Тұрмысы төрт түлігімен тығыз байланысты ауылдағылар бұрынырақта төрт аяқты қасқырдан зәре-зап болып келсе, соңғы уақытта екі аяқты, отыз екі тісті «қасқырлардан» көресіні көріп отыр. Әсіресе, «адам қасқырлар» турасы барымташылар Жамбылда жалғанды жалпағынан басып, малды қырғызға тасып жатқан жайы бар... Бұған Әулиеатада әзірге «әй дейтін әже», қой дейтін ақ жағалылар табылмай тұр.
Дейтұрғанмен, облыстық прокуратура қызметкерлері барымташылардың бас-сыздығын, жауаптылардың жауапсыздығын жіпке тізгендей жайып салды. Әңгіменің «әлқиссасын» облыстық прокуратураның заңды тергеу және анықтау басқармасы-ның бастығы Асқар Айымбетов өңірімізде жүргізілген тексерулер мен криминогендік ахуалды зерделеу мал ұрлығының алдын алуға бағытталған шаралардың тиімсіздігіннен бастады. Мәселен, өткен жылы облыс көлемінде мал ұрлығы 155 пайызға, яғни 291-ден 742-ге күрт өскен. Ұрланған малдың жалпы саны екі мыңнан асып жығылыпты. Олардың 565-сі жылқы, 280-і ірі қара және 1200-і ұсақ мал. Жүргізілген жедел іздестіру шараларына қарамастан, аталған мал ұрлығының 376-сы ашылмай қалған. Осылайша, қылмыстың ашылуы 39,7 пайызды ғана құраған. Ал биылғы жылдың алғашқы 2 айының өзінде 127 мал ұрлығы тіркеліп, ол өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда (былтыр бұл уақыт аралығында 77 мал ұрлығы қылмысы тіркелген) 64,9 пайызға өскен. Сонда Жамбылдың ішкі істер органдары ай қарап, шошқа тағалаған ба дейсің... Жайшылықта түкіріктері жерге түспей, дігерлейтін жарандарымыз жамағаттың жаны қиналып, бес-он тұяғы жоғалғанда неге жайбасарлық танытады екен?.. Бұл, әрине, «жаны ауырмастың касында басың ауырмасынның» кері болар. Әйтпесе, халқының саны миллионға жетпейтін Жамбыл облысында жылпостанып, елдің қорасын тіміскілейтін тіміскектер саусақпен санарлық емес пе? Оны ішкі істер органдары білмейді емес, біледі, тек бел шешіп, белсене кіріспейді. Болмаса, барымташыларға «бата» беріп, орнына «мата» алып отыруы да бек ықтимал дейді барымташыдан қорлық көрген бақташылар. Бір ғана мысал, облыс орталығынан шалғай жатқан Қордай ауданы бойынша 2011 жылы 161 жылқы, 22 ірі қара, 178 ұсақ мал ұрланыпты. Бұл аталған ұрлықтардың барлығы бір ауылдық округте кезең-кезеңімен орын алған көрінеді. Неге осы кезде аудандық ІІБ жұмылған жұдырықтай болып жұмылмайды? Бұл, әрине, бізге айтқан онай болар, бірақ елдің күнкөріс етіп отырған бес-он тұяғын барымташыға беріп отырсақ, бізге полицияның не қажеті бар? Онда оларды жауып, басқа жұмыс жасатайық. Бұл ақыл айтқандық емес, халықтың мұны, облыстың Бас полицейіне айтқан базынасы деп түсінген абзал.
Одан соң мал ұрлығы көп орын алатын — Талас ауданы. Өткен жылы Талас пен Жамбыл аудандарын қан қақсатып, елді 2 460 000 теңгеге отырғызып кеткен ағайынды Орынбековтерді таластық полицейлер әрең құрықтады. Әйтеуір, Байзақ ауданымен күш біріктірді ме, әлде Орынбековтер оң қолмен амандаспады ма, бір-ақ күнде темір тордың арғы жағына аттандырды. Бұл ағайынды Орынбековтер оңай шағылатын жаңғақ емес, бірақ ауылда тауық ұрлап, артынан жағдайы жоқтардың жалғыз ілікті тұяғын қалаға таситын жасөспірімдер де жетіп артылады. Оларға тұсау салып, табандарынан таспа тілетін тәртіп сақшыларымыз самарқау.
Біртүйер
Ауылдағы бір ағайыным «Түрмеден ұры Иван шығыпты» деген «ақжолтай» хабар жеткізді. Сұрастыра білсек, ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығына орай, рақымшылыққа ілігіпті. Түзеліп шықса мейлі ғой, тісін қайрап, аш қасқырша ұлып шықса, ұрлықтың көкесі сонда болады дейді біздің жақтың көнекөздері. Бұл облыстың полицейлерінің «құлағына алтын сырға» болсын делік. Әйтпесе, түрмеден жалғыз «Иван» ғана шыққан жоқ, Иванның қасындағы «сығандары» да шыққан болар...
Құдай сақтасын, әйтеуір...