Алдымен биыл құрылғанына 22 жыл болған «Қазақ тілі» қоғамы туралы бірер сөз. Тәуелсіздігімізді алмай тұрып дүниеге келген қоғамның әп дегенде атқаратын елеулі жұмыстарын, бастамаларын мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтудегі жанкешті әрекеттерін ешкім жоққа шығармайды. Қазақ тілінің тәуелсіздігін жасау үшін заң да қабылданды. Мемлекеттік тіл қазақ тілі болғанымен, орыс тілінің ресми тіл болып жапсарласа қабылданғаны қазақ тілінің, шынын айту керек, жиырма екі жыл бойына адымын аштырмады. Міне, қазақ тілін қалай болғанда да биікке шығару «Қазақ тілі» қоғамының міндеті еді. Қоғам өзіне-өзі обал жасады. Оның басшылары Әбдуали Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлы бастаған тіл жанашырлары мемлекеттік тұрғыда тіл комитетін құру жөнінде мемлекетке ұсыныс жасады. Ұсыныс қабылданды. Тіл комитеті шаңырақ көтерді, оның басқармалары облыстарда ашылды. Осыдан кейін-ақ «Қазақ тілі» қоғамының жағдайы құлдырады, оның бөлімшелері түгелге жуық жабылды десе де болады.
Міне, осындай жағдайда «Қазақ тілі» қоғамын жабу жөнінде ұсыныстар түсе бастады. Алайда, қоғам ілдәлдалап өмір сүруін тоқтатпады. Кешіктіріп болса да құрылтайлар өтіп жатты. Міне, V құрылтай Көкшетауда Елбасының тікелей қолдауымен өтті. Оның өтуіне Ақмола облыс әкімшілігі қаржылай көмек көрсетті. Көкшетаудың көше-көшелерінде ұрандар ілінді. Құрылтай делегаттарына көрсетілген құрмет те ерекше. Құрылтайдың жиынына Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев пен ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Білім және ғылым вице-министрі Мұхамедқали Сарбеков, ҚМДБ және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Нұрлан Оразалин және тағы басқа лауазымды тұлғалардың қатысқанының өзінен биліктің бұл қоғам жұмысына, тілге қаншалықты назар аударып отырғанын бағамдайсың. Тіптен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрылтайға қатысушыларға құттықтау жолдапты.
Біз де, қалың тіл жанашырлары, қоғамның бұл жиынынан зор үміт күттік. Жиырма екі жыл бойына екі заң, бірнеше мемлекеттік бағдарламалар шыққанымен, «Мемлекеттік тіл» деген дардай аты бар қазақ тілінің жағдайы мүшкіл екенін айтқан, жазған отты сөздерден тау тұрғызуға немесе алып теңіз жасауға болатыны шындық. Бірақ, өкінішке орай, қазақ тілі еңсесін көтере алмай жатқаны әмбеге аян. Сонымен, бес-алты жыл сарыла күткен құрылтай қазақ тілі мәселесінің ауыр жағдайын жеңілдетуге тұяқ серперлік қауқар жасады ма?
Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед ел тәуелсіздігінің бастау алар тұсында, яғни 1989 жылы Елбасының қолға алған шаруасының бірі қазақ тілінің жай-күйі, оның мәртебесін көтеру болғанын атады. Сол 1989 жылы республика бойынша 100 мың бала қазақ тілінде оқыса, қазір 1 миллионнан астам бала қазақ сыныптарында оқитынын жеткізді. Еліміздегі 7714 мектептің 3008–і қазақ мектептері. Кешегі күндері есіктен сығалауға дәрменсіз мемлекеттік тіл үшін бұл жетістік деп білген жөн. Қазіргі қолданыстағы заңды жетілдіру, толықтыру енгізу туралы берген Елбасының тапсырмасы бойынша жасалған заң жобасы жыл аяғына дейін бітеді. Келер жылы заң жобасын жалпыхалықтық талқылаудан өткізіп, бекітуге ұсынатынын айтты. Тіл мәселесі біздің жағдайда тым өткір мәселе болып тұр. Заңды асықпай, анық басып, кеңесу арқылы бір жүйеге келтіріп барып, жерімізді мекен еткен ұлт, ұлыстарды біріктіретін құрал деп қарастырғанымыз тиімді. Басқа ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйрену, оны құрметтеу парыз.
Құрылтай өткізу жауапкершілігін мойнына көтерген Ақмола облысының әкімі сөз алып, басынан аяғына дейін қазақша сөйлеп өтті. Мінберде отырғандар: «Сөз мақамыңызда жетіспеушілік бар. Әйтпесе, кей қазақтан артық сөйледіңіз», — деп, әзіл-шыны аралас, Сергей мырзаға жылы лебіз білдірсе, делегаттар ұзақ қол соқты.
Таныстыру, танысу аяқталғаннан кейін құрылтайдың негізгі баяндамасын жасауға, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, акедемик Өмірзақ Айтбайұлы мінберге шықты. Баяндаманың негізгілеріне тоқталып өтсек:
— Павлодар мен Петропавл қалаларының атауын Қазақ мемлекеттігіне өлшеусіз еңбек сіңірген Абылай хан мен Кенесары ханның есімдеріне беру.
— Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөндерін қазақ тілінің емле ережелеріне сай рәсімдеу мәселесін бір жүйеге салу.
— Қазақ әліпбиін латын жазуына негіздеу жайын Елбасы бірнеше рет көтеріп, осы бағытта едәуір жұмыстар жасалды. Бірақ шүйіліп басталған жұмыс сұйылып барып тынды.
— Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік тілге қатысты қаншама заң бұзу фактілері, сот процестері орын алды. Алайда, бұл сот процестерінде дау қалай болса солай шешілді. — «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын әзірлеп, Парламентке ұсыну.
— Бұдан былайғы уақытта елімізге сырттан келетін компьютерлік бағдарлама өнімдерінің қазақша нұсқасының болуын міндеттеу.
Баяндамадан соң Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжан сөз алып, қоғамның қаржылық жағдайының ауырлығына жанашырлық танытып, ассамблея атынан 2 миллион теңге беретінін жеткізді. Одан соң мінбеге шыққан Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі тілді үйрену, үйрету тетіктеріне тоқталып, мүфтиятта мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін жасалған мәжбүрліктерінен нақты мысалдар келтірді.
Құрылтай жиынын қоғамның Президенті Өмірзақ Айтбайұлы ағамыз едәуір жерге дейін басқарғанмен, бара-бара оның тізгінін Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бауырымыз түгелдей өз қолына алды. Мемлекеттік тіл туралы заңның жобасын әжептәуір қалың ел көкейінен шығатындай етіп жасап, артынан негізгі баптарын өшіріп, кей жерін жұмсартып әлек болған министрліктің басшысынан қоғам мүшелері нақты жауап та күткен. Министр оған жауап берді: «Мемлекеттік тілді білмеген азамат мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды» деген бапты мен Мемлекеттік тіл туралы заңның жобасына қосамын. Мен мұны мойныма аламын!» — деген министр алғашқы позициясынан шегінбейтінін қадап айтты.
«Бұлай немқұрайды жұмыс істеуге болмайды. Егер осы бетінен таймаса, «Қазақ тіл» қоғамын жабу керек!» деген бір жарыссөз-ге шыққан шешен әзілдеп, Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының бас мүфтиі Әбсаттар Дербісалыға қарап: «Қоғамға садақа беріңіз», — деп қалды. Муфти де іле-шала садақа беруден қашпайтынын жеткізді. Әзіл де болса осы сөздерде шындық бар еді. Қоғам қызметкерлерінің легі, жоғарыда айтқанымыздай, айлықсыз жұмыс істейтін патриоттардан құралған еді. Бұл қаржының мәселесін Мұхтар Құл-Мұхаммед сол жерде шешті. «Мемлекет тарапынан қаржы көзін қарастырамыз», — деді.
Жиынға қатысушылар Мұхтар Шаханов бастаған «138-дің үндеу хатына қосылайық» деген тілекті ортаға тастады. «Жоқ! Қоғамның өз үндеуі болады!» — деп, жиынды басқарушы Мәдениет министрі басып тастады. Жиындағы ең тегеурінді де өткір сөз Қостанай облысынан келген Алла Платонованың сөзі боды. Ол сөзінің соңында: «Қазақтың ауасын жұтып, күнін көріп отырса да, оның тілін үйренбеген орыстар Ресейіне, украиндар Украинасына кетсін!» — деді. Шынында да, жиында жасалған баяндаманың да, жарыссөздердің де түйінді сөзі де, нақты шешімі де осы болатын. Рақмет, айналайын Алла! Алланың , сондай-ақ, мына сөздерін де келтіргенді жөн санадық:
— Бірнеше тіл білгеннің пайдасы болмаса, еш зияны жоқ және айтарым: қай мемлекетте тұрып, өмір сүрсең, сол мемлекеттің тілін білуге міндеттісің. Бұл — өркениетті өмір талабы. Қазақша сөйлемеу, үйренуге құлшынбау — мемлекеттік тілді, яғни мемлекетті сыйламау, қазақ елінің суын ішіп, ауасын жұтып, нанын жеп жүрген қай ұлт өкілі болсын, мемлекеттік тілде сөйлеуге, оны құрметтеуге міндетті. Егер мемлекетті, мемлекеттік тілді сыйлағысы келмесе, өз қалауы бойынша сыйласатын еліне барғаны дұрыс, — деп қағазға түсірмеген, көкірегінде сақтаған сөзін саңқылдап тұрып жайып салды.
Жиынның тізгінін мықты ұстаған тәжір-биелі Мұхтар бауырымыз жылдар бойы күткен құрылтайды жарты күнде тәмамдап, сағат 1-де қоғам мүшелерін тарауға мәжбүр етті. Жарыссөзге жазылып, ішқұсасын ақтарам деушілер көп еді. Амал не?
Сонымен, қоғамның кезекті құрылтайы өтті. Шығарылған қаулының да, қабылданған үндеудің де ішінде «мемлекеттік тілдің жағдайын шешкен-ақ екен!» дейтіндей, айыз қандыратындай ештеңе жоқ десе де болады. Бәлкім, мемлекет қаржыландырып жатса, қатарын күшейткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы баяғы тоқсаныншы жылдардағы айбыны мен рухын қайтарар деген үміт те жоқ емес. Кім білсін?!