Екібастұз поселкесі 1957 жылы қала мәртебесіне ие болады. Қаланы саяси тұтқындар салған. КСРО ІІМ - нің 1949 жылғы бұйрығына сәйкес Павлодар облысында 5000 адамға лайықталған №11 лагерь (Екібастұз лагері) құрылады. Құпия лагерь ресми құжаттарда «Дальлаг» (дальний лагерь), «Песчанлаг», «Степлаг» деп те аталады. Негізінен тұтқындардың басым көпшілігі 1926 жылғы КСРО Қылмыстық Кодексінің 58 - бабымен сотталғандар болыпты. Олар сайын даладағы суық барактарда тұрып, №6 карьер, Екібастұз жылу стансасы, №1 автобаза, шеберханалар тұрғызған. Тұтқындар салған «Аққу» мәдениет сарайы, қалалық перзентхана секілді сәулетті де зәулім ғимараттар тарих қойнауынан сыр шерткендей мен мұндалайды. Екібастұз лагері «өлім лагері» деп те аталған. Мұнда хат жазуға рұқсат етілмеген. Тұтқындарға тамақ нормадан үш есе аз берілген. Аш - жалаңаш олар аса ауыр жұмысқа тартылған. Лагерь дуалының қалыңдығы 30 – 40 см, 4 метрлі биік қоршауы да тұтқындардың күшімен салынады. Лагерь екі дуалмен қоршалады. Дуалдың арасына тікенек сым тартылып, мұнда арнайы үйретілген иттер бос жіберілген. Тұтқындарды итті күзет жасағы жұмысқа апарып әкелген. Орыс жазушысы Александр Солженицынның «Архипелаг ГУЛАГ», «Иван Денисовичтің бір күні», Дмитрий Паниннің «Лубянка - Экибастуз» кітабы Екібастұз лагерінде жазасын өтеген тұтқындардың естеліктеріне негізделген. 1945 жылы Солженицын «Сталин Ленинизмді бұрмалады деп» сынаған жазбалары үшін тұтқындалады. Екібастұз лагерінде ол екі жыл жеті ай жазасын өтеген. Лагерь 1954 жылы жабылып, ондағылар Жезқазған лагеріне көшіріледі. Лагерьдің орнында бүгінде қалалық «Шахтер» стадионы орналасқан. 2003 жылы қаланың №1 автобазасының шатырынан Екібастұз лагерінде болған тұтқынның екі қойын дәптері мен қаламы, пышағы табылды. Бүгінде аталмыш заттар қалалық тарихи өлкетану мұражайында құнды жәдігер ретінде сақталып тұр. 2004 жылы «Ресей» телеарнасы Екібастұз лагері жайлы деректі фильм түсірді.
Қалаға кіреберіс жол торабының сол жағында көмір қалдықтары тау - тау болып үйіліп жатыр. Қариялардың айтуынша, осы үйіндінің орнында «тұз» көлі болыпты. Көлдің маңына лагерь тұтқындары жерленген. Көз көргендер мұнда 500 саяси тұтқынның зираты болған деседі. Дерек көздеріне сүйенсек, саяси тұтқын Д.Нефедовке лагерь дәрігері 3400 адамның дүние салғанын айтқан екен. Бүгінде 3400 тұрмақ, 500 зираттың орны ізім-ғайым жоқ. Оларды карьерлерден шыққан көмір қалдықтары басып тастаған. Жергілікті журналист Павел Оноприенко жер бетінде шашылып жатқан сүйектерді фотоға түсіріп, шындықты айтып талай шырылдаған. Онысынан түк шықпады.
Әкімдік селт етпеді. Әруақты сыйлаған бір азамат «Бұл жерде 1935 – 1952 жылдары жазықсыз жапа шеккендер жерленген» деген жазу қалдырыпты. Кезінде «өлім лагері» деп саяси тұтқындардың зәресін ұшырған Екібастұзда Дальлагтың болғанын жергілікті үкімет мүлде ұмытқан. Бүгінде қорымның аты түгілі, заты жоқ. Құм далада қала тұрғызғандардың сүйектері қу далада шашылып қурап жатыр. Саяси тұтқындарға арнап ескерткіш немесе мемориалдық тақта орнатылмаған.