Mart 04, 2016
 
 
 
 
 
 

Имандылыққа жетудің төте жолы осы ма?

Ғаламтор арқылы жіберілген мақалалардың көбісіне сын көзбен қараймыз да, бір оқып қоя саламыз. Бұл жолы өйте алмадық. Ақыр сын жолдаған екенсің, мекенжайыңды, қызмет орныңды неге жасырасың? Міне, сондай хаттың біреуін жариялап отырмыз. Бұған себеп, сын мақаладағы адамдар республикаға танымал, олардың мекенжайы белгілі болғандықтан, олардан жауап алу ешбір қиындық келтірмеді. Ендеше, алдымен ғаламтордан алынған хатқа кезек берейік.

 

Рәтбек Нысанбаевтың кейбір келeңсіз істері

1990 жылдары бұрынғы дінбасы Рәтбек Нысанбаев: «Алматыда Ислам институ-тын аштым, енді дін кадрларын өзіміз дайындайтын болдық», — деп сүйіншілеп жатты. Қанша жалаулатқанмен, аты бар да заты жоқ оқу орнының тек 1997 жылы ғана әрең тіркелгенін, яғни бақандай 7 жыл заңсыз қызмет еткенін енді ғана біліп жатырмыз. Оның тіпті мемлекеттік лицензиясы да болмаған екен. Сол себепті де ол 2000 жылы Алматы қалалық прокуратурасының талап етуімен жабылған. 1991-2000 жылдары онда оқыған жүздеген шәкірттің үш-төртеуіне, яғни бәзбіреулердің тамыр-таныстарының балалары болмаса, өзгелерге диплом да берілмеген. Сонда мұнда оқып, анықтама да ала алмаған жастардың (олардың қатары жүздеп саналады) обалы кімге және олардың әрқайсысынан алынған жүздеген мың қаржы қайда? Оқу орнының есепшісі Р.Нысанбаевтың келіні болғанын айтсақ, барлығы да өзінен-өзі түсінікті болар.

Осы ретте тағы бір айта кетерлік жайт, Ислам діні кадрларын дайындау үшін Египет Араб Республикасы тоқсаныншы жылдардан бастап елімізге арнаулы орындар бөліп тұрды. Бірақ бұл мәселеге де діни басшылық жауапсыздықпен қарады. Мысырға көбінесе оқуға ынтасы жоқ кездейсоқ біреулер жіберілді.

Ондай оңай жолмен барғандар оқып, білім алу орнына, серуен, ойын-қызықпен уақыт өткізген. Кейбірі тіпті қылмыс та жасаған. Соған байланысты Қазақстан-ның Египеттегі сол жылдардағы елшісі Болатхан Тайжанов мырза Р.Нысанбаевқа 1994 жылдың 28 ақпанында хат жолдауға мәжбүр болған.

Онда Серік Оразов, Нұржан Тұрсынбаев, Дастан Жақсыбаев бастаған бірнеше студенттің «Фиат» және «Тойота» көліктерін жалға алып, рұқсатсыз Исмаилия қаласына барып, қайтар жолда Тұрсынбаев жүргізіп келе жатқан «Фиаттың» аударылып, қирағаны туралы айтылған. Н.Тұрсынбаев бастаған топ болған оқиғаны елшілікке хабарламай, жасыруға тырысқан.

Б.Тайжанов осы жайттарды тілге тиек ете келе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан дереу шара қолдануды және қабылданған шешім жайлы ха-барлауды сұрайды. Р.Нысанбаев болашақ имамдарының бұл ісін жасыра алмайтын болған соң, 5 наурыздағы жауап хатында Д.Жақсыбаевты оқудан шығаруды, ал Н.Тұрсынбаев пен С.Оразовқа «қатаң сөгіс беріп, ең соңғы ескертумен қалдыруды» сұрайды. «Ең соңғы» дегеніне қарағанда, әлгі екеудің өзге де келеңсіз істері болса керек.

Дегенмен, Д.Жақсыбаев қана емес, С.Оразов пен Н.Тұрсынбаев та екі-үш айдан кейін, 1994 жылдың жазында «әл-Азһар университетінің дайындық курсында ғана оқыды» деген анықтама алумен шектеліп, Қазақстанға қайтуға мәжбүр болғaн.

Мұндай тәртібі төмендерді қуудың орнына Р.Нысанбаев Н.Тұрсынбаевты өзіне көмекші, С.Оразовты Алматы қаласы бас имамының орынбасары етіп қызметке алады. Ал 1996 жылы оны жоғарыда айтылған Алматыдағы Ислам «университетінің» peкторы етіп тағайындаған. Бұған есі кете қуанған С.Оразов әл-Азһар университетінің анық-тамасын диплом деп, тағы бір жоғары білім алу үшін атындағы Алматы мемлекеттік университетінің заң факультетіне тапсыр-са, Н.Тұрсынбаев та қалыспай, заңсыз Ислам «университетінің» жалған дипло-мын (кейбір деректер бойынша әл-Азһар университетінің анықтамасын) жоғары білімдімін деп, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясына өткізіп, арада екі жыл өткен соң бірі заңгер, екіншісі халықаралық қатынастар жөніндегі маман болып шыға келген.

1998 жылы «заңгер-имам» С.Оразов Астана қаласына бас имам болып ауысқан соң, оның орнына ректор болып «экономист-имам» Н.Тұрсынбаев тағайындалған.

Ислам «университетінің» «жарғысында» ректор болу үшін жоғары діни білім ғана емес, сондай-ақ басқару жұмысында да айтарлықтай тәжірибесі һәм дін қызметкерлері мен халық алдында кіршіксіз беделі де болуы қажеттігі көрсетілген. С.Оразов пен Н.Тұрсынбаев осы та-лаптардың ешқайсысына лайық болмаса да, Р.Нысанбаев мәселені белден басып, бұйрыққа қолды қонжитқан да жіберген. Міне, тоқсаныншы жылдардағы Ислам діні кадрларын даярлаудың біздегі жағдайы осындай.

С.Оразов содан кейін Оңтүстік Қазақ-стан облысындағы Сарыағаш ауданының, ал Н.Тұрсынбаев Семей қаласындағы Қосмұнаралы мешітінің бас имамы қыз-меттерінде болып, алғашқысы онда байыз таппай Астанада да әрненің басын бір шалса, ал екіншісі қызметтен қуылды. Талай жерді шаңдатып, енді Астанада жүр. Естуімізше, Ислам қорында көрінеді. Екеуі де түк болмағандай, өз орталарында адалдық, имандылық, тазалық туралы әлі күнге бұлбұлша сайрап жүрген сыңайлы.

Тағы бір айтпағым: әл-Азһар универ-ситетінің жанындағы екі жылдық арнаулы курс анықтамасы мен мемлекеттік ли-цензиясы да болмаған заңсыз Ислам «университетінің» жалған дипломы С.Оразов пен Н.Тұрсынбаевқа Абай атын-дағы Алматы мемлекеттік университеті мен Т.Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсу және одан қысқартылған оқу бағдарламасы бойынша екінші жоғары білім алу құқығын бермейтініне екі оқу орны басшыларының қалай көз жұма қарағаны таңқалдырады. Өз басым мұндайлар күндердің-күнінде ғылым кандидаты немесе тіпті докторы болып шыға келсе де таңданбаймын.

Сабыр Әділғазинов,

Ақмола облысы.

Ақмола облысынан Сабыр Әділғазинов осы мақаласын Халықаралық «Қазақстан-Zaman» газетіне жолдаңыздар» деп ғаламтор арқылы салып жіберіпті. Мақаланы оқып, біржақты болғандықтан, екінші жақтың пікірін алу үшін Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласына аттандық. Есік қаласындағы мешітте хазірет Рәтбек Нысанбайұлы Нысанбаев бас имам болып істейді. Рәтбек ағамыздың кім екенін таратып айтудың қажеті жоқ. Ендеше, Рәтбек Нысанбаевтың өзіне сөз берейік.

Бұл хатқа хазірет Рәтбектің айтқан уәжі

Ақмола облысынан мен туралы редакцияға сын мақала жазған Сабыр Əділғазиновты өмірде көрген адамым емес, танымаймын. Мені танымаса да, мені сынағанына ренжіп отырған жоқпын. Қайта ашық пікірлесуге дұрыс болды. Өйткені оған да мені жек көретін біреулер айтқан шығар. Өтірік жазса, бір Құдайға тапсырдым. Құдай əділ таразылаушы, бір күн болмаса бір күндері, ақ-қарасын анықтап береді.Оған менің күмəнім жоқ. Менің мекенжайыма шағым хат түскен екен, өзім жауап берейін. Хатта былай депті:

«1990 жылдары бұрынғы дінбасы Рәтбек Нысанбаев: «Алматыда Ислам институтын аштым, енді дін кадрлерін өзіміз дайындайтын болдық», — деп сүйіншілепті. Сөйтсек, «аты бар да, заты жоқ» оқу орны тек 1997 жылы тіркеліпті. Бақандай 7 жыл заңсыз қызмет еткенін енді ғана біліп жатырмыз. Прокуратураның талап етуімен жабылған» деген сөзіне айтарым:

1990 жылы Мәскеудегі Министрлер кеңесінің жанындағы дін ісін жүргізу кеңесінің төрағасы Каршевтың рұқсат қағазымен Ислам институтын аштық. Ол кезде Мәскеудің рұқсатынсыз ештеңе жасай алмайсың, Қазақстанда әділет министрлігіне мұндай құзыр бермеген, әлі Қазақстан Конституциясы қабылданбаған. СССР-дың ықпалының күшті кезі. Каршев «Міне, рұқсат берілді, енді институт ашасың ба, өзің біл», — деген соң, Арабиядағы Кайр әл-Азһар Университетімен келісім- шартқа отырып діни кадрлар дайындадық. 1993 жылы егеменді Қазақстанымыздың Конституциясы қабылданып, ондағы қабылданған заң күшіне еніп, ашылған оқу орындарына лицензия берілгенше 1997 жыл да болмады ма? Бұған дейін Каршевтің берген рұқсатымен жұмыс істедік. Бұл жылдары, ашығын айтқанда қалайша прокуратура бізге үстемдік жүргізеді? Қолымызда Мәскеудің берген рұқсаты болса. Оның үстіне діни басқармаға Мемлекеттік орган билік жүргізе алмайды ғой. Заңсыз болса қадағалауы мүмкін.

«Мысырға кездейсоқ білімге ынтасы жоқ біреулер жіберілді. Ондай оңай жол-мен барғандар білім алу орнына серуен, ойын-қызықпен уақыт өткізген.»

Бұған айтарым: шетелге оқуға жіберу үшін 19 облыс кімді жіберетінін өздері анықтайтын . Ал оқуға барған соң, ол жер де ойын-сауық құрды ма, қылмыс жасады ма, менің бұған ешбір қатысым жоқ. Арабияда студенттер оқып жатқанда, ректор ештеңе айтпады. Бәрі жақсы оқып жатыр деп шығарып салды. Бәрі де оңды шығар деп ойладым. Египеттің елшісі Болатхан Тайжанов бізге қалай бұйрық бере алады? Университет басшылары келісімшарт бойынша оқудан бұзақылығы немесе қылмысы үшін шығарып жіберуге міндетті екенін жақсы біледі.

Хатта Серік Оразов, Нұржан Тұрсынбаев, Дастан Жақсыбаев бастаған бір топ студенттің «Фиат» және «Тойота» көліктерін жалға алып, рұқсатсыз Исмаилия қаласына барып, қайтар жолда Тұрсынбаев жүргізіп келе жатқан «Фиаттың» аударылып, қирағаны туралы айтылған.

Студенттердің бұлай істегенін, мен кейін, оқуларын бітіргенде ғана естідім. Алматыда тұрамын, ешкім дер кезінде хабарламаса мен қайдан білейін, менің орнымда сен болсаң да осылай болатын еді, Сабыр мырза!

«Р.Нысанбаев бұл істі жасыра ал-майтын болған соң, 5 наурыздағы жауап хатында Д.Жақсыбаевты оқудан шы-ғаруды, ал Н.Тұрсынбаев пен С.Оразовқа «қатаң сөгіс беріп, ең соңғы ескертумен қалдыруды» сұрайды. «Ең соңғы» дегеніне қарағанда, әлгі екеудің өзге де келеңсіз оқиғалары болса керек»

Д.Жақсыбаевты мен емес, универси-тет басшысы шығарған, ал С.Оразов пен Н.Тұрсынбаев, шындығын айтсақ, әкесіз жетім балалар, діннің өзінде «жетім көрсең, жебей жүр» деген емес пе, олар қылмыс жасады ма, жасамады ма, ол жағын мен жақсы білмегендіктен екеуіне де қатаң сөгіс беріп, дін жолында қалдырғаным рас.

«Мұндай тәртібі төмендерді қуудың орнына, Р.Нысанбаев Н.Тұрсынбаевты өзіне көмекші, С.Оразовты Алматы қа-ласының бас имамы етіп алады. 1996 жылы С.Оразовты жоғарыда айтылған Алматыдағы Ислам «Университетінің» ректоры етіп тағайындаған. Бұған есі кете қуанған С.Оразов әл-Азһар университетінің анықтамасын диплом деп танып, тағы бір жоғары білім алу үшін, Алматы университетінің заң фа-культетіне тапсырса, Н.Тұрсынбаев та қалыспай, заңсыз Ислам «Университетінің» жалған дипломын, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік басқару Академиясы-на өткізіп, арада екі жыл өткен соң, бірі заңгер, екіншісі Халықаралық қатынастар жөніндегі маман болып шыға келген.»

Бұл жерде әркімнің оқуға түсуге құқығы бар. Бұрынғы дипломдары заңды ма, заңсыз ба, оқуға қабылдаған университеттердің ректорлары біледі. Мен оларды жоғары оқу орнына қабылдаған жоқпын. Жоғары оқу орнына құжаттарын қабылдау комиссиясы алған соң, олардың дипломдары заңды шы-ғар деймін. Өзі айтқандай, мен диплом жа-зып бермеймін ғой. Маған екеуі де жоғары оқу орнын тәмамдаған дипломын көрсет-кен соң, менің жұмысқа қабылдамауға құқым жоқ қой. Ең бір сорақысы, осы екеуін қызметке Р.Нысанбаев қабылдады деп менің үстіме шағым жазған Сабыр мырза, неге дәл осы екеуін қазіргі мүфти Әбсаттар Дербісәлі С.Оразовты Наиб мүфти етіп, Тұрсынбаевты Семейдегі «Қос Мұнар» мешітіне имам етіп тағайындады. Сабыр мырза келінімнің есепші болғанын дұрыс жазған, бірақ ақшаны жеген мен де емес, келінім де емес. Қазір Н.Тұрсынбаев ҚР Президентінің қолдауымен ашылған Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры, үгіт-насихат кітабын шығару қызметін атқарады. Бұл сөздерім қате болса, сол кісіден сұраңдар дегім келеді.

***

Сабырдың хатында аты аталған Тұрсынбаевқа хабарласып, жауап беруін өтіндік. Көп кешіктірмей, жедел түрде жауабын ғаламтор-ға салып жіберіпті. Сонымен бет қатталып жатқанда келген хаттың ұзын-ырғасы мынандай:

Шыбын сияқты кір жерде емес, бал ара сияқты пайдалы гүлдер қасында болайық, ағайын!

Өкінішке орай, кейбір біздің жазғыш ағаларымыз ойланбай “тисе терекке, ти-месе бұтаққа” дегендей, әйтеуір қолына қалам алып, жазу осы екен деп болмайтын мақалалар жазып жатады.

С.Әділғазиновтың мақаласын оқып отырып, басымды шайқап таң қалдым. Ол кісінің менің қасымда болған сияқты жалған мақалаларды жазғанын оқып, осыншама санасының төмендеп кеткенін ойлап мұңданасың. Яки болмаса, кейбір адамдардың әдейі ұйымдастырып отырған мақаласы ма дейсің. Өйткені, осыдан біраз жыл бұрын дәл осы мазмұндас мақаланы мен басқа кісінің атымен оқығаным бар. Мақаланың мақсаты, байқалып тұрғандай, адамды болар-болмас сөздермен қаралау деп білемін. Содан мен қолыма қалам алып, жазылған мақалаға байланысты өзім туралы оқырмандарға түсінік беруді жөн көрдім.

1. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы (ҚМДБ) оқуға балаларды шетелге ынтасына қарай жібергеніне мен куәмін. Өйткені ҚМДБ-ның ресми хатымен республика көлемінде оқып жатқан мешіт жанындағы сауат ашу бөлімдерінен алғыр, ынтасы дұрыс шәкірттерді емтихан арқылы алдыртқан. Сонда мен Сарыағаш ауданы, Абай ауылында мешітте дәріс алушы едім. Сол кездегі бас имам менің атымды да тізімге кіргізген.

2. Көлікті жалға алу жөнінде. Жас болған соң қызығып, жігіттер жиналып, көлікті жалға алдық. Египетте демалыс күндері студенттерге бос кездерінде қалаға шығуға, теңізге баруға рұқсат. Біздер Жерорта теңізіне Исмайлия емес, Александрия қаласына (авторға ескерту: мағлұматты дұрыс жазса) бардық, қайтарда жазым болды. Ол біздің кінәмізден емес, “КАМАЗ” көлігінің жүргізушісі жолда жүру ережесін бұзып, келесі қатарға шығып кеткен. Сол жердегі жол полициясы хаттаманы солай толтырған. Бұл жөнінде айтарым — жазым кез келген адамға кездесуі мүмкін. Одан ешкім құтыла алмайды, Алла қаласа. Жазған автордың түймедей нәрсені түйедей қылғаны өте ұят болған екен. Рас, мен 1994 жылы сол Әл-Азһхар оқу орнында арнайы діни бөлімінде оқыды деген куәлігін алып, елге оралдым. Куәлік соңында университет ұжымының маған деген жақсы лебіздерін білдірген. Куәлігіміз қолымызда, керек болса көрсетемін.

3. Қызметке алу жөнінде ҚМДБ-ның бұрынғы бас мүфтиінің шешімі:

Расында, менің жасым 19-дан енді асқанына қарамастан, мүфти хазірет өзіне жауапты хатшы, кейіннен көмекші етіп тағайындады. ҚМДБ-да мен көп нәрсені үйрендім. Білімімді де жетілдіріп отырдым. Қазір ойласам, мүфтидің мені үлкен ортада тәрбие алсын деген қамқорлығы екен.

4. Қазақ Мемлекеттік басқару акаде-миясына оқуға қабылдануым жөнінде. Мен тиісті оқуға қажет құжаттарды университетке тапсырдым. Университет ұжымы құжаттарды дұрыстап тексеріп, аудармаларды оқып, мені халықаралық экономикалық қатынастар факультетіне қабылдады. Сол үшін мен бұл жерде ешқандай заңсыздықтарды аттаған жоқпын. Оқуды қалай оқығаныма сол кездегі факультет ұстаздары және бірге оқыған студенттер куә.

5. Мені ректорлық қызметке тағайындау жөнінде. ҚМДБ-ның алқа жиналысында мені ректор етіп тағайындау жөнінде шешім қабылдады. Менің міндетім — берілген тапсырманы, жүктелген қызметті қолымнан келгенше атқару, оны атқардық та.

6. Имамдыққа тағайындалуым жөнінде.ҚМДБ-ның қазіргі бас мүфтиі Әбсаттар Дербісәлі мені Семей аймағы бойынша өкіл имам және Семей қаласындағы аймақтық орталық мешітіне бас имам етіп тағайындайды. Артынан өзі де іссапармен Семей жеріне келіп, істелген жұмысты көріп, риза болып, маған алғыс хатын алқа жиналысында жариялайды. Бұл жөнінде «Ислам және өркениет» газетінде басылған. Сол Семей елінің мені қалай қарсы алғанын бас мүфти Семей жамағатымен және әкімшілігімен кездескен кезде естиді. 2003 жылы білімді жетілдіру үшін бас мүфтиден оқуға жіберуге сұрандым. Ол кісі: «Мен сенің орныңа кімді жіберем? Сені халық та, әкімшілік те қолдап отыр, сен сол жерге керексің», — деп қалдырды. Арада біраз жылдар өткеннен соң маған ҚМДБ-дан Балқаш қаласындағы орталық мешітке қызметке жіберу ұсынылды. Дәл сол уақытта мен Семей жерінде мешіт ауласында діни сауаттандыру ғимаратын салып бітіріп, ашылуға дайындалып жатқан болатынбыз. Өзімнің бұрынғы ниет еткен оқуға баратынымды айтып, ұсынылған қызметтен бас тарттым. Сонымен мені өз қызметімнен босатты. 2005 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Шаржа өкіметінің университетінің шариғат және ислам зерттеулері факультетіне қабылданып, оны ойдағыдай 2010 жылы тәмамдап елге оралдым. Елге оралған соң, ҚМДБ-ға барып бас мүфтимен жолықтым. Бірақ шешім қанағаттанарлықсыз болғандықтан, еліміздің Мәдениет министрлігі жанындағы діни істер жөніндегі комитет төрағасы Ардақ Досжан мырзаның қабылдауында болып, 2,5 сағатқа жуық дін жөнінде салихалы әңгіме өрбіді. Сонымен, ол оқыған құжаттарымды мұқият көріп шығып, мынандай ұсыныстар айтты:

1. Діни істер жөніндегі комитеттің Араб дін істер министрліктерімен қарым-қатынас жасау жөнінде көмекші болу;

2. Жақында ғана құрылған Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры ашылғанын және осы қордың атынан республика төңірегінде үгіт-насихат жасау, жастарға лекция оқу, бұқаралық ақпарат құралдарында діни диспуттар өткізу және діни оқу орындарына кітаптар шығару жөнінде қызмет ұсынды. Менің негізгі мақсатым дінге қызмет ету болғандықтан, екінші шарттағы ұсыныстарға келістім. Бірақ өзімнің еліміздің дін саласының өсіп-өркендеуіне байланысты кез келген қызметке дайын екенімді білдірдім. Қазір де мен сол қордың үгіт-насихат жұмыстарын және кітап шығару ғылыми жұмыстарымен айналысамын.

Нұржан Тұрсынбаев

Бізге хат жазған Сабыр Әділғазинов хат артына тек қолын қойып жіберіпті. Не телефоны жоқ, мекенжайы да жазылмаған. Іздеп таба алмадық.

 
Yorum yaz / share.thought
Түріктен бауыр тапқаныма шүкіршілік етемін
«ТЕМІР ТҰЛПАРЛАР» САТЫЛАТЫН ОРТАЛЫҚ
Ішкі саясат ішіндегі «ілік» саясат немесе БАҚ-ты белден басқан басқарма
Бізді сыйламаған өзге этностарға ренжиміз бе, әлде...
Жалақыға зар болып, опық жегендер
«Құдыққа құлаған» құландық тәртіп сақшылары
Бюджеттің жыртығын арақпен жамау — масқаралық!
Рухы мықты елдің еңсесі биік
Сақ болыңыздар: телефонда «Алаяқ»
Кедендік одақ алкоголь саясатын өршітіп отыр
Қоғамдық көлік қызметінде ана тіліміз ақсап тұр
НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРМЕЙТІН ХАЛЫҚ ЕДІК
Қамшыбасар