Түздегі тірлікті тындырам деп жүргенде баланы кім табады, отбасы-ошақ қасының шырайын кім кіргізеді? Облыстық әкім жанындағы демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде бұған не уәж айтасыз?
— Әйелдер — үйге де, түзге де үлгеретін, барлық жағынан қабілетті жандар. Егер ойындағыдай қызметі болып, табыс тауып отырса, әйелдің көңіл күйі де көтеріңкі жүреді. Баланы да табады, ер-азаматының да орайын келтіреді. Ер-азаматтар әйелінің үй күзетіп отырғанын қалайтыны шындық. Бірақ, балаға жақсы білім беріп, тәрбиелеу үшін отағасының жалғыз жалақысы жетпейді ғой. Әйелдерді, әсіресе, қоғамдық қызметтерге көбірек тарту керек. Басшылыққа да бұлар лайықты. Әйелде қырық кісінің айласы бар. Дегенмен, қанша қырық жанды болса да әйел шаршамайтын құлтемір емес қой. Кейде күйеуіне де көңіл аударуға шамасы келмей қалады. Сондайда шаңырақ шайқалмауы үшін не істеу керек? — Ерлі-зайыптылар қашанда балаларына үлгі бола білуі керек. Адал, сыпайы, жүріс-тұрысы салмақты, мінез-құлқы жақсы ата-аналардың шаңырағы күннен-күнге беки түспесе, шайқалмайды деп ойлаймын. Бала көргенін істейді. Өздері арақ ішіп, темекі шегіп, ал балаларын одан тыйып отыратын ата-аналарды балалары да түсінуден қалады. Демографиялық мәселелерге қайта оралайық. Асты-үсті байлыққа толы бүгінгі Қазақстандағы аналар мен балаларға берілетін жәрдемақылардың мөлшеріне көңіліңіз тола ма? — Әрине, толмайды. Бұл өте аз. Көп балалы отбасыларына міндетті түрде әлеуметтік көмектер көрсетілуі керек. Жалақы тіпті мардымсыз. Бізде мейірбикелер бар-жоғы 20 мың теңге жалақы алады. 20 мың қай жыртығына жамау болмақ? Коммуналдық төлемдерді төлей ме, әлде бала-шағасын асырай ма? Қанша бай ел болсақ та, еліміз кедейшілікте өмір сүріп жатыр. Енді бір жандар 120 мың теңге алады. Әр отбасының табысы әртүрлі. Балаларымыздың соған қарай тәрбиесі де әрқилы сияқты. Батыстан енген гендерлік саясат дегeнді әлі толық түсінe алмай келeміз. Бірақ, биліктің насихаты күшті. Бұл нe өзі, байтал шауып бәйге алу ма? — Меніңше, гендерлік саясат тек әйелдерге қатысты дүние емес, ол — еркектерге де ерекше көңіл бөлу, екі жыныстың өкіліне қатар қамқорлық жасау деп түсінемін. Мысалы, біздің қазақта отбасында бала болмаса, бұған көбінесе әйелді кінәлап жатады, ал еркекке шаң жуытпайды. Дәрігерлік тексеруден өткенде еркектердің бедеу екені анықталып жатады. Ендеше жігіттеріміздің денсаулығын қырыққа келгенде емес, бала кезінде-ақ бақылауға алуға тиіспіз. Алда қыстың тоңын жібіткен көктемнің, қыз-келіншектердің мерекесі. Жұбайыңыздан қандай сый күтесіз? — Гүл, гүл, тағы да гүл. Нәзік жанды қыз-келіншектерімізге гүлден артық қандай сыйлық бар? Оның үстіне біздің Қарағандыда күн суық, гүл тапшы. Жұбайымның мен үшін гүл іздеп, қиналғанының өзі неге тұрады? Иә, ер-азаматтардан ерекше ілтипат, ерлік күтетініміз рас. Мереке құтты болсын!