Ассамблея кім үшін қажет?
Сонымен, көк жәшіктен алыс-жақын алаш жұртына ай бойы сауын айтылған мерейтойлық ХХ сессия сәуірдің 24-і күні Астанадағы бейбітшілік және келісім сарайы аталатын Ферғауын моласына еліктеп салынған зәулім сарайда Елбасының төрағалығымен, салтанатты түрде ашылды. Жиналыстың тақырыбы «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бір халық — бір ел — бір тағдыр». Торқалы тойға республикалық және аймақтардағы этномәдени бірлестіктердің қазақшадан хабары бар «сұрыпталған» белсенділері, парламент депутаттары, министрліктер мен саяси партиялардың басшылары, түрлі діни ұйымдардың жетекшілері, сондай-ақ елімізде тұратын шетел елшіліктері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Айтулы жиында маңызды баяндама жасаған ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Ассамблеяның 18 жылда өзінің өміршеңдігін көрсетіп, бейбіт қоғамның ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ, ҚХА-ның кезекті 20 сессиясының «Бір халық — бір ел — бір тағдыр» деп аталуының мәнін аша келе, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол болмағын қазақтың даласынан нәр алып құтайған жерлестердің есіне салды. «Осы жылдар ішінде Ассамблея ұлтымыздың аса маңызды жалпыазаматтық институтына айналды. Қазақстан — этностық жанжалдардан азат аумақ. Экономикалық және әлеуметік-саяси реформалар этносаралық тағаттылық пен үйлесімнің арқасында табысты жүргізілді. Бейбітшілік пен тыныштық әр үйдің баға жетпес байлығына айналды. Біздер мен сіздер атқарған жұмыстың, Ассамблея жұмысының басты нәтижесі, міне, осы!» — деп, Елбасы Ассамблея жұмысына күмәнданатындардың күдікті көңілдерін бір сейілтіп тастады. Ассамблеяның маңызды ролін онан ары сабақтай түскен Президент, ұлттық бірлікті нығайту жөнінде бірқатар міндеттерді де атап көрсетіп, жергілікті әкімдерге өңірлерде ҚХА-ны дамыту, «Достық» үйлерін салу туралы тапсырмалар жүктеді.
Осы жерде біздің есімізге таяуда ғана ұлттық арнаның жаңалықтарынан көрген, Жетісу жақта бір әкімнің: «Ауылда тіпті өзге ұлттың екі отбасы болса да олардың тілі мен мәдениетінің дамуына жағдай жасаймыз!» — деп алақанын ысқылап отырғаны орала кетті... Бұл — әсіреқызыну. Шолақ белсенділіктің жұрнағы.... Иә, қазақтың соншалықты адалдығына өзге ұлт өкілдерінің бәрі болмаса да көпшілігінің немқұрайлы қарап жүргендігі аракідік көрініс беріп қалады. Жылт еткізіп Ассамблея төріне, Елбасыға көз қылып, аңғал қазақты мәз қылып, мемлекеттік тілде сөйлейтін жастарын шығарып, мемлекеттік тілге құрметтерін көрсетіп жатады. Алайда «Халықтар достығы шаңырағы» қазақ тіліне «құлай беріліп кетті» деп айтудан аулақпыз.
Ассамблеяның ең басты міндеті — еліміздегі қоғамдық келісім. Қазақстандағы қоғамдық келісім — ең алдымен, қазақтың келісімі екенін ескерткен Президент: «Мемлекеттің ынтымағы мен бірлігі, тұтастығы мен баянды дамуы үшін Ассамблея ең алдымен қазаққа керек», — деді қадап тұрып. БАҚ беттеріндегі кейбір азаматтардың «Қазақстан да еуропа елдері сияқты унитарлы мемлекет саналатындықтан, барлық Қазақстан халықтары бөлініп- жарылмай, тең дәрежеде өмір сүріулері тиіс. Әлемнің ешбір елінде жоқ Ассамблея атты «тәжірибенің» бізге қажеті қанша, себебі Қазақстан құрама штаттар немесе ұлттық автономиялардан тұратын федерация емес» дейтін түрлі пікірлерге Ассамблея төрағасы осынау сөздерімен тойтарыс бергендей. Әйтсе де көптің пікіріне топырақ шашудан аулақпыз.
Осы жиында Президент мемлекеттік тіл мәселесін қозғай келе, қазақ тілі ұлттарды біріктіруші факторға айналуы тиіс екенін тағы да қадап айтты. Осылайша өз баяндамасында атқарылған шаралар мен кездескен мәселелерді түйіндей келе, алдымызда үлкен жоспарлар тұр, оларды жүзеге асыру жаһандық өзгерістердің күрделі жағдайында жүретін болады. Оған бүгіннен бастап дайын болып, халық бірлігін барлық күш-жігермен нығайту қажет. Өйткені біз бір халықпыз, бір елміз, бір тағдырмыз!» – деп қорытындылады сөзін. Жиындағы күн тәртібі бойынша өңірлерден келген этномәдени ұйымдардың өкілдері Елбасыға, қазақ халқына жүрекжарды тілектерін айтып жатты. Жетісу мемлекеттік университетінің студенті Елена Михеева патриоттықтың не екенін әсерлі түрде баяндап берді. Егер өзге ұлт өкілдерінің бәрі осы қыздай ойласа, қазақ халқы, қазақ жері талай асудан алқынбай-ақ асар еді-ау. Бұл жігерлі жас Талғар қаласындағы Тұяқ Есқожина есімді қаһарман әйел ашқан «Нұр» отбасылық балалар үйінен тәрбиеленіп шыққан екен. Мінбеде тұрып, неше жүз панасыз баланы бауырына басып отырған «анасының» ерлігін тамсана айтты. Зал толы адам дүр ете қалды. Елбасы да толқыды-ау деймін, сахнаға қаһарман ана Тұяқ Есқожинаны шақырды. «Сіз мұнда келіп, бізге балаларды қалай бағып асырағаныңызды айтып беріңізші», — деді Елбасы ерекше мейіріммен. Ассамблея түгілі тұтас адамзатқа үлгі боларлықтай қарапайым ғана қазақ әйелі, бастан кешкендерін түйіндей келе, «Жетім көрсең жебей жүр» деген халық ұстанымын әркез естен шығармауды баршаға толқып тұрып әңгімеледі. Ал Қызылорда өңірінен келген ұстаз Наталия Тягай: «Менің ұлтым кәріс, қазақтың келінімін. Қазақтың тамаша енелер мектебі жоғалып барады. Қазақы тәрбиені насихаттауда сол дәстүрді қайта жандандыруымыз керек», — деп, санаға қамшы басар ұрымтал ойымен ерекшеленді. Өз бойларындағы міндерін өзге ұлттың аузынан естігеннен бе, әлде жүректен шыққан жан айқай жүрекке жетті ме, зал толы халық дүр етті. Мұнан кейін де сөз алған қонақтар, ел берекесінің ұйытқысы болған Ассамблеяны дәріптеп, оның төрағасының елеулі еңбектерін жарыса әңгімелеп жатты.
Дулаттың президентке аманаты
Жиын соңында ҚХА төрағасының екі жаңа орынбасары сайланып, Сауытбек Әбдірахманов, Болгар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Олег Дымов бастаған бірқатар азаматтарға «Алтын бірлік» медалы тапсырылды. Бұдан ары Елбасы залда отырған қауымға ерікті түрде сөз берді. Алма-кезек сөз алған ағайындар Елбасыға алғыстарын боратып жатқан-тұғын. Кенет алдыңғы қатарда отырған жазушы Дулат Исабеков ағамыз орнынан тұрды. Манадан айтылып жатқан ресми тілдегі мақтауларға енді қазақша мадақ жыры қосылады-ау деп көпшіліктің елең ете қалғаны рас-тын. Алайда сөз ауаны басқаша шықты. Залдың негізін құрап отырған қазақтілді қауым сілтідей тынды. Сөйтсек, Дулат ағамыздың айтпағы мүлде басқа мәселе екен. Бұл қалың қазақтың қабырғасын қайыстырар ортақ проблема деуге де болады. Ассамблеяда халықтар достығын сөз етіп жатқанда, жергілікті қазақ ұлтының қандастары, тарихқа оралмандар деген атаумен енген бауырларымыз қиын жағдайға кезігіпті. Өз елінде өгей баланың күйін кешкен оралмандар шыдамдары таусылғандықтан, өздері кетіп қалған Монғол билігінен құзырына қайта алуды сұрап жатқан көрінеді. Бір емес, 800 қазақтың жанайқайы «ұлы достыққа елітіп, бақыттан басы айналғандарға» әсер етпегенге ұқсайды. Жазушы Дулат Исабеков осыларды тарқатып айта келіп, Елбасыдан осы іске кінәлі адамдарды тауып, жазалауын өтінді.
«Жазалаймын!» — деді Елбасы қаумалаған халықтың алдында ант бергендей ерекше серпіліспен. Сосын іле Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашевтан жүрек шошытар мына оқиғаға жауап беруін талап етті. Айтарға сөз таппай күмілжіген Талғат Мамашев кібіртіктеп барып: «Біз бұл істі тексеріп жатырмыз. Ол кісілер істің анық-қанығын білмей тұрып айта береді...» — деп уәж айтқан болды. Бірақ Елбасының отты жанары оны «қарып» түсті...
Жиын аяқталып, концерт басталар алдында 10 минуттық үзіліс жарияланды. Сол аралықта Елбасының Дулат Исабековтың қолын алып, жарқын бейнеде әлденелерді айтып жатқанын экраннан көзіміз шалды. Артынша Дулат ағаның өзіне жолығып, «оқыс пікір» білдіруге не себеп болғанын сұрадық. «Біз ойлаймыз, Елбасы барлық істен хабардар деп. Ал шындық мүлде керісінше. Енді осындай орайы келгенде айтпағанда қайда айтамыз? Елім деп келген қандастар алаяқтардың жемі болып жатса...» — деді жазушы ағамыз.
Осылайша Ассамблеяның 18 жылдық торқалы тойы көңілді концертпен ұласып, өз мәресіне жетті. Ат жалын тартып мінер азаматтың жасына келген Ассамблея алдағы уақытта алаш жұртына адал қызмет етер деген сенім кеудемізде бозторғайша шырылдап тұрды.