Астанада театр ғимараты қажет-ақ
Еркін Тілеуқұлұлы, елордамыздағы өзіңіз басқарып отырған Қаллеки теат-ры 20 жылдық торқалы тойын егеменді еліміздің мерейлі тәуелсіздік тойымен бірге атап өткенін білеміз.
— Жалпы, жетістіктің, мәртебе мен атақтың бір күнде келмейтіні ақиқат. Бірақ Қазақстандағы басқа театрларға қарағанда Астана театрының даму ерекшелігіндегі ырғақтың жылдамдау болуының өзіндік себебі бар. Ең алдымен мұны мен бас қаламыз Елорданың дамуымен байланыс-тыра айтқым келеді. Осындай ғажайып қалада тұрған театрдың да басқаларға қарағанда жылдам өсіп-өркендеуі заңдылық сияқты. Себебі, соңғы жылдардағы Астана халқының тек сан жағынан ғана емес, сапа жағынан өсуі, олардың мәдениетке, өнерге, рухани мұрамызға деген бет-әлпетінің түзелуіне байланысты театрға қойылған талап та күшейе түсті. Сондықтан театрдың 20 жыл ішіндегі өсу тарихына көз сала отырсаңыз, сонау Ақмола кезінде құрған Жақып Омаровтың еңбегі бұл театр-ды қалыптастыру, осы өңірге таныстыру болатын болса, одан кейінгі Қадыр Жетпісбаев сол жұмысты жалғастырғандығы, ал енді Елбасының тікелей ұсынысымен театрға Әзірбайжан Мәмбетов ағамыздың шақырылуы – бұл театрдың екінші өркендеу кезеңі деп айтуға болады. Ақиқатында, Әзекеңмен бірге театрдың сапасы жақсарғаны анық. Себебі, Әзекең өзімен бірге театрға мықты актерлерді тарта білді, театрдың жастарын осында қалуға, олардың шығармашылық жұмыс жасауға басын біріктірді. Сол секілді, театр сахнасының тарлығына, көрермен залының аздығына қарамай-ақ үлкен-үлкен қойылымдарды алып келді. Бұл театрды Әуезов театрының мектебінен өтті деуге әбден болады. Неге десеңіз, Әуезов театрында Әзірбайжан ағаның сахналауымен қойылған, ең мықты деген бірнеше классикалық көлемді туындылар осы сахнада қойылды. Мұның ең бірінші қажеттілігі – шығармашылық құрамды шыңдаудың жолы болғанын біз бүгін түсінгендейміз. Міне, осындай мектептен өткен театр 20 жылдың ішінде академиялық мәртебеге лайық болды деп бағаланғандығын заңды деп түсінеміз.
Түркi дүниесi мәдениетiнiң астанасы атанып отырған елордамызда қазақ драма театрының еңселі ғимараты болмауы – бас қала мәртебесіне сын екендігі жасырын емес. «Жақын күндері Қаллеки театрының ғимарат мәселесі шешіледі» деген әңгімені құлағымыз шалған-ды. Осының ақиқатын өз аузыңыздан естісек...
– Шынында да, академиялық мәртебе театр ұжымына тапсырылып жатқан кезде, бүгінгі билік басындағы ағаларымыздың аузынан осындай әңгіменің шыққаны рас. Бұл бізге үміт ұялатады. Әрине, біз байбалам салып, не болса соны айта беруден аулақпыз. Қазір Құдайға шүкір Астанада барлығы салынып жатыр. Мен қазір салынып жатқан керемет опера театрының әрбір кірпіші қаланған сайын рахат сезімге бөленемін. Шын мәнінде, Астанаға қалай болса солай театр сала салуға да болмайды. Бұл жерде технологиялық жағынан бүгінгі заманға сай, өлшеніп-пішілген театр болуы керек. Міне, осы жағынан алғанда опера театрының салынуы – осы саясатты, осы қасиетті түсінгендік деп есептеймін. Шын мәнінде, театр деген – сауда орталығы, кинотеатр да емес. Театрдың бүгінгі заман талабына сай болуы – ең алдымен әлемдік үрдіске сай келуі тиіс. Мәселен, театрдың бір ғана қасиетін алсақ, драмалық театрда дыбыс күшейткішті қолдануға болмайды. Өйткені, театр – тірі өнер. Егер көрермен актердің сөзін нақ қалпындағыдай қабылдамай, микрофонды пайдаланғандай жағдай туындаса – онда спектакльдің тірі өнер болып көрсетілетін қасиеті жоғалады. Сондықтан да, осының бәрін егжей-тегжейлі ойластырып, көптен күткен театр ғимараты үлкен дайындықпен салынуы керек. Әрине, актерлардың бабы, режиссерлардың шабыты өшіп қалмай тұрған кезде біз үшін тезірек болғанын қалаймыз.
Театрдың жаңалығы жаңа қойылымы екендігі даусыз. Жақында әлемдік драматургияның шоқтығы биік туындысы «Гамлетті» сахналадыңыздар. Өзге театрлардан өзгеше қойылған бұл шығарманы жаңашылдық деп бағалайсыздар ма?
– Мен «жаңашылдық» дегенді Чеховша түсінемін. Чехов: «Жаңашылдық деген не? Егер әр нәрсе талантты болса, ол – жаңашылдық», — дейді. Сондықтан, «Шекспирдің «Гамлетінен» мен жаңалық ашып, әлемді таңқалдырамын, аяғын аспаннан келтіремін» деген ой мүлдем болмауы керек. Қазіргі таңда академиялық мәртебеге ие болған біздерге көрермендеріміз басқаша көзқараспен қарайтындай. Осы кезде «Қай шығарманы қоямыз?» деген сұрақтың алдында тұрғанымыз рас. «Гамлеттің де» ең бірінші сатысы – оң жамбасына келіп тұрған актерлардың режиссермен түсіністікте бір деммен сахнада жасалатыны, үлкен-үлкен полотнолы образдарды өмірге әкелгендігі. Әрине, бізде Шекспирдің туындысынан әлемде болмаған қойылым қоямыз деген ой болған жоқ. «Сабақты ине сәтімен» демекші, сәті келіп тұрған кезде сахналадық. Гамлетті сомдаған Нүркеннің де, Сырымның да, патшаны ойнаған Ерланның да тура қазір дер кезі. Көрермен театрға не үшін келеді? «Гамлетті» білмейтін көрермен жоқ деп те айтуға болады. Өйткені, біз саналы, ақпараттық бай қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, «Гамлеттің» сюжетін, мазмұнын түсіндіріп жату артық. Әр көрерменнің жүрегінде, санасында, тіпті, қиялында өз Гамлеті бар замандамыз. Сол себепті, біз өз Гамлетімізді ұсынған кезде, ең алдымен Гамлеттің ішкі жан дүниесін көрерменнің алдына жайып салатындай жағдайда жұмыс жасау керек деген мақсат қойдық.
Драматургия жоқ
емес, бар
Аға, Астанада көрермендердің мәде-ниеті қаншалықты қалыптасып келе жатыр немесе қалыптасқан?
— Көрермендердің мәдениеті туралы әңгіме айтқан кезде өте абай болу керек. Көрерменді кінәлаған театр, ең алдымен өзі кінәлі! Егер, шын мәнінде, жақсы қойылым болатын болса, ол ешқандай көрерменді талғамайды. Мәселен, біреулер: «Ойбай, балалар отыр екен, түсінбей қалды» десе, енді біреулері «Үлкен кісілер отыр екен, олар қабылдай алмады» деп жатады. Менің ойымша, осының барлығы жай ғана сылтау секілді. Режиссер мен актерлардың жүрегіне жол таба білген спектакль ол көрерменге жетеді. Қазіргі қоғамда көрермендер туралы әр түрлі пікір бар. «Көрерменді театрға дайындап әкелу керек», — дейді біреулер. Кешіріңіз, ондай талап еш жерде жоқ! Көрермен – ең алдымен тұтынушы. Ол сізге әртүрлі жағдайда келуі мүмкін. Тіпті, себеп-салдарсыз байқамай келіп қалған көрермен де болады. Сондықтан, тек қана талантты және шынайы, көз алдында туған өнер ғана көрерменді баурап ала алады. Осыдан жарты ғасыр бұрын, Кеңестік театрдың кезінде театрларға бірнеше міндет қойылатын: тәрбиелеу, насихаттау, үгіттеу, көзін ашу, ақпараттандыру. Бүгінгі күні осылардың бәрі күшін әлсіретті. Қазіргі таңда ешқандай көрермен театрға «Ал, мені тәрбиеле. Ақпарат бер. Мені бір нәрсеге үгітте» деп, келмейді. Қазіргі көрермен білімді, көзі ашық. Кейде өзіміздің қолымыздан іс келмей қалған кезде кейбір әріптестеріміздің бәрін көрерменге жаба салып, ағат сөздер айтып жүргеніне мен өзім куәмін. Мысалы, біздің театрдың сахнасын кішкентай деп жатамыз. Біле білсеңіз, бұл бір жағынан «керемет». Әрине, театр көрермен залы мен сахна ғана емес. Кейдебіреулер, театрға оның асханасына отыру үшін немесе аурасына кіріп-шығу үшін ғана келеді. Осы жағынан алғанда, кемшін тұстар баршылық. Біз үлкен театрдың қажетілігіне өте зәруміз. Бірақ, тура сахнаның қасында отырып, актерді 15 метрден емес, дәл жанынан көріп, актердің кейіпкерінің жан дүниесіне енгеніне куә болу – бұл көрерменнің ең бірінші олжасы. Үлкен сахналарда жарықпен, суретпен, бояу-гримдермен біз көрерменнің көз алдына тек қана әсер әкелуіміз мүмкін. Ал жап-жақын жерде, қасыңда отырған кезде образ жасау, қойылымда ойнау бұл әсер емес, бұл нақты соның ішіне енгізу. Осы жағынан алғанда, біздің театр – басқа театрларға қарағанда актерлік шеберліктің өте биік шеберлігін талап ететін театр. Сол себепті, көрерменмен біздің байланысымыз басқаларға қарағанда өте жоғары.
Драматургтармен байланыстарыңыз қандай дәрежеде?
— «Қазіргі таңда драматургия жоқ, пьеса жазылмай жүр» деген пікірге еш қосылмаймын. Құдайға шүкір, күніне бір жаңа шығарма оқимыз. Астана және Алматыдағы мықты деген драматургтердің бәрімен байланыстамыз. Қоржынымызда бірнеше жақсы дүниелер де бар. Әрине, сахнаға қоя салу – репертуар саясатының өлшенбей жасалған не болмаса өлшеніп жасалған саясатына байланысты. Әдемі жазылған бір пьеса дәл сондай тақырыпта, дәл сондай жанрда біздің репертуарымызда болуы мүмкін. Не болмаса дәл сондай тақырыпта қойылып кеткен болуы мүмкін. Осы сияқты толып жатқан әр түрлі себептер бар.
Сіз жазған азды-көпті пьесалар Қалле-ки театрында сахналанып, көрермендер-ге ұсынылды. Алайда «Театр басшысы өзі жазып, өзі қояды» деп сын айтушылар да болды. Осыған қандай уәж айтасыз?!
— Біріншіден, ешқандай уәж айтатын ойым жоқ! Екіншіден, жазған пьесамның бәрі менің театрымда қойылып жатыр деген онша шындыққа жанаспайды. Менің қанша пьеса жазып, соның қаншасы өзіме ұнамай қалғаны, қаншасы өзінің уақытын күтіп жатқаны тек маған ғана аян. Сондықтан, менің жазғандарым біздің театрдың репертуарына сұранып тұрмаса да сахналай беруге мүдделі емеспін.
Театрға шын берілген жастар керек
Актер Бекжан Тұрыс ағамыз маған берген бір сұхбатында: «Елорда театрының жас актерлеріне қызығамын. Сахнада өтіп жатқан қойылымда жүріп, тамада болып басқаратын тойын немесе түсетін киносын ойлап тұратын біздің театрдың «жұлдызсымақ» жастары секілді емес, өнерге шын берілген жастар. Сол жас-тармен бірге керемет бір қойылымда ойнағым келеді» дегені есімде. Шынын-да да, сіздердің жас әртістеріңіз мақтауға да, олармен мақтануға да тұрарлықтай...
— Бекжан Тұрыс басқалар туралы көп пікір айта бермейтін, бірақ, айтса дәл, орынды айтатын халқымыздың зиялы азаматтарымыздың бірі. Мен оның біздің театр, біздің жастар туралы айтып жүрген жылы лебіздеріне қатты қуаныштымын. Бекжан – мен сыйлайтын өнердің нағыз майталмандарының бірі. Мен осындай пікірді өзім айтып, мақтанып жатсам – оның сәні де, реті де еш келмес еді. Мұндай азаматтардың біздің жастарға берген бағасын – өте құнды баға деп есептеймін. Оның үстіне, шын бағаны осы өнерде, сахнада жүрген азаматтар береді деп білемін. Театрда – театрды сүйген адам ғана жұмыс істеуі керек. Қазір санап отырсам, Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінен театрға тоғыз баланы жұмысқа қабылдаппын. Қайсысын алсам да, әрқайсысын белгілі бір нақты образға, рөлге алған екенмін. Бұл біздің тарапымыздан оларға көрсетіліп отырған жақсы мүмкіндік, зор сенім деп ойлаймын. Сол жастар сенімді ақтау үшін және өзіне көрсетілген сенімнің үдесінен шығу үшін жұмыс істеуге бар жағдайды жасаймыз. Әрине, біреуіне пәтер жетпей жатыр, біреуінің жалақысы күнкөрісіне жетпей жатыр. Бірақ, сахнада жұмыс істеу бақытының өздеріне бұйырғанын олар қатты түсіну керек.
Еліміздегі театрлардың көбісінде режиссер мәселесі ақсап жатқаны шындық. Ал сіздерде еліміздің ең мықтылар санатындағы табаны күректей үш режиссер еңбек етіп жатыр...
– Қазақстандағы мықты режиссерлар осы үшеуімен бітіп қалды деп айтуға болмайды. Өкінішке орай, театрсыз жүрген режиссерлар да көп. Ең бірінші қарын ашатын нәрсе – театрды басқаратындардың көбісінде режиссерсіз театр болмайтынын түсінбейтіндер бар. Алайда режиссердің жауапкершілігі – театрдағы басқа қызметкерлерге қарағанда өте жоғары. «Ештеңе жоқ, шақырасыңдар да, қойғыза саласыңдар» дейді. «Оларға пәтер, басқа жағдай қайда?» деп салғырт қараудың салдарынан көптеген үлкен-үлкен театрларда бірде-бір режиссер жоқ не болмаса жас толқын режиссердің келуіне еш мүмкіндік жоқ. Ашығын айтқанда, бірінші кедергі – жағдайдың жоқтығы.
Аға, Әзірбайжан Мәмбетовтей тұлғадан кейін, қара шаңырақты басқару сізге оңай соқпаған болар?!
– Бұл әрине қызық сұрақ. Менің жауабым да қаншалықты дұрыс болатынын білмеймін. Әзекең театр басқарған уақыт, ол кісінің жұмыс жасаған стилі – ол басқа меже, басқа биік. «Мен Әзекеңдей боламын, сол кісінің стилімен жұмыс жасаймын, сол кісі жеткен биікке жетемін» деп талпынсам, ерсі көрінер едім. Әзекең – заманының тау тұлғасы, халқының ардақты ұлы. Тіпті, ол кісінің жеткен межелерін аламын деу де мүмкін емес. Өйткені, ол межелердің өзі қазір жоқ. Сондықтан, Әзекең – театрдың алтын тарихы. Ол кісі туралы артық ауыз сөз айтудың қажеттілігі жоқ. Ал, мен бүгінгі күннің адамымын. Ең бастысы, театрдың алдына қойған мақсатына жету үшін театрда қанша адам жұмыс істесе, барлығын жұмылдыра білуім керек.
Мазмұнды әңгімеңізге көп рахмет, аға!