Бұл жарыстың салтанатты беташарын облыс әкімі Аңсар Мұсақанов құттықтау сөзбен ашып, әр ауданнан іріктеліп келген 38 палуанға жеңіс тұғырынан көрінулеріне өзінің ақ тілегін білдірді. Қатарынан үшінші жылы өткізіліп жатқан бұл жарысты тамашалауға 1500-ден астам жанкүйерлер жиналды.
Сонымен алғашқы айналымда 19 палуан кілем төріне шығып, өздерінің шеберліктерін көрсетті. Одан кейін жеңіске жетіп екінші айналымға шыққан палуандар өзара сынға түсті, Кәсіби шеберліктері шыңдалған , соңғы айналымға шейін қарсыластарына дес бермеген төрт палуан финалға шығып жанкүйерлердің қамшылауымен күрестің тамаша тәсілдерін көрсете білді.
Жарыстың қорытындысында үшінші орынды Алакөл ауданынан келген палуан Жігер Сәкенұлы , екінші орынды жанкүйерлері болашағынан зор үміт күтетін Көксу ауданының палуаны Айдос Қаңлыбаев, ал бірінші орынды Талдықорған қаласының палуаны Жәнібек Дүйсенбаев жеңіп алды.
Алматы облыс әкімінің жарысқа тіккен бас жүлде автокөлігі мен «Жетісу бөрісі» жарысының алтын белбеуі Жәнібек Дүйсенбаевқа тапсырылды. Екінші орынды иеленген Айдос Қаңлыбаев 300 мың теңгенің сертификатымен, ал үшінші орынды иеленген Жігер Сәкенұлы 100 мың теңгенің сертификатымен марапатталды.
Сонымен Жәнібек пен Айдос маусым айында Астана қаласында өткізілетін «Қазақстан барысы» жарысында облыстың намысын қорғамақ.