Былғары қолғап шеберлері тек осы Бүкіләлемдік лигаға қатысумен ғана шектелмей, өздерінің қарым-қайратын көрсете білсе, төрт жылда бір рет өтетін жазғы Олимпиадалық ойындарға да қатыса алады, бұл фактінің маңызы зор екендігі күмән келтірмесе керек. Әр ел командасына 5 салмақ дәрежесі бойынша: 54 келі (жеңілдеу салмақ), 61 келі (жеңіл салмақ), 73 келі (орта салмақ), 85 келі (жартылай ауыр салмақ), +91 келі (аса ауыр салмақ) 10 боксшы кіреді. Кездесу әрқайсысы 3 минуттық 5 раундтан тұрады. Боксшылар шлем мен майкасыз жұдырықтасатын болады. АИБА идеясы бойынша, аталған жарыстар күшті әуесқой боксшылардың кәсіпқой боксқа кетіп қалуына тосқауыл қояды, өйткені, осы жарыстарға қатысатын боксшыларға кәсіпқой бокстағы секілді ауқымды көлемде сыйақы төлеу көзделген. Қазіргі күні жаңа турнирге қатысуы мүмкін елдер белгілі болып отыр. Әлгіндей додалы бәсекелерге Азия құрлығы атынан Қытай, Үндістан және Қазақстан командалары қатысады. Сары құрлықтан төртінші болып қай елдің командасы қатысатындығы жуық арада белгілі болмақ. Ірі сайыстарға Еуропа атынан Ресей, Италия, Түркия командалары қатысады. Төртінші команда ақпан айының бас кезінде Мәскеуде өтетін кезектен тыс конгресте анықталады, ол орыннан үміткерлер — Германия мен Англия. Американың намысын АҚШ пен Мексика жыртса, Африка беделін осы құрлықтың екі командасы қорғайды. Олар қайсы мемлекеттер болатындығын Африка бокс конфедерациясы шешеді. Бүкіләлемдік лига жарыстарына Океания мен Австралиядан бір-бір командадан қатысады. Қытайда өткен АИБА конгресіне біздің елден Қазақстан бокс Федерациясының халықаралық істер жөніндегі вице-президенті Жанболат Сәрсенов қатысты. Осы конгресте әлем біріншілігін қай елде өткізу мәселесі де талқыланды. Сөйтіп, қазақ тарихында алғаш рет Астана қаласында бокстан әлем чемпионаты өтеді. Және де Сәрсенов мырза биыл жазда Астана қаласында өтетін бокстан ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кубогі үшін халықаралық турнирде WSB (Дүниежүзілік бокс сериясы) бәсекелерінің таныстырылымы өтіп, бір - екі жекпе-жек ұйымдастыру ниетте екендіктерін айтты.