Алайда, үміт шоғын үрлеген Жоғарғы соттың конференц залында “Сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу-дің өзекті мәселелері” тақырыбын-да басқосу өтті. Шараға Президент әкімшілігінің, Жоғарғы сот кеңесінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Парламенттің, Конституциялық ке-ңестің, Бас прокуратураның, Әділет және Ішкі істер министрліктерінің өкілдері қатысты. Әдеттегідей жазып әкелгендерін судыратып бір деммен оқып шығатындардан бұл жолы бойымызды аулақ салдық.
Дегенмен, аталмыш шара аясында басқосуды ұйымдастырып отырған Жоғарғы соттың төрағасы Бектас Бекназаровқа бірнеше сұрақ қоюға мүмкіндік туды. Тергеу ісінің қай тілде жүргізілетінін білуге тырысқандарға: “Бұл мәселе бойынша мынадай деректерді бере кетейін. Елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесі де, қолданылу аясы да барынша кеңейіп келеді, бұл шындық. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Сонымен қатар сот орындарында мемлекеттік тілдің қолданылуы бірте-бірте көтеріліп жатыр. Өздеріңіз естігендей, сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданыс аясы 25 пайызға жеткен. Неге 75 пайыз емес дегілерің келіп тұр. Оған да жауабым дайын. Бұл жердегі мәселе судьялардың мемлекеттік тілді меңгермеуінде жатқан жоқ. Мәселенің негізгі себебі заңның ішкі қайшылықтарында болып тұр. Мысалы, заң талабы бойынша азаматтық және қылмыстық істер жүргізу кодексінде судьялар сот процесін мемлекеттік тілде жүргізеді деп көрсеткен. Бірақ, жағдай басқаша қалыптасып отыр. Мысалы, сотқа келген адам талап арызын орыс тілінде өткізсе, онда сот орысша жүргізуге міндетті. Оған қазақша жүргіз деп айта алмайды. Егер іс бойынша тергеуге тартылып отырған адам (кім болса да) қай тілде өткізуді қаласа, сол тілде сот процесі жүргізіледі. Осы себептен сот жүйесінде қатып қалған ереже пайда болып, бетбұрыс байқалмай отыр. Бүгін осыны талқылаймыз.
Сот өкілінің істі қазақша жүргіземін деп айтуға құқы бар ма?
— Заң бойынша тілді таңдау судьяның еркінде емес. Қылмыстық істер бойынша қай тілді таңдау сотталушының жағында. Ол орыс тілін қалап отырса, судьяның оған істі қазақша жүргіземін деп айта алмайтынын ескерткім келеді. Көп жағдайда өзіміздің қазақтардың ресми тілге «құда» түсіп отыруы да кедергі келтіруде. Міне, осындай қайшылықтардан қалай шығудың жолдарын бүгін талқылап жатырмыз. Одан шығудың нақты жолы деп мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуді айтар едім. Ол үшін судьялар мемлекеттік тілді жетік біліп, айыпталушыдан заң жүзінде талап ететін статус енгізілуі керек.
Әділет және ішкі істер министрлігіне қатаң талап қойып, адвокаттар мен тергеушілерді мемлекеттік тілде еркін сөйлеуге мәжбүрлеуге болмас па?
— Бүгінгі біздің дөңгелек үстелде қойылып отырған негізгі мәселенің бірі осы. Сіз атаған министрліктердің өкілдері жиынға қатысып отыр. Біз бүгінгі дөңгелек үстелдің қорытын-дысы бойынша сондай ұстаным қа-былдап, оларға талап қоймақпыз. Егер қорғаушы адвокат мемлекеттік тілде жазғысы келмей, оның қорғалымындағы кісі орыс тілін тү-сінбеуіне қарамай, ресми тілді таң-дайтын болса, онда қорғаушы заң алдында жауапқа тартылуы тиіс. Өйткені, ол өзінің қорғауындағы адам-ның конституциялық құқын шектеп отыр. Бұл қорғаушылар мен тергеушілерге бірдей. Сондықтан бүгін осы мәселелерді ортаға тастап, талқылап, қорытынды шығарамыз.
Мысалы, заң қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білмеуі салдарынан көп жағдайда шағымданушы жақтың амалсыздан ресми тілге кө-шуіне әкелетін жайттар көптеп кездесіп жатады. Оған жауап бердіңіз. Екіншісі ісқағаз жүргізуге байланыс -ты. Қарапайым мысал келтірейік. Жол жүру ережесін бұзған жағдайда қазақша жазылған хаттаманың болмауына байланысты өтініш орыс тілінде жазылады да, бүкіл процесс ресми тілде жүргізілуге мәжбүр болады. Осыған көзқарасыңызды білуге бола ма?
— Бұл дұрыс емес. Хаттама кез келген жерде екі тілде болуға міндетті. Сосын жауапқа тартылып отырған адам қай тілді қалайтын болса, бірден сол тілде жүргізілуі керек. Мұны халық талап етуі керек. Тілдің мәртебесін көтеруге қазақ ұлты бір кісідей үлес қоссын. Сонда ғана тіліміз кең етек жаяды. Әйтпесе «жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды». Осы жерде баса айтқым келетіні — кез келген адвокат, тергеуші, құзырлы органның кез келген өкілі шағымданушының құқын шектейтін болса, соған мәжбүр еткен қызметкерді жауапқа тартуға болатынын есте сақтасын. Бұл да бүгін талқыланады.
Осы жерде орыстілді бір журналист: «Мұхтар Шаханов бастаған топтың конституцияға өзгертулер енгізу туралы талабына көзқарасыңыз қалай, оларды қолдайсыз ба?» — деп сұрап қалды. Оған Жоғарғы сот төрағасы: “Бұл саясиланған сұрақ екен, бірақ оларды қолдамайтынымды жеткізгім келеді. Біріншіден, заң бойынша ешкімді күштеп сөйлетуге, тілдік қолданысын шектеуге қақымыз жоқ. Екіншіден, биік мінбелерден қазақ тілі жайлы сөйлегендердің көбі үйіне келе сала баласымен, болмаса немересімен орысша сөйлесе бастайды. Перзенттерінің орысша былдырлағандарына мәз болып қуанатындарын қайтерсің. Неге солар ұрпағына қазақша сөйлеңдер деп қатаң талап қойып, өзгені емес, өзін жөндеп алмайды? Тіл үйренуге жасалған алғашқы қадам сол болар еді. Тілдің отбасынан басталатынын түсінетін мезгіл жетті емес пе?
«Қазақ тілінің келешекте жанданатынына сенесіз бе?» — деген сұраққа:
“Негізінен, тілді қолдану, меңгеру адамның жүрегінде жатуы керек деп ойлаймын. Марқұм Қадыр ақынның “Мен өмір сүріп жүрген жоқпын, парызымды өтеп жүрмін” деген сөзі бар. Сол кісі айтқандай, баршамыз ана тілімізге деген парызымызды адал атқарып жүрсек, одан асқан қандай бақыт болмақ?”
Жоғарғы соттың төрағасы Бектас Бекназаров бір бүйрегінің ана тіліне бұрып тұратынын бір емес, бірнеше жерде көрсетіп үлгерді. Бұған қазақ халқы дән риза болары сөзсіз. Дегенмен, Жоғарғы сотта жасалып жатқан шараның келешекте қалай өрістейтінін уақыт көрсетеді. Тек үмітіміздің басы тасқа тиіп, омақасып құлап жатпаса бопты дегіміз келеді.