Жоңғар салған жара «Ақтабан шұбырынды, алқабел сұламадан» соң да қаншама қасірет шекті. Одан бергі отызыншы жылдардағы ашаршылық, асыра сілтеу мен қуғын-сүргін нәубеттері ше?
Көненің көзіндей болып, талай тауқыметті бастан кешкен, сол бір ауыр күндерді жас ұрпаққа тағылым етер қазыналы қариялар да бүгіндері жоқтың қасы. Біздің әңгімеміз дүниеден өткеніне жылдың жүзіне айналған, қарт Қаратаудың күнгейі мен теріскейіне ортақ перзент Қансейіт қажы Түймебаев жөнінде болмақ.
Менің туған ауылым Қаратауда ол кісі он жылдай парторг болды. Аққұба өңді, жылы жүзді жігіт ағасының парасатты, елге сыйлы азамат екенін бала болсам да аңғарған едім. Ортаншы қызы Балайшамен қатар оқыдым. Өте тәрбиелі, әрі оқу озаты еді. Қазір – білікті дәрігер. Әкесі мектептегі мерекелерге келуге де уақыт табатын. Аяулы кісі. Кейін қызмет ауыстырып, еліне көшіп кетті. Сол кісімен көп жыл өткен соң Алматыда - Жансейіт ағаның ғылыми жұмысын қорғауында кездестім. Баяғы бала кезімде көргенімдей сыпайы, көркем мінезінен таймаған. Хал-жағдай, елдің амандығын сұрап жатыр. Бұл тоқсаныншы жылдар болатын ұмытпасам. Соңғы жүздесуім – жаңа ғасыр басында – сексен жылдық мерейтойында еді. Ақ сақалды ұлағатты қария болыпты. Әлі сол күйінде құрақ ұшып тұрды. Көргеніме іштей қуандым.
Бірде ол кісінің жиені – ғалым Жабал аға қолжазбаларын әкелді. Кітап етуге. Ұзамай қария дүниеден озды. Өкіндік. Кітабын көре алмай кетті. Қолжазбаларына қайта үңілдім. Көне деректер, астарлы сөздер, ел тарихы үшін таптырмас материалдарға тұнып тұр... Ұқыпты, еңбекқор жан екені бірден байқалады. Таңдандым...
«Халық жауы» болған қайран әке...
Әуелі күнделіктерге көз жүгіртсек.
«...Шешем Ұлбосын «Сен барыс жылы көктемде тудың» дейтін» деп басталыпты. Одан әрі дәл сол күні көктемнің ақ жаңбыры төгіп өткен... анасы сыртта жүргенде аппақ киіз үйге тасқын су кіріп, жөргектегі сәбиді алып кетіп бара жатқан жерден ұстап алған. Содан аман қалыпты Тәңірім қолдап.
Одан отызыншы жылдардағы ашар-шылық құрсауы. Әкесінің әлдекімдердің жаласымен ұсталып кеткені. Жалғыз сүйенері ағасының әскерге алынып, одан сонау Ресейдің қиыр шығысында мергендер полкінде командир болғаны, лейтенант шенінде майданға кіріп, ерлікпен көз жұмғаны – бәрі... тарихи жадымен шебер баяндалып, дәлелді құжаттарымен мұқият қатталған. Тіпті ағасының елге жазған сағынышты хаттары, шешесіне салған айлығының түбіртегі, не керек сол жылдарғы сарғайған қағаз-тарих көз алдыңызда тізіліп тұр.
Әкесі Түймебайды түрмеге әкетердегі көрініс мүлдем аянышты. Мектепте оқуда жүргенінде балаға хабар жетеді. Алып-ұшып үйге келеді. Сондағы көргенін әсте ұмытпайды... Екі милиция үйді тінтіп, астаң-кестеңін шығарған. Әкесін машинаға қамап қойған, «қош» деуге де шамасын келтірмеген. Көліктің ішінде әкесінен басқа үш-төрт кісі отырған. Осылайша қас пен көздің арасында әкеден айрылды. Не үшін әкетті? Мұнысы жұмбақ.
Тоңмойын саясат пен зұлмат жүйе әкесін 10 жылға бас бастандығынан айырды. Талдықорған облысының Қаратал ауданына жіберіп, мал бақтырған. Қабырғасы қайыспаған қайран әке ол жерден Шу өзенін жағалап, жаяулап екі кісі болып, Түркістан арқылы ауылға қашып келген. Әбден арып-ашыққан, шөпке тұнған шықтың суын да ішкен.
1934 жылы колхозға келіп бригадир болады. 1935 жылы колхозшыларды бір жерге қоныстандырып, Қайнар колхозы деген поселке салған. Бірде таң ата әкесінің: «Түс көрдім, бір шыңырау зынданға түсіп кеттім, шыға алмадым. Түбі мені тағы бір ұстап әкетсе қайтып келмеспін. Сен мына үш баланы оқыт, адам қыл», - деп анасына айтып жатқанын естіген. Ұзамай әкесі екінші рет қамалады. Не керек, ызғарлы заманның қаһарына тағы да ілігіп, 1937 жылы «Халық жауы» деп танылып атылып кеткен.
Шешесі болса ауылдың мақтасын шауып, одан қалса қос басында жұмыскерлердің қоғамдық тамағын пісіріп, күндіз-түні еңбек етті. Бар жиған-тергенінен екі баласына быламық көже, пәтір нан, қатырма жасап, сақтап қойған екі-үш тауықтың жұмыртқасын пісіріп бергенде, бір көтеріліп қалады. «Көйлегің жыртылып қалыпты» деп, мақтаны жіңішке етіп иіріп, ақ пәтесті пішіп, тік жаға, көк өңір салып, көйлек кигізеді.
Әкесімен өткізген аз ғана күндік бақытты сәттері еміс-еміс есінде. Қанекеңнен қалған қолжазбаларға сүйенсек, ашаршылықтың ащы зардабын тартып, зұлмат жылдардың ызғарлы күндерін ерте бастан кешкенін байқаймыз.
Иә, ХХ ғасырдың басы ұлт тарихындағы айтулы кезең екені мәлім. Қазақ халқының келешегі сынға түсіп, Алаш арыстарының кеңестік зұлмат жүйемен бетпе-бет келетіні де осы тұс емес пе еді. 1928 жылы дүние есігін ашқан бейкүнә Қанекең де балалықтың бал дәуренін емес, өмірдің қатқыл соқпағынан тарихтың қиын сүрлеуін тапты. Ғасыр басындағы сындарлы сәттер сол дәуірде өмір есігін ашқан жандардың балалық бал шағын жүгі ауыр еңбекке байлады.
Ал мектепте оны «Әкесі халық жауы» деп шеттете береді.
Бұл күндер қаршадай баланың жұ-дырықтай жүрегіне шемен боп қатты. Мойынға түскен ауыр жүкке Қанекең мойымады. Қайта ширай түсті. Әкесінің ешкімнің ала жібін аттамаған адалдығына титтей де күмәні жоқ еді.
Он төрт жасар есепші
Бозбала Қанекеңнің талабы таудай еді. Бар ынтасы оқуға ауған. Келешекке деген сенімі де зор. Өзін осылай қамшылады. Арманы алға жетеледі. Бұл күндерді де жазбалары жалғайды.
Досы Кәрім Молдасейітов екеуі тау-кен ісі, ал басқалары ауыл шаруашылық техникумына құжаттарын тапсырып, кейін келетін болдық деп шешкен.
1941 жыл. Шымкенттің Советский көшесімен келе жатқанда ұзын бағананың түбіндегі радио сөйлеп тұр екен: «Неміс фашистері тұтқиылдан Кеңес өкіметіне соғыс ашты», — деп. Адам ығы-жығы. Үлкендер жылап жүр.
Кейін оқу корпустары әскерлер жататын казармаға айналып кетіпті де, техникум Жамбыл облысы Бурное станциясына көшірілген. Оқуға баруға жағдайы көтермей, колхозда жұмыс істейді. Шаяндағы бір айлық жер өлшеуші оқуын оқиды. Ол кезде үлкен оқу орны болып көрінетін техникумде оқудың өзі қиын. Көп ұзамай 1942 жылы үлкендер жаппай әскерге алынып, колхоздың бұрынғы есепшісі де майданға аттанғанда бос қалған орнына небәрі он төрт жастағы Қанекең қалды.
67 жылдан соң
табылған боздақ
Иә, бұл алапат соғыс кімдердің жүрегін жараламады. Талай шаңырақ ортасына түсіп, талай ошақтың оты сөнді емес пе?! Он екіде бір гүлі ашылмаған талай боздақ алыстағы майдан даласында мәңгіге көз жұмды. Талай арман адыра қалды. Етегі жасқа толған ана, жетімдіктің ащы дәмін ерте татқан бала. Бір ауылдан аттанған сайдың тасындай іріктелген елу-алпыс ер жігіттің бірен-сараны ғана оралып, қайтпай қалуы сұмдық қасірет емей не деп ойлайсыз.
Түймебай әулетінен бір шалдан тараған жиырма төрт жастың он тоғызы оралмады. Соның бірі болып Сейітбек Түймебаев та әскерге кетті.
Жамбылда Талас ауданының оқу бөліміне инспектор болып жұмыс істеген ағасы. Сейітбек 1941 жылдың маусым айында Шаян аудандық соғыс комиссариатынан әскер қатарына алынып, қан майданда ерлікпен қаза тапқан.
2010 жылы Ұлы жеңістің 65 жылдық мерекесінде Қосбұлақ орта мектебінің директоры Алдамжаров Өскен соғыста қайтыс болған 50-60 кісінің мәліметтерін ғаламтордан табады. Соның ішінде лейтенант Түймебаев Сейітбектің де дерегі шыққан.
Бар болғаны жиырма екі-ақ жас ғұмыр кешкен қайран боздақ. Қанекең 67 жыл бойы іздеген ағасын табады. Көңілде үміт оянады. Ендігі арманы — тым болмаса қайтыс болған жеріне елінен топырақ апару, белгі қою. Ол ойы да сәтімен орындалды. Ұлдары көп еңбектенді. Сыртқы істер министрлігінің атсалысуымен Түймебаев Сейітбектің жерленген жерінде еске алу рәсімі өтті. Атқыштар дивизиясының пулемет взводының командирі лейтенант Сейітбек Түймебаевтың есімі ескерткіш тақтаға ойылып жазылды. Сонау Ресейдің бір қиянында жатқан жерінен бір уыс топырақ бауырының туған жеріне бұйырды.
Қанекең әлемнің бірталай елінде болды. Ел мен елді салыстыра қарады. Кейін ойлана келе сондағы көрген-түйгендерін болашақ кітабының деректері ретінде жинақтады. Онысының өзі қыруар дүние болып шықты. Сол деректерді жүрген жерінде арқалай жүріп, ретімен қағазға түсірді. Бала шағында көргендерін жадында жаңғыртты. Соның дерегімен алғашқы кітабы «Қайнарбұлақ тарихы», соның ізінше «Өмір өткелдері» жинақталды. Күнделіктері мен өлеңдері де бірқанша дүниеге айналды.
Меккеге барған сапарынан соң құл-шылыққа біржола бет бұрды. Туған жерінде мешіт тұрғызды. Мұндай игі істерінің бәрі де бір Алланың демеуімен деп ұқты ардақты жан.
Жұмбақ түс
Бүкіл дүниені Жаратушы Иеміз әлемді тепе-теңдікте ұстайды-ау. Күн мен түн қалай алмасса, қиындық пен жақсылық та кезектесіп отырары ақиқат. Жастық шағындағы көрген қиындықтары артта қалды. Қанекеңнің шаңырағында да шаттық орын алды. Тұңғышы - туған айдай Нұрайшасы, ұлдың алды - Байсейіт. Ол да бір бақытты күндер еді. Елдегі сәуегей Қасым қожа үйіне кісі жіберіп, «Қанекеңнің шаңырағына ұл келеді, есімін Байсейіт қойыңдар, ілгеріде сондай жақсы адам өткен. Келіндер атын атай алмай жүрсін» - депті. Әттең сондай аяулы ұл ерте үзілді.
Қанекеңнің жадында сақталған тағы бір хикмет бар. Ол күн ерекше есінде қалыпты. Үй іргесіндегі бақшадан әлдекімдер жайқалған жасыл желектің бірін түбірімен алып әкетіп бара жатыр екен.
— Оны қайтпексіңдер? — деп сұрағанда олар: анау биік төбеге барып орнатамыз, — деген екен. Мұнысын кейін ұлы Жансейіттің үлкен қызметке ауысуына жорыған. Жансейіттен кейінгі қыздардың есіміне көңіл қойсаңыз: Ұлту, Жұмагүл, Балайша, Нышангүл, Үміт т.т. осылай жалғаса түседі. Шаңырағына ұл келуін көптен күткен сыңайлы. Үміті алдамаған. Алтын асықтай ұлдар келді өмірге. Имангелді, Бақыткелді осылай дүниеге келген. Тіпті немерелерінің өзі – Тілеуберді, Егемберді есімін иеленген. Тәңірінің қалауы солай болса керек.
— Таңғы сағат бесте түс көріппін, - деп басталады ақсақал күнделігінің соңғы парақтары.
...Мыңбұлақтағы Тасқараның әйелін «баратын жеріңе апарады» деп шоферға тапсырдым. Ол «мінгенде астыма салып отырам» деп бір қап шөп арқалап келді. Қасында Нұрайша қатарлы қызы бар екен. Өзім жаяу ұзын жолға түсіп қайттым. Бір жерде о дүниедегі көп адамдарды көрдім. Тасқара, тағы бір кісіге жолығып, қол алыстым. Ол екеуіне «үйлерің аман, жағдайлары жақсы» деп хабарын айттым. «Жатқан жерлерің пейіш болсын» деп қайырласып шығып кеттім, - депті.
Ұзақ жолға түсіп, одан әрі жалғыз келе жатқан. Көздің ұшында қыр көрінеді дейді. (Үлкен Қытай мен Шыбықбелдің қыры сияқты) Қара жолда аяғы әр жерге бір тиіп, құстай ұшқан. Соңында бір кісі келе жатыр екен: «не деген керемет жағдай, екі дүниемен бірдей сөйлестің» деп ризалығын білдіргенге ұқсайды. Оған аялдамай озып кеткен. «Желаяқша аяқ-қолым жерге тимей жүгіремін. Ауылға қайтып келе жатыр екем»...
Түсін таңертең шай үстінде әйелі мен қызы Жанарға айтады. Алла ризалығы үшін Құран түсіріп, садақа атайды. Осы бір жұмбақ түстен соң қария қағаздарын реттеп, соңғы сапарға аттанар алдында атқарылатын жора-салтын жасап, артық-кемін түгелдейді. Тақуалыққа біржола бет бұрады.
«Алматы емханасына келгендегі ой-толғамдар» деп басталады күнделіктегі кезекті жолдар.
Аллаға разымын. Әзірге алдағы шұғыл міндет: Қайнарбұлақ тарихы, әкем туралы жазу (Сейітбек туралы жаздым), өзім, Шора аңшы туралы, Созақ, Төрткүл, Мыңбұлақтағы еңбегі сіңген азаматтар туралы, соғысқа қатысқандар туралы, — деп жалғасып кете барады. «Алладан тілегенім — қартайғанда төсек тартып, жатып қалмай, өзі берген жанын сыпайы етіп алса деймін» деген ақтық тілекпен мына жарық дүниеден озады.
Кітапқа айналған күнделіктер
...Өмір жолы — сан тарау. Сол жолда Қанекең барынша әділдікті ту етіп ұстады. Тәуелсіздіктің тұғырлы болуын, жас ұрпақтың бақытын тіледі Алладан. Шүкірлік етті. Ұрпаққа ұлағат айтты. Құлшылық жолында Меккеге барып, қасиетті парызын өтеді. Туған жеріне Алланың ақ үйін тұрғызды. Аялап өсірген ұл-қыздары, ауыл-аймағы жанына жалау болды.
Көзі тірісінде көз майын тауыса жазған өмір өткелдері жайлы естеліктері өзі дүниеден өткен соң жарық көрді. Ұлы Жансейіт пен көзінің нұрындай қызы Жанар көп бейнеттеніпті. Өзі көрмесе де жарықтық бір аунап түскен шығар...