Егемен ел дамуының ендігі ұстанар бағыты — халқымыздың әл-ауқатын көтеру, ел экономикасын нығайту. Осы орайда Елбасы басым бағыттардың бірі ретінде адам капиталының сапалы өсуін қамтамасыз етуді айқындап берді.
Адам капиталының сапалы өсуін қамтамасыз етуде шешілуге тиісті бірнеше бағыттар Елбасы Жолдауының басым бағыттары. Халықаралық талаптарға сай мамандар даярлауда оқу үдерісінің заманауи әдістері мен технологиясын енгізу арқылы білім беру сапасын да халықаралық дәрежеге жеткізу — бүгінгі күн талабы. Елбасы атап көрсеткендей, “Сапалы білім Қазақстанның индустриялдануы мен инновациялық дамуының негізі болуы тиіс”. Бұл бізге жақын он жыл ішінде жасауға тиісті міндеттерді жүктейді. Біз бұл жоспарды асыра орындауға тиіспіз , бұл онжылдықтың басты әлеуметтік мақсаты. Білім берудің сапасын арттыру және қолжетімділігін кеңейту үшін білім беруге қолдау көрсету мақсатында мемлекетімізде жаңа қаржы¬лық —экономикалық құралдарын енгізуді талап етіп отыр. Ел экономикасының қарыштап дамып , бәскелестікке төтеп беруі үшін сапалы маман қажет. Сондықтан, тестілеуге білім сапасын бақылауға талап күннен-күнге күшейтілуде.
Өткен жылы қабылдаған «Білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі Мемлекеттік бағдарламасы» еліміздің білім беру жүйесінің жұмысын заманауи талаптарға сай, түбегейлі өзгертудің маңыз-ды жолы болып табылады. ҚР-ның Білім және Ғылым Министрі Б.Т.Жұмағұловтың бастауымен осы бағдарламаны жүзеге асырудың іс-шаралар жоспары жасалып, бүгінгі таңда жүзеге асырылуда. Елімізде білімді дамытудың бұрын болмаған жаңа жолдары жасалды. Бұл жаңалықтар негізінен, үш басымдылықты іске асыруға бағытталған: білім берудің жаңа сапасы, педагогтың жаңа мәртебесі, білім берудің жаңа әдістері. Жоғарыда көрсетілген үш бағыттың үшеуі де өмірлік мәні бар бағыттар. Негізінен білім беру сапасы туралы мәселелер орта мектептер мен ЖОО төңі-регінде ғана айтылып келді. Ал бұдан басқа еліміздегі кәсіби-техникалық мектептер мен колледждер қызметі, олардағы білім сапасы туралы мәселелер осы уақытқа дейін назардан тыс қалып келгені белгілі.
Осы жерде бұл салалардағы білім беру сапасы заман талабына толық жауап бере алады ма деген сұрақ туындап отыр. Себебі колледж бітірген түлектер жоғары оқу орнына тек кәсіби пәндерден ауызша әңгімелесу нәтижесінде, ешқандай емтихансыз түседі. Ал оқуды бастаған кезде, алғашқы күндерден бастап білімдерінің негізі сапалы болмағандықтан оқу үлгерімдері төмен нәтижелерді көрсетеді.
Биылғы жылы талапкерлерді жоғары оқу орындарына қабылдауды реттейтін құжатқа әсіресе, колледж бітірушілерге қатысты нормативтік құжатқа өзгеріс енгізілді. Сонымен, колледж бітірушілері жоғары оқу орындарына түсу үшін ары қарай оқу нысанына қарамастан міндетті түрде кешенді тестілеу тапсырады. Білім және ғылым саласындағы осы жаңа бастаманы ғалымдар мен ЖОО-ның ұжымдары да қолдап отыр.
Бүгінде Алматы бойынша 494 колледж бар екен. Ондағы студенттердің саны 137 мыңды құрайды. Аталған білім орда-ларында алдын ала сынақ тестілеу жүргізілген. Нәтижесі жаман емес. Колледж студенттерінің 60 пайызы жақсы нәтиже көрсеткен. Осы орайда колледжден кейінгі талапкерлердің кешенді тест тапсырып грант иегерлері болып жатқаны белгілі, бірақ осы грант санын кем дегенде жалпы грант санының он бес пайызынан кем болмаса дұрыс болар еді. Кешенді Тестілеу нәтижесі бойынша талапкерлердің 70%-ы министрліктің белгілеген өту балын жинаса, ол алған білімнің сапасының көрсеткіші және де ол білімді ЖОО-да ары қарай толықтыруға мүмкіндік береді. Тағы бір айта кететін мәселе, 2013 жылдан бастап, елімізде жаңа жоба қолға алынбақ. Ол бойынша ЖОО-ны тәмамдаған түлектер елдегі бірқатар кәсіби қауымдастықтардан аттестациядан өтпек. Бұл жұмыс берушілердің өздерінің кәсіби стандарттарына сәйкес келетін мамандарды іріктеп алуына мүмкіндік бермек.
Осы орайда білім берудің жаңа са¬пасын іске асыру мемлекеттік деңгейде көтеріліп отырғанда, колледж бітірген түлектерді ЖОО-ға кешенді тест нәтижелеріне сәйкес қабылдау туралы Білім және ғылым министрлігінің жаңа тәртібін дұрыс деп есеп¬тейміз. Жоғары білім алуға шын ұмтылған адам интеллектуал¬дық сыннан қорықпауы керек. Мұның үстіне жоғары оқу орындарына қабылдар кезде тест жүргізу бұл әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылып жүрген әдіс. Жаңа тәртіптің білімді түлектер үшін тиімді жағы өте зор, себебі кешенді тест тапсырған колледж бітірушілер мемлекеттік білім грантын жеңіп алу конкурсына қатысуға мүмкіншілік алып отыр. Біздің ойымызша, көптеген білімі жақсы колледж бітіруші түлектерге мемлекет тарапынан үлкен қамқорлық туындап отыр.
Кешенді тестілеуге дайындалу үшін колледж бітірушілері өзіне ыңғайлы ҰТО-ның кез-келген филиалында байқау сынағынан өтіп немесе оқу-әдістемелік құралын пайдалануға жеткілікті түрде базасы дайындалды. Кешенді тестілеу дегеніміз емтиханның сырттай өткізілетін түрі. Бізге, ең алдымен, осыны дұрыс түсіну және жұртқа түсіндіру қажет. Ең негізгі мәселе, білімнің сапасы мен деңгейіне сырттан бақылау жасау. Яғни колледж бітіруші түлек кешенді тестілеуге қатысу барысында бүкіл Қазақстан бойынша сайысқа түсетінін, өз білім деңгейінің республикадағы талапкерлердің білім деңгейімен салыстырмалы түрде тексерілетінін жете ұғынғаны жөн. Сондықтан біз заңды орындауға міндеттіміз. Біздің іс-әрекеттеріміздің бәрі де ҚР «Білім туралы» заңына, «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу ережесіне» сәйкес жүргізіледі.
Қорыта айтқанда, кешенді тестілеу — колледж бітірушінің білім стандартын меңгеру деңгейін анықтаудың тәсілі ретінде, әрбір колледж бітіруші маманның бірнеше жылдар бойы алған білім сапасын шынайы айқындайтын мемлекеттік бақылау құралы.