Кенеттен ешкім
кемелді
болып кетпейді
Жазушы апамыздың «Бір рет болсын мешітке барып, Алла-Тағалаға алақан жайған пенде ешқашан қиянатпен айналыспау керек. Егер де өзіңе-өзің сенбейтін болсаң, Алланың үйіне барып, Алланың атын былғамай жүр» деген үкімі принциптік тұрғыдан алғанда дінге қайшы емес, қайта ар тазалығын қатаң ұстауға бұйырып тұр. Дегенмен, діни методикалық (иршад) тұрғыдан алғанда, бұл пікірден радикальді түсініктің желі еседі. Жалпы, адам баласы нәпсуани халден кемелдікке бой ұру кезеңінде кенеттен кілт бұрылып, бойындағы бүкіл теріс қылықтарынан бірден арыла алмайды. Өйткені, адам баласы әу бастан кемшілікпен жаратылған. Бұл жөнінде Аллаға Тағала Құран-Кәрімде: «Сонда оған (адамға) жамандық (нәпсі) және тақуалық қабілет бергенге серт» (Шамс-8) деп бұйырған. Яғни, кемшілікпен жаратылған адам баласы мына сынақ әлемде қателікке ұрынбай тұрмайды. Осы себептен, жұмыр басты пенде кемшіліктен ада, кінәратсыз һәм мінсіз күйге бөлену үшін сынақ әлемде тағдырдың талайын бастан кешуге мәжбүр. Құран-Кәрім аяттарының Пайғамбарымыз (с.а.у.)-ға бір мезетте емес, біртіндеп жиырма үш жылда түсуінің себебі де адам баласының келе-келе біртіндеп толысатынын аңғартады. Сондықтан Хақ Елшісі (с.а.у.) да өз замандастарын бірден емес, ширек ғасырға жуық уақытта Исламға толық мойынсұндырды. Айталық, Алла-Тағаланың өзі Құран-Кәрімде арақ ішуге бірден тыйым жасамаған. Алдымен арақтың пайдасынан гөрі зияны көп екені туралы аят түсті (Бақара, 219). Одан кейін мас күйінде намазға жақындамау (Ниса, 43-аят) туралы бұйрық келді. Ең соңында араққа мүлде жуымау хақында (Мәйда, 90-91-аяттар) түбегейлі шешімі бекітілді. Яғни, Ұлы Жаратушы адам баласын өзі жаратқан соң, пендесінің потенциалын бізден әлдеқайда артық біледі. Осы себептен де алғашқы алғадай мұсылмандардың (салафилер) өзін ішкіліктен біртіндеп тыйған еді.
Діндегі сенім жүйесін реттейтін «ақида» бойынша «таклид» (еліктеу) дәрежесін-дегі, яғни Бір Жаратушының бар екеніне әлі ақыл-түйсігімен көз жеткізбей, өзгелерге еліктеп Тәңірге мойынсұнған пенде де иман келтірген мұсылманның сапына жатады. Ал иманы «иақини» (айқын) дәрежеге көтерілмесе, ол адам әлі рухани жетілмеген санаттың өкілі саналады. Жалпы, «тақхихи» (берік иман) дәрежеге көтерілгенге дейін адам баласының көңіл қойнауы нұқсансыз, аппақ айдын болмысқа айнала алмайды. Яғни, адамның Тәңірге деген сенімі де бірте-бірте күшейіп, кемелденеді.
Діннің бір парасын құрайтын ахлаһ ілімінде де мінез-құлықты тәрбиелеуді сатылап көрсеткен. Адамның рухани деңгейін анықтайтын бұл сатылардың әрбірінің өзіне тән табиғаты болады. Осы рухани қабаттардағы табиғи бітім-болмысқа қарай адам баласы күнә мен сауапты амалдар жасайды. Оларға қысқаша тоқталар болсақ:
Бірінші, «нәпсі эммара» (әмір беруші нәпсі) сатысында адам нәпсі қалауының құлы болып, ішіп жеу, ұйықтау, тән ләззатына қанығу, тояттау, өзімшілдікке салыну секілді хайуани пиғылдың құрбанына айналады. Нәпсінің бұл сатысы жөнінде Құран-Кәрімде : «Еш күмәнсіз нәпсі жамандықты бұйырушы» (Жүсіп, 53), — деп айтылады.
Екінші, «нәпсі лаууама» (нәпсісін сынаушы) сатысында Адам өз бойындағы азғындықпен алысып, оны жоюға тырысып бағады. Жасаған күнәлары үшін өзін кінәлап, өз-өзіне сын көзбен қарай бас-тайды. Бірақ, нәпсі қалауларына қарсы күресте толық жеңіске жете алмайды. Ізгі сезімдер мен қара ниеттер тайталасқа түсіп, бірін-бірі ала алмайды. Дегенмен, «нәпсі эммара» дәрежесіне қарағанда, «нәпсі лаууама» прогрессивтік маңызға ие. Осы себептен де Құран Кәрімде нәпсі лаууама жөнінде «Бірақ, өзін әрқашан сынға алған нәпсіге ант етемін» (Қияма, 2) деп айтылады.
Үшінші, «нәпсі мулхимия» (нәпсісін өзгертуші) сатысында адам ұдайы Ұлы Жаратушыға құлшылық жасап, рухания -ты толыса бастап, нәпсі қалауларын тұсап, жымысқы пиғылды шідерлеп ұстайды. Ішкі жан-дүниедегі бұл өзгеріс сыртқы пішінге де игі әсерін тигізіп, адамның болмыс-бітімі «химая», яғни, өзгеріске ұшырайды. Нәпсінің бұл сатысы жөнінде Құран-Кәрімде: «Нәпсіге және оны түзегенге ант етейін, нәпсісін тазалаған құтылады, оны кірлеткен зиянға ұшырайды» (Шамс, 7-10) деп баяндалады.
Төртінші, «нәпсі мутманина» (нәпсісі тыныштылған) сатысында адам дүниенің өткінші қызығынан бас тартып, ұдайы Ұлы Жаратушыны еске алып, жүрегін хақ нұрына малып, нәпсіқұмарлық сезімдері суалып, жан-дүниесіндегі нәпсінің сойқаны сейіліп, тыныштық орнайды. Нәпсінің бұл сатысы жөнінде Құран-Кәрімде: «Ей, тыныштыққа ерген нәпсі» (Фажр, 27) деп көрсетілген.
Бесінші, «нәпсі разия» (разы болған нәпсі) сатысына көтерілгенде адамның бойындағы атой салған менмендік құрсауланып, нәпсі қалаулары шарасыз күй кешеді. Адам әрбір сәт илаһи ілімді басшылыққа алып, хақ үкімдеріне еріп, кеудесі хикметке толы болады. Сынақты Тәңірдің тартуы ретінде бағалап, басынан кешірген тағдырына шексіз разы болады.
Алтыншы, «нәпсі марзия» (Алла разы болған нәпсі) сатысына көтерілгенде жүректің әрбір тынысы Хақты зікір етіп, жүз алпыс екі тамырымыз тек «Алла» деп соғады. Ұлы Жаратушының көрсеткеніне разы болғанымыз үшін, Хақ-Тағалада шынайы берілген құлына разы болады. Құран-Кәрімде нәпсінің бұл сатысы: «Сен одан разы болып, ол да сенен разы болып қайт» (Фажр, 28) деп ардақталған.
Жетінші, «напсі камилия» (кемелдікке жеткен нәпсі) сатысында Құран мен Сүннетте ұлықталған барлық жақсы қасиеттер адам бойында көрініс табады. Хақтың сипаттары жүрекке шағылысып, пейілдер періштедей пәк, әрбір әрекет ғибратқа, ауыздан шыққан әрбір сөз хикметке толы болады.
Көріп отырғандарыңыздай, нәпсінің құлақ кесті құлына айналған хайуандық мақамнан, руханият көгіне көтерілгенге дейін бірнеше сатыларды кешіп өтуіміз керек. Яғни, атам қазақтың: «Мұсылмандық әсте-әсте» деген қағидасының тектен текке айтылмағанын аңғарасың. Демек, жазушы апамыздың «Егерде өзіңе-өзің сенбейтін болсаң, Алланың үйіне барып, Алланың атын былғамай жүр» деген үкімі біржақты һәм қатқылдау айтылған деген сөз.
«Нас» сүресі
сайтаннан сақтануға шақырады
Автор «Алланы алдай алмаймыз» деп көтерген мәселесіне «Нас» сүресін мысал ретінде көрсете келіп: «қайырымды, құдіретті, рахымды Алланың өзі осылайша адамдарды сақтандырып тұр емес пе?» — деп бір түйіндеп өтіпті. Қасиетті Құран-Кәрімнің бұл сүресі мақалада көтеріліп отырған мәселемен тоқайласа ма? Енді, осыған бір сәт назар аударсақ.
Жалпы, «Нас» сүресі дін мұсылман баласын сайтанның азғыруынан сақтайтын илаһи сауыты іспетті. Мына беу-дүниені жұмыр басты пенде мен жәдігөйдің арасындағы талас-тартыстың қан майданы десек, қателеспейміз. Зұлым күштер көкейімізге түрлі жаман ой мен пәлекетті тықпалап, қал-қадерінше адам баласын тура жолдан тайдыруға күш салып бағады. Задында, бұл ымырасыз соғыс әлімсақтан бастау алған. Адамның бойындағы ізгілікті көре алмай, илаһи мәртебесін қатты қызғанған Ібіліс оған қарсы күрес ашу үшін Ұлы Жаратушыдан рұқсат сұраған. Хақ-Тағала да хикмет тудыру үшін оған рұқсат берген. Бірақ, мейірімі мол Алла-Тағала жауына жайдақ қарсы тұрмасы үшін адам баласын да өз дәрежесінде қаруландырған. Біздің ол қаруымыз – Нас сүресінің алғашқы үш аятындағы Ұлы Жаратушының рубубиет, маликул-мулк, илаһ сипаттарын еске алу арқылы сайтанның азғыруынан сақтану болатын. Бұл турасында Хақ Елшісі (с.а.у): «Сайтан адам баласын жүрегіне кіріп азғырады. Бірақ, Алла-Тағаланы зікір еткенде, сайтан жасырынып қаша жөнеледі. Хақпен байланысын үзген сәтте, сайтан қайта оралып, азғыра бастайды», дейді. Яғни, жан-дүниемізге жымысқы ойды тықпалайтын жәдігөйді адам баласы Хақ-Тағалаға сыйыну арқылы ғана жеңе алады (Сайд Кутуб. Фи Зилал-ил Куран. 10 том. 613 бет).
Ал, Ұлы Жаратушының рубубиет, маликул-мулк, илаһ сипаттарының қандай құдіреті бар? Бұл хақында Елмалылы Мұхаммед Хамди Язир былай дейді: «Рубубиет - күллі адамзат пен оның іс-әрекетін тудыратын, тәрбиелейтін, жарататын, бұйыратын, күш-құдыретімен қара топыраққа жан беретін, жансыз элементті ағарып атқан таңдай арайландыратын, адам баласын көркем кейіпте жасаған, оларға жарамсыз нәрселерді емес, қажетті нәрселерді сүзіп берген, ізгілікке баулып, дәрежесі мен халін асқақтатып, кемелдікке көтерген, ақыл мен қисын берген, мұқтаждықтарын өтеп, адами міндеттерін сездіріп, мақлұқаттың таңдаулысы еткен, жұбымен бірге жаратып, қауым болып өмір сүргізіп, өнегені бойына сіңіре білу қасиетін беріп, рубубиет түсінігімен жаратылыс сырын сездіріп, ақиқат пен игілік жолында күресу жолын нұсқаған Ұлы Жаратушының көркем сипаты. Маликул-мулк – тәрбие берумен жетілдірген, ақылы мен адами сезім-түйсіктері толыстырған, барлық пенделерін үкіміне мойынсұндырған, қабілет-қарымын хақ низамымен кемелдендіру үшін тура жолды көрсеткен, ілім мен хикмет иесі болу үшін бұйрық пен тыйым жасаған, «Әй, мүлік иесі Алла! Кімге қаласаң мүлік бересің де, кімнен қаласаң дәулетті аласың. Кімді қаласаң ардақтайсың, кімді қаласаң қорлайсың. Жақсылық Сенің қолыңда. Күмәнсіз әр нәрсеге күшің жетеді...» (Әли Ғымран, 26) деп Құранда айтылғандай, қалағанына мүлік беріп патша қылған, қалағанын патшалықтан түсірген, қалағанын ардақты, қалағанын бейшара етуші исі бүтін болмыс иесі, патшалардың патшасы, әміршілердің әміршісі мағынасындағы Ұлы Жаратушының сипаты. Илаһ – кімге құлшылық жасау керектігін, яғни адамның ақылы мен қисынын толықтыратын, әділеттілік пен әділетсіздікті, хақиқат пен қиялды, жақсы мен жаманды, қуаныш мен қайғыны, баянды бақыт пен өткінші ләззатты, басты мақсат пен сол мақсатқа жеткізер құралды, қанағатшылдық пен қанағатсыздықты айырып беретін, ар-ұжданмен көңіл айдынын көркейткен, өмір сүріп отырған ортаның құндылығы мен нәпсісін күшін шамалаған, жаратылыстың хикметін, қайдан келіп, қайда баратынын, дүниенің ләззатын, ұтыс пен ұтылыстың нәтижесін, құрмет пен үміттің, арыз-тілектердің немен байланысатынын, адамның неге күлетінін, неге жылайтынын, шыр-пыр еткен жүректің немен тынышталатынын аңғартатын, осыған орай біздің неге ынтық болып, неден бойымызды аулақ ұстап, неге сыйынып, неге құлшылық жасау керектігімізді ұғындыратын Ұлы Жаратушының сипаты (Елмалылы Мұхаммед Хамди Язир. Хақ дини Куран дили. 10 том. 178-179 беттер).
Ал, Ибн Кәсирдің тәпсірінде әрбір адам баласына қосақталған азғырушы зұлым күштің бар екендігі, сайтан пендені адам болып та, жын болып та азғыратыны айтылады. Оған атақты тәпсіршіміз Алла Елшісі (с.а.у)-ның: «Уа Әбу Зәрр! Адам мен жыннан келетін сайтанның азғыруынан қорқып, Аллаға сиын!» деген хадис-шарифін дәлел ретінде көрсетеді. Сондай-ақ, сайтан көбінесе адамды көмескі кейіпте білдірмей жадылайтынын жеткізеді (Ибн Кәсир. Куран-Керим тәфсири. 5 том. 2868-2869 беттер).
Задында, «Нас» сүресінің мән-мағы-насын тереңінен талдайтын болсақ, тәпсіршілердің талдауын шұбатып келтіре беруге болады. Десек те, көріп отырғандарыңыздай, «Нас» сүресі зұ-лым күштердің азғыруынан адам баласын сақтандыру үшін түскен екен. Демек, «Нас» сүресінің «Алланы алдай алмаймыз» атты мақалада көтерілген Тәңірге деген шынайы махаббат, муғжиза мен керемет, ар мен рухтың тазалығы, пейілдің пәктігін сақтау мәселесіне тікелей қатысы жоқ деген сөз.
Абыраха
Меккеге не үшін жорық жасады?
Мақалада «Абыраха патшаның Сана қаласынан үлкен жаңа шіркеу салып, бүкіл араб еліне үстемдігін жүргізу мақсатымен Меккедегі мешітті күл-талқан қылып жоюға аттанғаны» да айтылған. Бірақ, Абыраханың не үшін Сана қаласына шіркеу тұрғызғанын, Меккеге не үшін жер қайысқан қолмен жорыққа шыққанын жан-жақты талдап түсіндірмеген. Енді, осы мәселелердің астарына үңіліп көрсек.
Тарихшылардың жеткізуіне қарағанда, VII ғасырда Иемен – Араб түбегінің өзге аймақтарына қарағанда табиға-ты анағұрлым жақсы өлке болған. Шығыстанушы О.Г. Большаковтің жеткізуіне қарағанда, Иемен қалаларында 15-20 мыңға дейін халық тұрып, мұндағы арабтар қолөнер, мақта мата, тері өңдеу, металл өндірумен айналысқан (Большаков. О.Г. История Халифата. І том. 18 стр.). Таудан ағатын судың алдын буып, атақты Мағрип су тоспасын егіншілікке пайдаланған (Грюнебаум Г. Э. фон. Классический ислам. Очерк истории (600—1258) 4-5 сс). Яғни, Араб түбегінің бұл өңірі аса маңызды стратегиялық аймақ болғандықтан, сол кездегі Византия, Сасаниттер, Эфиопия секілді әлемнің алпауыт елдері Иеменді иеленуге қатты қызығушылық білдіретін.
Жалпы, V-VI ғасырларда Иемен бірнеше діндердің тоғысқан жеріне айналды. Иемендегі халықтың басым көпшілігі пұтқа табынатын. Тек, Нежран аймағында христиан дінінің несториан бағытын ұстанушылар өмір сүрді. Иеменді VІ ғасырдың басында хумейрліктер билеп төстеді. Бұл мемлекеттің соңғы билеушілерінің бірі Зунубас кезінде Хумейр билігі иуда дініне өтті. Иуда дінін қабылдағаннан кейін Зунубас патша 523 жылы Нежранда Христиан арабтарды қырғынға ұшыратады. Оның себебі, Христиан дініндегі Византия мемлекеті еврейлерді Иса пайғамбарды өлтірді деп Араб түбегіне қуғындаған болатын. Осының есесіне Зунубас патша Иемендегі Нежран христиандарын қырып салады. Византия императоры Юстиниан да өзінің христиан одақтасы Эфиопия патшасы Нежасиге хат жазып Иемендегі христиандардың мүддесіне қол ұшын беруді өтінеді. Нежаси патша Иеменге өз әскерін аттандырып, Эриад бастаған эфиопиялық христиан әскері Иеменді басып алды (Ирвинг. В. Жизнь Магомета. 15-28-сс).
Осы эфиопиялық христиандар мен пұт-қа табынушы арабтар арасында да діни сенімнің қарама-қайшылығына байланысты қақтығыстар орын алып отырды. Әбу Хасан Али ән-Недви өз шығармасында христиан дініндегі эфиопиялықтармен меккелік құрайыштықтардың қақтығы-сы мынандай діни дүрдараздықтан туындағандығын көрсетеді: 570 жылы Эфиопияның Иемендегі әміршісі Абыраха Араб түбегінде христиан дінін ұлық дін ету мақсатында Сана қаласына Кулейс атты үлкен шіркеу тұрғызды. Пұтқа табынушы арабтар негізінен Меккедегі қасиетті Қағбаға тәуап ететін. Қағбаға бәсекелес Кулейс шіркеуінің тұрғызылуына шамданған меккелік бір араб Санаға келіп Кулейс шіркеуінің ішіне дәрет сындырып кетеді. Пұтқа табынушылардың кемсіту мағынасындағы бұл әрекетіне қатты ашуланған Абыраха билеуші кек алу мақсатында Араб түбегінде Кулейске бәсекелес болып тұрған Қағбаны жою үшін Меккеге әскер шығарады. Араб түбегінде христиан дінін үстем ету мақсатында жасалған бұл жорық сәтсіз аяқталып, Абыраха қолы Мекке түбінде жеңіліске ұшырайды. Тарихта Абыраханың бұл жеңілісі «Піл оқиғасы» деген атпен қалды. Бұл оқиғадан кейін Иеменді мәжуси дінін ұстанатын Иранның Сасаниттер билігі басып алды (Әбу Хасан Али ән-Недви. Хз. Мұхаммед. 30-34-бб).
Яғни, сол дәуірде Араб түбегінде дінаралық қақтығыс қатты ушығып тұрған еді. Осындай діни қарама-қайшылықтың негізінде пұтқа табынушы арабтар Кулейс шіркеуін кемсіту үшін анайы әрекет жасап, қарымтасына Абыраха патша да Меккедегі қасиетті Қағбаны қиратпақ болған-ды. Алайда, христиандар өз дегеніне жете алмай, Алла-Тағала қасиетті мекенді өзі қорғап қалған болатын.
Ол кезде әл-Харам мешіті салынбаған еді
Мақала иесі «Ал сол кезде-ақ, Мекке қаласындағы «Әл-Харам» мешітінің араб елдерінің арасында беделі өте үлкен болған екен», — деп, қасиетті Қағба мен «Әл-Харам» мешітін шатас-тырып алыпты. Қасиетті Қағбаны Алла-Тағаланың бұйрығымен хазіреті Ибрахим пайғамбар мен оның ұлы Исмайылдың тұрғызғандығы белгілі (Ибнул-Есир. Әл Камил Фит-Тарих. І том. 98-100 беттер). Иә, рас, жазушы апамыз айтпақшы, осы қасиетті Қағбаның беделі сол кезеңде өте жоғары болған. Даңқты ислам тарихшысы Мұхаммед Хамидуллаһтың пікірінше, арабтар арасында Қағбаға иелік ету бүкіл Хижаз аймағына, қала берді Араб түбегіне ықпалды санал-ған (Мұхаммед Хамидуллаһ. Ислам пайғамбары. 24-27-бб). В.В. Бартольдтің қөзқарасынша, Исламға дейінгі араб-тардың ең үлкен пұты — «Хубал» Меккедегі Қағбада орналасып, арабтар «Хубалды» ең ұлы тәңір деп қабылдаған (Бартольд В.В. Работы по истории ислама и Арабского халифата. 87-б). Алайда, Исламға дейінгі дәуірде Меккедегі қасиетті Қағба «Әл-Харам» мешіті деп аталмаған болатын. Сондай-ақ, қасиетті Қағба мен «Әл-Харам» мешіті бір жерде орналасқанымен, екеуі екі бөлек ғимарат. Тіпті, «Әл-Харам» мешіті 571 жылы болған «Піл» оқиғасынан көп кейін тұрғызылған. Дәлірек айтар болсақ, «Әл-Харам» мешіті Пайғамбарымыз (с.а.у.)-ның өлімінен кейін ІІ Халиф Омардың билігі тұсында (634-644) қасиетті Қағбаның маңындағы тұрғын үйлер көшіріліп, оның орнына салынған құлшылық орны саналады (Ислам энциклопедиясы. Алматы, 1995 жыл. 92 бет).
Әлбетте, бүгінгі күні «Әл-Харам» мешіті десе, қесиетті Қағбаны қоршап тұрған зәулім құлшылық орны есімізге түседі. Ал қасиетті Қағба десе, «Әл-Харам» мешітінің ортасына орналасқан киелі мекен ойға оралады. Десек те, бұл екі ғимараттың мазмұны мен салыну тарихы мүлде бір-бірімен үйлеспейді. Яғни, айтпағымыз, жазушы апамыз бұл жерде қасиетті орындағы есімдік атауларды бір-бірімен шатастырып алған сыңайлы.
Түйесін сұраған Әбдіманап емес, Әбдумуталип болатын
Нұрила апамыз Абыраха патшадан түйелерін сұрап келетін Пайғамбары-мыз (с.а.у)-ның атасы Әбдумуталипті Әбдіманап деп қателесіпті. Сондай-ақ, Әбдіманапты «Меккенің қожайыны» деп атапты. Абырахадан тартып алған түйесін сұрап келген Меккенің ақсақалының аты бүкіл «сиер» (Пайғамбар туралы еңбектер) кітаптарында Әбдумуталип деп айтылады. Ал Әбдумуталип жазушы апамыз айтып отырған Әбдіманаптың немересі болатын. «Меккенің қожайыны еді» деген мәселеге келетін болсақ, ол кезде Меккені жеке тұлға емес, «Дарун-надуа» (парламент үйі) басқаратын. Меккені негізгі денін Құрайыш тайпасы құрағанмен, бұл тайпа өз ішінен Хашим, Мүталіп, Таймия, Зухра, Адий ұлдары, Харис, Абдишемс, Нәуфал, Әсад, Амир, Мағзум, Жүмақ, Абдуддар руларына бөлінетін «Дарун-надуаға» осы рулардың ақсақалдары мүше еді. Ал Әбдумуталип осы ақсақалдар кеңесінің басшысы болатын (Жабири Мұхаммед Абыд. Исламда сиясал акыл. 164-б).
Түйін:
Әлбетте, жазушылардың діни тақырыпқа қалам тербегені бізді қатты қуантады. Жетпіс жыл бойы салтанат құрған атеизм-нің «жаназасын шығару үшін» қаламы уытты сөз шеберлерінің қарым-қабілеті керек-ақ. Осы ретте қалемгердің «Алла мәңгі жүрегімізде, сана-сезіміміздің көгінде жүруі тиіс. Алланы алдай алмаймыз» деген кестелі ойы —бағалауға тұрарлық тұжырым. Десек те, жазушы апамызға прозаға қалам тартпас бұрын тақырыптың ұңғыл-шұңғылына терең үңілетініңіз секілді, діни тақырыпқа да жан-жақты дайындықпен келсеңіз екен деп тілек білдіреміз.