Негізінен, тек жаңа түскен келіндер ғана емес, инабаттылықты, кішіпейілділікті, көрегендікті ту еткен үлкен апа-жеңгелерімізге дейін жасы үлкен кісіге бас иіп сәлем берген. Әйел адам келін болып түскен күннен бастап жаңа келген жеріндегі күйеуі жағынан жолы үлкен қайынаға, абысын-ажындарына, ата-енесіне иіліп сәлем салуы — өзге ұлттардан ерекшелігіміз. Бұл үлкендерге жасалатын құрметтің,сыйластықтың белгісі ғой. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа», демекші, бір топырақта, бір тудың астында өмір сүріп жатқанымызбен, еліміздің әр өңірінде келіндердің сәлем салуларының бір-біріне таңсық, сан түрлі «версиясы» бар. Мысалы, сәлемнің «иілу», «оң аяғымен тізерлеп тағзым ету» сияқты түрлері болады. Ол туралы кейінірек айтамыз. Әрбір әдептілік пен көрегенділікке негізделген салтымыздың ірісі — иіліп сәлем салу — үлкендердің алдын кесіп өтпеуге, ілтипатын көрсетуге уағыздайды.
Қалыңдық босағадан оң аяғымен аттап кірген сәттен бастап «келін» атанады. Үлкендер үшін жалпы «келін» деген атау өмір бойы сақ-талғанымен, келін алғашқы баласын босанған соң халқымызда ол «келіншек» аталынады.
Алғашқы сәлем беташарда күйеуінің жақын туған-туыстары таныстырылған кезде салынады. Бұл келген жеріне деген құрметтің белгісі болып саналады. Келін сәлеміне қатысты пікірлер өте көп. Солардың бірі-үлкен кісілердің аяғы ауыр келіндердің сәлем салмауына рұқсат бергені туралы. Бұл пікір әр келіннің түсінігіне байланысты. Әрине,біреудің еркелетіп өсірген қызының жат жерге барып, сіңісіп кетуі оңай емес. Сондай-ақ, әр түрлі ағымдардың қуаты үстем еткен мына заманда «бір Жаратқанның алдында ғана бас иеміз» деп, өрекпіп жүрген жас келіндеріміз аз емес. Бұны әрине әркім, өзінше қабылдап, өзінше қорытындылар. Аса сақтықты қажет ететін, діни мәселеленің жүгенін осы жерден тарта тұрайық. Ал әзірге, сәлем салудың өңірлік ерекшелігіне назар аударсақ.
Жалпы сәлем салу әр өңірде әр түрлі. Мәселен, оңтүстік келіндерінің сә-лем салуы керемет. Келіндер күнде таңертең тұрып, сәлемді екі қолын айқастырып, сәл иіліп салады. Ешқашан көзге тік қа-рамайды. Ал мұнайы тасыған батыс өңірінде сәлемді оң қолын бір аяғының үстіне қойып, аздап отырып салады. Ол өңірлерде салтты берік ұстанған. Мейлі ғой, қалай салса да, ізет көрсеткенге не жетсін! Мені қынжылтатыны — солтүстік өңірінің сәлем салуды мүлде ұмытқаны.Ол жақтың халықтары орыстанып, салт-дәстүрімізді ұмытқан. Қазіргі жастарымыздың арасында осындай салт-дәстүрді түсіне бермейтіндері бар. Осы тұрғыдан, орайы келгенде, жастардың арасында сәлем салу үрдісі қаншалықты маңызды екенін білмек болып, сауалнама жүргіздік.
Біздің сауалнама
Айтқалиева Аягөз, студент: Келіндердің сәлем салғанын байқамаппын. Біз жақта, яғни Батыс Қазақстан, Орал өңірлерінде, бұған аса мән бермейді. Ал негізі маған бәрібір.
Алмасбек Қуанәлі, жас кәсіпкер: Келіндердің сәлем салуы ескінің қалдығы. Қазір керек емес меніңше.
Бақытбеков Орынбасар, зейнеткер: Келіндердің сәлем салғаны дұрыс. Біздің келіндер жаңадан келін болып түскенде сәлемін салатын, бірақ онысы бір-екі баласын босанғаннан кейін жайына қалды.
Токкулова Күлфарида, жұмыссыз: Келіндердің сәлем салуы дұрыс,себебі ол сыйластықтың белгісі. Сәлем салғаны үшін, үлкендердің батасын алады. Шын көңілімен салса, айтылған ізгі-тілек орындалады.
Сламбекова Аида, жас ана: Мен келін болып түскелі осы күнге дейін сәлем салмаппын. Енем де, жарым да талап етпейді.Оның керегі жоқ деп ойлаймын. Біз «современный келіндерміз ғой» (күліп калды)
“Біз ХХІ ғасырда өмір сүреміз” деп кейбір жастарымыз күліп мазақ қылса, ал енді бір жастарымыз «оң қараймын, сәлем салу ол әдемі дәстүріміздің бірі емес пе» деді. Сәлем салуды менсінбеу — ол қазақтың дәстүрін жою деген сөз ғой. Соны неге ұқпасқа жас келін,ата-ене,жас күйеу жігітке.Негізі «келін қайын ененің топырағынан» деп қазақта бекер айтпаған, келіннің бұл тәртібін енесі талап ету керек.Келін түскен жерде талап болу керек. Келін өзінің ата-енесінің,қайын-ағасының бетінен сүйіп амандаспақ түгілі көзіне тік қарамаса қандай жарасымды.
Жас келіннің табалдырығын аттағалы отырған шаңырақтағы өзінің алатын орнымен таныстыру керектігі, туған-туыстарының аты-жөндеріне қанығу ғана емес, олардың әрқайсысын қалай құрметтеу керектігі сөз болғаны жөн. Қазақтың бұл дәстүрін бүгінгі тілмен айтсақ — жас келіннің ел алдында өзі табалдырығын аттаған отбасыға адалдыққа ант қабылдауы болып шығады «Сәлем - сөздің анасы» дейді қазақ. Келін үшін иіліп сәлем салу, үлкендердің жолын кесіп өтпеу ежелден келе жатқан игі ғұрып. Тағы бір қаперге алатын жайт, келіннің ата-енесі мен сол әулеттің үлкендеріне құрмет көрсетіп, ізет білдіруі — тек ғана сәлем салумен өлшенбейді. Оның жеке басының имандылығы мен бойындағы басқа да адамгершілік қасиеттерін басты назарда ұстаған жөн. Сәлем салуда салғырттық танытып, бұл салтты сұйылтып, сөйтіп келер ұрпақтың алдында, оны жәй аңызға айналдырып алсақ, сіз бен бізге бұл үлкен сын.
Зерделі Есентаева, әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық Университетінің І-курс студенті
Редакциядан:
Атына сай бұл жастың зерделі пікірі бәрімізді ойландыруы тиіс. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аялап қалдырған әрбір салт-дәстүріміз алтыннан да қымбат. Бүгінгі көтеріліп отырған келіннің сәлем салу дәстүрі жастарымыздың көкірек көзіне иман гүлін егеді. Бұл дәстүрді қастерлейік ағайын! Өркендетейік, сақтайық! Ал сіз бұған не дейсіз?