Mart 04, 2016
 
 
 
 
 
 

Ұлты үшін басын бәйгеге тіккен Оңдасынов

ХХ ғасыр қазақ халқы үшін өте қиын да күрделі, әрі өз тәуелсіздігімізді алған бақытты ғасыр болып тарихта қалды. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін билік ақ патшадан қызыл империяға ауысты. Коммунистер халықты екі тапқа бөлді. Байлар мен кедейлерге. Өкінішке орай, кедейлердің саны өте көп болды. Олар болашақта кім жақсы өмір сыйласа, соның артына еруге амалсыздан дайын еді. Осыны пайдаланған революция басшылары қалың бұқара халықты соңынан ерте білді. Оларды аштықтан, жоқшылықтан құтқаруға бар мүмкіншіліктер жасайтынына сендіре алды. Ел Кеңес үкіметінен көп жақсылықтар күтті.

 

Олардың саясатын іске асыруға жұмыла кірісті. Әсіресе адамның бәрін теңестіреміз, сауатын ашамыз, тегін оқытамыз, ауырса тегін емдейміз, жетімдерді жетімдер үйіне алып, асыраймыз деген саясаттары елдің көңілінен шығып жатты.

Орманшыдан халық комиссариатына дейін

Бүгінгі біз әңгіме еткелі отырған ХХ ғасырдың бірегей тұлғаларының бірі Нұртас (Нұрмұханбет) Дәндібайұлы Оңдасынов та әке-шешеден ерте жетім қалып, Тәшкендегі №14 мектеп-интернатта тәрбиеленіп, аштықтан аман қалып, осы қаладағы қазақ орман техникумын бітірді. Жастайынан оқуға зерек, ғылымға ынтасы зор жас болып өсті. Әйткенмен жоқшылықтың салдарынан ірі қалаларға барып жоғарғы білім алуға мүмкіндігі болмады. Түркістан қаласының маңында туып өскен ол жастайынан мал шаруашылығы жайын, ауыл жағдайын жақсы білген. Оның үстіне молдадан азды-көпті сауатын ашып, ауыл адамдарына қыстың ұзақ түндерінде қиссалар, жырлар оқып беріп, молда бала атанып үлгерген. Болашақ ел тағдыры туралы ойлағанда қазақтың байтақ даласының сусырап жатқанын бала жастан көңіліне түйіп өсті. Әсіресе оның техникумда оқыған жылдары сол кездегі қазақ зиялыларының Ташкент қаласына шоғырлануына байланысты, ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтың оқыған дәрістері, сондай–ақ, Ғани Мұратбаевтың жалынды сөздері өз өмірінде ерекше орын алды. Өз арманына жету мақсатында Ташкент қаласындағы Ирриграциялық институтқа түсіп, саясатқа бай-ланысты оны толық аяқтай алмады. Әйтсе де тумысынан өте қарапайым, кісімен сөйлескенде тіл тапқыш, өзіне баурап алатын жұғымдылығының, ізденімпаз еңбексүйгіштігінің арқасында ол кезінде еліміздің шын мәніндегі үлкен басшысы бола білді. Қарапайым орман шаруашылығы қызметінен бастап, Қазақ Кеңес Халық Комиссиаратының, Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметіне дейін көтерілуі оның үлкен мемлекеттік және қоғам қайраткері екенін дәлелдейді. Біз бүгін ол кісінің бір ғана Қазақстан Респуликасы Халық Коммисариатының төрағасы қызметін атқарған кезеңіндегі кейбір мәселелерді баяндауды мақұл көрдік. Кеңестік дәуірдің 70 жылының ішінде министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарғандар көп. Бірақ солардың ішінде ел үшін аянбай тер төккен, ұлты үшін басын бәйгеге тіккен, салт-дәстүрді сақтауға зор үлес қосқан әмбебап басшы ретінде Нұртас Оңдасыновтың есімін ерекше атауға болады. Ол төрағалық қызметке небәрі 34 жасында тағайындалып, үздіксіз 13 жыл бойы абыроймен басқарып, қиыншылықтарды жеңіп қана қоймай, ірі жетістіктерге жете білді. Рас, ол кездерде министрлер кеңесінің лауазымы, абыройы қазіргідей емес, жоғары еді.

Ол Сәтбаевты қалай тапты?

Тарихи жазбаларға көз жіберсек, Оңдасыновтың кезінде ең әуелгі қабылданған құжаттар елімізде мал шаруашылығын дамытуға бағытталыпты. Өйтпегенде қайтсін, қазақтың негізгі күнкөрісі болып табылатын мал басы Голощекиннің солақай саясатының салдарынан бірнеше есе төмендеп кетті. Сонымен қатар егіншілікті дамыту да қолға алынды. Әйткенмен оның негізгі жоспарларының іске асуына Ұлы Отан соғысының басталуы кедергі болды. Кеңес Одағының батыс бөлігін неміс басқыншылары басып алуына байланысты Украинадан, Белоруссиядан, Ленинград, Мәскеуден көптеген бейбіт халықтарды қазақ жеріне көшірген болатын. Осылардың бәрін орналастыру, сондай-ақ, соғысқа қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету Қазақстан халқына көп жауапкершілік жүктеген. Соғысқа қатысты молибден, марганец, вольфром т.б. сирек кездесетін металдардың кен орнын тауып, қажетті мөлшерде өндіру, күнделікті соғыс құралдарына қажетті қорғасын, темір, мыстарды бірнеше еселеп өндіру оңайға түскен жоқ. Осындай қиын шаруаны іске асыруда білім-ғылымның қажеттілігі сағат сайын сезіліп отырды. Осыларды шешуде жер асты қазба байлығын игеруді меңгерген мамандарға деген сұраныс артты.

Республикамызда Орталық Ғылым акедемиясының филиалы болатын. Н.Оңдасынов осы ғылым академиясына арқа сүйеп, шаруаны ғылыми тұрғыда шешуге ниет етіп көргенде, олардың арасында жергілікті жерден бірде-бір ғалым жоқ болып шығыпты. Барлығы шет жақтан жиналған. Олардың Қазақстанға жаны қайдан ашысын, уақытша күнін өткізіп жүргендер. Бұған кімді басшы етіп қоямын деген сауал күндіз-түні ойдан кетпейді. Ақыры табады. «Казправда», «Социалистік Қазақстан» газеттеріне мақаласы жарияланып жүрген Қаныш Сәтбаевты дұрыс көреді. Бірақ ол кісіні әлі көрмеген. Сәті түскенде Сәтбаевты Мәскеуге шақыртып сөйлеседі. Екеуі бірден тіл табысады. Оның «Алашорданың» мүшесісінің байдың баласысың деп қудаланып жүрген кезі тұғын. Бұл шақыруды бірден мақұл көреді. Ақылдаса келе Орталық Ғылым академиясының президенті, академик Камаровқа барып, жәрдемдесуін сұранады. Камаров: «Филиалды академик атағы барлар ғана басқара алады, оған лайық кімің бар?» — дейді. Сол кезде Оңдасынов қасындағы Сәтбаевты таныстырады. Алайда, бұл кезде Сәтбаевтың талапқа сай ғылыми атағы жоқ, Жезқазғанда далалық экспедицияны басқарып жүрген кезі болатын. Осыған байланысты оны алғашында академияның корреспондент мүшесі етіп алып, реті келгенде филиал басшысы етіп тағайындауға уәде етеді. Содан көп ұзамай КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалындағы геология ғылыми институтына директор болуға шақырады. Ал 1942 жылы Орталық Ғылым акаде-миясының Қазақ филиалының төрағасы болып тағайындалады.

Соғыс жылдарында Қазақстанның жер асты табиғи байлығы көп қиындықтарды шешуде үл-кен рөл атқарады. Кеңестер Одағының айтулы ғалымдары соғыс құралдарын, қару-жарақтарын дайындауда Қазақстанның қазба байлықтарын игеруде бар күш-жігерін, білімін жұмсады. Олардың ішінде Қ.Сәтбаевтың да орны ерекше болды. Осыны пайдаланған Нұртас Оңдасынов елімізде өз алдына ғылым академиясын ұйымдастыруды қолға алды. Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін комиссия құрылып, төрағасы Оңдасынов, мүшелері Скворцев, Шаяхметов, Сәтбаев — барлығы 18 адамнан құралды. Ақыры табандылықпен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 1946 жылы 1 маусымда КСРО халық комиссарлар кеңесінің Қазақстан Ғылым академиясы құрылсын деген шешімі шығарылды. Ал қазіргі ғылым академиясының ғимаратын сәулетшіге өзі жасатып, оның іргетасын қалағанда «Қазақ ғылымы күмістей таза болсын» деп, күміс тиындар шашқанын осы күнге дейін көнекөз қариялар айтып жүреді. Сөз жоқ, Қазақ Республикасының Ғылым академиясы елдің өркендеп өсуіне көп көмегін тигізді. Алдағы уақытта да, Елбасы айтқандай, зиялы ұлт болу үшін әлі де ғылымға баса ден қою керектігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.

ҚызПИ-дің тұсауын кескен...

Н.Оңдасынов — елімізде білімнің де дамуына ерекше назар аударған азамат. Әсіресе, оның қазақ қыздарының білім алуына айрықша ден қоюы, қазақтың қыздар институтының ашылуына жасаған еңбегі зор еді. Ол кезде барлық мәселені Мәскеу шешетіні жасырын емес. Басшылық тарапынан «тек қыздар оқитын институт ашу деген не сұмдық» деп қарсы шыққанда, оларға қазақтың кең байтақ даласында орналасқан ауыл аймағының шалғайда жатқандығын дәлелдеп, ақыры өз дегеніне жетіп, 1944-1945 оқу жылында ауылдық жерлерге мұғалімдер дайындайтын институттың ашылуына қол жеткізеді. Оқитын қыздарды тегін жатын орынмен, тамақпен, киіммен қамтамасыз етуді сұрап жазған хаттары мұрағаттан табылды. Тағы бір айта кетерлігі, қазақ елінде алғаш консерватория ашу жөнінде үкімет атынан хат дайындап, КСРО Министрлер Кеңесінің мәдениет жөніндегі орынбасары К.Е.Ворошиловқа барады. Ол кісі: «Қазақтай халыққа консерваторияны баяғыда ашуымыз керек еді. Өнерлі, бәрі әнші, бәрі композитор халық қой. Мен М.Әуезовтың «Абай» романын оқып, енді ғана толықтай түсінгендей-мін»,— деп, рұқсатын беріпті.

Орталық Комитеттің қаулысына сәйкес бюро мүшелеріне өнердің әрбір саласы бекітілгенде ең кенже қалған кино саласына қамқорлық жасауды Оңдасыновқа жүктепті. Ол Мәскеу, Ленинград қалаларының киноөнер мамандарымен, басшыларымен келісе отырып, М.Левиннің режиссерлығымен «Амангелді» фильмін тұңғыш рет жарыққа шығартады. Сосын М.Әуезовтің сценарийі бойынша түсірілген «Райхан» фильмі жарық көреді. Соғыс жылдары «Мосфильм», «Ленфильмдер» Қазақстанға үкімет шақыруымен келеді. Оларға жағдай жасаудың нәтижесінде елімізде кино өнері дамып, қазақтың өз «Қазақфильмі» ашылды. Сөйтіп, бұл мәселені де абыроймен шешкен.

Тарихи жазба деректерге сүйенсек, қазақтың атақты биші қызы Шара Жиенқұлова апамыздың би ансамблін құру туралы Оңдасыновтың атына жазған хаты да көп нәрседен хабар бергендей. Ол кісінің би ансамблін құруға дейін көңіл бөлгені үлкен мәдениет иесі екенін дәлелдей түседі.

Бәрімізге белгілі М.Әуезовтың «Абай жолы» романының бірінші кітабы өте сәтті шығып, Одақ көлемінде жоғары баға алған. Осы кітапты Сталиндік сыйлыққа ұсынғанда, оның орыс тіліне аударылып жатқанын, таяу арада аяқталатынын айта келіп, қазақ тіліндегі мәтінін қабылдау туралы Мәскеудегі өнер комитетіне өтініш хат жазуы оның әдебиеттің бірден-бір жанашыры әрі оны талдай білетіндігін, сөздің қадірін, құдіретін түсіне білетін әдебиет сүйер қауымының өкілі екендігін дәлелдейді.

Ақындар айтысын жаңғыртқан...

Кеңес Одағы кезінде қазақ ұлтына көптеген қиыншылықтар туды. Тіптен адам баласы естімеген ашаршылықты қолдан жасап, елді, ұлтты қынадай қырды. Бір миллиондай қазақты шетелге босқын болып кетуге мәжбүрледі, қазақтың ұлт болып қалуын, салт-дәстүрін сақтауды ұнатпады. Кеңес халқы деген бір-ақ ұлт болады деп ұрандатты. Осы қиыншылықтарға қарамай, 1943 жылы ақындар айтысын ұйымдастырып өткізуі Оңдасыновтың көзсіз ерлігінің біріне жатады. Бұл қазақ халқы үшін тарихи оқиға болды. Еліміздің астанасы Алматы қаласында қазақтың небір суырып салма ақындары елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Ел бір серпіліп қалды. Оларға ұлттық дәстүрге сай тарту-таралғыларын жасады. Соғыс зардабын тартып жатқан елге сәл де болса демеу болды.

Хәкім Абайдың 95, 100 жылдық мерейтойларын ұйымдастыруға қолғабыс жасауы да Оңдасыновтың ұлылығын меңзейді. Дайындық жөнінде үкімет қаулысын ерте бастан қабылдатады. Өйткені, елде әлі екі ұдай пікір болатын. Бірі «ол бай-құлақтың баласы, оны дәріптеудің қажеті жоқ» десе, екіншісі керісінше «қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушыларының бірі, ойшылы, философы» деді. Ақыры ұлы ақынның 100 жылдығы Ұлы Отан соғысының жеңісіне тұспа-тұс келіп, жоғары деңгейде аталып өтіледі. Қызыл империя Оңдасыновты қаншалықты коммунистік рухта тәрбиелесе де, ол өз ұлтының салт-дәстүрін, рухын сақтап қалған тұлға болатын.

Оңдасынов өз кезінде білім-ғылымға, өнерге, мәдениетке, әдебиетке, ауыл шаруашылығына, өндіріске заман талабына сай үлкен көңіл бөліп, мән берген. Олардың дамуына ерекше үлес қосқан бірегей тұлға. Кезінде Шымкенттегі технология институтын жабу туралы Қазақстан ОК қаулысы шығады. Оңдасынов қанша әрекет еткенімен нәтиже болмайды. Ол кісі лажсыздан қаулының көшірмесін алып, Сталиннің қабылдауында болып, оқу орнының қажеттігін дәлелдеп, оның сақталып қалуына себепкер болады. Сондай-ақ, осы облыстағы Арыс-Түркістан каналын қаздыру үшін Нияз Шаранды Сталиннің қабылдауына кіргізіп, жоспарға енгізгенінің өзі не тұрады. Ал енді өзінің ұлы Ескендір Оңдасыновтың хатына көз салайық. «Мен докторлық диссертация қорғау үшін жазған деректерді шетелде жүріп жазғандықтан, солардың деректерін алып едім. Біздің елде ол басқа екен. Содан комиссия қайта жазуымды талап етті. Ал комиссия басшысы бұрын Қазақстанда әкеммен бірге істеген таныс кісі болатын. «Әке, бір ауыз айтыңызшы, менің жағдайым осылай болып тұр», — деп. Өмірімде бірінші және соңғы рет әкеме өтініш айттым. Сонда ол кісі біраз ойланып отырып: «Балам, ғылым жолы — ауыр жол, ол инемен құдық қазғандай, — деді. — Ғылымға таныстық жүрмейді. Онда ол ғылым емес, далбаса болады. Сондықтан ерінбей қайта қарағаның дұрыс болады», — деді.

Осындай ірі қайраткер болған Н.Оңдасыновтың атын тарихта қалдыруымыз үшін Алматы, Астана қалаларындағы орталық көшелерге, Қазақтың қыздар педагогика институтына немесе Шымкент технология институтына оның есімін беру, ал мемлекеттік қызметкерлерге оның адалдығын, әділдігін, халық үшін еткен еңбектерін үлгі етіп насихаттау біздің абзал парызымыз болмақ. Сонда ғана өркениетке басқан қадамымыз құтты болмақ.

 
Yorum yaz / share.thought
Әлеумет  Diğer Başlıklar
Астана әкімдігі қаржы полициясының қырына ілікті
«Шаңырақтың» шаттығы ортаймасын
Өскеменнің орыс жікшілдері тағы да өрeкпи бастады
Ұлттық рухты биіктеткен басылым
Гүлдерді баласындай мәпелeген Тоқтасын апай
Келeңсіздіктер кемерінeн асып тұр
Диқан еңбегі зая кетуде...
Су құбырындағы апат
Қызылжар Наурызбен қуана қауышпақ
Жасанды тағамдардан сақ бол!
Жаңа әкім соны серпін әкелe ме?
Білімдегі таланттарымызға таңдай қағушылар көп
Түріктен бауыр тапқаныма шүкіршілік етемін
«ТЕМІР ТҰЛПАРЛАР» САТЫЛАТЫН ОРТАЛЫҚ
Ішкі саясат ішіндегі «ілік» саясат немесе БАҚ-ты белден басқан басқарма
Бізді сыйламаған өзге этностарға ренжиміз бе, әлде...
Жалақыға зар болып, опық жегендер
«Құдыққа құлаған» құландық тәртіп сақшылары
Бюджеттің жыртығын арақпен жамау — масқаралық!
Рухы мықты елдің еңсесі биік
Сақ болыңыздар: телефонда «Алаяқ»
Кедендік одақ алкоголь саясатын өршітіп отыр
Қоғамдық көлік қызметінде ана тіліміз ақсап тұр
НАМЫСТЫ ҚОЛДАН БЕРМЕЙТІН ХАЛЫҚ ЕДІК
Қамшыбасар