Расында да Жапония сияқты дамыған елдерде шет тілі тек 12 жастан бастап оқытылады. Осы уақытқа дейінде Кеңес Одағынан қалыптасқан білім жүйесі бойынша біздің елде де солай болып келді емес пе? Енді бұл қай сасқанымыз? Ал балалар эксперимент жасайтын көжек емес екенін ұмытпағанымыз жөн. Онсызда қазақ тіліндегі оқулықтардың сапасы сын көтермей, әрбір оқу жылы ауысып, балалардың басын қатырып жатырмыз.
Бұдан басқа да тағы бір көңілімізге жақпайтын мәселені осы аптада ҚР Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов дүңк еткізіп айтты. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында ол: «Енді 4-5 жылдан кейін біз кейбір пәндерді, мәселен биология, химия, физиканы мектептерде ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Оған қазірден бастап дайындық жасамасақ, уақыт сырғып өте шығады. Жалпы 2020 жылға қарай кейбір пәндерді ағылшын тіліне ауыстырамыз деген ойымыз бар»— деп ортаға от тастай салды.
Мәссаған! «Мүйіз сұраймын деп ешкі құлағынан айырылыпты» дегендей министр мырза, бұл мәлімдемені қалай түсінуге болады? Әрине, қазіргі жаhандану заманында жастардың осы дәуірге сай жан жақты терең білім алып, бір емес, бірнеше шет тілін білгені өте дұрыс, оған еш қарсылығымыз жоқ. Себебі қазақ жастарының бүкіл әлем жастарымен бәсекелестікке түсуі әбден қажет-ақ. Алайда қазақ жерінде, елінде отырып, орта білім беру ордаларында, соның ішінде қазақ мектептерінде неге пәндер ағылшын тілінде оқытылу керек? Мәселен біз сол сонша табынатын, ағылшын тілі Отаны — Англия, Америкада пәндер өзге тілде оқушыларға оқытыла ма екен? Әрине жоқ. Бұл онсызда жетім баланың күйін кешіп отырған қазақ тілін біржола жоюға, өз ана тілін білмей шүлдірлеп жүрген әсіресе қала қазақтарының біржола мәңгүрт болуына әкелмей ме? Дүниежүзінде күшті тілдердің тойтарысына шыдамай, жұтылып кеткен тілдер көп. Егер осындай реформалар жүзеге асырылса, ана тілімізге де ондай қауіп бұлты төнбесіне кім кепіл? Қалай десек те бұл қауіпті қадам, министр мырза! Осыған тағы бір байыппен қарап, ол әбес ойыңыздан қайтуыңыз керек деп ойлаймыз. Есіңізде ме, бұл мәселені осыдан оншақты жыл бұрын сіздің тағыңызда біраз отырған Құлыкеев те көтерген. Халық оған тойтарыс берген. Ол кейін тіліміздің киесіне ұшырады. Соның кебін киіп жүрмеңіз.