіреті Омар ол сыйлықты алмай кері қайтарады. Кездескен кездерінде Расулаллаһ (с.ғ.с):

— Неге алмадың? — деп сұрады.

— Уа, Расулаллаһ, «Ең жақсыларың – ешкімнен ешнәрсе aлмағандарың», — деп едіңіз ғой.

— Оны тіленіп алатындар үшін айтқанмын. Сұрамай келген нәрсе —Аллаһ Тағаланың жіберген ризығы — деп бұйырды. Сонда хазреті Омар:

— Аллаһқа ант етемін, бұдан бы-лай ешкімнен ешнәрсе сұрамаймын және сұрамай келген барлық нәрсені аламын, — деп жауап берді.

Ия, садақа сұралатын емес, берілетін дүние. Қу тіршіліктің қиындығына тап болған сәтте оңай олжаға ие боп қалуды емес, барынша сабырлық еткеніміз жөн болмақ. Аллаһ Тағала бәрімізді де өзінен басқаға қол жайып, тіленуден сақтасын!

 
Yorum yaz / share.thought
Дін  Diğer Başlıklar
Рамазан айына қалай дайындаламыз?
Жастардың қолымен от көсемейік!
Алаш ардақтыларының әйел жайлы пайымдаулары
АЛЛАҒА МАДАҚ, ПАЙҒАМБАРЫМЫЗҒА (С.Ғ.С.) САЛАУАТ
Қияли емшісымақтардан сақтанайық!
Хақ дінде терроризм түсінігі бар ма?
Иран үкіметі қамауға алған ниматуллаһшылар дегендер кімдер?
Бүгінгі шиеленіскен діни ахуалдың себеп-салдарлары
«Шахид болу» идеологиясының қателігі
Қасиетті Құрбан айт мерекесі құтты болсын!
Елдегі діни ахуал, өзгерістер біздің бағытымыздың дұрыс екенін көрсете бастады
«Қазақстанда ислам дінін тарату тұжырымдамасы» халыққа не бермек?
Ұлтымыз ежелден спортқа ғашық ел
Атырау аламанда алға шықты
Жер мен үй жесірдікі ме, жетімдікі ме?
Қазақ гибридінің гуілі
Әр адам — мемлекеттің зор байлығы
Cегіз айға созылған қудалау
«Менің жүрегім тек Қазақстан деп соғады!»
Жұмыссыз жас маман қайда барады?
Бауырлас қос елдің татулығына сына қаққысы келгендер жазалануы тиіс!
Руға, жүзге бөлінгендерді «Тәйт!» деп тыятын кез жетті
Қошқар ата қалдық қоймасы әлі де қауіпті
Құралайды жылатқан сынған аяғы емес тапталған намысы
Yazarlar